Көккөлдің құпиясы

114

Пойыз купесінде кездейсоқ естіген әңгіме мені Луговой станциясынан түсіп қалып, Меркіге сапар шегуіме мәжбүр етті. Ондағы көнекөз қариялар мәселенің мән-жайына қаныққан соң «жұмбақ көлдің» бұл жерден де алыс, сонау тау қойнауында екенін айтты. Сөздерінің соңында олар Көккөлге тура жүре қояр көліктің жоқ екенін ескертіп, көктемгі төл алу науқанынан кейін жайлауға көшіп жатқан шопан ауылдарын жағалап көруді ұсынды.

…Жайлауға қарай бет алған мен діттеген аймаққа келесі күнгі сәскеде әрең жеттім. Оңашадағы адамға қашан да ой серік. Жүріп келемін, ойланып келемін. Көңілде ептеген күдік те жоқ емес. Heгe дейсіз ғой?
Жамбыл облысындағы Меркі ауданының тұрғылықты адамдары мынадай бір қауесетті жиі және шындай қылып айтады. Ол – «Көккөлді ұзын мойын, ырғай бас, өркешті алып мақұлық мекен етеді-мыс» деген лақап. Бұған біреулер күмәнданып қарайды, біреулер тіпті сенбейді. Бірақ естіген құлақта не жазық? Мұндайда тек көңілді қызығушылық, құмартушылық сезімі билемей ме? Аңыз секілді әңгімені естіген бойда менің көлді байқап, барлап көруге бел байлауыма себеп болған да міне, осы жайт еді.
Ойдың жетегімен келе жатып асудан асып түскенімді де байқамай қалыппын. Алдымдағы ойпатта кесеге құйған сүттей болып ақшылтым сулы көл жайымен толқып жатыр. «Көккөл деп неге аталған?» деймін іштей: – Ақкөл десе де болмай ма?». Өйткені бір көрген жанға оған алдыңғы атаудан гөрі соңғысы дұрыс келетін сияқты. Міне, әп дегенде осыны ойладым. Содан кейін санамды: «Аждаһа шыға келсе қайтпексің?» деген сақтандыру рефлексі тежеді де жағалауға жақындаудың қажеті жоқтығы есіме түсіп, жүрісімді кілт тоқтаттым.
Ашығын айтайық, мұнда анау деп айтарлық ешқандай өзгешелік көзге ұрып көрініп тұрған жоқ. Көл. Иә кәдімгі көп көлдің бірі бұл. Оның жиегі үйдей-үйдей боп теңкиген қойтастардан, тырбия өскен ағаш пен бұталардан аяқ алып жүргісіз. Тек суға сұғынып барып тоқтаған бір мүйісте осындағы ағаштардың бәрінің бойын басып озған жалғыз түп арша көзге ерекше дараланып көрінеді. Оған әлем-жәлем етіп, қызылды-жасылды шүберектер байланыпты.
Көл толқып жатыр. Мына кейпінде ол тіптен момақан, тіптен жуас. Ішінде алып мақұлық, аждаһа бар деген сөзді бұрын-соңды естімеген адам болса оның мөп-мөлдір суына қойып кетіп, рақаттана жүзер еді.
О бастағы әңгімені естігеннен кейін оған шомылмақ түгіл, бақайымызды батыруға да сескенер едік.
Жоғарыдағы жайларды ой елегінен өткізіп отырып қалай дауыстап жібергенімді байқамай өзімнен өзім шошып кеттім. Біреу естіп қойған жоқ па дегендей жан-жағыма қарап, бұл төңіректе менен басқа ешкімнің жоқтығы есіме түскен соң көңілімді орнықтырғандай болдым. Алдыңғы жақтағы айдын шалқарға қараймын, онда пәлендей өзгешелік байқалмайды. Көл беті сол алғашқыда көргендей бәз-баяғысынша жайымен толқып жатыр. Осылай отырғанымда түс болды, одан кейін күн екіндіге еңкейді де таулы өңір беткейіндегі көлеңкелер ұзара бастады. Енді екі тіземді құшақтап бұлай отыра беруімнің ешқандай да қажеті жоқ екенін сездім. «Ымырт үйірілмей тұрғанда етектегі бөктерге жетіп, қоналқалық орын іздестіру керек», дедім өзіме-өзім іштей күбірлеп. Сөйттім де тау басындағы тостағандай көлге соңғы рет көз тастап, келген ізіммен кері қайтуға жиналдым.
