Кеңестік қазақ республикасы: құрылуы және тұтастануы

63

ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі қарсаңында болашақ республиканың Үкімет орындарына өз адамдарын өткізу үшін қазақ қайраткерлері де, орыс большевиктері де қызу дайындық жұмыстарын жүргізе бастады. 1920 жылы 2 қазанда өткен РК(б)П Қазоблбюро пленумының шешімі бойынша алда болатын ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі Президиумының құрамына В.Радус-Зенькович, Ә.Досов, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, И.Акулов, И.Мартынов, А.Авдеев, П.Струппе сияқты тұлғаларды енгізу жоспарланды.

Ал саяси көзқарасы бойынша бірне­ше топқа бөлінген қазақ қайраткерлері ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі қар­­саңында С.Арғыншиевтің пәтерінде жи­на­лып, съездің партияда бар және партия­да жоқ делегаттарының қаты­суы­мен мәжіліс өткізеді. Осы мәжіліс жө­нінде 1930 жылы 15 қарашада БМСБ тер­геушісіне өз қолымен жазып берген мәлімдемесінде Ә.Ермеков былай дейді: «Оған Ә.Жангелдин, С.Меңдешев, Ә.Бөкейханов және басқа да көптеген адамдар (олардың біразын ұмыттым) қатынасты. Әлібеков пен Әйтиев те және үлгеріп келсе С.Садуақасов та қатысуға тиіс еді. Мәжіліс басталар кезде Сейфуллин тобы болған жоқ… Мәжілісте партияда бар және оның қатарында жоқ қазақ делегаттарының (топтарының) съездегі позициясы туралы мәселе қойылды. Пар­тия мүшесі қазақтардың съезд деле­гаттары ішінде азшылық екендігін ескере отырып, съезде қазақтың ұлттық, тұр­мыстық, шаруашылық ерекшеліктерін, оның шешімдерінде ескеру үшін бірлесіп дауыс беру жөнінде алдын ала келісім жасалды. Сейфуллиннің келуіне байланысты съезд барысында Жангелдин – Сейфуллин тобы құрылды. Бұл топ, менің пікірімше, жоғарыдағы келісімді жүзеге асыртқызбай тастады». Бұл құжаттан, бұрынғы алашордашылар мен ұлтшыл коммунистердің өзара ымыраға келу­ге тырысқанын байқауға болады. Бірақ, бұл жиын қазақ қайраткерлерінің әрбір қадамын жымын білдірмей аңдып отыр­ған ТК қызметкерлеріне белгісіз болды деп айта қою қиын. Ә.Ермековтің осындай мәлімдеме жасап отыруының өзі со­ның нақты айғағы болса керек. Бір сөз­бен айтқанда, осы мәжіліс шешіміне Ә.Жан­гелдин мен С.Сейфуллин сатқын­дық жасады деп айыптау дұрыс емес. Се­бебі БТК-ның өкілетті өкілдері мен РК(б)П Қаз­­­обл­бюросының қатаң бақылауымен өт­­кен Құрылтай съезде большевиктік қа­ғи­­­­далардың қабылданбауы мүмкін емес еді.

1920 жылы 4 қазанда кешкі сағат 18.00-де Орынбордағы Свердлов атындағы клубта ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съе­зін Қазревком төрағасы В.Радус-Зень­кович салтанатты түрде ашық деп жариялады. Съезд ашылған уақытта оның жұмысына 234 делегат шешуші, 8 делегат кеңесші дауыспен қатысты. 1917 жылдың 25 қазанында Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезінде қабылданған декретке сәйкес РКФСР-дегі мемлекеттік биліктің жоғарғы органы – Кеңестер съездері болып табылды. Ал съездер аралығындағы кезеңде жоғарғы мемлекеттік билік Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетіне (БОАК) тиесілі болып белгіленген еді. Осыған сәй­кес, Қазақстанда республика мемле­кет­тік билігінің жоғарғы органы – Кеңес­тер­дің Бүкілқазақстандық съезі, ал съездер аралығында ҚАКСР Орталық Атқару Комитеті болып табылды.

