Бүгін — әділет органдары қызметкерлерінің күні

53

Жоғары жауапкершілік жетістікке жетелейді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылдың 28 тамызындағы Жарлығымен 30 қыркүйек елімізде ресми түрде әділет органдары қызметкерлері күні болып белгіленгені белгілі. Осы атаулы күнге орай Жамбыл ауданаралық әділет басқармасының басшысы Назира Құлмановамен сұхбаттасудың сәті түсті.
Назира Тілеубердіқызы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын.
– Рахмет.
– Заң аясында қызмет етіп, сөзімен де, ісімен де әділдіктің ақ туын жоғары ұстап келе жатқан мереке туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл мереке конституциялық мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етіп жүрген әділет қызметкерлерінің басын біріктіретін айтулы күн десем, артық болмас. Қазақстанның әділет саласының қалыптасуы мен даму тарихы 90 жылдан асады. Бүгінде елімізде халықаралық стандарттардың талаптарына сай заңды негіз қаланып, әділет органдарының құзыры кеңейтілді, жаңа міндеттер қойылды, ашық рәсімдер негізінде әділет қызметкерлерінің кәсіби корпусы жасақталуда.
Әділет органдарының негізгі даму мақсаты халықтың құқықтық институттар мен құқықтық көмекке деген қажеттігін қамтамасыз ету және заңгерлердің жаңа толқынын қалыптастыру болып табылады. Құқықтық жүйенің жетілдірілуі халыққа көрсетілетін нотариалдық және басқа құқықтық қызметтердің заман талабына сай жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
2020 жылғы 28 қаңтарда «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жамбыл облысы Әділет департаментінің Жамбыл аудандық Әділет басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі қосылу жолымен «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Жамбыл облысы Әділет департаменті, Жамбыл, Жуалы, Байзақ аудандары біріктіріліп Жамбыл ауданаралық Әділет басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылғаны белгілі.
– Әр адамның тілеуі – басқа түскен қиындықты шешу жолында көңілге қонымды әрі әділ кеңес алу үшін заңгерлерге жүгінетіні анық. Дәл сол заңгер азаматтар заңның мүлтіксіз әрі бұрмаланбай орындалуына кепіл болуы керек. Ал, бұл өз кезегінде мемлекеттегі тәртіптің орнығуына септігін тигізетіні сөзсіз. Сіз қалай ойлайсыз? Осы жөнінде толығырақ тоқталып өтсеңіз.
– Заңгерлік – ежелден бері ең беделді, әрі күрделілігі мен жауаптылығы да жоғары мамандық. Өз тарихында әділет органдары әрқашан азаматтардың заңды мүдделері мен бостандықтарын, конституциялық құқықтарын жүзеге асыру және қорғау, әділдік қағидаттарын бекіту, заңнаманы жетілдіру, мемлекеттілікті нығайту және дамытуға белсенді түрде ықпал етіп келеді.
Заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру саласында аудандық деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың заңгерлік қызметтерімен өзара байланысты жүргізу, қолданыстағы заңнаманы түсіндіруге қатысуды, құқықтық насихатты ұйымдастыруды үйлестіру, терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларға және оның жолын кесуге қатысқан адамдар туралы мәліметтерді құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлап отырады.
Еліміздің кез келген азаматы Қазақстан Республикасының негізгі заңдарын білуі тиіс, тіпті, міндеті болып саналады. Ал, ол үшін өскелең ұрпаққа заңдарды білуді, құрметтеуді мектеп табалдырығынан бастап сіңіре білген жөн. Заңды білсең, құқығыңды қорғай аласың. Заңды білсең, өзгенің құқығын таптамайсың. 2011 жылдың соңынан бастап Әділет министрлігі «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесін іске қосқан. Аталған жүйе Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің жүйелендірілген қазақ және орыс тілдеріндегі толық деректер базасы болып табылады. Ең бастысы, жүйе – қарапайым халық үшін қолжетімді әрі тегін. Бұдан бөлек, басқарманың медиа-жоспарына сәйкес, басқарма қызметкерлері ай сайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Заңдарға түсіндірме беріп отырады.
– Бүгінде күн өткен сайын жаңа бағдарламалар арқылы жұмыстар қарқын алуда. Осы орайда атқарып отырған жұмыстарыңыздың негізгі міндеттеріне, ерекше назар аударатындай жұмыс бағытын айтып кетсеңіз.
