Бари молданың бастан кешкендері

64

Табиғат заңынан тыс көзге көрінбейтін құпия жаратылысқа байланысты түсінік адамзат қоғамында өте ерте замандарда-ақ қалыптасқан. Ассириялықтар, вавилондықтар, мысырлықтар жынға сеніп, одан сақтанған. Ежелгі үнділер, қытайлар, гректер, парсылар сияқты көне түріктердің де «жаман рухтарға» сенгені мәлім. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан күл-қоқысты баспау, жапан далада түнемеу тәрізді тағы басқа да ырымдар ол орындарды «жындар жайлаған» деген сенімге қатысты туындаған. Ақыл-есі кемдеу адамды «жынды», есінен адасқан адамды «жын соқты», «албасты басты» деп есептеп, дұға оқытқан, ұшықтап емдеткен.

Осы орайда, «жынмен» жалғыз алысып, оны аластаудың азабын тартқан кейбір дін қызметкерлерінің таңғажайып тылсым күштері таңдай қақтырып та жатады.  Міне, сондай жанның бірі – Абдулбари Амиров.

Бүгінде Абдулбариді Байзақ ауданындағы Абай ауылының тұрғындары  Бари молда деп атап кеткен. Қырықтың қырқасынан енді асқан жас молданың жын қуудағы шеберлігі көпшілікті таңдандыруда. Бұдан жеті жыл бұрын ғана осы істі бастаған оның емдеу нәтижелерін бүгінде ел-жұрт аңыз етіп айтады.

Бари молданың өзі жын оқимын деп өмірінде ойламаған екен. Алайда, бұл қасиет ата-бабаларынан дарыған. Ең алғаш  Абай ауылының «Жаныс баба» мешітіне бас имам болып келген оны көршілері асқа шақырады.  Ештеңеден хабары жоқ молда шақырылған жерге көптен  қалмай  келеді. Сол күні  әлгі үйдің баласы адам айтса сенгісіз  ауруға шалдығып, үй иелерінің үрейін алады.  Балаға ешқандай да жәрдем бере алмаған ауыл тұрғындары  молдекеңнен көмек сұрайды. Бұрын-соңды мұндай жағдаймен бетпе-бет келмеген ол бастапқыда абдырап қалғанымен, науқастан бар көмегін аямапты.

Дұға оқыған Бари баланың бойын жын жайлағанын бірден сезеді. Сөйтіп, алғашқы демін де осы үйде салады. Сол күннен бастап бүкіл ауыл тұрғындары Бариді «жын оқитын»  молда ретінде таниды. Алайда, молдекең осы оқиғадан кейін талай түнін қорқынышпен өткізіпті. Өйткені, ол  жындардың «кекшіл» келетінін бала кезден білетін. Емші аталарын түнде  жын «қысқанын» сан мәрте көзімен көрген. Оған қоса,  көрші үйдің баласына  дем салғаннан  кейін  көшенің арғы бетінде жындар  жиналып тұрғанын байқап, өзі де қатты үрейленіп кетеді. Осының бәрі ойынан кетпеген ол елден естіп, есігін қағып келген өзге науқастарға дем салудан бас тартады.

Дегенмен, күндердің күнінде әлгі  көршісі  молдекеңнен қайта дем салып беруін сұранады. Көше бойында жындар жиналып тұрғаны көз алдынан кетпеген  Бари бұған түбегейлі қарсы болады. Алайда, науқас  баланың ата-анасы жалынып қоймағаннан кейін сол күні молдекең еріксіз екінші демін салады.

