Алаштың арда туған ар перзенті
Алаштың арда туған ар перзенті
Кешегі кеңестік құбылмалы қиын заман кімдердің басын сергелдеңге салмады? Ұлт мүддесі үшін қазақ тарихында бас көтерген талай тұлғаларды сол зар-заман зарлатты. Ал осындай буынның тәлім-тәрбиесін, көзін көрген азаматтар жоғарыдағы арыстардың үзіліп қалған даңғыл жолын ашық жалғастырмаса да, астыртын жалғастыруға тырысып бақты. Тіпті Б.Момышұлы сияқты өр тұлғаның тұла бойынан «Алаш идеясы» отының өшпегендігі ашық көрініп-ақ тұрды.
Б.Момышұлының жастық шағы дәл сол қазақ зиялылары ұлттың рухын көтеріп, кейінгі буынға «Алаш идеясын» ту етіп көтеруді насихаттап жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Тіпті ол Ж.Аймауытов, Т.Отарбаев сынды Алаш ұранды ұстаздардың шәкірті де болғанын өзі өмірден өткенше ашық айтып келді. Демек алдыңғы зиялы буынның тәлім-тәрбиесін алған батыр Бауыржанның рухы мен жан дүниесі «Алаш идеясымен» өзара үндесіп жатыр. Б.Момышұлының Алаш арыстарының идеясынан нәр алғандығының дәлелі сол қызылдардың қылышынан қан тамып тұрған уақытта яғни, қоғамда өзге жұрттың бәрі алашордалықтардың атын атаудан үркіп, қашып-пұшып жүргенде Б.Момышұлы оларды дәріптеп, мақтан тұтты. Мысалы, батыр Баукеңнің өзі жақсы көрген, ылғида қасына ертіп жүрген інісі, белгілі қаламгер М.Қалдыбайдың естеліктеріне көз жүгіртсек, Б.Момышұлы атамыз: – Менің кейбір ағаларым кезінде сатқындық жасады. Оған дәлел – олардың өз қолымен жазғандары. Сол кездегі газет-журналдарда мақалалары басылды. Олар неліктен сатқындыққа барды? Кейбіреулер «Олар заман қысымынан барды» дейді. Бұл дұрыс емес. Дұрыс дәлел, олар – қорқақтар, арамзалар. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Тұрар, Смағұл, Сұлтанбек, қос Досмұхамедов, тағы басқа ағаларым заман қысымын көрген жоқ па? Көргенде қандай?! Бірақ олар сатқындыққа барған жоқ. Неге? Олар – Ар перзенттері, халқының адал ұлдары. Бұл кісілер оңай кісілер емес, өз заманында ақылды, ержүрек жандар болған. Олар біздің қазақ тарихында қайталанбайтын тұлғалар. Мен Жүсіпбек Аймауытовты Герценнен, Гогольден, Мағжан Жұмабаевты Пушкиннен, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты жүз тіл білген атақты түрколог-академик Маррдан кем санамаймын. «Мен осы кісілерден көп үйрендім» деп Маррдың өзі мойындаған. Еңбектерінде олардың аттарын атайды. Мәскеуде Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін біреу жолма-жол аударма істепті. Соны оқыған Маяковский таңғалыпты. Есенин де есі кете риза болыпты. Мұны маған олардың әйелдері айтып берді. «Сіздерде осындай ақын бар екен ғой. Маяковский де, Есенин де өте таңғалды», деген. Блок та таңғалыпты. Оның әйелі көп еді ғой. Сол әйелдерінің бірі маған «Блок Мағжанға табынды» дегенді айтты. Бұл менің сөзім емес, Блоктың әйелінің сөзі. Блок Мағжанды түсініп, ойын алған. Ойын алу ұрлық емес. Мысалы, Пушкин көп ойды халықтан алған. Блок жас кетті, нағыз ақын еді. Ол «Күнбатысты қараңғылық қаптаған, күні батып, таңы