Съездердің өкілеттілік шеңберіне шек қойылмады. Бүкіл республикалық маңызы бар мәселелер, соның ішінде халық ша­руашылығына жалпы жетекшілік жасау, республика бюджетін бақылау және оны бекіту, республика ішіндегі территориялық бөліністер, республика үкіметін сайлау және барлық ішкі басқару мәселелері 1920 жылдың 26 тамызындағы декрет негізінде Кеңестердің Бүкілқазақстандық құрылтай съезінде шешілуі тиіс болды.

В. Радус-Зеньковичтің кіріспе сөзінен кейін оркестр «Интернационалды» орындады. Содан кейін, 2 қазандағы пленум шешіміне сәйкес, съезд Президиумының құрамына В.Радус-Зенькович, Ә.Досов, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, И.Акулов, А.Авдеев, П.Струппе, А.Байтұрсынов, И.Мартынов сайланса, В.Ленин, И.Сталин, М.Калинин сияқты басшылар съездің құрметті төрағалары болып сайланды. Осыдан соң, жерлеу маршының азасымен азамат соғысында қаза тапқан революция күрескерлері еске алынды.

Съездегі алғашқы құттықтау сөз РК(б)П Қазоблбюро хатшысы И.Акуловқа бе­рілді. Ол бостандыққа ұмтылған дүние­жүзілік жұмысшы қозғалысының басын­да тұрған коммунистік партияны дәріптей келе, «компартия жаңа күш пен энергия жинау үшін уақытша тыныстауы мүмкін, бірақ, ешқашан күресін тоқтат­пайды» деп мәлімдеді. Ол одан әрі «жас Қыр­ғы­зияның осы күресте бейтарап қалуының мүмкін еместігін» айта келіп, жас Қазақ кеңес республикасын жұмысшы табын жақтауға шақырды.

Содан кейін сөйлеген Орынбор-Тор­ғай губаткомы мен Орынбор қалалық кеңесінің төрағасы Г.Коростелев жас республика өкіметінің негізі еңбекшілер болуы тиіс, Башкириядағыдай буржуазия­лық ұлтшылдардың билігіне жол беруге болмайды деді. Ал Орынбор-Торғай губерниялық кәсіподағының төрағасы А.Здобнов Орынбор қаласы мен губер­ниясы жұмысшыларының атынан ең­бекші қазақ халқын құттықтады. РКЖО Қыр­бюросының атынан құттықтаған С.Са­­дуақасов қазақ жастарын жаңа рес­пуб­ликаның мүддесі үшін жұмыс жа­сау­ға шақыра отырып, қазақ әйелдеріне тезі­рек бостандық беру қажет деп ерекше тоқталды. Осыдан соң РК(б)П Сіббюросы қа­зақ-татар бөлімінің атынан сөз алған Ә.Досов Ақпан төңкерісінен кейін не ад­мирал Колчактың, не Деникиннің қа­зақ халқына бостандық бермегенін, бос­тандықты тек қана Қазан төңкерісі бер­генін съезд делегаттарының есіне салды. Бұл сөздің астарында «Бірлік» ұйымы­ның үшке бөлінуінен кейін «Үш жүз» пар­тиясында болған Ә.Досовтың Алашорда­ға қарсы позициясы жатқан болатын.

Москвадан арнайы келген РКФСР Ұлт істері жөніндегі халкоматының Коллегия мүшесі С.Диманштейн: «Мүмкін, Қыр­ғызия халқы съездің ашылған күнін ұлт­тық мейрам деп жариялайтын шығар. Съез­дің ашылған күнін қырғыз халқының өмі­ріндегі барлығы тең болатын, үстем табы, басым тіл, басым ұлт болмайтын жаңа дәуірдің басталған күні деп есептеу керек», – дей отырып, Қазақ кеңес республикасы Шығыс халықтары арасында коммунистік идеяны таратушы болады деп сенім білдіремін деді. Сондай-ақ оның ұсынысы бойынша съезд Бакудегі Шы­ғыс халықтарының іс-әрекет және үгіт-насихат комитетіне жеделхат жолданды.

