«Красная звезда» редакторының алғысы

0 77

Кейін қарай жатпай, жалдана көтерілген Баукеңнің селдір, бурыл шашы, қасқалана түскен кең, жазық маңдайы, солғын тартқан аясы үлкен отты жанары, пышақ жанығандай суалған жағы, әжім шимайлаған ақсұр жүзі, етек-жеңі сәл жалпайыңқыраған жоталы қыр мұрыны, қолдарының сыртындағы адырайған көгілдір тамырлары көзге тым қораш көрінеді. Өрмекші-кәрілік: «Торыма түстің бе? Мықты болсаң, енді құтылып көр!», – деп өктемдік сыңай танытып, сес көрсеткендей.

Ішкі жан дүнием әлем-жәлем. «Шіркін, Баукеңді жасартар құ­дірет-күш қолымда болар ма еді, болса, аянып қалмас едім-ау», – деген ойға берілгенімді сезгендей:

– Ұнжырғаң түспесін, көтер басыңды! – деп Баукең қатты айқайлап жіберді. Мұны күтпеген мен селк ете қалып, есімді тез жинадым.

– Ішінде желден басқа түк жоқ үрген шарға ұқсама! Еңсең түс­песін!

Баукеңнің өжет мінезі, өр ру­хы мені байсалды қалпыма қайта түсірді.

– Сұрағым бар еді, – дедім қо­­лай­сыздықты жуып-шайғым келіп.

– Сұрағың болса, қысылма.

– 1942 жылы «Красная звезда» газетінің редакторы сізді ша­қырып, сөйлескен екен. Сол жө­нінде айтып берсеңіз?

– Алғы шепке 1942 жылы әс­кери тілші Александр Кривицкий келді, – деп Баукең сұсты күйге енді. – Мен оның сұрақтарына жауап беріп отырып:

– Сіз неге қазбалай бересіз?! – деппін ғой. Көзі бақырайып, таң­ғалды. Ішінен: «Мынау жауын­герлерін жақсы білмейді. Мұны полк командирі еткен кім?» – деп ойласа керек. Соны сезіп мен:

– Соғыста белгілі батырлардан белгісіз батырлар көп, – деп едім, басын изей, қуана құптады. Кейін сол сөзімді «Красная звезда» газетіне өзгертпей жазды.

…Жараланып Мәскеудің гос­питалында емделдім. Біраз уақыт Совет Армиясы орталық қонақ­- үйінде тұрдым. Кривицкий төбе көрсетті.

– Сізді редакторымыз редак­цияға ертіп кел деп мені жіберді, – деді жымиып.

– Е, жарайды, – деп келістім. Редактор ірі денелі кісі екен. Ор­нынан тұрып, қарсы жүріп кеп маған қолын ұсынды. Бетінің бір жағы қал секілді қып-қызыл.

– Жолдас полковник, мен сізді көргеніме қуаныштымын.

Бұрын бетінде дағы барларды кездестіргем. Мұндай бір жа­ғы тұтас қалы бар адамды кез­дестірген емеспін. Таңғалып қара­ғанымды байқаса керек:

– Анам мені осылай туды, енді қайтем? – деді.

Түсінген кісіге бұл оның «ме­нің мынау бетімнен сескеніп қал­­дыңыз ғой» деген сөзі ғой. Е, байқап қойыпты ғой деп қып-қызыл боп кеттім. Өзі ақылды кісі болу керек, менің мұныма да ың­ғайсызданып қалды. Столының тартпасын ашып, «Қазбек» па­пиросын алып, маған ұсынды. Ол кезде сіріңкенің де тапшы кезі.

Орнынан тұрды, мен де тұр­дым. Қалтасынан оттығын алып, ал­­дымен өзінің папиросын, одан кейін менің папиросымды тұ­татты.

Мен бұл қылығына да таңға­л­сам керек. Жымиып күлді де:

– Қазір бізде бензин таза емес, – деді. – Бірінші тұтанған кезде исі жаман болады, сәлден соң кетеді. Соны сіз сезбесін деп алдымен өзім­нің папиросымды тұтаттым.

– Рахмет, жолдас генерал-майор.