Бірақ, сол түнін Бари  қиналыспен өткізеді. Тіпті, қорқынышты бейнелер көз алдына келіп, жындар жан-жақтан қыса түседі. Ұйқылы-ояу кейіпте жатқан ол өзгелерді көмекке шақыруға, не қимыл-әрекет жасауға  шамасы келмей, тек дұға оқи береді. Таң қылаң бергенше жалғасқан жындармен айқас күн ұясынан шыққан сәтте басылады. Ертесіне Бари  болған жайды ой елегінен өткізіп, бұл ауылға тегіннен-тегін молда  болып келмегенін түсінеді. Өйткені, бұған дейін Абай ауылын  тәуіп-бақсылар жайлап, елді мекенді жындарға әбден толтырған екен. Осыны білген ол келушілерге мешіт есігін айқара ашып, жын қонған  адамдарға жәрдем беруге белді бекем  буады. Тіпті, жындар әр бейнеде көрініп, бойына қорқыныш ұялатса да Бари бар күшін салады. Ал, жынмен ең алғаш бетпе-бет келгенін ол бізге былайша баяндап берді.

– Бірде ер кісі  науқас әйелін үйге алып келді. Байқап қарасам,  оның бойына да жын қоныпты. Әйелдің үй шырқын бұзып, тіпті түрлі дыбыстар шығарып, жанұясының үрейін алып жатқанына біраз күн болып қалған екен. Уақытты кешеуілдетпей, дұға оқи бастадым. Ең алдымен бір емес бірнеше тілде сөйлеп, көзі қызара түскен әйелге дем сала бергенімде ол қолымнан шап бере ұстап, ішіндегі жыны менімен байланысқа түсті. «Сен мені жеңетін кімсің? Менің өмір сүріп жатқаныма 700 жыл болды. Мен сені де құртамын» деп үн шығарған жын үрейіңді алатын  хайуанның дауысымен ақыра түсті.  Бұған да бой бермей, дұғаларымды күшейте түскенімде «Мен бұл әйелмен байланысқа түскеніме талай жыл өтті. Үш сәбиінің туылуына өзім себепкер болдым. Сен мені аяй көр» деп аянышты үнмен жалына бастады. Осы кезде қасымда тұрған күйеуі біресе әйеліне, біресе маған қарап, көзінен жас парлап отырып қалды. Әйтеуір, сол күні арпалысып жатып, жынды қуып шықтық. Біршамадан соң есін жиған әйел не күй кешкенін түсіндіре алмады. 

Мен ең алғаш рет осылайша жынмен тілдескенім бар. Жалпы, молдалардың дені жынмен байланысқа түспеу қажеттігін ескертеді. Өйткені, ол молданың өзін сөзінен жаңылтып, ойын бұзып жіберуі мүмкін. Бірақ, маған Құдай жәрдем берді, – дейді Бари өткен күнді еске алып.

Иә, адам айтса сенгісіз оқиға. Молданың айтуынша, жындардың да «жынысы» бар  екен. Мысалы, әйел жынысты жын еркекке  кірсе,  еркектің әйелге емес еркекке деген құмарлығы артып кетуі бек мүмкін екен. Дәл сондай еркек жынысты жын әйелге жабысса, оның да ойы басқа бағытқа бұрылып кететін көрінеді.

Негізі, Бари жындардың адамнан шыққаны көрінбейтінін айтып қалды. Алайда, оның тәжірибесінде  жынның ауыздан түтін болып, одан қалса түрлі жануарлар кейпінде шыққан кездері  болыпты. Бұдан бөлек,  бойдан қуылған жын шыққан жеріне өзінің кеселді таңбасын басып  кетеді екен. Айталық, егер жын ауыздан шықса тіс немесе  тілді зақымдап, ал құлақтан шықса құлақ сырқатына шалдырады. Сондай-ақ, жын шығарған адамға да бір зиянын келтірмей қоймайтын сияқты. Бари молданың өзі жын айдаумен айналысқаннан бері есте сақтау қабілетінің нашарлағанын, түн ұйқысының бұзылғанын, кейде тілі де байланып қалатынын жасырмай отыр.

Расында да, қорқынышты құбылыс. Мұндай сәтте басын бәйгеге тігіп, адам жанына  араша түсіп жүрген емшілердің тіршілігіне мың сауап дегің келеді. Әрине, таразылайтын бір Алланың өзі.

