Құсбегіліктің отаны – қазақ даласы

21

Тараз қаласында байырғы құсбегі, танымал этнограф, зерттеуші-натуралист Жапар Сатылғанов атты ақсақал тұрады. Бұл өзі қазақтың құсбегілік өнерінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген тұлға. Сонау заманның қиын кезінде жолын тауып  «Қауырсын  – құсбегілер» клубын құрып, құнды өнердің үзілмей жалғасуына еңбек сіңірген. 1980-ші жылдары «Қауырсын – табиғат достары клубы» атты құсбегілікті насихаттайтын кітап жазып, ол туындысы «Қайнар» баспасынан жарық көрген. Республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты (1981 ж). АҚШ-тағы «Ханкинг» саятшылар клубының мүшесі. 2013 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданы жерінде өткен халықаралық «Бүркітшілер» фестивалінің бас төрешісі. Қазіргі таңда облыстық деңгейде тарайтын «Ұлы шаңырақ» атты саяси-қоғамдық, ұлттық-танымдық газеттің құрылтайшысы һәм редакторы. Жуықта, республикаға танымал қайраткер ағамыз елордаға келген кезекті сапарында жолығып, құсбегілік өнердің өткені мен бүгіні жайлы әңгіме өрбіткен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Жапар Тілеужанұлы, құсбегілік халқымыздың көнеден келе жатқан төл мұрасы екені анық. Бұл өнер жайлы ел ішінде айтылып жүрген керемет аңыз-әңгімелер де көп. Осының бір па­расын өз ауызыңыздан естісек?

– Әрине, халқымыздың құсбегілігі жай­лы сөз қозғағанда ойымызға алдымен  атақты Жалайыр Шора түседі. Бұл адамның құсбегілігі жайлы аңыз-әңгіме жетерлік. Бүркіт біткен «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора ұстап алады», деп қай­ғырады-мыс. Сондай-ақ Жетісу өңірін­де өмір сүрген құсбегі Бәйдібектің Жәл­­­мен­беті құладынды қайырып қуға сал­ғаны жайлы дерек бар. Құладын деген қаршыға тектес шағын құс. Онымен құс ілдіру екінің бірінің қолынан келе бер­мейді.

Сол сияқты өзіміздің қазақ ағайын­дар жайлап-қыстап отырған Алтай –Тарбағатай бетінде небір құсбегілер өткен. Мысалы, Кәрімыш деген адамның  «Сары құс» дейтін бүркіті жайлы оқы­ғаным бар. Жарықтық Кәрекең құсын қолына қондырып, дала кезіп келе жатып құмда қонып жатқан керуенге кез бо­лады. Бұлар ішкі өлкеге тауар алып бара жатқан үкімет адамдары екен. Қу далада сап ете түскен құсбегі мен құс­тан қорыққан сақшылар оған оқ атады. Кәрімыш атының басын бұрып тұра қашады. Бірақ оның жауырынынан оқ тиіп, жарақаты ауырлап, ауылына жете алмай далада жан тапсырады. Иесінің өлі денесін құсы ит-құсқа жегізбей бір апта күзетеді. Елден еш хабар болмаған соң өзі ұшып келеді де, ауылды бір айналып қайта ұшып кетеді. Құс иесінің балалары оның артынан ілесіп барып, әкесінің денесін тауыпты. Содан көп кешікпей ел үркіп ауғанда, Кәрімыштың балалары сары құсқа бір қой сойып беріп жұртқа қал­дырып кеткен екен. Бірақ ол көк ас­пан­да қалықтап қашқан көшпен ілесіп оты­рады. Бір күні ауған елді жау ұшағы бомбылайды. Осы әлем-тапырақта са­ры құстың ұшақ тізгініндегі ұшқышпен айқас­қан сәтін таудың биік бөктеріне бекінген ел көзбен көрген екен.

