«Қараханидтер жайлы кино түсіру жоспарда бар»

127

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мазмұнды мақаласын жариялап, онда «Ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн. Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын», деп нақты атап өтіп, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы секілді тағдырлы тарихымыздың желісі бойынша кинотуындыларды қолға алуды ұсынған болатын. Осы ретте Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының талантты актері, жас режиссер, «Kaz.production» студиясының директоры Елжан Жармұхамедовпен сұхбаттасып, өңірімізде кенжелеп қалған киноиндустрияның келешегі жайында әңгіме өрбіткен едік.

– Өмір сүрудің өзін үлкен өнер деп жатады еуропалық фило­софтар. Бүгінгідей «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» технология заманында еліміздің өнер саласы да салған жерден самғап ұшып, ілгеріге ұмтылып келеді. Осынау өнердің бір белесі– қарашаңырақ, киелі сахна, театр өнері екені айтпасақ та түсінікті. Өнердегі алғашқы қадам қалай басталды?
– Режиссер болу менің бала күнгі арманым еді. Кино түсірсем деген мақсатпен ең алдымен Алматыға оқуға құжат тапсырдым. «Тұран» киноакадемиясына жеңілдік алдым. Одан кейін осындағы ағам отбасын құрып, отбасылық жағдайыма байланысты туған жерде қалуға тура келді. Құжаттарымды анама тапсырсам, ол кісі қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жер қатынастары мамандығына өткізіп кетіпті. Сол мамандықты жарты семестр оқыдым. Алайда жүрек өнерге жақын болғандықтан, бұл мамандыққа қызығушылығым болған жоқ. Сол себепті жарты семестрден кейін өз еркіммен аталмыш университеттің актерлік, режиссерлік мамандығына ауысып кеттім. Ол кезде елдер бұл мамандыққа уақытша тапсырып, кейін басқа мамандыққа ауысып жатқанда мен керісінше актерлік, режиссерлікке келдім. Осылайша өнердің ордасына аяқ бастым. Негізінде ата-анамның өнерге еш қатысы жоқ. Есесіне өзімнің Жармұхамед атам аудандағы халықтық театрда сүбелі еңбек еткен майталман. Кезінде Алматыға шақыртылғанымен, отбасында жалғыз бала болғандықтан туған жерде қалып кеткен. Мен атамның тұңғыш немересімін. Өнерге деген құштарлық сол кісіден дарыса керек. Әйтпегенде атамның театр саласында еңбек еткенін кейін өзім салаға келген кезде ғана білдім.
Алғашқы еңбек жолымды осы облысымыздың Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрынан бастадым. Университетте оқып жүргенімде ұстаздарымыз Қуандық Қасымов, Айгүл Қабиева бізбен қойылымдар қойды. Бағыт-бағдар берді. Осылайша Дулати жастар театрын студент кезімізде халық театрларының арасында қорғап шықтық. Содан кейін төртінші курста оқып жүргенімізде Асқарбек Сейілханов «Қыз жиырмаға толғанда» деген спектакль қойды. Қойылымды жақсы орындап шықтық. Көрермен жоғары бағасын берген бұл қойылымды ойнап шыққан төрт баланы, оның ішінде өзім де бармын, бірден театрға жұмысқа алды. Келе сала басты рольді ойнап кеттік. Күніне үш сеанстан ойнап, көрерменнің көңілінен шықтық. 2014 жылдан бері театрда еңбек етіп келемін.
– Жалпы, кино түсіру тараздықтарға таңсық дүние. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Сағым» фильмі қалай түсірілді?
– «Сағымды» 2018 жылы түсірдім, 2019 жылы жарыққа шықты. Идея 2016 жылы келді. Сол жылдары қоғамда дін жағынан адасушылық көбейіп кетті. Ойымды сақтап, дамытып жүрдім. Алдымен осы бағытта қысқаметражды фильмдер түсірдім. Көкейімде халыққа осындай нәрсе керек деген режиссерлік сезім болды. Өйткені теріс ағым қоғамымыз үшін үлкен қатер еді. Ата-аналар да балалары үшін алаңдайтын. Ал менің фильмім намаз оқып, дәстүрлі, таза дінімізді ұстануды, дұрыс жолдан адаспауды үндеді. Кейіпкердің кіші інісі Данияр дұрыс жолда жүрсе, ағасы Сырым теріс дінге кіріп кетеді. Ешбір жат діннің артынан ермеуді, олай болған жағдайда халдерің Сырымдыкіндей болады дегенді көрсеткім келді. Оның зардабы бірінші отбасыға, одан кейін мемлекетімізге тиетінін ашып айтқым келді. Киноның бюджетін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы көтерді. Облыстық кино орталығы қолдау білдірді. Кейін «Сағым» фильмінің екінші бөлімін түсірсек деп жоспарлаған болатынбыз. Тура сондай идеямен бұған дейін «Кора» деген сериал түсірілген. Бастапқыда жаман кейіпкерді кинода антагонист деп атайды. Ол Сирияда болған жайт бойынша түсірілген аталмыш фильмде барынша шынайы ойнайды. Біз де «Сағымның» екінші жалғасын батыр ағамыз Ғазиз Байтасовқа арнасақ деп отырмыз. Тек қаржылай қолдау болса, сценарийі дайын тұр.