«Не көрдің, не білдің?». Тау етегіне қарай түсіп келе жатқанда мені енді міне, осы сұрақ мазалады. «Ештеңені де білгенім жоқ, ештеңені де сезгенім жоқ», деймін іштей. Расында да солай емес пе? Өйткені ол жерден көргенім – кәдімгі көл. Оның Қазақстанның басқа жеріндегі өзім кездестірген Ақкөл, Қаракөл, Тұзкөл, Қоскөл сияқты көп көлдерден ешқандай да айырмашылығы жоқ.
Бірақ сапарым нәтижесіз, жаңалықсыз аяқталмады… Көккөлдің құпия сыры бар екен!
Ол аудан орталығы – Меркіге келген соң белгілі болды.
«Қалай?» дейсіз ғой…

*        *       *

Көккөлден қайтып келген соң мәселенің мән-жайын бір білсе осылар біледі-ау деген ниетпен аудандық газет редакциясындағы әріптестерге соға кетуді жөн көрдім.
Бөлімдердің бірінде шүңкілдескенімізге көп болған. Әзірше қармаққа ілігер қызық оқиғалардың да қарасы көрінбейді. Сөз аяғы сұйыла бергенде өзімнің келген шаруамды, оның нәтижесіз аяқталғанын айттым.
– Ой, оны біз білеміз ғой, – деді сол мезетте шеткі орындықта отырған Уәли атты жас жігіт. – Қап! – деді содан соң ол, – мәселе бұлай болғанда оу баста біздерге жолығуыңыз керек еді. Көккөлге барып бекер әуре болғансыз. Ол осы жерде-ақ бітетін шаруа емес пе?!
Жас жігіттің бұл сөзін отырғандардың бәрі қостады. Сөйтсек әңгіме төркіні мынада болып шықты. Айтуынша аудан орталығындағы №2 орта мектептің мұғалімі Анатолий Печерский Көккөлді жақсы білетін болып шықты. Себебі ол осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ондағы жұмбақ құбылысты өз көзімен көрген, содан бастап мектептегі жас натуралистер үйірмесі мүшелерінен экспедиция жасақтап, көлді жыл сайын бақылауға алған. Сөздің тоқетер түйініне келгенде осынау қарапайым ауыл мұғалімі Оңтүстік Қазақстан территориясындағы бұрын ешкім назар аудармай келген ғажайып құбылыс туралы одақ оқырмандарына бірінші болып хабарлап, «Знание и сила» журналына мақала жолдайды. Оны оқыған ғалымдар мен мамандар меркілік өлкетанушыға бұл бағыттағы зерттеу мен бақылауды одан әрі қарай қалай жүргізудің керектігін айтып, түрлі тапсырмалар беріпті. Қазір Анатолий Печерский Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының А.Н.Северцев атындағы эволюциялық морфологиялық жануарлар экологиясы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен хат жазысып тұрады екен.
…Іздеген адамымызды табу онша қиынға түскен жоқ. Әуелі селоның шығыс жағындағы оның үйіне соқтық, көршілері Анатолийдің мектепке кеткенін айтты. Мектепке барғанымызда сабақ арасында үзіліске шыққан оқушылар: «Ол кісі әне, анау», деп кабинеттік оқу жүйесіндегі физика лабораториясында отырған ашаң жүзді қағылез жанды көрсетті. Алғашқы аман-саулық, ауызекі таныстықтан кейін іздеп келген адамымызға өзіміздің шаруамызды айттық. Сол-ақ екен әңгіме тиегі өз-өзінен ағытылып сала берді.