Одан кейін бүкіл қазақ құсбегілері аңыз етіп айтатын Тінейдің «қарасы»,  Ақан серінің «қараторғайы» бар. Ақан жа­рық­тық «Қараторғай, бейшара шы­рыл­дайсың жерге қонбай» дейтін өле­ңін­дегі осы бүркіт. Құс қанатымен ұшып, құй­рығымен қонады дейді емес пе, ен­деше қартайған бүркіттің құйрық қа­уыр­сыны түсіп қалады да, ұшқан соң жер­ге қона алмай шырылдап, зарлайды. Өлеңде осы оқиға айтылып отыр…

– Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалардың бәрі дерлік құсбегілікке назар аударғаны байқалады. Бұл өнер тек­ті тұлғаларды не себептен қызық­тыр­ды екен?

– Тарихқа жүгінсек қазақтың ғұр­пына қанық, дәстүр-салтын білетін елдің беделіне баланған тұлғалардың бәрі дерлік құсбегілік пен саятшылықты жек көрмеген ғой. Мысалы, Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын өлеңі құсбегіліктің тұнып тұрған суреті емес пе? Сол сияқты, 1924 жылы өзінің саят қорасында бүркітін қолына ұстап отырып, суретке түскен Шәкәрім Құдайбердіұлының бейнесі ол кісінің құсбегілікпен айналысқанын әйгілеп тұрған жоқ па?!

Енді мынаған назар салыңыз, қазақ­тың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан 1937 жылы жаппай жазалау жүре бас­тағанда, ептеп сытылып шығып, елі­не келіп ешкімнің көзіне түспей қа­мыс күркеде жасырынып жатып «Саят құс­тары» дейтін өте құнды еңбегін жазып шыққан. Көрдіңіз бе, қара басына қауіп төнген шақта Әлекең бұл қазаққа керегі құсбегілік екенін білмесе жазып несі бар. Осы туындыны жекелеген жанашыр азаматтар кітап етіп бастырыпты. Білген жанға бұл туынды құсбегілік өнердің оқулығы істеттес.

– Сіздің құсбегілікке ден қоюы­ңыз­ға не түрткі болды?

– Мен 1953 жылы дүниеге келген адаммын. Өзім ес білгелі күллі  Шу-Талас бойын жайлаған ұланғайыр өңірде жал­ғыз құсбегі менің әкем Тілеу­жан Сатыл­ғанұлы ғана болды. Әкей жал-жал құм­ның жабындысына ұя салатын «Қазық­тының жалғызы» деген атқа ие шөл бүркітін көптің көзіне түсе бермей­тін қалтарысқа ұстап баптайтын. Қысқасы, құсбегілік маған әкеден мұра боп жеткен дүние. Егер әкей болмағанда, бұл өнер біздің өлкеде үзіліп қалуы да мүмкін еді.

Абырой болғанда, 1960-шы жылдары Қытайдан құстың тілін білетін біршама азаматтар елге оралды. Бүгінде осы ағайындар Алматы облысында, Сөгеті ауылында өмір сүрумен қатар, қазақтың асыл мұрасын аялап, сақтап, дамытып отыр.

– Рас айтасыз, өткен ғасырдың 60-шы жылдары арғы беттен құс тілін білетін азаматтар елге оралды. Ал, Қазақстанда құсбегіліктің мектебін үзбей жалғаған сіз ғанасыз. Осы жайлы тарқатыңқырып айтып берсеңіз?

– Өткен ғасырдың 1970-ші жылдары­ның аяғында КСРО елінің Бас хатшысы Л.Брежневтің арнайы тапсырмасымен, жастарды есірткі мен маскүнемдіктен аулақтататын «Клуб по интересам» (Қызығушылар клубы) атты қозғалыс пайда болды. Осыны пайдаланып «Қауырсын – құсбегілер» атты клуб құр­дық.

Бұл шаруа кезінде әжептәуір беделге ие болды. Натуралистер мектебі қалыптасып, арнайы жалақы төленіп, саба­қ жүрді. Шу аудандық партия коми­тетінің қаулысымен клубқа 5 ат бөлінді. Тұрымтайдан бастап, бүркітке дейін көптеген саят құстары арнайы бағылды.