С.Диманштейннің бірінші ұсынысы арада екі жылға жуық уақыт өткен соң қа­был болып, 1922 жылы 26 тамызда Қаз­атком «4 қазанды ҚАКСР-нің мем­лекеттік мереке күні деп жариялау туралы» декрет қабылдады. Декретте Құрылтай съездің ашылған күнін тарихи маңызы зор әрі өлкенің өміріне ұлы өзгеріс әкелген күн деп есептей отырып, 4 қазанды ҚАКСР мен оның халқының мемлекеттік және халықтық революциялық мерекесі деп көрсетті. ҚАКСР-нің 5 жылдық мерекесі 1925 жылы 6-9 қазан күндері 5-сайланған Қазаткомның 2-сессиясы барысында дұ­рыс атап өтілгеніне қарамастан, 4 қа­зан­ды мереке күні деп жариялаған осы дек­ретке сәйкес, біраз жылдардан кейін 4 қазанды ҚАКСР-нің құрылған күні ре­тінде де қарастыратын қате үрдіс қалып­тасты. Мысалы, 1930 жылы 3-6 қазанда ҚАКСР-нің 10 жылдығы атап өтілген 7-сай­­ланған Қазаткомның 3-ші мерекелік сес­сиясы манифестінде: «…1920 жылы ок­тябрь­дің 4-күні Қазақстан ең­бек­ші­лері социалдық негізіндегі автоно­мия­лы кеңесті қазақ республикасын ор­нат­ты», – деп, Құрылтай съездің ашыл­ған кү­нін ҚАКСР-нің құрылған күні ретінде көр­се­тіп жіберді. Сондай-ақ өз­ге де бір­қатар ҚАКСР басшылары мен жур­на­листерінің мерзімді баспасөз бетінде жа­­рияланған мақалаларында осындай қа­телік жаппай орын алды.

С.Диманштейннен кейін БОАК қа­зақ бөлімі төрағасының орынбасары И.Ф.Ки­селев (ҚАКСР тарихында екі И.Ф.Кисе­лев болды. Бұл – 1889-1938 жылдары өмір сүрген, 1-4-сайланған ҚазОАК мүшесі болған Киселев еді. Екінші И.Ф.Киселев (1888-1942) 1-сайланған ҚазОАК және 5-сайланған РК(б)П Қазөлкекомының мүшесі, оның бюросы мүшелігіне кандидат болды – С.Ш.), Сібревком мүшесі Е.Полюдов, Торғай облысының делегаты, болатком мүшесі Х.Төрежановтар құт­тықтау сөз сөйледі (1860 жылы туған – С.Ш.). Содан кейін, Қырғызияның Еділ-Каспий Қырревкомының, Сібревкомның, Қостанай қалалық жұмысшы, шаруа және қызыләскер депутаттары кеңесінің, Қостанай қазақ секциясының, Қостанай ха­лық ағарту бөлімінің, Қарқаралыдағы қа­зақ интеллигенциясы кеңесінің құттықтау жеделхаттары оқылды. Съезд делегатта­ры Қызыл армия мен флотқа, Коминтерн мен БОАК-ке құттықтау жеделхаттарын даярлауды президиумға тапсырды.

Ал 5 қазанда таңертең өткен ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің екінші мәжілісінде коммунистік фракцияның ұсынысы бойынша 14 пункттен тұратын съездің күн тәртібі қабылданып, мандат, әкімшілік, әскери, жер, экономикалық құрылыс комиссияларының құрамы сай­ланды. Сонымен қатар халық ағар­ту (С.Меңдешев), денсаулық сақтау (С.Ар­ғын­шиев), әділет (Ғ.Әлібеков), әлеуметтік қамсыздандыру (А.Байтұрсынов), қар­жы (И.Мартынов) секцияларының төр­аға­лары мен құрамы сайланды. С.Мең­дешевтің ұсынысы бойынша Башқұрт республикасының еңбекші халқына құт­тықтау жеделхатын жөнелту туралы ше­шім қабылданды. Съездің кешкі мәжі­лісінде Қазревкомның қызметі туралы екі баяндама тыңдалды: Қазревкомның жалпы қызметі туралы – С.Арғыншиев, Қазревкомның жеке салалар бойынша жұмысы туралы – С.Меңдешев.