– Мен бұл жерде көптен бері тұрамын, – деді Анатолий. – Сіздер сұраған жәйтті ауыл адамдарынан бала кезімнен естіп өстім десем тіптен артық айтқандық бола қоймас, сірә. Өйткені көпті көрген көнекөз қариялар сонау тау көліндегі ұзын мойын, алып айдаһармен бетпе-бет келіп көрмесе де, оның суды толқытқанын, түн ішінде сол аймақтан жақпартастарды жаңғырықтыра үн шығаратынын иландыра әңгімелейтіні күні бүгінге дейін көз алдымда. Кейін ержетіп, есейген соң мектеп бітіру, оқуға түсу, маман боп елге оралу сияқты жүрдек өмір ағысы басталды да, әлгі аңызды ұмыта бастадық. Бірақ… ия, бірақ жетпісінші жылдардың орта шенінен бастап Меркі өңірінде Көккөлдегі аждаһаға қатысты алыпқашпа сөздер қайтадан айтыла бастады. Оған себеп болған жайт – жайлаудағы шопандардың көл суының астаң-кестең болып аспанға шапшығанын, ысқырып дыбыс шығарғанын өз көзімізбен көрдік, білдік деуі еді. Әуелі мен, шыны керек сене қойғаным жоқ. Содан кейін бұл не құбылыс деген оймен 1976 жылы жалғыз өзім, одан аз уақыт өткен соң жас археологтар үйірмесінің бір топ мүшелерімен бірге барып аталмыш жерді бақылап көргеніміз бар. О жолы біз ескіден қалған мәдени ескерткіштердің жұрнақтарының, қалдықтарының талайын тауып қайттық, бірақ аждаһа жайлы аңыз ізі байқала қоймаған еді. Сол сапарда қауесеттің қисынсыздығына шүбәм қалмады.
Дегенмен әлгі әңгімені естіген менің ұлым Володя көлді тағы бір рет көруге қояр да қоймай отырып көндірді. Алғашында барғым келмесе де, тау ортасын ойып қойғандай танакөзденіп жатқан Көкөлдің сұлу көрінісі сол жазда мені өзіне қайтадан тартқандай еді. Сонымен балам екеуміз жолға шықтық. Таныс жерге жеткен соң шатыр тігіп, жағалауда бір аптадай серуен құрдық.
Ұмытпасам ертең қайтамыз деп жиналып жатқан күні… Иә.., иә сол күні Володя екеуміз суға түстік. Аяқты балада тыным бар ма, әрлі-берлі көл жағалап шапқылаған ол бір мезетте тауға өрмелеп алысқа ұзап кетті. Осы кезде мен жым-жырт тыныштықтағы бейқам жүрген құстардың көл бетінен дүркірей үркіп ұшқанына таң қалдым. Аяғымды малып отырған айдын шалқарға көз жүгірткенімде жүрегім дір ете түсті. Менен жеті-сегіз метр шамасындағы толқындар шымырлап, іле сәлден соң әлдебір болар-болмас иректер байқалды. Құбылыс сәт сайын айқындала түсті. Толқындар теңселе лықсыды. Су бетінде шамамен 15 метрдей алып дененің ырғалысын білдіретіндей буылтық-буылтық иректер пайда болды. Ені 1, ұзындығы 2 метрдей алып басы бар мақұлық құйрығының ұшымен шаншылып көтерілгендей судан шықты да қыбыр етпей тік тұрды.
Зәре-құтым қалмай шошыған мен жалма-жан Володяға ескертпек болып жанұшыра мылтығыма қарай жүгірдім. Бұл көріністі алыстан балам да көріп келеді екен. Есімді жиып артыма қайыра көз салсам әлгі дене бұрынғыдан да айқындала түсіп, тіпті мақұлықтың бұралаңдап жатқан өркештеріне майда толқындардың ақырын соғылып жатқанын байқадым. Осы көрініс бірнеше минутқа созылды, сонан соң «айдаһар» бірте-бірте бата бастады… Сол кезде барып кинокамера мен фотоаппарат еске сап ете түсті. Бірақ олар қайда, біз қайда… Мелшиген күйі қаттық та қалдық…
Ауылға қайтып келген соң мен біз бастан өткерген оқиғаны КСРО Ғылым академиясының A.Н.Северцев атындағы эволюциялық морфология және жануарлар экологиясы институтының аға ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Сергей Клумовқа жолдадым.
Жоғарыдағы жайларды байыппен баяндаған Анатолий осы жерге келгенде әңгімесін кілт тоқтатты да үстел тартпасына қол жүгіртіп, одан қатырма қағазды жуан папканы алып шықты. Мұнда мәскеулік ғалымнан келген хаттар рет-ретімен тігілген екен. Айналасы жарты сағаттың ішінде біз олардың бәрімен мұқият танысып, солардың ішіндегі керекті-ау деген үш-төртеуін қойын дәптерімізге көшіріп жазып алдық. Оның біреуі – ең алғашқы жолданған хат еді. Онда Анатолий Сергей Константиновичтен: «Бұл құбылысты қалай түсінуге болады? Жұмбақ жәйт жөніндегі сіздің пікіріңіз қалай? деп сұрапты. Оған ғалым төмендегідей жауап қайтарған.
