Мен туған жердің ардағы

13

Жақында ғана қиырдағы Бесқаладан, Қарақалпақ елінен сүйіншілеген хабар жетті. «Тұрған жерің ел­дің астанасы да, туған жерің сенің ғана астанаң» деп, Әбдіраштың Жарасқа­ны жырлағандай, «төл астанамыз» – Тақтакөпір ауданы қайраткер тұл­ға­ларына құрмет көрсе­тіпті. Құрмет көрсет­кені сол, елдің дамуы­на өлшеусіз үлес қос­қан қайраткерлердің есі­мін көшелерге берген. Ха­лық депутаттары Тақта­көпір аудандық кеңесі төр­ағасының шешімімен аудан орталығындағы бұ­рынғы Бірлік көшесі енді Өтеғұл Бектұрғановтың есі­мімен аталмақ.

 

Задында түбі түркі жұрты­ның қамын жеп, қолдан келген­ше еңсесін биіктетуге, бар-жо­ғын түгендеуге үлес қосқан алаш қайраткерлерінің қатары қа­лың. Әлихан Бөкейханов, Нәзір Тө­реқұлов, Тұрар Рысқұлов, Мұ­ха­меджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов, Ғани Мұратбаев, Меңдіқожа Ибниаминов, Қаландар Адинаев түркі халықтарының өркениет көшіне ілесіп, білімді де дәулетті елдер қатарына қосылуына өз­дерінің күш-қайратын жұм­сағандығы да мәлім. Біз сөз еткелі отырған Өтеғұл Бектұрғанов та солардың санатынан.

Қарақалпақстанның мемле­кет­тік өлкетану мұражайы – Әму­дария мен Арал бойындағы ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы тарихы тереңге кеткен таным ордасының бірі. Архив құжат­тарының мәлімдеуінше, музей сол кездегі облыстың орталығы Төрткүл қаласында 1929 жылы ұйымдастырылып, сол жылдың 16 мамырында тұңғыш көрмесі ашылыпты. Алғашқы кезде музей қорында 1 022 экспонат болса, бүгінде оның саны – 65 970.

Алғашқы кездегі жәдігер­лерді халықтың арасынан жинап, оның әрқайсысын тізім­деп, өлмес мұраға айналдырып, музейді мәдениеттің шоқтығы биік орталығына айналдыру дегеніңіз қыруар еңбекті талап еткені сөзсіз. Кезінде тірнектеп жиналған халықтың қолданбалы өнері туралы экспозицияның ор­ны тіптен бөлек. Халық қол­өнер шеберлерінің қолынан шық­қан небір керемет туындылар жер­гілікті халықтың мәде­ниетін айшық­тай түседі.

Қарақалпақ еліндегі осы му­зейді ұйымдастырып, оның ілкі экспонаттарын ел аралап жүріп жинаған алаш перзенті Өтеғұл Бектұрғанов болатын. Музей ашыл­ған тұста оған этнограф ға­лым А.Морозов, Н.Торчинская бас­шылық етіп, облыстық Ха­лық­қа білім беру бөлімі тарапынан қаржыландырылған. Қаржы мәселесінде қиындыққа тап бол­ған музей жаңадан ашылған Қа­рақалпақ ғылыми-зерттеу инс­­титутының құрамына енгі­зі­ліп, қысқа мерзімде музейге Н.Бас­каков, Қ.Айымбетовтер де бас­шылық жасаған.

Алайда музейдің нақты же­­­ке-дара мекеме ретінде жұ­мыс істей бастауы сәл кейі­ні­­­­рек. Бас­шылыққа Өтеғұл Бек­­­­­тұр­ға­нов келгеннен кейін. 1932 жылы облыс басшылығы Өте­ғұл Бектұрғановтың білі­мін жетілдіру мақсатында Таш­­кент қаласындағы Орта Азия мем­лекеттік универси­теті­не (САГУ) оқуға жіберуге ше­шім қа­­былдайды. Аталмыш оқу ор­нын бітірген соң, облыс бас­шы­лығы оны кері шақырып алып, Өлкетану музейінің директоры етіп тағайындаған.

Алаш перзентінің музей ди­ректорлығына тағайындалуы те­гіннен тегін емес. Өтеғұл он жа­сынан бастап Қазалыдағы Ақи­шан медресесінде, кейін сол өңір­дегі жаңа мектепте бі­лім ала­ды. Мектепті бітірген соң 1925 жылы Қарақалпақ авто­но­миялық облысы Төрткүл қала­сын­дағы мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түскен. Бір жыл ішінде оқу бағдарламаларын то­лық меңгеріп, Қараөзек ауда­ны­ның Талдық ауылында ұс­таз­дық қызметке кіріседі. Ха­лық­ты жаппай сауаттанды­ру, ағарту науқаны басталып, Өтеғұл Куйбышев ауда­ны­ның На­зархан ауылына мұға­лім­дік­­ке ауыстырылады. Адал ең­бе­гінің арқасында көп өт­пей, мектеп директорлығына та­ға­йын­далады. Одан соң Қып­шақ, Тақтакөпір аудандарында алғаш­қы мектептерді ашуда, жастарға білім беруде қызмет еткен.