Сөз реті келгенде айтып өтейін, өмір­­ден ертерек өткен қарағандылық қа­лам­гер Сейдал Талжановтың жазуы бойын­ша, жағалтай – лашынның кішірек түрі, тұрым­тай – ителгінің ұяласы, қырғи – қар­шыға тұқымдас, бидайық, тұйғын, шәу­лі дегендер бөлек құс емес. Бидайық деп лашынның қыранын айтады. Тұйғын деген қаршығаның  еркегі. Осыны ұмытпай жазып қойыңыз…

Содан 1978 жылы Жамбыл облыстық сабан тойда «Қауырсын — құсбегілер» клубының мүшелері ипподромда қолы­мызға құс қондырып, шеру тартып өттік. Бұл оқиға ұлттық өнерге сусындап жүрген халықтың рухын оятты. Сол күннен бастап «Вокруг света» сияқ­ты беделді журналдар біз туралы жа­рыса жазды. Одақтық һәм отандық теле­радио хабарларына қатысып, Куба, Ма­жарстан, АҚШ, Болгария т.б. шетелдерге шақырылдық.

–  Сіз құрған клубқа қызығушылық пай­да болды. Солай ма?

– Жоғарыдағы насихаттың арқасында «Қауырсын – құсбегілер» клубына сол жыл­дары әлемнің түкпір-түкпірінен 500-дей хат келіп түсті. Қазақ даласында алғаш құрылғандықтан шығар клубтың жанашырлары мен қызығушылары көп болды. Қырғызстанның «Бозтері» деген жерінен Бейшебай Қыдыманов атты қырғыз ақсақалы және өзіміздің танымал құсбегі ағамыз Әбілхан Тұрдыбаев клубқа бүркіттерін сыйлады.

«Дегереc» совхозында тұратын Нұр­ғожа, Шәкен, Мақан сияқты көнекөз құс­бегілер келіп, құс баулу өнерін үйрете бас­тады. 1981 жылы республикалық дең­гейде «Қазақстанның Ресейге өз еркі­мен қосылуына 250 жыл» дейтін мере­ке өтіп, клуб мүшелері Алматыда ұйымдас­тырылыған «Алтыбақан» атты телетүсірілімге шақырылдық.

Бағдарламадан кейін жастар редак­ция­сының бас редакторы Құсман Игісі­нов пен режиссер-оператор Аймұхан Қарабалин сценарий жазып, мені кеңес­шілікке тағайындап, «Тастүлек» атты телефильм түсіруді бастадық. Фильм­нің бас кейіпкеріне бала бүркітші мен таңдалдым. Кинотуынды Алматы облы­сының «Дегерес» ауылында, Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарында 2 жыл түсірілді. Қазір тарихи қорда сақтаулы тұрған шығар.

– Кезінде сіз республикалық «Жігер»­ фестивалінің лауреаты ата­нып­­­сыз, соған қарағанда шығарма­шылық қабілетіңізде болғаны ғой?

– 1981 жылы қазіргі М.Әуезов атын­дағы академиялық театрдың ашы­лу сал­танаты болып, осымен қа­тар респуб­ликалық жастардың «Жігер» шығармашылық фестивалі ұйымдас­тырылды. Шараның беташарын сол кездегі Қазақстан комсомол комитетінің  бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов жүргізді. Мен ол кісінің қасында қолыма қыран қондырып тұрып өлең оқыдым. Нәтижесінде фестивальдің лауреаты атандым.

– Осылай құсбегілік клубтың насихаты басталды…

 – Насихат жақсы жүре бастады. Нәтижесінде, мен 1984 жылы «Қауыр­сын – табиғат достары» атты алғашқы кітабымды жаздым. Ол 1985 жылы жарық көріп, барлық облыс, аудандарға таратылды. Жоғарыдағы «Тастүлек» телефильмі түсірілді. Құсбегі Абдолла Тұрлыбаев пен  этнограф Жағда Баба­лықтың «Қырандар» атты кітабы шықты. Одаққа беделді ақпарат көздері – ТАСС, АПН және үлкен басылымдар –  «Вокруг света» және т.б. бізді бүкіл әлемге жайды.