«Мұндай хат-хабарлар менде жеткілікті. Тіпті ғажайып мақұлықтардың суреттері салынып келгендері де кездеседі. Әрине бұлай болуы мүмкін емес деп бір ауыз сөзбен оп-оңай құтыла салуға да болар еді. Бірақ әуелі асықпай жауап іздеп көрелік. Ғалымдар табиғаттың жұмбақ сырларына жауапты зерттеп, іздеуге тиіс. Оны ашып, дәлелдеп отыруға міндетті. Сондықтан да сіз өзіңіз байқаған құбылысты аяқсыз қалдырмаңыз, тыңғылықты зерттеу, бақылау жүргізуді мықтап қолға алыңыз».
Ал екінші хат «Жалпы жан-жануарлар әлемінде жоғарыдағыдай қызық жайлардың кездесетіні рас па?» деген сұраққа жауап беруге арналыпты.
«Әрине кездеседі, – деген бұл сауалға мәскеулік ғалым. – Ғылым өкілдері күні бүгінге дейін жануарлар әлемінің бізге белгісіз болып келген ондаған түрін тапқаны ешкімге де құпия емес. Біз қазір жер бетіндегі жан-жануарлар әлемін жетік білеміз деп салыстырмалы түрде айта алсақ та, көл мен теңіз, мұхит астындағы құпия тіршіліктің қыр-сыры әлі күнге жете зерттеліп бола қойған жоқ. Мәселен мен сізге хат жазып отырғанымда ленинградтық зоологтан теңіз жануарының бұрын-соңды еш жерде кездеспеген бір түрі – погонофордың табылғанын естідім».
Енді үшінші хаттан үзінді келтірелік.
«Сіз менен «Көккөлдегі құбылысты қалай түсінуге болады?» деп сұрапсыз. Қандай дерек болмасын оны асықпай отырып, ғылыми тұрғыда жан-жақты мұқият тексеріп алу ләзім. Осы орайда өткеннің бір мысалын айта кетейін. Профессор Б.Ф.Поршнев 1959 жылы Тянь-Шань сапары кезінде Сарышелек көлінде болады. Жергілікті тұрғындар бұл көлде айдаһарға ұқсас әлдебір құбыжық барын, кейде оның су бетімен көлді кесіп өтіп, жоқ болатынын айтып жүреді екен. Сол жолы профессор күтпеген жерден осы жұмбақ жайдың көзбе-көз куәсі болыпты. Бір метр шамасындай ұзын мойны бар кеспелтек бөрене сияқты дененің күн көзіне жарқ-жұрқ шағылысып, көл бетін кесіп өткенін жарты шақырым жерден өз көзімен анық көреді. «Демек қауесеттің рас болғаны ғой?» деп ойлайды ол. Кейін белгілі болды, бақсақ-көрсек бұл бар болғаны жарық елесінің алдамшы әсері екен! Жүзіп бара жатқан айдаһар да емес, беймәлім мақұлық та емес – бірқазан, ал ұзын құйрығы секілденген нәрсе – құстың соңынан ерген балапандары болып шықты. Ол алыстан күн сәулесімен шағылысып, сағымданып, жарқылдап жанар алдаған. Сондықтан Көккөлге де асықпайық. Әліптің артын күтелік. Сәлеммен С.К.Клумов».
– Мәскеулік ғалымның, – дейді Анатолий үстел үстіндегі хаттарды жинастырып жатып. – Көлге тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі ақыл-кеңестері мені жігерлендіре түсті. Оның үстіне Меркі аудандық оқу бөлімі 1977 жылы маған өзіміздің орта мектеп оқушылары мен натуралистерінен экспедиция ұйымдастыруға, көлді тек күндіз ғана емес, айлы түндерде де бақылауға мүмкіндік беретін аппараттар табуға, басқа да құрал-жабдықтар сатып алуға көмектесті. Таныс тау арасына келген соң балалар құпияны анықтауға бар ықыласымен кірісті. Көлге тәулік бойы бақылау қойдық. Бір күні түн ішінде ел қалың ұйқыға кетіп, ай енді-енді қылтиып туып келе жатқанда кезекшілер Света Непряхина мен Витя Плотников шөккен түйенің боздағаны сияқты үнді естиді. Одан кейін қатты айқай шыққандай болады. Кезекшілер жанталасып шатырға қарай жүгірді де: «Онда жылан ысқырады!», деп ентіге тоқтады.