Бізбен тілдесу барысында Бари молда кейінгі кездері өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің  жиілеп кеткеніне де алаңдаушылық білдірді. Оған кейде осындай қадамға баруға бел буған жастар да келеді екен. Молда  жынның азғыруымен суицидке баруға бел байлаған талай жанды аман алып қалыпты.

Жалпы, Абдулбари Амировтың пайымдауынша, кейінгі жылдары  өз-өзіне қол жұмсауға адамды азғыратын жындар көбейіп, күшейген  сыңайлы.  Өйткені, оған күнделікті келетін адамдардың кемінде  екеуі осы дертке шалдығатын көрінеді. Жындардың «жынданғаны» соншалық, енді олар бес уақыт намазы бар, иман жолындағы жандарға шабуылды күшейтіпті.  Мәселен, мұндай оқиға жуырда Жуалы ауданынан келген бір азаматтың басынан өткен. Алланы аузынан тастамаған, беті құбылаға қараған үйдің отағасы бір күннің ішінде иманынан айнып, белгісіз  күштің өлімге итермелеп жүргенін айтады. Қорыққан әйелі елден естіп, оны Бари молдаға әкелген. Кейіпкеріміз күн-түн демей алысып, ақыры жынды қуып шығады. «Осы оқиғадан кейін жындардың ерекше күшейгеніне көзім жетті. Бұл өте қорқынышты нәрсе. Сондықтан, жас-кәрі демей, бәріміз тәубаға келгеніміз жөн», – дейді молдекең.

Иә, Бари молданың үрейін орынсыз дей алмаспыз. Оның айтуынша, жынды жолатпаудың басты жолы — Алланың зікірін айтып, намаз оқып, дәретпен жүру. Сонда ғана Жаратушының рақымы пенделерге  төгіледі екен.

Жалпы, біз жын туралы не білеміз? Оның болмысы мен бітімі, түрі мен түсі, иісі мен дәмі бола ма?  Құран аяттарына сүйенсек, жындар ойдан шығарылған емес. Оларға да Алла құлшылық етуді парыз еткен. Алайда, оттан жаратылған Әзірейіл Алланы Адамнан қызғанып, қарсылық білдіргенінен мәңгілік түнекке қуылған деген аят бар. Ал, Бақара сүресінің 275-аятында «Өсім жегендер шайтан тиіп тұрғандай есеңгіреп тұрады» деген теңеу келтіріледі. Ал, Сүннетте «Расында, шайтан адам баласының қанымен бірге қозғалып жүреді» деп жазылған.

Бұл мәселеге қатысты әлем ғалымдарының өзі ортақ тоқтамға келе алмауда. Алайда, қай елдің, қай ұлттың наным-сенімінде болмасын, жындардың, ібілістердің, перілердің жер бетінде бар екендігі, олардың адаммен қарым-қатынасқа түсетіндігі туралы көптеген оқиғалар мен жайттар айтылады. Біреулер адам көзіне кездейсоқ көрініп  немесе бейнетаспаға түсіп қалған белгісіз жаратылыс иелерін аруақтар десе, енді екіншілер оларды қара күш иесі, адамды азғырушы жындар деп жатады. Ал,  психикалық ауытқуға ұшырап, себепсіз жылап-күлетін, өз денесін кескілеген оқиғаларды естігенде «бұлар жынданған» дегеннен басқа теңеу таппайсың.

Қалай дегенде де, қазақ нанымында жындардың бар екеніне нақты дәлел болмаса да,  сенім бар. Қарапайым «Кірдің суын есік алдына төкпе», «Көктемде далада ұйықтап қалма», «Күлді баспа», «Түнде бісмілләсіз суға барма», «Малдың сүйегін теппе» деген сынды тыйымдарының өзі осы жын-шайтанға байланысты айтылған. Осы қырынан келгенде, белгісіз бір күштің адам бойын билеп, санасын улауы бек мүмкін секілді. Ол енді жын ба, әлде басқа бір күш пе, ол жағы бір Аллаға аян.

Сіз қалай ойлайсыз, зерделі  оқырман?