Осыдан кейін дүниежүзілік құсбегі­лер ұйымының орталығын қазақ жерінде құрудың жолдарын іздестіре бастадық. Қырғыздың Ыстықкөліне демалуға келген болгарлық ориентолог А.Деменчук,  америкалық Ришард Лоури сынды құс­бегілік өнерінің жанашырларымен жолықтық. Бұл шаруаға 1980 жылы алматылық Юрий Шелкаев деген іскер жігіт араласып, «Бүркітші» дейтін керемет деректі фильм түсірді.

Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Амалбек Тшановпен келісіп, ал­ғаш рет қырандар жарысын өткіздік. Бұл іске А.Батталов, К.Райбаев, сынды аға­ларымыз бен «Дидар» бірлестігі, «Отан» қоғамдық ұйымдары белсене атсалысты. 1989 жылы Алматы қаласының орталық стадионында Англия, Америка, Польша, Франция, Ресей, Түрікменстан, Өзбек­стан,  Қырғыз елінің құсбегі-саятшылары қатысқан үлкен «Бүркіт тойын» өткіздік.  Ұйымдастыру алқасы қазақ топырағында тұңғыш рет өткізілген бұл бәсекенің салтанатты ашылуын маған тапсырды.

– Түсінікті, өз басым еліміздегі құс­бегілік өнер халықаралық дәрежеге енді-енді шыққалы жүр деп ойлаушы едім. Сіздер бұны баяғыда атқарып тастаған көріне­сіздер. Жоғарыдағы «Бүркіт тойы­на» Қазақстан атынан қан­дай бүркітші­лер қатысты?

– Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы, «Сөгеті» кеңшарының директоры Сағыныш Есбергенов жеңіл машинамен Әбен Тоқтасынов бастаған бес бүркітшіні өзі әкеліп, жарысқа қосты. Жа­рыс кезінде арнайы сақтық шаралары қарастырылып, алаңға жіберілетін түл­кі, қасқыр адамдармен араласып кете алмай­тындай тормен қоршап қойдық.  Бүркіт­шілердің бәрі ипподромға келісті арғы­мақтарға мініп шықты. Бұл бәсекеде бас бәйгені қасқырға түскен Әбен Тоқта­сыновтың бүркіті жеңіп алды. Осы оқиға жайлы этнограф Жағда Бабалық ағамыз салиқалы ой қозғап, керемет мақала жазды.

Қызық болғанда, атақты Шәкен құс­бегі­нің баласы Ахметтің бүркіті сайыс кезінде құсымды көтеріп жайында жүр­ген маған келіп түсіп, санымды жаралап кетті. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Та­ғы бір қызық оқиға –  Әбілқақ құсбе­гінің баласы Ұланның жұдырықтай  қаршы­ғасы таудай қоян алып, күллі жұртты таң қал­дырды.

– Жоғарыдағы Юрий Шелкаев түсір­­ген деректі фильм жайлы айтып өт­сеңіз?

– Еліміздегі құсбегілік өнерді наси­хат­тауға Юрий Шелкаев көп еңбек сі­ңір­ді. «Дегерес» ауылында  тұратын құс­бегілер – Шәкен, Нұрқожа, Мақандар жайлы қызықты телебағдарламалар жасап, оны Одаққа және шет елге таратты. Қазақ бүркітшілерінің атасы Жеті­бай қарияның зоопарктен сатып алған бүркіті тауда сілеусінге түскенін таспаға басып үлгеріп, оны Америкаға таратты.  Осы фильм ақыры Юраның  да жолын ашып, АҚШ-қа түбегейлі қоныс аударуына ықпал етті. Сөйтіп бұл бала құрлық асып көшіп кетті.

– Кеңес Одағы тарап,  дүние бүлін­ген кезде бұл өнер аз уақыт назардан тыс қал­ған­дай болды. Қазір қалай?