Кривицкий есік жақта түрегеп, дірілдеп тұр. Генерал-майор қо­ңы­рау басты.

– Сізді тыңдауға әзірмін, – деп бір майор ішке енді.

– Буфетші әйелге айтыңыз, бізге екі стақан қара кофе, төрт печенье әкелсін. Полковникпен кофе іше отырып әңгімелеспекпін.

Кривицкий сезімтал, генерал-майордың әлгі сөзін: «Сен бара бер, екеуіміз ғана әңгімелесуіміз керек, кедергі жасама», – дегені деп түсініп, кетуге рұқсат сұрады.

– Маған келетін кісілер бар еді.

– Иә, барыңыз. Сіздің жұмы­сыңыз көп қой.

Ол бұрылып шығып кетті. Те­мекі тартып отырмыз. Бір сұ­лу дая­шы қатын подноспен екі стақан кофе, төрт печенье әкеп қойды. Сызыла қарап:

– Тағы қандай тағамға зауқы­ңыз соғады? – деді.

– Рахмет, осы жетеді.

Есік жабылғаннан кейін ішке майор енді.

– Полковникпен әңгімеміз аяқталғанша ешкім көңілімізді бөлмесін. Үкімет пен майданнан соғылған телефоннан басқа ешкіммен мені қоспаңыз.

– Құп болады.

Шифоньердің жартысындай үлкен сейфі бар екен. Жазу сто­лының тартпасынан кілт алып, сейфті ашты да, бір шөлмек коньяк, екі рюмке алды.

– Жолдас полковник, кездес­кеніміз үшін.

Рюмке соғыстырып, кофе іше бастадық. Өзі асықпай қимыл­дайды екен. Біраз ойланып отырып:

– Менің сізге сұрағым бар. Біз­дің тілшіміз Александр Кривиц­кий сіздің полкіңізде болып, жақ­сы мақала жазып келді. Оқыған шы­ғарсыз? Ұнағандықтан көле­мін қысқартпай, газетіміздің бір бетіне тұтас жарияладық.

– Иә, оны оқыдым.

– Сіз осында дегенді есті­ген­нен кейін көріп, әңгіме­лес­­кім, Панфиловпен қалай та­ныс­­қаныңызды білгім келді. Ол кісі­­нің әскери ерлігі мәлім болды ғой. Ол өз алдына, әрине.

Панфиловтан мен бір-ақ жас кіші екенмін. Марқұм қай­тыс болды ғой. Сіз қазақсыз. Пан­филовпен соғыста ғана кездес­тіңіз, қарамағында аз уақыт қа­­на болдыңыз. Осы аз уақыт ішін­­де ол кісіні қалайша түсі­ніп, қалайша ол кісінің бар­лық мінез-құлқын, ойларын есі­ңіз­де сақтағансыз? Мен соған таң­ғалам. Иван Васильевичпен кез­десулеріңіз эпизодтық кезде­сулер ғана. Үнемі қасында жүрген жоқ­сыз әрі соғыстан бұрын ол кісі­нің қарамағында болған емес­сіз. Солай ғой?

– Иә.

– Аға лейтенант қазақтың айтуы бойынша орыс генералына жоғары баға беріледі. Менің таңданатын себебім сол.

– Жолдас генерал-майор, Иван Васильевич қарапайым кісі еді. Ол өзінің осы қарапайымдылығы, адалдығы арқасында адамдарды өзіне баурай білді. Оның үл­кен өмір мектебі болды. Ол қара­пайым халық арасынан шықты.

– Иә, бірақ әскери академияда білім ала алған жоқ қой?

– Ол кісінің әскери академиясы – өмір мектебі, – деп едім, генерал-майор ұзақ ойланып:

– Ол рас, – деді басын шайқап. – Өкінішке қарай, біздің көбіміз өмірден үйрене білмейміз, – деп күрсінді. Күрсінді де, солардың бірі – мен өзім, – деді.

Баукең жадырай күлді.

– Иван Васильевичтің ерлігі қыз­ғанарлық та қызығарлық ер­лік! Соғыста қаза тапқан бас­­қа генералдарымыз аз ба? Алай­да солардың арасында Иван Ва­сильевичтің даңқы майданды қақ жарып шықты.