әлі атпаған» деген жолдардан тұратын Мағжан өлеңінің ойын «Да скифы мы» деп басталатын өлеңінде дамытқан. «Мен келемін, мен келемін, мен келем, күннен туған, Гүннен туған пайғамбар» деп басталатын өлеңінде Мағжан батыстан шығысты биік қойған. Мұндай ойды әлі күнге ешкім айтқан жоқ. Мағжан ғана айтты. Міржақып Дулатов өлеңмен «Бақытсыз Жамал» деген роман жазған. Романның кіріспесін «Міржақып төмендердің аласасы-ау, (әндетіп айтты). Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы-ау. Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас, қазақша бір роман жаза салшы-ау» дейді. Нағыз намысқа тию. Повесть-мовесть, әңгіме-сәңгіме емес, роман жаза салшы дейді. Жүсіпбек Аймауытов та ақылды, психолог, философ болған. «Ақбілек» романы арқылы халқымыздың қалай құлдыққа, қорлық өмірге душар болғанын жылап отырып жазған» деген екен Бауыржан атамыз інісі Мамытбек Қалдыбай ағамызға. Бауыржан атамыздың Алаш арыстары туралы жоғарыдағы керемет пікірі мен олар туралы көп білген деректері бүгінде бізге аса құнды тарихи естелік болып қалып отыр. Қысқасын айтқанда бас кететін заманда кешегі қазақ халқының мүддесі үшін құрбан болған арыстарымыз бен қайраткерлеріміздің өмірі, олардың саяси ұстанымы мен шығармалары туралы әділ пікір айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізген кісі болса, сол Бауыржан Момышұлы. Тіпті олардың ішінде Ж.Аймауытов пен Мағжанды Бауыржанның жақсы білетіні жөнінде сонау қызыл империяның кезінде-ақ ел ішінде көп әңгіме тараған. Мысалы Бауыржан атамыздың белгілі ғалым, жазушы Т.Жұртбаймен екеуара болған әңгімені назарға алатын болсақ, Алаштың ақиық ақыны Мағжанмен ер Баукең сонау соғыстан кейін Сібір жерінде жүздескен. Бұл оқиға туралы Т.Жұртбай: «1977 жылы қараша айында «Білім және еңбек» журналының Бас редакторы Әбілхамит Мархабаев мені Баукең – Бауыржан Момышұлына қызыл әскердің құрылғанына 60 жыл толуына орай мақала жаздырып алуды тапсырды. Алдын ала келісіп, тура сағат онда Алматының қазіргі Төле би көшесі бойындағы пәтерінің есігін қақтым. Мақаланы айтып отырып жаздырды. Сұхбат аяқталғанда мен демімді ішіме ала отырып: «Профессор Хайыржан Бекхожин студент кезімде: «Алдарында қарыздар едім», деп мені Алаш ардагерлерінің архивімен танысуыма себепкер болды, ол ізденісті жалғастырып жүрмін, өйткені, мен де ұстазыма қарыздар едім. Қаламгер М.Қалдыбаевтің айтуы бойынша, Сіз Мағжан мен Жүсіпбекті көріпсіз. Соны білгім келеді», деген өтініш айттым. Баукең қатты дауыстап: «Жүсіпбектің алдында мен де қарыздармын. Ол менің ұстазым... Ал Мағжанның ажалына себепші болдым ба, деп ойлаймын», деп ұзақ ойланып қалды да мына хикаяны айтты. «Соғыстан кейін мен әскери академияда болдым. Бірақ та армияның өзіне сұрандым. Новосибирь қаласындағы әскери бригадаға командир етіп тағайындады. Бірде Совет Одағының маршалы, армия қолбасшысы әскери поезд арқылы, Новосибирь вокзалы арқылы Қиыр Шығысқа кетіп бара жатқаны, менің оған жағдайды баяндауым