Съездің 6 қазанда өткен таңертеңгі мә­жілісінде Қазревкомның қызметі туралы баяндамалар талқыланды. Жарыссөзге шыққан Е.Полюдов, С.Айтхожин (Ақмола облысының делегаты), И.Заромский сынды делегаттар Қазревком жұмысын сынға алды. Ал Ә.Ермеков Қазревком жұмысына объективті баға бере отырып, жұмыс жүргізетін нақты территориясы да болмаған Қазревкомның Қазақ АКСР-ін құруға қол жеткізуі үлкен жетістік деді. Сонымен қатар Ә.Ермеков Қазақ АКСР-і құрамына барлық қазақ жерлерін бірікті­ру қажеттігін атап көрсетті. С.Меңдешев жа­­рыссөзге орай қорытынды сөз сөйлеп: «..аса қиын жағдайда жұмыс істей оты­рып, істеуге болатынның барлығын істе­дік», – деп жауап берді.

Кеңестік Қазақ Республикасының құрылған күні – 6 қазан. Себебі, дәл осы күні ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің кешкі мәжілісінде 2 «қарсы» және 5 «қа­лыс» дауыспен «ҚАКСР еңбекшілері құқығының декларациясы» атты бірін­ші Конституциялық құжат қабылданып, съезд ҚАКСР-ді жұмысшылардың, ең­бек­ші қазақ халқының, шаруалар, казак­тар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңес­терінің республикасы деп жариялады.

Съездің 5-6 мәжілістері 7 қазанда өт­ті. Ал 8-9 қазанда (жұма-сенбі – С.Ш.) съезд мәжілістері болған жоқ. 10-11 қазан күндері РК(б)П Қазоблбюросы облыстардан келген өкілдермен бірге біріккен пленум өткізді. Осы біріккен мәжілісте ҚазОАК Президиумының төрағасы мен мүшелері алдын ала белгіленді. Съез­дің соңғы күні өткен ең соңғы 12-ші кеш­кі мәжілісінде 76 адамнан тұратын ҚазОАК құрамы сайланды. Сонымен қа­тар осы күні ҚазОАК Президиумының құ­рамы мен төрағасы, ХКК құрамы сай­ланды. С.Меңдешев бірауыздан Қаз­ОАК Президиумының төрағасы болып, В.Радус-Зенькович, И.Акулов, Ә.Жан­гелдин, Б.Алманов, С.Садуақасов, И.Ки­селев (Ырғыздық әскери комиссар), Ғ.Бө­кей­ханов, Ә.Досов және С.Сейфуллин мү­шелері болып сайланды.

ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съе­зіне барлығы 273 делегат қатысты, олар­дың 7-уі уездік аткомдардан болды. Одан басқа, ҚАКСР-не кірмейтін Алтай губерниясынан 6 делегат келген еді. Съездің мандаттық комиссиясының ұсынысы бо­йынша оларға да шешуші дауыс құқығы берілді. Делегаттардың 128-і қазақ, 127 орыс, 18-і басқа ұлт өкілдері болса, оның 197-сі коммунист, 4-уі соларды жақтаушы және 72-сі партия қатарында жоқтар еді.

