«Жұмысшы топқа тек ауызша ғана қосылған сияқтымын»

159

Айдархан Сихаев,

белгілі суретші, мүсінші, «Әруақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

– Айдархан Әшімханұлы, бірер ай бұрын сіз «ARAI» газеті арқылы «Қос өзен» идеясын ұсынып, шаҺар іргесіндегі Талас пен Аса өзендерінің жағалауларын Тараз қаласының сәулеттік келбетін жақсартуда қолдану мәселесін көтердіңіз. Дәл осы мақала облыс әкімінің назарына ілігіп, арнайы жиында Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін жетілдіру бойынша арнайы жұмысшы топ құрылған еді. Сіз мүшелікке өткен жұмысшы топтың қазіргі аяқ алысы қалай болып жатыр? «Қос өзен» идеясының жүзеге асатын түрі бар ма?
– Әуелі сендерге көп рақмет айтқым келеді. «ARAI»-дың бетіне басылған мақаладағы Таразға көрік беретін «Қос өзен» туралы ұсынысымызға ден қойып, оның қажет екеніне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев назар аударды. Өңір басшысы жобаны дереу күн тәртібіне қойып, арнайы жиын өткізді. Иә, онда жобаның орындалуы үшін жедел жұмыс тобын құру да жауапты сала басшыларына тапсырылды. Облыс әкімі сол жиында жұмыс тобына идея авторы ретінде мені де қосуды тапсырған еді. Аталған басқосуда үш айдың ішінде жұмыс тобы бір нәтиже шығаруы керек делінген. Бірақ, сол жұмыстың барысы қалай болып жатқаны маған әлі белгісіз. Өйткені, мені әлі күнге дейін жұмыс тобының басқосуларына ешкім шақырмады. Бұған дейінгі осындай жағдайдың бірінде менменсінген бір шенеунік «Бас әкім көз қылып айта береді, әкім дегендер келеді де кетеді, ал, қалатын біздер, бәрін біз шешеміз», деп шіренген еді. Сыбайластықты жасайтындар да сондай жартышақ шенеуініктер болып тұр ғой. Сондықтан, жұмысшы топқа тек ауызша ғана қосылған сияқтымын.
– Бұл әрекеттеріне ренжіп жүрген шығарсыз…
– Осы өзіңе әңгімелеп жатқан жайды мен бір жолдасыма айтқан едім, ол маған «…Олар шақырмайды. Сенің «анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» дегеніңді естіп бастарын қатырғысы келмейді. Сені өз жұмыстарына кедергі келтіреді деп қабылдайды» деген еді. Сол сөздің жаны бар-ау.
Әйтсе де маған бәрінен де Тараз қаласына қатысты жобаның ойдағыдай етіп жасалғаны маңызды. Ойдағыдай болмай жатса пікір айтып, о баста өзіміз көздеген межеге жақындату ғой. Мен осы жұмыстың негізгі бағыты ирригациялық жүйеге қатысы бар ғой деп жұмыс бағыты бөгет пен су қоймаларына ауып кетеді ме деп те уайымдаймын. Негізі әу баста бұл жобаға Тараз қаласының сәулеттік келбетін жақсарту тұрғысынан назар аударылды емес пе? Демек оны іске асыруда да осы негізгі мазмұн сақталып қалуы керек. Оның үстіне мәселені облыс әкімі назарына алған соң онда «әттеген-ай» дейтін сәттер болмауы керек деп ойлаймын.
– «Қос өзеннен» бөлек сіз үнемі қала келбетіне қатысты тың жобаларды ұсынып жүресіз. Сол жобаларыңыз қаншалықты іске асты? Бұдан басқа да ойға алған бастамаларыңыз бар ма?
– Айтпақшы, облыс әкімдігіндегі сол жиында қаламыздағы әр шағын ауданның ішінде тұрғындар алысқа бармай-ақ, үйдің маңында-ақ таза ауада демалатын, бой жазатын орындар тапшылығы мәселесін де қозғағанмын. Мәселен, «Аса» ықшамауданында осындай әдемі сквер жасауға болатын ұзындығы 150-200 метрдей аумақ бар. Жиында осы ойымды да айтқанмын. Бұл мәселеге жауаптылар құлақ асып, әне-міне шешімін табатын сияқты болған еді. Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлеріне әлгі сквердің орнын карталарынан көрсетіп те берген едім. Содан кейін хабар жоқ.
Жалпы, менің іске асуын жан-тәніммен қалап жүргенім «Тараз – ғасырлар айнасы» деп аталатын этнопарктің жобасы ғой. Оны ашық аспан астындағы 100-ден аса монументальдық ескерткіштен тұратын, ұлттық, адамзаттық идеялық мәні бар, көне Тараздың тарихынан сыр шертетіндей етіп жасау.
Идея ұсынылған сәтте қолдау болғанда ұзақ мерзімді жоба осы уақытта жүзеге асып, туристер ағылатын орынға айналар еді. Өкініштісі сол, рухани жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді жобаны іске асыруға құлықтылар табылмады. Шынында, ойда жүрген тың идеялар көп. Тек әлгіндей кедергі кезіккен соң олардың орындалуына сенім де жоғалып кетеді екен. Содан кейін де айта бергің келмей қалады.
– Дегенмен, суретші, мүсінші ретінде Тараз қаласындағы бірқатар ескерткіштерде қолтаңбаңыз қалды. Өзіңіз көріп жүргендей соңғы жылдары көне шаһардың көркем келбеті айшықталып, тараздықтар мен қала қонақтарының көз қуанышына айналған орындар көбейді. Сіздің ойыңызша, Тараздың ажарын ашып, көріктендіру ісінің әлі де жетіспейтін тұсы бар ма? Олқылықтың орнын толықтыру үшін қандай шараларды қолға алуымыз керек деп ойлайсыз?
– Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үнемі қала көркін жақсарту, демалыс орындарын көбейту жұмыстарына мән беріп отырады. Мұнда осы жұмыстарды тиісті мазмұндық идеяға сай жүзеге асыру маңызды.
Мәселен, облыстың алдыңғы әкімі Асқар Мырзахметов көптен бері Тараздың сәулеттік келбетін ашуды алғашқылардың бірі болып қолға алды. Бір «әттеген-айы» Асқар Исабекұлы суретшілер қауымының пікіріне құлақ аса қоймағаны ащы да болса шындық. Мазмұны терең тарихи ұлттық мәнге ие идеялар, шынайы өнер туындылары назардан шет қалып жатты.
Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне қатысты дау-дамайдан көпшілік хабардар. Әйтсе де сол ескерткіштің облыстық әкімдік алдына орнатылғаны қисынға келмейді. Сол секілді бірнеше рет жасалған Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіші бұл жолы да дұрысталмады. Халық қаһарманы тым қарабайыр етіп сомдалған. Композицияның көркемдік бейнесі, идеясы жоқ.
Жалпы, Тараздағы мүсіндер мен ескерткіштерде авторлардың аты-жөні жазылмайды. Неге екенін ешкім дөп басып айта алмайды? Бейнебір әке-шешесіз туған жетім балалар сияқты. Шындығын айтайық, оларда белгілі бір адам қолынан шықты ғой. Оны несіне жасырамыз?.. Сондықтан жоғарыда айтылған олқылықтарға жол бермес үшін кәсіби мамандармен тығыз қарым-қатынас орнату керек. Тіпті әкімнің бір кеңесшісі қаланың бас суретшісі болуы керек. Оның арнайы мәртебесін бекіту керек. Маман ретінде үнемі олардың пікірімен санасып отыру да артық болмайды.
– Қазақта «артық қылам деп, тыртық қылыпты» деген сөз бар. Кейде осы біздің атқамінерлер ретін тауып, ескерткіш қойып, онысы көзге қораш көрініп, тау тұлғаларды мазақ ортасына айналдырып алып жатқанын байқамай қалады. Себебін сұрасаңыз, «Тендерді ұтып алған суретшілер ақшаны аз жұмсаған, қаржыны қимаған» деген сарындағы жаттанды жауаптар айтып, бар кінәні мүсіншілерге аудара салады. Шындығында, елге елеулі адамдарға ескерткіш орнату да тендерге қарап тұр ма? Әңгімеміз нақты болуы үшін кескін-келбеті келіспеген Мәншүк Мәметова, Дінмұхаммед Қонаев, Абай ескерткіштері турасын айтсақ та жеткілікті…
– Мәселе артық қылам деп, тыртық қыламын деп жүргендердің кім екеніне байланысты ғой. Меніңше, тендер деген қаржыны үнемдеймін деп, орыстың «Скупой дважды платить» дегенін дәлелдейтін шығайбайлық қой. Басқаларын қайдам, ал шынайы өнер туындысын жасату үшін қаржыны үнемдеуге болмайды. Өнер туындысы – ол ұлттың мәдениеті. Ол мәңгілікке қалады. Міне, осыны білетін адам өнер туындысын қатты саудаға салмай, салмақты ұғынуы тиіс. Өзім тендер дегенге қатысып көрген емеспін. Және қатысам деген ойым да жоқ. Толғаныстан толғатып туған идеясын, ойын көркемдеп жасау әрекеттерін өзі емес, басқа бөтен біреулердің жұлып алып жасауы психологиялық тұрғыда шын суретшіге өте ауыр тиеді. Негізінен біздегі әйгілі монументальды туындыларды суретшілер бәрін өзі тікелей басқарып, басынан аяғына дейін өз қолымен жасап шыққан. Суретшінің осындай табиғатын біліп, мүмкіндігін өздеріне сеніп бергенде ғана көркіне көз тоятын туындылар өмірге келеді. Сондықтан да суретшілердің өзге мамандық иелерінде кездесе бермейтін ерекшеліктерін шенеуніктер де түсінсе екен дейміз. Сонда ғана сіз айтып отырғандай қораш, сәтсіз дүниелер болмайды.
