Доп қуалап өскен едік…

0 136

Биыл тек біздің елімізге ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті індет таралған жыл екендігімен ерекшеленеді. Соған қарамастан ауданымызда да ел игілігі жолында шама-шарқынша еңбектенген жандар жетерліктей. Ұзақ жылдары аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында қарапайым суретке түсіруші болып қызмет істеген азамат Абишев Бейсен Бодауұлымен кездейсоқ танысып едім. Б.Бодауұлының айрықша қасиеті — өте ертедегі суреттерді мұқияттап жинап жүретіндігі. Фотоархивінен алынған «Локомотив» футбол командасының суретіне (суретте) қарап, өзімнің балалық шағым көз алдымнан бір елес беріп өткендей болды.
Туып-өскен жерім Бәйдібек ауылы болғандықтан, әлі күнге дейін етене ыстық көрінеді. Жас кезімізде кешке қарай малдың алдынан шыққанда жапа-тармағай асық ойнасақ, есейе келе ауыл шетіндегі стадионда доп тебетінбіз. Ересектеу кезеңде сегізжылдық мектепті аяқтар шақта көрші Ақтасты ауылында футбол ойнауға барғанымда ересектеу жігіттің тобығымнан тепкендігінен, оң аяғымның жілігі ортасынан жарыла сынып, үйде үш күндей ұйықтай алмай жатып қалғанмын. Нағашы апам Қайша сынықшы Биқан әжені көршілес қарияларлармен қоса ертіп келіп, аяқ-қолым мен кеудеме жабыла басып сынықтарды орнына салып: -«Балам қаншадасың?» дегені әлі күнге дейін есімде. Мен ол кезде 14 жаста едім. Биқан әже аяғымды салғаннан кейін: -«Үш шыбықпен құрсаулай таңып, санап жүр, он төртінші күні аяғыңды нық басып кетесің» деген. Шынында да дәл он төртінші күні алдымен ақырындап таяққа сүйеніп, аяғымды басып кеттім. Ала жаздай ойынды қоя тұруыма тура келді. Соған қарамастан келесі жылдан кейін ересектерге қосылып, футбол ойнай бастадық.

Шу ауданының біріншілігі мен кубок ойындары қоса өткізілетін. Совхоз басшылары арнайы кесте бойынша ойыншыларға автокөлік бөліп, біркелкі киім формаларын әперіп, футболшыларды жұмыс пен оқудан босаттыратын. Кесте бойынша көршілес ауылдарға ойнауға барғанда жанкүйер ретінде директорға дейін бірге баратын. Алғашында Шу қаласының «Локомотив» пен Қосқұдықтың «Қайрат» командалары ауыл командаларымен жарысқа бірге қатынасса, кейіннен олар оңтүстік аймақтың қалалық командаларымен додаға түсе бастады. Алғашында Бәйдібек, Балуан Шолақ, Көктөбе, Мойынқұм, Далақайнар ауылының футболшыларының деңгейі бірдей еді. Бірте-бірте Далақайнарлықтардың асықтары алшысынан түсіп, аудандық пен облыстық деңгейді былай қойғанда республика тұрмақ одақ көлеміндегі футболшылармен де тайталаса бастады. Ол кезде бұқаралық спортқа құлшыныс артып, денсаулықты шыңдауға да айрықша мән берілетін.
Фотоархивтен алынған сурет 90 жылдық тарихы бар Шу өңірінің тарих беттерінің бірінде қатталып қалды десек болғандай. Тіпті, суреттегі аяқ доп десе алдына жан салмайтын азаматтарымыздың ұрпақтары аталарын көргенде спортқа деген құлшыныстары оянады деген сенімдемін.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Төле би ауылының тұрғыны.
Суреттерде: 1930 жылы 15 тамызда Шу стансасы теміржолшыларының
Алматы қаласындағы спорттық жарыстарға арнайы барып қатысуы;
Шу қаласының «Локомотив» футбол командасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.