Футболшы Әуезов, велошабандоз Толстой…

14

Жер-дүниені ақ қар, көк мұзға орап келетін қыстың да өзіндік қы­зықтары көп. Сырғанақтан бас­тап, қарым-қабілетіңізге қарай коньки, шаңғымен шебер үйлесім тауып жатсаңыз, ол да өнерліліктен. Өйткені екінің бірі шаңғымен тау­дан төмен ызғытып құлдилай ал­майды және бұл қыстық өнер тү­рі мамандық таңдамайды екен. Жазудың классикалық үлгісін көр­сеткен қаламгерлер де спорттан кенде емес. Әлқисса.

Мәселен, Мұхтар Әуезов Се­мейде семинарияда оқып жүргенде «Ярыш» футбол командасында ойнағанын білеміз. Кейінірек ат бәйгесіне ерекше жанкүйер болыпты. Бұдан бөлек жазушының бильярд, тоғызқұмалаққа да қызы­ғушылығы артқан. Аңшылыққа шығуы екібастан. Сондай-ақ ұлы Елдармен шахмат ойнап отырғаны деректі фильмде де көрсетіледі.

Ал Мұқағали Мақатаев пен Жұ­ма­тай Жақыпбаевтың бокспен шұ­ғыл­данғаны да ел аузында.

Орыс классиктеріне келер бол­сақ, Максим Горький шаңғы теп­кенді ұнатқан екен. Ал Лев Толстой спортқа өте құмар болған. Ол 67 жа­сында велосипед айдауды үй­­реніпті. Лев ақсақалдың бұл тал­пынысын көрген жұрт, әри­­не күлген. Алайда жазушы күн­­де­лігінде: «Кейінгі кездері ма­неж­де велосипед теуіп үйреніп жүр­мін. Менің оған қызығуым, әри­не біртүрлі. Евгений Иванович (дәрі­гер) мені бұл ісімнен айнытып, оған қоса ренжіді. Ал маған түк ұят емес. Керісінше, мұнда бір табиғи диуаналық бар екенін сеземін», деп жазады.

Мәскеулік велосипедшілер қо­ғамы өз қатарларының 67 жастағы қаламгермен толыққанына сұмдық таңғалды. Сөйтіп Толстойға ағыл­шынның Rover маркалы вело­сипедін сыйға тартты. Бұл қызық оқиғаға «Циклист» журналының сәуірдегі нөмірінде тұтас мақала арналды.

Бұдан бөлек Толстой коньки тебуден де құр алақан емес жә­не ол атқа мініп, сағаттар бойы жаяу жү­руден де жалықпапты. Кей күн­дері балық аулап, аңға шығатын: тіпті аю атқан деседі (әрине, вегетариан болғанша).

Александр Куприн де құмар атлет атанып, циркте өнер көр­се­тіпті. Ол әуе шарымен көтеріліп, сүң­гуір костюмімен су астына түскен.

Ал әуесқой саятхатшы кім де­сеңіз, ақын Николай Гумилевті айта­мыз. Ол бірнеше рет Африкада әрі саяхатшы, әрі экспедиция жетек­шісі ретінде болған.

Спорттың ең тыныш түрімен Иван Тургенев айналысқан. Шах­матты өте жақсы ойнаған ол, тіп­ті халықаралық турнирлерге де қаты­сыпты.

egemen.kz