– Кинодағы түсірілім тобы жайлы айта кетсең, шығармашылық құрам қалай жасақталды?
– Актерлік құрамның тоқсан пайызы өзіміздің Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері. Олардың қасына екі медиялық, яғни танымал екі актерді шақырдым. Марат Абай-Ділдә деген үлкен киноларға түсіп жүрген актер мен Шымкенттегі әріптесіміз Руслан Нұрманды таңдадық. Кейіпкердің інісін әріптесім Нұрсұлтан Маханов сомдап шықты. Актерлік құрам осылай жасақталды. Ал шығармашыл ұжым біздің өңірде жоқ. Қоюшы-суретшіні өзіміздің театрдан, операторлық құрамды өзіміздің облыстық телеарнадан шыққан, қазіргі уақытта бейнеклип түсіріп жүрген азаматтардан іріктеп алдым. Дыбыс режиссерін Алматыдан таптым. Осылайша барлық саладан жинадым. Өзімнің жеке студиям – «Kaz.production» операторларын да қостым.
– Жеке студия демекші, «Kaz.production» қашаннан бері жұмыс істеп келеді, нақты уақытта қандай түсіріліммен айналысып жүр?
– Бұл студия менің студент кезімнен құрылды. Сол кезден бері түсіріліммен айналыстым. Қазір бізде 3 оператор, 2 монтаждау маманы жұмыс істейді. Бүгінде үлкен студияға айналдық. Тапсырыс бойынша арнайы әлеуметтік роликтер түсіреміз. Көбіне жемқорлыққа қарсы роликтер түсіріп жүрміз. Студияның өзіндік қысқаметражды фильмдері де бар. 2020 жылы Шымкентте халықаралық фестивальде өзім режиссерлік еткен «Ақша» атты қысқаметражды фильм жеңімпаз атанды. Фильм желісі бойынша баласы кәсіпкер ананы басты кейіпкер етіп алдық. Бас-аяғы 5 минуттық фильм. Бала ауылдағы анасына келеді. Анасы баласымен жүздесіп, әңгіме өрбиді. Ақшада не жан жоқ, ақшада не қан жоқ, ақшада не бауыр жоқ, әке жоқ, дос жоқ, ана жоқ, егер кімде-кім осы ақшаның артынан кетсе, дәл сондай болады деген ойды ашып көрсеттік. Ақыры баланың анасы да өмірден өтіп кетеді. Фестивальда үлкен экраннан кином көрсетіліп жатқанда халық көзіне жас алып, тебіреніп, үлкен әсермен жоғары бағасын берді. Мен үшін сол сәт естен кетпейді. Фильмде Мәмбет Қожалиев пен Нұрсифат Салықова ойнайды. Сценарийін Мәмбет Қожалиев екеуміз жазғанбыз. Осылайша халықаралық байқауда үздік актриса аталымын Нұрсифат апамыз иеленсе, үздік сценарий номинациясын да Мәмбет Қожалиев екеуміз, ал Гран-приді мен алдым. Бір фестивальдан төрт номинацияны иелендік.
– Өңірімізде кинорежиссерлік саланың кенжелеп келе жатқаны жасырын емес. Оған не кедергі?
