«Қайырымдылықтың қайнары – мейірімділік»

0 83

 Меруерт Лештаева,  кәсіпкер, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының міндетін атқарушы 

– Меруерт Каттабайқызы, карантинге байланысты той бизнесінің тоқтап тұрғанын білеміз. Бұл өз кезегінде мейрамхана жұмысшыларының жалақысына әсер еткені жасырын емес. Кәсіпкер әрі жұмыс беруші ретінде мұндай тығырықтан қалай шығып отырсыз?
– Шынымды айтайын, карантин басталған 5 айдан бері жұмыс істеген жоқпыз. Менің қызмет көрсету бағытым мен басқа дәмханалардың саласы мүлде бөлек. Бірақ мен екі мейрамханадағы 10 жұмысшыма екі ай бойы жалақысын төлеп отырдым. Пәтер жалдап тұратын қыздардың пәтерақысын төледім. Солай аз-маз қолғабыс еттім. Ал кейбір жұмысшыларым күндізгі қоғамдық кафе-дәмханаларда уақытша жұмыс істеп жатыр.
– Той-думанға кел­ген­де біздің халық тым ысырапшыл болып кеткенін бәрі айтып жүр. Қалай ойлайсыз, атқарушы билік тарапынан болып жатқан тыйымдар біздің шамадан тыс тойшылдығымызды тоқтата алар ма екен?
– Менің ойымша тоқтата алмайды. Осы кезге дейін тойдың неше түрін көрдік, ысырап тойды да, жалғызын үйлендіріп, үлкен қуанышқа бөленіп отырған жиынды да көрдік. Мәселен жалғыз баласын өсіріп, қанша туыс-жекжатын жинап, әулеттің басын қосқан жалғызбасты аналар да бар, бала-шағасы қанаттанып, енді аяққа тұрған ерлі-зайыптылар да бар. Неге солардың тойын жасамасқа? Мәселен менің анам 63 жасында өмірден қайтты. Ол кезде енді аяққа тұрып келе жатқан кезіміз, 60 жас мерей тойын жасап бере алмадық. Өмірімдегі өзекке түскен өкінішім сол. Кейде перзенттері әке-шешесінің 60-70-80 жастарын үлкен қуанышпен, жекжат-жұратын шақырып атап өтіп жатады. Сол кезде тойдың ұйымдастырушысы болғандықтан, барып сырттай қарап тұрып сүйсініп, қызығып тұрамын. Ондай тойды неге жасамасқа?! Жасырып қайтейін, бірақ арасында ысырап тойлар да болып жатады. Бәрі бірдей емес қой. Менің елге той жасап беріп жүргеніме биыл 22 жыл болды. Сол аралықта тек үш тойдың иесі ғана ақысын өтей алмай, қарыз болып кеткен еді. Ал басқа жағдайда барлығы мейрамхана ақысын, тойбасқарушылар секілді түрлі қызметтерді емін-еркін төлеп, қалталарына мыш-мыш ақша салып кетеді.
Мен тойды қазақтың «Алтын сандығы» деп білемін. Яғни орыстарда «Черная касса» деген бар ғой, сол секілді. Тойды ұлттық депозит деуге де болады. Сен бүгін саласың, ертең өзің қайтадан аласың. Тойды бұйрық райда ешкім тоқтата алмайды. Кеңестік кезде Юрий Андропов ішімдікті тоқтату мақсатында құрғақ заңды орнатқан болатын. Жүзім алқаптарын шауып, бүкіл спирт зауыттарын жауып тастаған кезде халық не істеді? Желімді нанға жағып жеп, есірткіге әуестеніп кетті. Андропов қайтыс болған соң Горбачев келіп, ішімдікті бұлай мәжбүрлі түрде тоқтата алмайтынын түсінген екен. Сол секілді тойды да бұйырып, мәжбүрлеп тоқтата алмайды. Өйткені той-томалағын мейрамханада жасамаса да үйінде тығылып жасап жатқандар көп. Ол карантиннің кезінде де тоқтамады. Бізге келіп, «Қашан ашыласыздар, қашан той жасаймыз?» деп назын айтып жүрген халық көп. Тойды үйде жасаған екі есе қымбатқа түсіп кетеді, оған әуре болып дайындалғанды қосыңыз. Ал мейрамханаға арзан бағамен, қалтасы көтергенше жасап, тойға қонақтармен қонақ болып, абыроймен өткізіп кетіп жатады. Тойханалар тек халықтан сұраныс болмағанда, той мүлде тоқтағанда ғана жабылады.
Енді рухани жағынан алып қарасаңыз да, той – тәрбие деп ойлаймын. Мысалы бізден кейінгі жастар онысыз да ешкіммен араласқысы келмейді, ешкімді қонаққа шақырғысы келмейді. Олар тойға барып қана туысқандарымен танысып, араласып, бата алып жатады. Әлі де болса қазақтың бірлігі, татулығы, туысқандармен араласуы осы тойда көрініс табуда.
Ел арасында тойды несие алып жасайды деген түсінік қалыптасыпты. Бір нәрсені ескеруіміз керек, несиені тойға емес, баламды үйлендіремін деп үйін жөндеуге, киім-кешегіне жаратуға, құдалар келгенде ыңғайсыз болмайын деп жиһазын жаңалауға, қыздың артынан дүние-мүлкін апару үшін алады. Мен осы 22 жыл ішінде тойдың дастарханы шығынына, мейрамхана ақысына деп несие алған адамды көрген жоқпын. Тойдың алдында беретін ақшасы болмаса, мейлі, тойдан кейін берерсіз деп қызмет көрсете береміз.
– Індет өршіп тұрғанда тойханаларды уақытша емхана ретінде пайдалансақ деген де ұсыныс түскен болатын. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Мен бұл ұсынысты қолдаймын және карантин басталған бірінші күні-ақ «Гаухартас» мейрамханасын провизорлық орталық ретінде беруге ұсыныс жасадым. Ақыры бос тұр, құр тұрғанша көмегі тисін дедім. Бірақ әкімшілік өкілдері «бізде орын жеткілікті, тіпті артығымен тұр, керегі жоқ» деді. Бірақ мен бос отырмай, індет өршіп тұрған кезде 11 маусым мен 20 шілде аралығында бір айдай «Гаухартаста» тамақ әзірлеп, ауруханаларға тараттық. Ол негізі жергілікті блогер Мөлдір Анарбаеваның идеясы еді, мен оны іліп алып, ары қарай ұйымдастырдым. Кейін бұл қайырымдылықты елдер құп көріп, қойын әкеліп, ақшасын беріп жатты. 2 миллион теңгедей қаражат салынды. Сол қаржыға бір айдай 2 ауруханадағы 300-ден аса науқас пен медициналық қызметкерге ыстық сорпа мен қуырдақ тасып отырдық.
– Екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Алушылардың емес, берушілердің қатарынан болыңдар» деген хадисі бар. Өзіңіз де мұқтаж жандарға қолұшын көп созатын жомарт екеніңізді білеміз. Кей кәсіпкерлер қайырымдылықты үлкен қиындықтарға тап болып немесе аян көріп, сол секілді себептермен бастайды…
– Жоқ кезінде 5 теңге бере алмаған адам, байыған соң 5 мың теңге бермейді. Қайырымдылықтың өзі мейірімділіктен басталады. Қайырымдылық менің анамнан дарыған. Анам өте мейірімді жан болатын. Ол кісі жастай 5 баламен жесір қалса да мойымай, тік тұрып бәрімізді бағып-қақты, бізбен қоса ауылдан қалаға оқуға келген туған-туыстардың бала-шағасы үйде жүретін. Соның барлығына анамыз қабақ шытпайтын. Осы уақытқа дейін сүрініп, қайта тұрған кезім көп болды. Сол кезде өзіммен бірге келе жатқан қыздарға баспана әперсем ғой, шіркін деп армандайтынмын. Менде 15 жасынан бері жұмыс істеп келе жатқан қыздар бар. Көз алдымда бойжетті, тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болды. Сол бір қызымның туған күнінде «Кім менімен 10 жыл жұмыс істейді, соған пәтер әперемін» деп айтқаным бар. Сол тілегім орындалып, айтқан сөзім періштелердің құлағына шалынып, уәдемде тұрдым. Қазіргі таңда қол астымда жүрген 10 адамға пәтер алып бердім. Олардың барлығы дерлік пәтер жалдап, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген еді. Енді осы 2020 жылы да 3 адамға пәтер алып беремін деп жоспарлап едім, карантинге байланысты кейінге қалды.
– Қазіргі уақытта іскер әйелдер қауымдастығы немен айналысып жүр?
– Іскер әйелдер қауымдастығының мақсаты – облыстағы кәсіпкер, басшылықта отырған, басқа да салаларды ұршықша үйіріп жүрген нәзікжандылардың басын қосып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру, қайырымдылық жасау. Қауымдастықтың, әсіресе карантин уақытында да жұмысы жанданды. «Көп түкірсе – көл» дегендей, сауабы мол шаралар ұйымдастырылды, аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға тамақ таратылып, игі істер атқарылды.