– Жолдас полковник, сізге мың бір алғыс. Иван Васильевичтің қолбасылық бейнесін жақсы жасадыңыз. Алғашқы ұрысқа енген сәтіңіз есіңізде ме?

– Әлбетте есімде. Коман­дир­леріммен әңгіме ө­т­кіздім. Ең ал­дымен 1812 жыл­­ғы Ұлы Отан соғы­сына, Напо­леон Бонапарттың жауын­гер­лерін: «Орыстар кеше сіздердің алдарыңызда қарсылық көр­сете алмай қашты. Бірен-са­ран жараланғандарымызды құт­қа­рамыз деп шегінбеңдер. Шегі­ну француз халқына ыңғай­­сыз», – деп жігерлендіргенін, Ми­хаил Илларионович Кутузовтың: «Ме­нің қымбатты отандастарым, қым­батты ерлерім! Орыстың өткір най­засымен Наполеонды келген жағына лақтырып тастауымыз ке­рек», – деп жауынгерлерінің жі­ге­рін жанығанына тоқталдым.

Александр патша майдан даласына нөкерлерімен келіп:

– Михаил Илларионович, ұрысты неге бастамайсың? – дегенде, Кутузов:

– Тақсыр, біз әскери шеру өт­кізуге жиналған жоқпыз. Бар­лық полктің майдан шебіне же­­тіп үлгеруін күтудеміз, – деп «оқ алса, мені алсын» дегендей жау әскеріне қарама-қарсы жа­сақ­­талған саптың ең алдында қас­қайып тұрады. Кенет атыс басталып, ол көзінен жараланады. Александр патша нөкерімен қашып кетеді.

Мәскеуде әскери кеңес өтіп, Александр патша:

– Михаил Илларионович, сен шегіне бересің? Наполеонды жеңе­сің бе? – дегенде, Кутузов:

– Құдай сақтасын, жеңу қайда? Мен оны алдауын алдаймын, аттың етін жегізем. Қалай алданғанын, Ресей біздің жанымыз екенін өмірі ұмытпайтын болады, – деп Кутузов Москваны Наполеонға соғыссыз беретінін мәлімдейді. Александр патша:

– Сен Ресейге қарсысың, На­полеонның шпионысың. Бо­родина майданында әдейі жеңіл­дің, – деп ашуланғанда, Кутузов екі қолын көкке көтеріп:

– Кімнің шпион, кімнің Ресей­ге қарсы екенін Құдай ғана біледі, басқа ешкім білмейді, – деп жылайды. Кутузовтың: «Потери Москвы не потерии России», – де­ген сөзінен кейін Москваға На­по­леонның соғыссыз енуіне мүм­кіндік жасалады. Франциядан келетін азық-түлік жолын партизандар кесіп тастайды. Наполеон жауынгерлері ашығады, жейтін ештеңе таба алмай қарғаны атып жеуге көшеді.

– Біз екі жағымыз да ұрыстан титықтадық, бейбіт келісімге ке­ле­йік, – деп Наполеон Кутузовқа ел­шісін жібереді. Кутузов:

– Сіздер титықтасаңыздар, біз әлі ұрысты бастаған жоқпыз, – деп жауап қатады. Наполеон шошып кетіп: «Ойбай, мына шалдың түрі жаман. Түгел қырылмай тұрғанда Франциямызға жетейік», – деп Москваны тастап қашады.

Командирлеріме осы жағдай­ларды айтып, біздің айла-әдісіміз, тәжірибеміз мол. Бәрімізді Михаил Илларионович Кутузовтың, батыр ата-бабаларымыздың рухы қолдасын, – деп алғашқы ұрысты бастағанмын.

– Енді соғыс туралы ойыңызды білсем деймін.