– Жастардың арасында мен режиссермін деп мақтанатындар көп. Негізінде олай емес. Режиссерлікті оқыған сайын сен әлі режиссер емес екеніңді түсіне бересің. Қазірдің өзінде режиссермін деп жүргендердің басым көпшілігі видеографтар. Шыны керек, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Жай ғана камераны қосып қойып түсіре беру – режиссерлік емес. Режиссураның сан мыңдаған қыр-сыры, өзіндік заңдылықтары бар. Алдымен осыны түсінуіміз керек. Біздің өңірде кинорежиссерлік сала әлсіздеу, қадірі жоқ. Өйткені Шымкентпен, басқа қалалармен салыстырсақ, олар біздегі бағаны көріп күледі. «Мыналарың не баға, осындай бағаға да түсіресіңдер ме не?» деп қайран қалады. Дегенмен мен соңғы кездері актерлердің қаламақысын бес есеге көтердім. Алғаш, яғни осыдан он жылдай бұрын 50 мыңға түсірсек, қазір бейнетуындыларды 200 мыңға дейін өсірдім. Бұрын актерлер тегін түссе, қазір қаржылай қолдау білдіремін. Жарты күндік, бір күндік еңбегінің ақысын төлеймін. Себебі актерлердің еңбегі бағалануы керек. Әлі де болса актерлердің бір күндік еңбекақысын 40-50 мың теңге көлемінде етуіміз қажет. Себебі 20 жылдан аса тәжірибесі бар үлкен актерлерге 10 мың теңге беріп тұрғанның өзі ұят. Сонда біздің өнерге деген құрметіміз қайда қалмақ? Сондықтан мен олардың еңбегін бағалаймын. Сонымен қатар бізде жастар қазір мансап қуып, көтерілсем деп Алматы, Нұр-Сұлтан қаласына кетіп қалады деген көзқарас бар. Ол расында да солай. Ал мен керісінше кино саласын өңірімізде, туған жерде дамытсам деймін. Өйткені Шымкентте көптеген продюсерлер шығып, жобалардың барлығын өздеріне алып кетіп жатыр. Ал менің мақсатым – небір кинотуындыларды осы Таразда түсіру. Мен қазір шымкенттік продюсерді Таразға тарттым. Ұлттық арнадағы «Өмірдің өзі новелла» телехикаясының екі сериясын түсіріп бердім. Ұнады, енді бұйыртса соның бір кезеңін алайын деп жатырмын. Құдай қаласа оған да біздің Тараздың актерлері түспек. Сонымен қатар Ақбота Керімбекова, Жәнібек Бестерек пен «Нұр-Мұқасан» тобы сынды елге танымал эстрада жұлдыздарының бейнеклиптерін Таразда түсіру жөнінде ұсыныстарымды жүзеге асыру жолында еңбек етіп жатырмын. Себебі Таразда небір тарихи жауһарларымыз көп, соларды елге барынша көрсетуіміз қажет. Осылайша көне шаһарда киноиндустрия саласын дамытуды көздеп отырмын. Нақты уақытта менде өзіміздің өңірде де үлкен кино, телехикая түсіретін мүмкіндік бар. Оған әлеуетіміз жетеді. Тек қаражат болса болғаны. «Сағымның» өзін небәрі 5 миллион теңгеге түсіріп шықтық. Тіпті бұл фильмді «YouTube»-тегі арнама да салып жібердім. Халық бес жүзден аса оң пікірін қалдырды. Біз үшін елдің жоғары бағасынан асқан мотивация жоқ. Алматылық операторлармен тәжірибе алмастырып, студиядағы ұжымның біліктілігін де арттырып жатырмын. Сценарий жазатын 4 адам бар. Нақты уақытта әлеуметтік роликтер мен «Өмірдің өзі новелла» телехикаясы түсірілімін жүргізіп жатырмыз.
– Студия ұжымының, өзіңнің алдағы шығармашылық жоспарың қандай? Жылды қандай мақсаттармен бастадыңдар?
– Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өткендей, тарихи киноларды қолға алмақпыз. Жазушы-драматург, марқұм Болат Бекжанов ағамыз Қарахан мен Айша бибі жайлы кино түсіру туралы идея айтқан еді. Мүмкіндік болса Қараханидтер жайлы қысқаметражды кино түсіреміз. Өйткені Қараханидтер біздің тарихи брэндіміз. Себебі Шымкент әл-Фарабиді түсіріп жатыр. Менің фильмім олардыкінен кем болады деп айтпаймын. Қайта асып кетуі қажет. Сондай-ақ жоғарыда атап өткенімдей, Ғазиз Байтасов туралы киномыздың сценарийі дайын тұр. Оған қоса Тараз қаласы туралы үлкен аудиторияға арнап кино түсіруді жоспарлап отырмыз. Ол криминалдық драма жанрында болмақ. Сол кездегі қаладағы жемқорлықты, қылмысты құртып, нашақорлықтың тамырына балта шауып, шаһарды жақсы өмірге жетелеген қаһарман кейіпкер жайлы болмақ. Арасында ойдан құрастырылған сюжеттер де көрсетіледі. Оның сценарийін жазып жатқанымызға жарты жылдай уақыт өтті. Сонымен қатар студиямыз жылдың аяғына дейін 12 әлеуметтік ролик түсірмек. Оның барлығы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл төңірегінде болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет, істеріңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