«Бұл ауылда бәрі Кененмен өлше­неді…»

0 67

Халық ақыны, даңқты композитор Кенен Әзірбаевты Алаштың ардақтысы Дінмұхамед Қонаев: «Кенен Әзірбаев – өнерде де, өмірде де қайталанбас құбылыс» деп бағаласа, батыр Бауыржан Момышұлы: «Кенен – ән мен күйдің генаралы» деп, ерекше құрметін байқатқан екен. Кенекең өз замандастары үшін таусылмас қазына болса, оның мұралары бүгінгі ұрпақтың олжасы. Кенен атамыз 1884 жылы туып, 1976 жылы 92 жасында өмірден озған. Осындай аңыз адамға өзінің туған ауылынан әдеби-мемориалдық музей ашылып, құрметке бөленгені қандай жақсы. Жақында сол музейді асықпай аралаудың да сәті түсті.

Музей

Бұл ауылда бәрі Кененмен өлше­неді. «Кененнің келіні», «Кененнің көршісі», «Кененнің ұрпағы» деп сөйлейді. «Кененнің шапаны», «Кененнің домбырасы, құманы, ер-тұрманы, кітабы» деген тіркестер өте жоғары құрметке ие. «Пәленшенің келіні Кенекеңнің 90 жылдығы өтіп жатқанда түскен», «Пәленшенің ­баласы Кененнің 120 жылдығы өткен жылы мектеп бітірген» деген сияқты сөздер жиі айтылады. Кенен ауылдас­тарының аңыз адамға деген құрметі шексіз, оны ештеңемен өлшеу мүмкін емес.
Бізді мұндағы құндылықтармен экскурсовед Ләззат Барменқұлова таныстырды. Музей әр бөлімге бөлініп, барынша бағалы дүниелермен қамтылған. Ақынның тұрмыстық жағдайда пайдаланған заттары бір бөлмеге шоғырланған. Кенекеңнің өзі киген шапанын, өзі қолданған жастық, бөрік, жайнамазды көргенде көңіліміз толқыды. Мейлі арада қанша жыл өтсе де, бұл заттар аңыз адамның өз қолымен ұстаған мүлкі ғой. Оны арада 45 жыл өткенде біз маңызды жәдігер ретінде ұстап көріп отырмыз. Ал болашақ ұрпақ ше? Жүз, бес жүз жылдан кейін де бұл заттардың құны жоғала қоймас деп ойладық. Ал жазушы Сәбит Мұханов Кенекеңе ет тартатын ағаш астау сыйлапты. Ал ақынның 75 жылдығында әйгілі композитор Ахмет Жұбанов Кенекеңе домбыра сыйлаған екен. Аталған сыйлықтар сақталып, бұл күнде музейдің қымбат экспанатына айналған.
Келесі бөлімге өткенімізде Кененнің 11 жасында ұстаған домбырасын көрдік. Яғни 125 жылдан бері келе жатқан мүлік. Ақынның өзі пайдаланған ер-тұрманы көзге ыстық көрінді. Тобылғыдан жасалған көз тартатын сылдырмақты егіз баласы Базар – Назарға арнап, Кенекең өзі жасапты. Енді бір тұста ақынның кітаптары мен шығармалары жинақталып қойылыпты. Осы ­орайда К.Әзірбаевтан 17 дастан, 150 ән, бір мыңға тарта өлең мұра болып қалғанын айта кеткеніміз артық болмас. Бұл ­музей 1981 жылы салынған. Ал 1986 жылы әйгілі Нұрғиса Тілендиев музейді арнайы келіп көріп, өзінің қолтаңбасын қалдырған екен. Көз алдымызда тұрған кемер белдікті Кенекең 17 жасында Шабдан манаптың асында өнер көрсетіп, айтысып ұтып алған екен. Суретші С.Пожарский салған Мәтібұлақ ауылы­ның көрінісі де көркемдігімен көз тартады. Тағы бір сурет назарымызды аударды. Кенен ата, Насиха апа, Бақытжан Кененұлы, ақын Күләш Ахметова төртеуінің суреті. Кенекең бір суретте екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың қасында тұр. Енді бұл фотосуреттер де – естелік .

Анатілі

1994 жылы Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы музейге келіп, аралап көріп, өзінің қолтаңбасын қалдырған екен. 1930 жылы өткен ­айтыс ақындарының ІІІ олимпиадасынан Кенекең ұтып алған патефон да музейде сақтаулы. Бұл жерден аңғаратынмыз, ол тұста айтыскерлерге арналып, Олимпиада өткізіліп тұратын болғаны. 1939 жылы Жамбыл Жабаевтың Кененнің ауылына арнайы келуі де – енді тарих. Еліміздің ардақты ұлдарының бірі Асанбай Асқаровтың қолдауымен 1974 жылы Кенекеңнің 90 жылдық тойы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ол күндерден сақталған естеліктер қазір өте маңызды.
Музейдің бір бөлімінде Төрткен Кенен­қызы мен Бақытжан Кененұлы­ның аңызға айналған әкелері ­жайлы жазған естеліктері қойылған. Бұл кісілерден бөлек Кенекең де ­Көр­кемжан, Ақтамақ, Ақбілек деген ұл-қыздар болғаны белгілі. Кенекең пайдаланған жиһаздар, жазу үстелі де осында сақталыпты. Кенекең қолданған жазу үстелі қойылғаннан болар, бұл бөлмені «Жұмыс бөлмесі» деп атайды екен. Бұл музейді Марат Оспанұлы басқарады. Кенекеңнің бір немересі Мұрат Кененов ­осында әдіскер болса, тағы бір немересі Қуаныш Көркемжанұлы – күзетші. Осы музейде 12 адам еңбек етіп ­жатыр. Бұл мекеме 12 адамға жұмыс көзі, болашаққа – тарих, жәдігер. Осында аса маңызды 500 жәдігер қойылған. Бірақ Кененнің өмірін қамтитын жәдігерлер 3780-ді құрайды. Көпшілігі архивте сақталып тұр екен. Біз бұл жерден Кененнің ізін жалғаған шөбересі, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Айтөре Көркемжанды да кездестірдік.
Сыртқа шығып, қайтарда ­осында қойылған Кенекеңнің зиратына құрмет көрсетіп, оқылған құранға қол жайдық. Музейінен аттанып бара жатып аңыз адамның: «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де…» деген өлеңі ойға оралды. Ақын өзі өмірден озғаннан кейін де соншалық құрметке бөлене беретінін болжап кеткендей.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ана тілі»

Leave A Reply

Your email address will not be published.