туралы бұйрық түсті. Вокзалға келдім. Сібірдің қысы қатты. Әскери құрам келгенше перронда ары-бері жүрдім. Көзім жүк почтасын қабылдайтын қоймаға кіріп-шығып, шанаға жүк тасып жүрген егде адамға түсті. Түрі азият, азияттың ішінде қазақ сияқты көрінді. Қасына барып: «Қазақпысыз?», – дедім. Қазақ екенін білген соң жөнін сұрадым. Сөйтсем «Среди гор, среди скаль, Александрия централь», дейтін атақты концлагерьдің жүгін тасиды екен. Аты-жөнін айтқысы келмеді. Соның арасынша екі-үш рет кіріп-шығып үлгерді. Даусымды қатайтыңқырап сұрап едім: «Жастар сендер білмейсіңдер ғой. Мен – Мағжан Жұмабаев дегенмін», – деді. Сол арада өзім оқулықтан жаттаған «Шал» деген өлеңін жатқа айтып бердім. Тағы да бір-екі жәшікті шанаға сап үлгерді: «Ә, мені ұмытпаған екенсіздер ғой. Біледі екенсіздер ғой», деп кемсеңдей сөйлеп, өзімді сұрады: «Ә, Бауыржан Момышұлы деген сіз екенсіз ғой. Естігенмін. Білемін», – деді. Өтірік емес, шын Мағжан екеніне көзім жетіп, лагерінің командирін сұрадым. Сол арада поезд келіп, вокзал жабылып, сарт та сұрт болып кетті. Мен де асығыс маршалға рапорт беруге асықтым. Жарты сағаттан кейін жаңағы жерге келсем, әлгі шал кетіп қалыпты. Лагерьдің командирін танитын едім, қаладағы әскери кеңесте кездесіп тұратынбыз. Телефон шалып, Мағжан – қазақтың үлкен ақыны екенін, оны жеңіл жұмысқа ауыстыруын өтіндім. Ол келісті. Содан арада үш-төрт ай уақыт өтті. Әскери қарбаластан қол босамады. Бір жолы әлгі лагерь бастығын Новосибирьскідегі әскери кеңесте көріп қалып, өтінішімнің не болғанын сұрадым. Сонда ол: «Жерлес ақыныңнан айырылып қалдық. Сен тапсырғаннан кейін мен оны жеңіл жұмысқа – хат тасушы етіп ауыстырғанмын. Көктемде Енесай өзенінің сеңі бұзылған кезде почта таситын қайық аударылып кетіп, суға кетті. Сүйегін таба алмадық», – деді маған. Мұңайып мен қалдым. Міне, менің «Мағжанның өліміне себепші болмадым ба?» деп ойлайтыным осы, қарағым» деп сөзін аяқтады дейді Т.Жұртбай ағамыз. Дәл осы оқиғаны кезінде марқұм Әзілхан Нұршайықов ағамыз да өзінің «Ақиқат пен аңыз» атты еңбегінде жазды. Иә, рас ер Баукең туралы халық арасында ақиқат пен аңызға айналған көптеген әңгімелер әлі күнге дейін ел аузынан түспей келеді. Ал, шындығында жоғарыдағы аңызға бергісіз ақиқат пен естеліктердің иесі Бауыржан атамыз азаматтылығы мен адалдығы, әділдігі мен ұлтшылдығы үшін яғни, өз дәуірінде кеңестік идеологияның қалыбына сыймаған, үнемі үкіметтен тысқары, қоғамнан тыс адам деп шеттетіліп келген. Бұған не шара? Енді міне, сол қилы құбылмалы қиын замандар артта қалды. Бүгінде тарихи ақтаңдақтарымызды ардақтап, өз әдебиетіміз бен тарихымызды қайта жазып, ұлттық құндылықтарымызды түгендеп жатырмыз. Кешегі арыстарымыз бен ер Баукең туралы көсіліп жазып, оларды дәріптеп жатқанымыз осы ширек ғасырдан асқан егемендігіміздің арқасы. Биылғы батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, облыстық тарихи-өлкетану музейі «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері