«Орыстың қазақ қызымын…»

45

Бұрнағы күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті. Сол кеңесте қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру жолындағы ұтымды ұсынысымен көзге түскендердің бірі жерлесіміз, «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі – Виктория Трегубова.
Виктория үлкенді-кішілі жиындарда үнемі өзін «Орыстың қазақ қызымын» деп таныстырады. Мемлекеттік тілге деген ықыласы айрықша қаршадай қыздан сұхбат ала отырып, кейіпкеріміздің тілінен бөлек тұтас болмыс-бітімі, таным-түсінігі қазақиланғанына көзіміз жетті. Тіпті сұхбаттың соңына дейін тек қана қазақ тілінде сөйлеуінен де мемлекеттік тілге деген шексіз құрметі аңғарылып тұрды.

– Виктория, жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында сөз сөйлеу құрметіне ие болдыңыз. Басқосудан қандай әсер алдыңыз?
– Әрине Елбасы мен Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеу үлкен құрмет. Көкейде жүрген көп арманның біріне қол жеткіздім деп айта аламын. Кеңес отырысына дейін 10 күн бойы Нұр-Сұлтан қаласында дайындықтан өттік. Одан соң қатаң іріктеу жүргізді. Сол іріктеуден өткенде қуанышымда шек болмады. Ал басқосудан алған әсерім өте керемет.
– Белгілі бір тілді үйрену қажеттіліктен немесе қызығушылықтан туындайды ғой. Ал сіздің қазақ тілін меңгеруіңізге қандай факторлар ықпал етті?
– Балалық шағым Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылында өтті. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдың тәрбиесін көріп өстім. Алақандай ғана ауылымызда тек қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп болды. Ата-анам амалдарының жоқтығынан осы мектепке берді. Дегенмен қазір қазақ сыныбында оқып, қазақ тілінде қазіргідей деңгейде біліп, білім алғаным үшін ата-анамның шешіміне дән ризамын. Қысқасы қазақ тілін жақсы білу менің осы күнге дейін жеткен жетістіктерімнің басты биігі деп ойлаймын.
– Өзге ұлт өкілдерінің кейбірі қазақ тілін жетік білгенімен ана тіліміздің басты құндылығы саналатын әдебиетімізді оқуға келгенде шорқақтық танытып жататыны бар. Ал сіз қазақ әдебиетінің алыбы Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқып, көпшіліктің көңілінен шықтыңыз. Бізді орыс қызының хакім шығармашылығына деген құмарлығы қайдан пайда болғаны қызықтырады…
– Ұлы Абай шығармашылығымен мектеп кезінен таныс болдым. Ал хакімнің өлеңдеріне деген қызығушылық өткен жылдан басталды. Республикалық деңгейде өзге ұлт өкілдері арасында Абай өлеңдері немесе одан үзінді оқу бойынша өткен челленджге қатыстым. Нәтижесінде әлеуметтік желілерге жарияланған бейнероликтерім желі қолданушыларының ыстық ықыласына ие болды. Осы жетістігім үшін Нұр-Сұлтан қаласында Конституция және Тәуелсіздік күніне орай өткізілген салтанатты жиындарға қатысуға шақырту алдым. Салтанатты шара барысында Елбасының алдында Абай өлеңдерін оқу бақытына ие болдым. Осы сәттен бастап мен де ұлы ақын шығармашылығына деген ерекше қызығушылық пайда болды. Содан бері хакімнің өлеңдерін, қара сөздерін насихаттауды мақсат еткен челлендждерге тұрақты қатысып жүрмін. Осы қызығушылығымның арқасында Абай Құнанбаевтың шығармашылығын мүлдем басқа қырынан тани бастадым.
Мектеп кезінде бұл өлеңдерге жай ғана үй тапсырмасы ретінде қараған болсам, енді олардың мән-мағынасын, айтар түпкі ойын түсіне бастадым.
– Өзіңізге мәлім биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Волонтер жылы деп жарияланды. Осы орайда қазақ тілін, әдебиетін жетік меңгерген жас ретінде мемлекеттік тілді үйрету бойынша еріктілік қозғалысына қозғау салу ойыңызда жоқ па?
– Қазақ тілін үйретуге келер болсақ, өзім әлі мемлекеттік тілді толық меңгерген жоқпын. Шынтуайтына келгенде әзірге білгенімнен білмегенім көп. Соған қарамастан маған: «Менің қазақша үйренгім келеді. Екеуміз тек қазақ тілінде сөйлесейікші» деп ұсыныс білдірушілерге еш қарсылығым жоқ.
– Мемлекеттік тілдің қолдану аясы жайында сөз болғанда көпшіліктің ойы «Қазақстанда қазақ тілін білмей-ақ өмір сүруге болады» дегенге саяды. Сіздің бұл пікірге көзқарасыңыз қалай? Өзіңіз көпшілік ортада қай тілге басымдық бересіз?
– Иә, мұндай пікірді мен де жиі естимін. Кейде әлеуметтік желілерде Абай өлеңдерін оқыған бейнеролик жарияласам теріс пікір айтушылар табылады. «Қазақ тілін үйренгенше, шет тілін үйренгенің дұрыс емес пе?» деп ақыл айтушылар да бар. Өкінішке қарай осындай пікірді менің қазақтілді замандастарым орыс тілінде жазды.
Осы орайда менің мынадай мысал келтіргім келеді. Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбританияда білім алып, өмір сүру үшін көбіміз Қазақстанда жүріп, ағылшын тілін үйрене бастаймыз. Ал Қазақстанда дүниеге келген, осында балабақшаға барып, мектепте білім алғандардың қазақ тілін меңгеруге селқос қарауын түсіне алмаймын. Мүмкін Қазақстанда мемлекеттік тілді білмей-ақ өмір сүруге болатын шығар. Бірақ менің қазақстандық ретінде өз пікірім қазақ тілінде сөйлеу, қазақтың діні мен діліне, ұлттық салт-дәстүріне құрмет таныту әрбіріміздің қастерлі борышымыз. Өзгелердің де осы ойды құптағанын қалаймын.
Қазір Қазақстанда тұратын әрбір қазақстандыққа қазақ тілін үйретудің түрлі мүмкіндіктері бар. Арнайы орталықтарда тіл үйрету бойынша тегін курстар да жеткілікті. Қазақтардың өзі де ана тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің меселін қайтара қоймасы анық. Оған қоса орта қазақ тілді болса, оны меңгеріп алудың еш қиындығы жоқ деп ойлаймын. Тіл білу жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын ұмытпауымыз керек.
Қазақ тілін меңгеруден оның ішкі мазмұнын, тарихы мен әдебиетін бойға сіңірудің жөні мүлдем бөлек. Біздің қоғамда қазақтың көркем тілінің бар байлығын қолданып сөйлей алатындар аз.
Меніңше әрбір қазақстандыққа қазақтың тарихын, әдебиетін жан-жақты үйретудің тетігін қалыптастыру қажет. Сонда біздің отандастарымыз қазіргіден әлдеқайда сауатты, мәдениетті бола түсер еді. Тарих пен әдебиетке ден қою арқылы қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыруға болады
– Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге айтар ақыл-кеңесіңіз немесе өз тәжірибеңізбен сыналған әдісіңіз бар ма?
– Ең әуелі қазақ тілін үйрену үшін қазақи орта қажет. Мәселен мен қазақ тілді ортада өскендіктен бүкіл болмыс-бітімім қазақыланып кеткен секілді. Қазақтың салт-дәстүрлерін де жақсы білемін.
Менің әкем де, анам да қазақ тілін білмейді. Анам қазақ тілін түсінеді. Бірақ ойын жақсы жеткізе алмайды. Ал әкем қазақ тілін енді-енді үйреніп жатыр. Оның да ортасы қазақтілділер. Кейбір достары орыс тілінде сөйлей алмаса да әкеммен түсінісіп жүр. Ағам Владислав қазақ тілінде оқыған. Оның қазақшасы менікінен тәуір. Үйде екеуміз ғана білетін құпия төңірегінде әңгіме болса қазақ тілінде сөйлейміз. Дастарқан басында сөзге келіп қалған жағдайда ата-анамызға білдірмес үшін қазақша ұрысып кететін кездеріміз де болған. Сондықтан тілді үйренудің ең тиімді әдісі тілдік ортаның қалыптасуында деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ш.АТЫХАНҰЛЫ