1-сайланған Қазатком мүшелерінің 37-сі қазақ (Адайлық өкілдің кім екенін әзірге анықтай алмадық – С.Ш.), 33-і орыс, 1 еврей, 1 поляк, 1 латыш, 2 татар және 1 шоқынған татар болды. Па­йыз­ға шаққанда 48,6 пайызы қазақ бол­ды. Егер қазаққа тілеулес болған С.Ша­рипов пен К.Тухбатуллинді қоссақ 51,3%-ы түркі тектес ұлт өкілдері болып шы­ғар еді. Сонымен қатар Қазатком Пре­зи­диумының 70%-ы қазақ болды. Осы сан­дық көрсеткіштерге қарасақ, қазақтар Қазаткомда басым рөлге ие болған сияқ­ты. Ал шын мәнінде, бүкіл мәселені Қаз­ат­ком құрамы немесе Президиумы да емес, Қазаткомның Комфракциясының бюросы шешті. Ал комфракция бю­росының шешімдері алдын ала РК(б)П Қыроблбюросында қабылданатын. Ал ондағы шешімдерді Акулов, Кулаков, Ремез, Хайкес, Радус-Зенькович, Мар­тынов, Авдеев, Струппе сияқты орыс, еврей және өзге де еуропалық ұлт өкіл­дері қабылдады. Қазатком іс жүзінде тек қана РК(б)П Қыроблбюросының ше­шімдерін мақұлдаушы және жүзеге асы­рушы билік органы дәрежесінде болды. Ал Қыроблбюро құрамындағы Мыр­зағалиев, Жангелдин, Ә.Әлібеков, Досов, Меңдешев, Байтұрсынов сияқты қазақ ұлтының өкілдері ешқашан басым дауысқа ие бола алмады. Осы жерде, РК(б)П ОК-ның Орынборды және Ертіс бойындағы орыс халқы тығыз орналас­қан жерлерді ҚАКСР-іне не үшін қосуды жақтағаны айқындала түседі. Яғни жо­ғарғы мемлекеттік билік органдары үшін болатын сайлауда барлық орындар рес­публиканың ұлттық құрамына сәйкес пропорцианалды түрде бөлінетіні де алдын ала ескерілсе керек. ҚАКСР тарихында өткен республикалық тоғыз съезде сайланған Қазаткомның ұлттық құрамына талдау жасау осыны көрсетеді.

ҚАКСР-і құрылғаннан кейін, 1920 жылы 14 қазандағы ҚазОАК Прези­диу­мының бірінші мәжілісінде ҚазОАК жа­нындағы Әкімшілік комиссиясы құры­лып, төрағалығына С.Меңдешев сай­ланды. С.Меңдешев басқарған комис­сия­ның негізгі міндеті – ҚАКСР-нің тер­риториялық тұтастығын қалпына келтіру болды. Әкімшілік комиссия жұмысы 1920 жылы 25 қазанда Маңғышлақ уезі мен Закаспий облысына қарасты Красно­водск уезінің 4-ші және 5-ші болыстарын ҚАКСР құрамына қосып, Адай уезі және 5 адамнан тұратын Адай уревкомы құрамын бекітуден басталды.

1920 жылы қараша-желтоқсанда өткен ҚазОАК Президиумының мәжілістерінде Сібревкомнан Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алу мәселесі үздіксіз талқыланып отырды. ҚАКСР-ін құру туралы декрет бойынша қосылуы шешіліп қойғанымен, бұл облыстарды қосып алу оңайға соқпады. Жаңа ғана құрылған республикадағы кадр жетіспеушілігі мен кеңестік аппараттың әлсіздігі, Қазатком мүмкіндігінің шектеулі болуынан бұл жұмысты жүзеге асыру ұзаққа созылды. Сібревком өз кезегінде бұл облыстарды бермеудің барлық айла-шарғыларын жасады. 1921 жылы 6-13 ақпанда Орынборда өткен 1-сайланған Қазаткомның 1-сессиясында С.Садуақасов жасаған баяндаманың негізінде «С.Меңдешев басқаратын Ақ­мола және Семей облыстарын қосып алу жөніндегі төтенше өкілетті комиссияны» құру туралы қаулы қабылданды. Ақмола және Семей облыстарын ҚАКСР-іне қа­­был­дау жұмысы 1921 жылы наурызда бас­талып, мамырдың соңына дейін жалғасты.

