Сұхбат

«Мәселе былықты бетке шығаруда емес, ретке келтіруде»

«Мәселе былықты бетке шығаруда емес, ретке келтіруде»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» Жолдауында қоғамдық кеңестердің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға баса назар аударып, нақты міндеттер жүктеді. Себебі, құрылғалы бері бес жыл ішінде билік пен халық арасындағы алтын көпірге, пікір алмасу алаңына айналған қоғамдық кеңестерге артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Мәселен, облыстық қоғамдық кеңестің бір ғана білім саласына жүргізген мониторингі көптеген өзекті мәселенің оң шешімін табуына үлкен ықпалын тигізді. Осы орайда, облыстық қоғамдық кеңестің бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі комиссиясының хатшысы, қоғам белсендісі Исламбек Дастанмен сұхбат құрып, мониторингтің қорытындысымен танысқан едік.

 

– Исламбек Дастанұлы, облыстық қоғамдық кеңестің білім саласына жүргізген мониторингінің барысымен әлеуметтік желідегі парақшаңыз арқылы жан-жақты хабардармыз. Жалпы, мониторинг жүргізуде қандай мақсат-міндеттерді алға қойдыңыздар? – Қоғамдық кеңестер арқылы Қазақстанның кез келген азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қосып, мемлекеттік органдардың қандай да бір шешімдерді қабылдауына ықпал етеді. Осы жылы облыстық қоғамдық кеңес тек білім саласына ғана емес, бірқатар салаларға мониторинг жүргізді. Өзіңізге де мәлім, биыл коронавирус індеті елдің есін шығарып, үлкен қиындықтар туындады. Әсіресе, індеттің салдарынан білім саласында жыл сайынғы жоспарлы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмей, бірқатар олқылықтар орын алды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та білім саласындағы өзекті мәселелерге ұдайы назар аударып, шешу жолдарын ұсынып келеді. Алайда, кейбір мектептердің құрылысының уақытында аяқталмауы, санитарлық-гигиеналық тораптарды ғимарат ішіне орнату мәселесі әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан да облыстық қоғамдық кеңес мониторинг жүргізіп, кемшіліктерді көзбен көріп, тиісті органдарға ұсыным берді. – Бірнеше айға созылған мониторинг барысында қандай кемшіліктер анықталды? – Ағымдағы жылдың 6-24 тамыз аралығында облысымыздағы білім ордаларының 75 пайызына мониторинг жүргізілді. Тараз қаласын және 10 ауданды аралап, мектептердің жай-күйін көзбен көрдік. Жалпы, мониторинг барысында елді мекендердегі мектептегі интернетке қолжетімділік, оқушылардың оқулықпен қамтылуы, іштегі және даладағы әжетханалар жұмысы бойынша, көптеген кемшілік анықталды. Өкінішке қарай, зерделеу кезінде Тараз қаласындағы №6 орта мектептегі өткен жылы орын алған жағдайдың сабақ болмағаны байқалды. Себебі, мектептің әжетханаларын ғимарат ішіне көшіру жұмыстары көңіл көншітпейді. Кейбір мектеп ішіндегі әжетханалар жұмыс істеп тұрса да сырттағы әжетханалар жабылмаған. Анықталған кемшіліктерге қысқаша тоқталсам, Талас ауданы, Көктал ауылындағы М.Жұмабаев атындағы мектептің ішкі жөндеу жұмыстарына мектеп мұғалімдері тартылып, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы өрескел бұзылған. Сонымен қатар, көмір сақтайтын орынның тар болуына байланысты көмірдің көп бөлігі далада ашық-шашық қалдырылған. Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназияның, А.Құнанбайұлы атындағы орта мектептің, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің, Абылайхан атындағы мектеп-лицейінің, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның әжетханалары қазіргі уақыт талабына сай емес. Ал, Қордай ауданы, Сортөбе ауылындағы №17 орта мектепте балаларға арналған әжетханалар оқушы санына байланысты қарастырылмаған. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданына жүргізілген қоғамдық бақылау кезінде Луговой ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепке табиғи газ кіргізілмеген. Ал мектеп маңынан газ құбырлары өтіп жатыр. Д.Қонаев ауылындағы №5 шағын орталықты орта мектептің ұжымы ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізіндегі талаптарын орындамағаны анықталды. Сондай-ақ, Байзақ ауданындағы мектептерге 18-19 тамыз аралығында қоғамдық бақылау жүргізілді. Ақшолақ ауылындағы жаңа мектеп қабырғаларының сылағы түсуде, еденіне линолеум дұрыс төселмеген. Сондай-ақ, осы мектеп пен Жібек Жолы ауылындағы №5, Жаңатұрмыс орта мектебінің, Мырзатай, Сеңкібай, Мәдімар, Қарасу және Жақаш ауылдарындағы мектептердің әжетханалары да талапқа сай емес. Ал Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы Нұрлыкент орта мектебінің, Бәйтерек ауылы Т.Тастандиев атындағы №11 мектебінің, Ақтөбе ауылы Ақтөбе мектебінің, Көктөбе ауылы Көктөбе мектебінің, Талапты ауылы Б.