– Соғыс деген үлкен таразы, үлкен сын. Ер намысы деген осындайда ғана көрінеді. Қор­қыныш жоқ жерде әркім батырсынып, аузымен орақ орып, көкірегін кере береді. Мен өзім бетпе-бет ұрыстың офицерімін. Сын сағатында жанын шүберекке түйіп, намысына тырысып, қой бастаған серкедей топ басына шыққандар соңындағыларды қыр­ғын соғыстың отына магниттей тартады. Себебі басқалар «мен одан кеммін бе?» деп өкше­лей жүгіреді. Кейбірі қуып жетіп, әрі-беріден кейін озып кетеді.

Бейбіт өмірдегі адам мінез-құлқынан бетпе-бет ұрыстағы жауынгер мінез-құлқының айырмасы жер мен көктей. Біз орнынан кімнің бұрын, кімнің соңынан көтерілгенін білмейміз. Алдыңда, қасыңда кім, есіңде жоқ. Әркім өз міндетін орындау үшін арпалысады.

Меніңше, бетпе-бет ұрыста жауынгердің үш түрі байқалады. Бірі жараланады, бірі өліп, бірі бәрінен озып, алға кетеді. Олардың жағдайын ұрыс кезінде анықтау мүмкін емес. Әрі-беріден кейін кімнің қалай құлағанын, қалай жараланғанын біз толығымен білмейміз. Оны түсіріп алатын киноаппарат немесе жазып алатын жағдай жоқ. Мынау оққа ұшып, анау қатты жарақаттанып қалды-ау деп қайғырып жүрген ешкімді кездестірмейсің. Қайталап айтайын, жолдас генерал-майор, майданнның алғы шебіндегі қызу шайқас, қызу бетпе-бет ұрыста кімнің қалай өлгенін де білу қиын.

Алғы шептегі жан беріп, жан алысқан шайқаста солдаттың бас командирі – азаматтық се­зім, парыз. Оны шабуылға бас­тайтын құдірет – сол. Менің тә­жі­рибемше, көрген-білгенімше, соғыста шабуылға шыққандардан гөрі тығылып қалғандар көп өлді. Бізді жеңіске жеткізген олар емес, шабуылға шығып, ерлік жасаған аруақты ерлер. Қорыта айтсам, алғы шеп маған: «Тәуекелсіз – ер­лік жоқ, азамат жолы – ар жолы», – деген ой сыйлады.

– Бетпе-бет ұрысты тамаша су­реттеп, көз алдыма жанды елес­теттіңіз. Сізге тағы да алғыс айтам, жолдас полковник. Келесі сұра­ғым, Гитлер туралы қандай ойдасыз?

– Кейбір сықақшыларымыз сықақтап жүргеніндей ол осал жау емес. Осал жау болса, қырғынға ұшырап, Москва іргесіне дейін шегінеміз бе?

– Оның ең үлкен бір қателігі – Кеңес Одағы қырық құрамадан құралған, ынтымақ-бірлігі қағаз жүзінде ғана. Мен шабуылды бас­­тасам, бәрі быт-шыты шығып, бас сауғалау қамымен маған ба­ғынады деп есептеді. Олардың Отанына берілгендігін білмеді. Менің ата-бабамның: «Жабылып кетсе құмырысқалар, арыстан терісін сыпырып алар» деген ес­кертпесін ескермеді. Оның «Моя борьба» дегенінен басқа кіта­бы жоқ. Мұндай адамға Кеңес өкі­метінің күш-қуатын, рухын білу қиын, мүмкін емес.

– Одақтастарымыз туралы не айтасыз?

– Саясаткерлер қалай десе, олай десін, Сталинсіз жеңіске жету мүмкін емес екенін Амери­каның президенті, екі аяғы жоқ, данышпан Рузвельт дұрыс пайымдап, «социализм жүйесін жақсы көрмегеніммен, Сталиннің қабі­летіне бас ием» дей келіп, ке­же­­гесі кері тартқан Англия пре­мьер-министрі Черчилльді өз қа­­тарына қосып алды. Бұл қуа­нар­лық жағдай.

Ішке майор енді.

– Жолдас генерал-майор, сізді Сталин сұрайды.

– Қап, әзірше қош-сау болы­ңыз, жолдас полковник.

Мен қоштасып, тысқа шық­тым.

Мамытбек Қалдыбай,

бауыржантанушы

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.