Қазаткомның «Ақмола және Се­мей облыстарын қабылдау және ұйым­дас­тыру жөніндегі төтенше өкілетті комис­сиясының» бірінші мәжілісі 1921 жылы 23 наурызда өткізілді. С.Меңдешев бас­таған Комиссия Омбы қаласына келіп өз жұмысына кірісті. Төтенше өкілетті комиссияның Ақмола және Семей облыстарын қосып алу бойынша 1921 жылы сәуір-мамырда жүргізген жұмыстары Сібревком мен БОАК тарапынан зор кедергілерге тап болды. Комиссия Қазақ республикасының мүддесін қорғау үшін үздіксіз күрес жүргізді. С.Меңдешев ҚАКСР құрамына қосылатын облыстарды басқару аппаратын қалыптастыру ісіне М.Әуезов, С.Садуақасов сияқты жі­герлі де сауатты жастарды тартты. Ко­миссия сәуірде Ақмола және Семей облыстарын ҚАКСР құрамына қосып алу бары­сында барлық кеңестік-шаруашылық мекемелерді білікті қызметкерлерімен бірге, қажетті керек-жарақтары және мүлкімен бірге қосып алуға баса назар аударды. Әсіресе Омбы губерниясының байланыс, пошта және телеграф бөлім­дері бүкіл құрылғыларымен, барлық қызметкерімен ҚАКСР қарауына өтті.

1921 жылдың ортасына қарай Ақмола және Семей облыстары түгелімен ҚАКСР қа­рауына өтіп бітті. Сонымен қатар, ҚАКСР өкімет органдары Омбы облысы­нан ҚАКСР-іне тиесілі территорияларды бөліп алу үшін үлкен жұмыстар атқарды. Қазақстан тарапы Омбы уезін Омбы қаласымен бірге Қазақстанға қосып алу үшін күрес жүргізді. Ал Сібревком кері­сінше, аталған аумақты қалай болғанда да Қазақстанға бермеудің барлық амалын жасады. Соның нәтижесінде ҚАКСР үкіметтік комиссиясы мен Сібревком Омбы уезін бөлу мәселесінде ортақ келі­сімге келе алмады. Тараптар мәселені РКФСР БОАК-тің қарауына шығаруға мәж­бүр болды. РКФСР БОАК-тің 1921 жыл­ғы 10 маусымдағы шешіміне сәй­кес Омбы уезі екіге бөлініп, оңтүстік бөлігі Есіл­көл стансасымен қоса алғанда ҚАКСР-не берілуі тиіс болғанымен, бұл мә­селе оң шешімін таппай, Есілкөл стан­ция­сы маңындағы 10 болыс Сіб­ревкомға қарасты Омбы облысының құрамында қалып қойды.

1924 жылы тұтас Түркістан идеясының негізі болған Түркістан республикасын ұлттық бірліктерге бөлшектеу саясаты жүзеге асырылды. 1924 жылы 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінде «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» мәселе соңғы рет қаралды. 24 пункт­тен тұратын шешім толықтай өзбек та­рапының мүддесін қолдады. Мәжілісте Ташкентті Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы шешімі өз күшінде қалдырылды. Осылайша, қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталып, ежелден қазақ халқы қоныстанған жердің 1/3-і және ондағы 900 мың қазақ Өзбек рес­публикасында қалып қойды. Мұның өзі, тағы да республикадағы қазақтардың саны пайызға шаққанда басым болып кетпес үшін қолдан жасалған қитұрқы саясат еді.

Ташкенттен айырылған ҚАКСР-ін­де жаңа астана мәселесі күн тәртібіне кө­терілді. 1924 жылы 23 желтоқсандағы РК(б)П Қазобкомы бюросының мәжі­лісінде Орынбор-Торғай облысын құру және облыс астанасы ретінде Орынборды қалдыру туралы шешім қабылданды. Ол 27 желтоқсанда РК(б)П ОК-не хат жа­зып, онда Торғай және Орынбор облыс­тарын біріктіріп, ҚАКСР орталығы етіп Орынборды қалдыру туралы Қаз­обком шешімімен келіспейтіндігі туралы мәлімдеп, ҚАКСР астанасы ретінде Ақмешіт қаласын белгілеуді ұсынды. 1925 жылы 15-19 сәуірде жаңа астана Ақ­мешітте өткен Қырғыз АКСР Кеңестерінің бесінші съезінде қазақ халқы өзінің тарихи атын қайтарып, бүкіл қазақ жері құрамына біріктірілген республика атауы – Қазақ АКСР-і болып, Ақмешіт – Қызылорда болып өзгертілді.

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі

egemen.kz