– Алмағайып жылдары қазақтың құс­бегілік өнері назардан тыс қала бастады. Осы өліара шақта бүркітшілер әулетінің ұрпағы журналист Бағдат Мүптекеқызы Нұра ауылындағы құсбегілерге бас болып, Алматы облысы әкімдігінен қолдау тауып, «Жалайыр Шора» құсбегілер ұйымын құрды. Көптеген аталы істерді жүзеге асырды. Бұдан басқа өлкетанушы Мұхаммед  Исабеков өз ауласынан бір­неше қыран құс, құмай тазылары бар «Жеті қазына» салт-дәстүр – табиғат му­зейін ашты.

Сондай-ақ елімізде «Қыран» федера­циясы құрылып, оған басшылық жасаған Нұрлан Өнербаев мырза құсбегілік мұра­мызды насихаттайтын кітаптар шығару­ға қолғабыс жасады және жоғарыдағы істердің жүзеге асуына ұйтқы болды.

Қазір бұл өнерге Ұлттық спорт түрле­рі қауымдастығы шын мәнінде қолдау­шы, қорғаушы болып отыр.  Кезінде Жам­был облысында әкімі болған Серік Үмбетов құсбегілерді жақсы қолдады. Алматылық Аслан Құрманалин деген азамат қаланың тап ортасына саят құс­тарын қондырып, «Қазақ салты» атты клуб құрғаны бар. Қазір бар ма, жоқ па біл­меймін.

– Құсбегілік өнерді елімізде әрі қа­рай дамыта түсу үшін не істеу қажет?

– Қазір өзі қыран ұшырып, оған аң алдырып, ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Өйткені, құсбегілік өнер әлемдік аре­нада қатты насихатталуда. Елдің бәрі әлеуметтік желілер арқылы небір қы­зық­тарды көріп отыр. Сондықтан біз төл өнерімізді басқа қырынын көр­сете білуіміз қажет.  Бүгінгі таңда құс­бегіліктің көрермені аз. Сондықтан бо­лар, тірі аңды қолдан жіберіп «шоу» жасап жүрміз. Бұл әрекетімізді халық­аралық ұйымдар қолдамайды. Сол се­бепті басқадай шара ойлануымыз қа­жет. Сосын қазіргі жағдайда өткізіліп жүр­ген құсбегілік сайыстарында құсты қоянға салу етек алған. Бұл дұрыс емес. Бұ­рынғы қазақ зеңбірекпен торғай атқандай қылып қыранды қоянға салмаған.

Одан кейін құсбегілік өнерді жеке бөл­мей, кешенді түрде «Сал-серілік» инс­титуты ретінде дамытып, оған тазы мен жылқыны, тағы басқа халықтарды қызықтыратын салт-дәстүрлерімізді қосып, ұлттық өнердің жиынтық бей­несін жасаған дұрыс. Бұлай болғанда өңір­лерде туризмді дамытуға және ба­йырғы мұрамызды ғылыми тұрғыдан жетілдіріп, халықаралық деңгейде наси­хаттауға болады.

Қалай айтсақ та, құсбегіліктің отаны – қазақ даласы. Сондықтан  біз басқа­ларға жол көрсетіп, үйретіп отыруға тиіс­піз. Ол үшін үлкен қалаларда құс­бегі­лікті дамытуға арналған шатырлы, қозғалмалы стадион салатын кез жет­ті. Одан кейін тағы бір есте болатын дүние Алматы қаласында орналасқан Қазақ спорт және турзим академиясы не­гізін­де қызықтаушы студент, жастарға құсбеглілікті үйрететін факультативті  курс немесе сабақтар ұйымдастырылса. Бұған барып білгенімді үйретуге өз басым дайынмын.

Екіншіден, елмізде әлемдік құсбегі­лер орталығын ашуға мүмкіндік бар. Егер бұл шаруа қолдау тапқан жағдайда, орталықты Жамбыл немесе Маңғыстау өлкесінен ашқан дұрыс. Өйткені, бұл жерлер саят құстарының өмір сүру коридоры саналады. Сонда ғана біз өзімізді құсбегіліктің иесіміз деп айта аламыз.

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

egemen.kz