Момышұлы мектебінің әжетханасында бірінде есіктері жоқ, барының өзі дұрыс жабылмайды, қабырғалары қисық қаланған. Қошқарата ауылы, №9 Абай атындағы орта мектебінде «Робототехника» кабинетіндегі ноутбуктер CorеL мен Adobe бағдарламаларын көтермейді. Көлтоған ауылы Байтіков атындағы №8 мектебінде әжетхана құрылысы бітпеген. Рысбек батыр ауылы Жамбыл Жабаев атындағы мектепте әжетханаға жөндеу жұмыстары жартылай да жасалмаған. Жамбыл ауданы Жаңаөткел ауылында орналасқан А.Матросов атындағы негізгі мектебінің директоры Мұхит Оңғарбаев оқушылар пайдаланатын ноутбук және компьютерлердің техникалық сипаттамасын және қашықтан оқыту бойынша ұйымдастырылатын сұрақтарға нақты жауап бере алмады. Өрнек ауылындағы Бейсенбек Тайшапұлы атындағы орта мектебіндегі «Рухани жаңғыру» стенді талапқа сай орнатылмаған, ҚР картасында облыстар дұрыс көрсетілмеген. Қаракемер ауылында орналасқан Төле би атындағы орта мектепте кіреберістегі стендтер талапқа сай жасалмаған. Құмтиын ауылында орналасқан №2 орта мектебінде мектеп теңгерімінде робототехника кабинеті жоқ. Тараз қаласындағы №6, №11, №57, №58, №56, №27 орта мектептердегі әжетхана мәселесі де толығымен шешілмеген. Жалпы, зерделеу барысында біраз мектептерде кемшіліктер анықталған болатын. – Анықталған кемшіліктер қоғамдық кеңес отырысында айтылып қана қоймаған болар?! Қандай қорытынды шығарылды? – Анықталған кемшіліктер бойынша араға бірнеше ай салып, нәтижесін көрмек мақсатта 7-20 қазан аралығында Тараз қаласы мен 10 ауданды тағы да араладық. Айтылған ұсыныстардың 85 пайызы орындалғаны қуантты. Мәселен, Шу мен Сарысу аудандарындағы әжетханалар мәселесі толық шешілді. Алайда, кейбір білім ошақтарын аралау барысында алдыңғы ескертпені елемегендері де анықталды. Мәселен, Тараз қаласындағы №38 мектепте бір партада екі оқушының қатар отырғандығы анықталды. Карантин ережесі бойынша бір партаға бір-ақ бала отыруы тиіс. Жамбыл ауданы бойынша онға жуық ұсыныс беріліп, бүгінгі таңда барлығы орындалды. Жуалы ауданы бойынша Жылыбұлақ ауылы бастауыш білім беру мектебінің даладағы әжетханалары әлі жабылмаған, ал ішкісі қолданылмаған және сапасыз жасалған, аяқ киім антисептигі тек тексеріс үшін жиналып тұр. Әбдіқадір Жүргенұлы ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы №36 мектепте де тура осындай жағдай. Кварц жоқ, санитарлық талаптар сақталмаған. Қордай ауданы бойынша Жаңатұрмыс ауылында интернет тартпайды. Балалар арақашықтығы сақталмаған. Сырттағы әжетхана әлі жұмыс істеп тұр. Арал ауылындағы мектепте даладағы әжетхана әлі ашық тұр, іштегісі жабық, құлыптаулы. Меркі ауданы Ақжол ауылындағы №15 жалпы білім беретін мектептің сыртқы әжетханасы жабылмаған, іштегісінің жөндеу жұмыстары бітпеген. Кварц ашылмаған, мемлекеттен бөлінген ноутбук пен компьютерлер ашылмаған күйде мектепте жиналып тұр. Қарасу ауылы №26 бастауыш мектебінде санитарлық талаптар мен әлеуметтік қашықтық сақталмаған, іштегі әжетхана қолданылмаған, сырттағысы жабылмаған. №17 Трубицын атындағы мектепте әжетхана саны өте аз. Т.Рысқұлов ауданы Сәлімбай ауылы Бірлес шағын орталықты орта мектебінде аяқ киім антисептигі жоқ, сабақ барысына мүлде дәптер, кітапсыз отырған оқушылар анықталды. Райымбек Смаилов мектебінде сыртқы әжетхана жабылмаған, іште бар, бірақ «кіруге болмайды» деп жауып қойған. Мойынқұм ауданы Хантау ауылындағы іштегі әжетхана жұмыс істемейді, сырттағысы жабылмаған, санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Талас ауданында да негізінен осы көрініс. Біз барған Ақтөбе, Қызыләуіт, Көктал, Қасқабұлақ ауылдарындағы мектептердің бірінде санитарлық талаптар сақталмаған, көбінде ішкі әжетхана жұмыс істемейді, сыртқы әжетхана жабылмаған, біразында қызметкерлер бетпердесіз жүр, балалар арақашықтықты сақтамаған. Байзақ ауданы Қарасу ауылындағы мектептің бір әжетханасы жабық. Тіпті көбінде есік жоқ, балалардың әлеуметтік арақашықтығы сақталмаған. Айтылған мәселелердің бәрі әлеуметтік желілерге салынды. Толықтай дәйектемелері бар. Осыған орай облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Махақызы мен білім бөлімдерінің басшылары Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толықтай орындап жатқанына көз жеткіздім. Кері байланыс жасаған жауаптыларға алғысым шексіз. Біздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Қоғамдық бақылау арқылы біз облыстық қоғамдық кеңестің жай ұсыным беріп ғана қоймай, оның орындалуын қадағалайтын консультативті-кеңесші орган екендігімізді дәлелдей алдық деп есептеймін. Ал, сөздің тоқетері былықты бетке шығару емес, ретке келтіру керектігінде болса керек. – Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Талғат Нұрханов