– Елімізде қыздардың кәсіппен айналысуы үшін Үкімет тарапынан қолдайтын нақты бағдарламалар бар ма?
– Иә, мемлекеттен берілетін көмек бар. Қайбір жылдан бері тек әйел кәсіпкерлерге 6 пайыздық несие беріліп келеді. Ол біз үшін жақсы мүмкіндік. Реті келгенде ұсыныс та айта кетейін. Соңғы 5 айда карантинге байланысты жұмысымыз тоқтап тұр. Әлі де қанша уақыт жұмыссыз отыратынымыз белгісіз. Мысалы мына зәулім сарай біздің әкемізден қалған мұра емес. Барлығын несиеге соққанбыз. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы саласына, қонақүй кәсіпкерлігіне қайта қаржыландыру жүйесі бойынша 6 пайыздық несие беріп жатыр, бізге де сондай мүмкіндік қаралса деген ұсынысымызды кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі арқылы үкіметке жолдаған болатынбыз. Үкімет қолдап, қазір біздің барлық несиемізді 6 пайызға түсірді. Екінші ұсынысымыз, жұмысымыздың тоқтап тұруына байланысты пайыздық үстемені тоқтату болған. Бірақ әзірге ол ұсынысымыз қолдау таппай тұр. Осы мәселелер реттелсе, көп көмек болар еді.
– Жалпы әйел адамдардың басшылыққа келуін қолдайсыз ба?
– Тарихымыздағы Тұмар патшайым секілді тұлғалар келіп жатса неге болмасқа?! Қазір праймериз деп жатыр, осы ретте депутаттыққа 30 пайыз әйелдер сайлансын деп бекерден-бекер айтып жатқан жоқ. Менің ойымша соңғы жылдары мемлекет тарапынан гендерлік саясатқа дұрыс көңіл бөлініп жатыр. Бір қолымен бесікті тербеткен әйел, бір қолымен әлемді тербетеді деген бар. Егер қолынан келіп жатса, билікте де бағын сынап көрсін.
– Еліміздің батыс, шығыс, солтүстік аймақтарында біз жақтың тамағы тәтті әрі арзан деп жатады. Және мейрамханаларымыздың қызмет көрсету сапасы да жақсы деп айтады. Мұның сыры неде?
– Мен бұл пікірге 100 пайыз қосыламын. Қонақжайлылығымыз әу бастан келе жатқан қасиет. Шымкентті айтсақ, ол жақ өзбек ағайындармен етене араласып, сол ұлттың мәдениетімен біте қайнасқан. Ал Алматы, батыс Қазақстанның халқы орыстарға жақынырақ. Таразда қазақылықтың қаймағы ерекше сақталған. Неге бұлай десеңіз, бұл да сұраныстан. Елдің талабы сондай. Мысалы тойға келушілердің көбісі бала-шағасымен келеді. Сол үшін мен мейрамхана ішіне өз идеяммен балалар ойын алаңын жасаттым. Ол жерде балаларды ойнатады, одан бөлек дастарқан жайылады. Яғни той ұйымдастырушыларға кедергі жасамай, бала-шаға өзімен-өзі ойнап жатады. Сол секілді жаңалықтар қосылып жатыр.
– Егер шетелден сыйлы қонақтар келсе, Тараздағы қай мейрамханаға күтуді ұсынар едіңіз?
– Шетелден келген қонақ біздің ұлттық тағамды көріп, дәм татқысы келетіні заңдылық. Меніңше ондай ұсынысқа «PALACIO» мейрамханасы әбден лайық деп ойлаймын. Барлығы қазақи нақышта, тамағы үлкен астаумен беріледі. Қызмет жасаушы ұл-қыздар да ұлттық киімде. Осы уақытқа дейін де ол жерде Түркиядан, Қытайдан келген қонақтарды күтіп, ризашылығын алған болатынбыз. Ал егер еуропалық стильде керек дейтін болса, ол жағын аса біле бермейді екенмін.
– Мейрамхана кәсібінде әйелдер мен ер азаматтардың ерекшелігі қандай?
– Дәл осы мейрамхана бизнесінде істі асхана құпияларынан хабары бар нәзікжандылар басқарған дұрыс деп ойлаймын. Әйел адамдары тамаққа жақын, дизайн-интерьерді ер азаматтарға қарағанда жақсырақ түсінеді. Тіл табысу жағынан да қыз-келіншектер бірінші орында тұрады. Мейрамхананың қожайыны еркек болғанымен, оны жүргізуде міндетті түрде әйел араласып жүреді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.