Жоғарыдағы оқиға сол жазда одан кейін қайтып қайталанған жоқ. «Бұл не құбылыс?» деумен болдық іштей. Ал күз кезінде экспедициядан қайтып оралғанымызда біздің қолымызда көптеген мәліметтер жинақталған еді. Соның алғашқысы – Көккөлдің деңгейі шелектеп жауған жаңбырлы күндері де оның суы не ортаймай, не асып-төгілмей сол қалпында қалатындығы болатын. Мұнымен қатар балалар көлдің батыс жағындағы жерден суды төмен қарай қорқырата сорып, кейде оны сыртқа қарай лықсыта шығарып жатқан шағын иірімдерді байқап қалған. Кейін оны мен де көріп, суретке түсіріп алдым. Ондай шұңқырлар әсіресе ауа райы тымық күндері көлдің барлық жерінен шұрық тесік киіздей болып анық көзге шалынатын. Оқушылардың сол жазда байқаған тағы бір нәрсесі ол – түйенің боздағанына ұқсас дыбыс шығып, көл суының астаң-кестеңі шыққан түннің ертеңінде оның жағасында кесек-кесек тау жыныстарының, ақтаңдақ тұз тұнбасының жиналып қалатындығы еді.
Анатолийдің әңгімесін тыңдап отырғанда біздің ойымызға мынадай сұрақтар келді: «Ол көлдегі шұңқырлар нені білдіреді, бар жұмбақтың сыры мүмкін осында шығар?» деген ой болатын. Әңгіме иесіне өз пікірімізді айтқанымызда, оның жорамалы да дәл осыған келіп саятынын аңғардық.
Себебі…
Меркілік мектеп оқушылары экспедициясының екі жылғы жүргізген бақылау жұмыстарынан кейін, Көккөл құпиясымен танысу мақсатында бұл жерге Оңтүстік Қазақстан геологиялық барлау басқармасының геологы Б.Волчков арнайы келеді. Ол 1979–1980 жылдардағы екі сапарының нәтижесінде көлдің мұздақтардан және мореналық қыртыстар қабатында пайда болғандығын анықтады. Мореналарда шұңқырлар оңай жасалынады екен, тіптен көл түбінде жатқан ондай «тесіктер» жер қыртысының астынан бірігіп келе жатқан тұтас каналды құраған. Геологтар тұңғиық түбіндегі осындай каналды тауып, оның тереңдігін өлшеу мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұдан шығар қорытынды: жауын-шашынға, жер астының гидрогеологиялық ерекшеліктеріне байланысты судың біраз бөлігі көл түбіндегі каналдарға сорылып отырады. Кейде су әлсіз сорылғанда көл үстінде кішкене шүңқырлар пайда болып, ысқырық естіледі. Ал қатты сорылғанда «айқайлаған» дауыс жаңғырығып жетеді. Бұндай су қақпалары ештеңеден хабарсыз суға шомылғандарды және көлді кеше су ішкен малдарды тұңғиыққа тартып кетіп отырған. Жер асты канал-сифондар көлдің тұрақты деңгейін қалпына келтіріп те тұрады. Су бірде канал арқылы төменге сорылып алынса, енді бірде канал арқылы жер қыртысындағы минералдармен байытылып сыртқа атылады. Аңыздағы көл суының емдік қасиеттерге ие екендігінің, сосын көл жағасында кейде тұз тұнбаларының жиналып қалатындығының бір сыры осында жатса керек.
Талай уақыт әңгіме болған Көккөл құпиясы осы. Жергілікті әуесқой өлкетанушының, оның энтуазист жас достарының және ғалымдардың қазірше анықтаған жайлары жоғарыдағыдай пайымдауларға әкеліп отыр. Мүмкін бұдан басқа да жұмбағы бар шығар… Оны толыққанды зерттеу – алдағы күндердің еншісі. Көккөлдің құпиясын бүгінге дейін толық ешкім зерттеген емес.

 

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Меркі ауданы