– Біраз жыл Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалын басқардыңыз. Демек, суретшілер қауымының барлық мәселесі сізге таныс. Шын мәнінде жамбылдық қылқалам шеберлерін не толғантады?
– Биыл Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалын басқаруды кезінде шәкіртім болған, дарынды суретші Болат Құсайыновтың қолына өткіздім. Жалпы, қазір суретшілердің басты мәселесі – осы одақтың облыстық филиалы ғимаратының шеберханасын жөндеу. Соған инвестор табу керек. Ары қарай қалай боларын уақытында көреміз. Ал шын мәнінде жеке суретшілеріміздің шығармашылық туынды жасаудың орнына, жай ғана күнкөрістің қамымен тапсырыстық жұмыстарды ғана іздеп, уақытын өткізіп жүргені жанға батады. Оған қоса, бояу, қылқалам, кенеп, рама, багет сынды материалдардың қымбатшылығы да суретшілер үшін қолбайлау. Осы жағдайлардың бәрі өнер иелерінің шығармашылық ізденісіне, бейнелеу өнерінің туындыларының көркемдік сапасына кері әсерін тигізіп жатады.
– Білуімізше суретшілерге өз картиналарын саудалау – үлкен мәселе. Қылқалам шебері өз туындысының жоғары бағаланғанын қалайды. Әйтсе де көп жағдайда бағаны нарық реттейді. Құпия болмаса өз картиналарыңыздың ішіндегі ең жоғары бағаланғандары туралы айтып берсеңіз…
– Мен сауданың адамы емеспін. Менің туындыларым Кеңес Үкіметі кезінде суретшілер дирекциясының арнайы сатып алған шығармашылық жұмыстарымның бағасы болды. Қалғандары коммерциялық құпияға жатады…
– Сырт көзге жеңіл көрінгенімен суретшілік те көп ізденісті талап етеді. Тіпті бастаған картинасының соңғы штрихтарын бірнеше жылдан кейін қойып жататын суретшілер де бар. Мұның себебі суретшінің шығармашылық тоқырауын білдіре ме? Әлде бұл өнерге деген шексіз берілудің көрінісі ме?
– Дұрыс айтасыз. Суретшінің жұмысы – өнер талабы. Азабының қандай болатынын түсіне бермейтін адамдар үшін баланың ойыны сияқты көрінетіні анық. Әсіресе, дәл бүгінгі біздің қазақ тілді оқыған деген қазақтардың көзқарасы көңіліме қатты үрей салады. Үлкенінен бастап, кішілеріне дейін өнер мен ғылыммен айналысудан алыстап кеткен. Керісінше саудагерлікпен айналысып пайда табуды жетістік санайды. Осыдан барып суретшіліктің, жалпы, шығармашылық жұмыстың қиындығын түсініп, оған қызығатын аудитория азайып кетті. Яғни, қазақ қоғамы суретшіні қажет етпейтін болып барады. Екіншіден, жаңа технологиялық жабдықтардың қолданысқа енуі суретшінің дәстүрлі сурет салу әрекетімен бәсекеге түсе бастады. Технологияның тілін жетік меңгерген адамның жасағаны кәсіби суретшіден бір мысқал да кем шықпайды. Көпшілік осындай жеңіл дүниелерге әуестеніп, шынайы өнер бағаланбай қалып жатады. Сәйкесінше суреткерліктің, суретшіліктің қадірі түсті. Осындай бәсеке жағдайында оларды жеңе отырып, жүрек қылын қозғайтын өнер туындыларын өмірге әкелу үшін суретшілерден қандай қажырлылық, ой мен сезім, білім қажет етілетінін ойлай беріңіз. Әрине, шын өнер иесі тоқырамайды, оның соған ұқсайтын сәтін толғаныс кезеңдері, ой азабында жүрген кезі деп түсіну керек.
Суретшілік өнер адамзат тарихының бастауында тұрды. Ол онымен жасаса береді. Атақты Гете дәуірінен «Адамға аса бақытты сәтінде де, тіпті, аса қатты қайғыға батқан шағында да оған суретші керек» деген мағынадағы асыл сөз қалыпты.
– Әдетте шығармашылық жұмыстың нәтижелілігін шабытпен байланыстырып жатады. Ал суретшілер неден шабыттанады?
– Жалпы, суретші өзін қоршаған өмірдің, оның тіршілігінің әсемдігінен шабыт алады. Өкініштісі сол, бүгінгі суретшілер қоғамдық орта қажеттілігіне қарай шабыттанады. Бүгінгі қоғамның келеңді, келеңсіз жақтарын көріп дер кезінде көпшілікке жеткізіп отырғанынан шабыттанады. Қоғамдық ортаға қуаныш, ой сыйлап оның мәдени көрінісі, нұсқасы болғаннан шабыттанады. Олай болмаған күнде есеңгіреп, баз кешіп, шеберхана бұрышында ащы у ішіп, көшеде қаңғып қалады.
Мысалы, француздың карикатурист-суретшілері мен ислам радикалдарының арасында болып жатқан жағдайларды алып қараңызшы. Мәдениеті бізден көш ілгері елдердің өзінде өнер туындысын талқылағаны үшін ұстазды зорлықпен өлтіру әрекеті орын алды. Өнер туралы президент Мокрон мен дін фанаттарының көзқарастарының шилығуы, суретшінің француз қоғамындағы орнын көрсетті.
Жалпы, жағдайдың ушығуына суреткерлікпен тіл қатқан суретшінің үлес қосқанын ұмытпауымыз керек. Ал, бірер аптадан бері қазақ қоғамының басты тақырыбына айналған «Борат» фильміндегі қазақ мәдениетіне қатысты сюжеттерді бүкіл адамзат баласы көрді. Оны көрген қазақтар да намыстанған болып, фильмді түсіргендерді кінәлап жүр.
Мен ол фильмді әлі көрген жоқпын. Бірақ, осы фильмнің өзі біздің қоғамдағы рухани, мәдени олқылықтың бар екенін анық көрсетіп тұр. Сол үшін өзгелермен дауласып, қызыл кеңірдек болудың пайдасы бар ма?
Бұл мәселе биліктің карикатурист-суретшілерге деген көзқарасынан шықты. Біздің елде дәл осы жанрдағы бейнелеу өнерінің шеберлерін шенеуніктер ұнатпайды. Тіпті қудалауға дейін барады. Міне, соның нәтижиесінен шетелдіктерге мазақ болып жүрміз. Біз өз сатирик- карикатуристерімізге қоғамымыздағы кереғар құбылыстарды бейнелеуге мүмкіндік бермедік. Есесіне бізді шетелдік суретшілер өз нысанасына алды.
– Біз сізді облысымыздағы өзіндік идеясы бар, ойын ашық айта алатын адам ретінде білеміз. Бүгінде сіздің елдегі адамдардың жалпы рухани деңгейіне, қоғамдағы белсенділігіне көңіліңіз тола ма?
– Әрине, қазақтың «Орнында бар, оңалар» дегенін кез келген жерде сабырмен айтып, жақсы көрініп жүре беруге де болады. Бірақ мені бұл күнде ұлт мәселесі бойынша «Орнындағылар оңалмай қалмай ма?» деген ой көбірек мазалайды. Сол үшін де ұлт мәселесінде көргеніңді, білгеніңді дер кезінде айтып, бүтін нәрсе бүлініп кетпес үшін пікіріңді білдіріп жүрген дұрыс деп есептеймін. Меніңше, қазіргі қазақ қоғамы тым ұсақталып кетті. Қоғамдық мазмұнға ие әрекеттерден гөрі, жеке бастың қамын күйттейтіндер көбейді. Тіпті, ағайынгершілік, бауырмалдық қасиеттерден де қол үзіп барады. Міне қазіргі қазақтардың дүниетанымдық көзқарасы осындай деңгейге дейін құлдыраған. Сол себептен де қоғамда, елде, айналада, әлемде болып жатқан жайларды түсінуге шамалары келмей жүр. Көбі қоғамдық көліктерде қалғып, төсектерінде ұйықтап, көздерін әрең ашып жүреді. Белсенділігі өте төмен. Біздің бұл әңгімеміз газет бетіне шыққанымен де оның оқылуы екіталай. Кейбір тиісті адамдар оқығысы да келмейді.
– Сіздіңше қоғамдағы осы олқылықты қалай түзеу керек?
– Іскер адамдар сынап, ұсынысыңды айттың ба, енді соны жаса деген ұстанымға көп жүгінеді. Ұлттық мәдениетке қатысты сөздің бәрін бұрып алып, саясат деуге келіспеймін, оны ұлт, өнер, дәстүр, дүнетаным турасындағы әңгіме деп ұғу керек. Көбіміз өзге бөтен басқыншы идеологияларды айтпағанда өзіміздің ұлттық мәдениетімізді түзеу, елді рухани біріктіру туралы әңгіме, ой айтуға қорқатын болдық. Ал еліміздегі өзге ұлттармен қазақша сөйлесуге кейде дауамыз жетпейді. Бұл деген сөз өз мәдениетімізді нашар білетінімізді, өзгеге жалтақтықтан құтылмағанымызды білдіреді. Өзіме келетін болсам, мен, қазіргі замандағы қазақтардың тірлігінен емес, өтіп кеткен дәуірлерде, ғасырларда өмір сүрген ата-бабаларымыздың дүниетанымынан, мәдениеті мен тірлігінен қуат алып жүремін. Соларды білгеннен кейін ғой, бүгінде сүйкімі кетсе де қазағымызды жақсы көремін, өз ісіме үмітпен қараймын. Сол ата-баба үлгісінде бүкіл қазақ елін рухани біріктіру үшін әрекет еткендей болып жүрміз.
– Қоғамдық бірлестікке жетекшілік етіп, қоғамдағы күрмеуі қиын мәселелерге билік назарын аударуға қам-қарекет жасап жүрсіз. Осы қоғамның бір бөлшегі ретінде сізді қандай мәселелер алаңдатады?
– Көп қазақтың өзінің ұлттық дүниетанымын ұмытқаны алаңдатады. Ғалымдарымыз да қазақ ұлттық дүниетанымын дөп зерттеп, оның ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін бағамдай алмай жүргеніне қарным қатты ашады.
Соңғы кезде ұстаздарымыздың шәкірттеріне ұлттық патриоттық тәрбие беруге келгенде ақсайтыны да жаныма батады. Әрі ғылыми еңбектер шетелдік басылымдарда жариялануы керек деген қасаң түсініктен арыла алмай жүрген басшылардың талабына мойынсұнып, ғалымдарымыз өзінің ғылыми еңбегін ана тілінде жаза алмай, мүмкіндігі жетпейтін өзге тілде шимайлап жүр.
Ең бастысы қазақ халқы тәңіршілдікпен қанға сіңген өзінің әруақтық, адамдық болмысын ұмытты. Облыстық өлкетану музейінде көне түркі дәуіріне жататын «Баған тас» деп аталатын ерекше экспонат бар. Сонау бір дәуірдегі бейнелеу өнерінің туындысына жатады. Оның бас жағында төрт жаққа қаратып салған адам бетінің төрт бейнесі бар. Онда ол тастың табылған жері жазылған да, мағынасы жұмбақ күйде тұр. Бұл тастағы мұндай бейне құбылысы қазақ атамыздың Ұлы Далада «Дүниенің төрт бұрышынан (төрт құбыладан) төрт періште ұшып келіп тоғысып кездескен кезде, Әруақ жерден шырқай көкке көтеріліп, Ақиқат ашылады!» деген даналық сөзінің мағынасын дәлелдеп тұр. Яғни, бұл ой философиялық мәнмен тасқа қашалып та бейнеленіп қойған жәдігер.
Жоғарыда айтылған жайттардан-ақ мен жетекшілік ететін «Әруақ» қоғамдық бірлестігінің болашақта маңызы қалай артатынын байқатып тұр. Маған қазақтың бүгінгі ұлттық болмысы өте жақсы таныс. Біз бүгін өз құндылығынан безіп, біреулердің қаңсығын таңсық көріп жүргендердің қатарындамыз. Менің бүгінгі рухани жұбанышым осы қоғамымыздың ілімдік негізін жасап, іргесін ақырындап бекіте беру ғана болып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ш.Атыханұлы