– Әділет органдары ең алдымен мемлекеттік қызметті іске асырады, соның ішінде электрондық нұсқада көрсетуді білдіретін тіркеу функциялары болып табылады. Сонымен бірге ұсынылатын мемлекеттік қызметтер адам өмірінің маңызды аспектілерін қозғайтындықтан, әлеуметтік маңызды қызметтерге (заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүліктерді, зияткерлік меншік құқықтарын және т.б. тіркеу) жатқызылады.
Ауданаралық әділет басқармасының негізгі функциялары заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеуін, жылжымайтын мүлікке құқық, жылжымайтын мүліктің жекелеген түрлерін кепілге беру, жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық актілерін, азаматтық хал актілерін тіркеуді жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының заңнамаларымен жүктелген құқықтық көмек және заңдық қызмет көрсетуді ұйымдастыру және құқықтық насихат пен басқа да міндеттерді қамтамасыз ету болып табылады.
Әділет органдары жүйесін жетілдіру саласында ел аумағында азаматтардың құқықтарын, еркіндіктері мен заңды мүдделерін неғұрлым тиімді қамту және сақтауға септігін тигізетін есепке алу мен тіркеудің бірыңғай жүйесін құру (ҚР Ұлттық сәйкестендіру жүйесі) процесі жүруде.
Ұлттық сәйкестендіру жүйесін енгізу жеке және заңды тұлғаларды бірыңғай автоматтандырылған мемлекеттік есепке алу жүйесін құруға мүмкіндік берді. Осыған байланысты бүгінде тууы туралы куәлік, заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлік, жеке куәлік пен паспортты беру міндетті түрде сәйкестендіру нөмірін тағайындаумен жүргізіледі.
Бүгінде әділет басқармасының алдында қызметінің барлық негізгі бағыттары бойынша жұмыстарды белсенді жүргізу, жеке және заңды тұлғалар үшін әділет органдарының жұмысы туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне ерекше назар аудару міндеттері тұрғанын атап өту қажет.
– Кәсіби мереке тағы да құтты болсын дей отырып әріптестеріңізге айтар тілегіңізбен бөліссеңіз.
– Әділет органдары бұдан былайғы уақытта да құқықтық мемлекет құрылысына күш-жігерін салатынына және алдымыздағы мақсаттарды абыроймен орындайтынына сеніміміз зор, әділет қызметкерлері өз борышын атқарудағы биік біліктілігі, азаматтық жауапкершілігі мен ұстанымы азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау және қоғам тұрақтылығының сақталуын қамтамасыз етеді.
Биыл – Қазақстан Республикасы әділет органдарының құрылғанына 99 жыл. Бұл заңдылық органдары Қазақ КСР ірге көтеріп, қаз тұра бастаған сәттен тәуелсіздік туын көтерген бүгінгі күнімізге дейін өркениетті құқықтық мемлекетке жүктелетін міндеттерін ұжымда білімді және іскер қызметкерлер атқаруда. Зияткерлік меншік құқығын қорғау және құқық түсіндіру және тұрғындарға заң қызметін көрсету саласының жетекші маманы Ардақ Дүйсембаеваны, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласының бас маманы Евгения Салманова, инспектор Қалан Мамбеталиев, іс жүргізушілер Зарина Шайхиева, Раушан Саудақұлова, мұрағатшылар Әдемі Есқалиева, Динара Жакинбаева, мамандарымыз Нұрлан Абдиев, Шаризат Сәдібекова, Пернекүл Сүлейменова, Қуаныш Дөненбаев, Бейбарыс Айткұлов сынды белді қызметкерлерімізді мақтанышпен айтуға болады, олар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы сала бойынша, яғни, мемлекеттік органдарға аса ауқымды да жауапты міндеттер жүктеп отыр. Ауданаралық Әділет басқармасының ұжымы уақыт талабынан шығу үшін қажырлылықпен еңбек ете беретініне сенімдімін. Себебі, біздің басқарма мамандары ауызбіршілік пен шынайылықты, адалдықты жанына серік еткен.
Әділет органдарының ардагерлері мен барлық қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, халыққа қызмет көрсетудегі игі істеріне жетістіктер мен кәсіби шеберліктерінің артуын тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Мақсат Жұмабаев.