Бұл туралы 22 жыл бойы Қа­­рақалпақстан Министрлер Ке­ңесі төрағасының орынбаса­ры, Қарақалпақстан Жоспар­лау ко­митетінің бастығы лауазы­мын атқарып, бес мәрте Рес­пуб­лика Жоғарғы Кеңесінің депу­тат­тығына сайланған Дәулет Жұма­баев кезінде төмендегіше есте­лігімен бөліскен болатын:

– Қыпшақ ауданында балаларды оқытатын жаңа үлгідегі мектеп ұйымдастырылып, оған әрі мұғалім, әрі директор болып Өтеғұл Бектұрғанов деген жас жігіт келді. Мұғалім жі­гіт келген күні-ақ отын тасып кү­нелтіп жүрген менің әкеммен сөйлеседі. Алғашқы әңгімелесу көңілінен шықты ма, әкемнен мектепке шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа келуін өтінеді. Мұндайды күтпеген әкем таң­ғалып, әрі бейтаныс адамның ұсынысына күдікпен қарап:

– Мен бұрын-соңды мұндай жұмыс істеп көрген жоқпын. Ес­кіше де, жаңаша да сауатым жоқ. Осы күнкөрісім өзіме жетеді. Ние­тіңізге рақмет, – дейді.

Өтеғұл аға білімдарлығын көр­­сетіп, жаңа қоғамның беталысы жөнінде, жастардың бі­лім алуы керектігін айтып тү­сіндіреді. Не керек, әкем сөйтіп, мектепті ұйымдастыру ісіне (1926 жылдар) белсене кірісті. Жақ­сының шарапатымен әкем Өтеғұл ағаның арқасында сауатын ашты. Ал мен әкемнен үй­ренген әріптеріммен күн са­­йын сауат ашып, кейіннен «бұл оқудың мәні тереңде екен ғой» деген ниетпен Төрткүлдегі ор­та медицина қызметкерлерін, фельд­­шерлер даярлайтын оқу кур­­сына жолдама алдым. Осы­лайша, фельдшерлік мек­теп­ті тә­мам­дағаннан кейін Қара­қал­пақ­стандағы алғашқы орта білімі бар маман дипломыммен Бе­руни аудандық денсаулық сақ­тау бөлімінің меңгерушісі бо­­лып жұмысқа кіріс­тім. Кейін­нен Ташкенттің, Мәс­кеудің эконо­микалық институттарын бітірдім.

Әкемді тәрбиелеп, қатарға қосқан Өтеғұл ағаның шарапа­ты бұл. Егер сол жылдары Өтеғұл ағадай көкірегі ояу, ой-деңгейі жо­ғары адам жәрдем қолын созып, әуелі әкемнің көзін ашып, дүниетанымын өзгертпегенде, менің де кейін үлкен биіктерді бағындырарым екіталай еді. Шы­нында да, осындай бақытқа қол жеткізуіме, жоғары жауапты қызметтерді атқаруыма бірден-бір дәнекер болған, үлкен өмірге жолдама берген Өтеғұл аға екені сөзсіз.

Дәулет аға сияқты Өтеғұл аға­мыздың кезінде сауаттанды­рып, тәрбиелеп өмір жолына жол­дама берген азаматтары қан­шама десеңізші.

Өтеғұл Бектұрғанов музейге келе салысымен, оның күрделі жағдайын байқап, КСРО Ғылым академиясының басшылығы алдына мәселені көлденең қойып, музейді жеке мекеме ретінде құ­­руды ұсынады. Ақыры, бас­шы­лық оның талабымен келі­сіп, Қарақалпақ өлкетану му­зейі 1934 жылы дербестікке ие бо­лып, оған мемлекеттік му­зей мәр­тебесі беріледі. Ал келе­сі жы­лы Ө.Бектұрғановтың бас­шы­лы­ғымен Мәскеудегі «Халықтар дос­тығы» музейінде тұңғыш рет «Қа­рақалпақ кілемдері» кол­лекция­сы көрсетіледі.

Республикалық өлкетану му­зейіне 1934-1936 жыл­дарда бас­шылық жасаған Ө.Бек­тұр­ға­нов елдің тарихы, мәде­ниеті бола­шақ ұрпаққа өнеге боларын же­те түсініп, мұражай қорын молай­туға белсене кіріседі.

«Музейге негізінен халық ара­­сынан жинаған жәдігерлер, алтын-күмістен жасаған бұ­йым­­дар, кілем, ер-тоқым, жү­ген, құйысқан, сондай-ақ му­зы­ка­лық аспаптарды жина­ған. Қым­бат металдармен өрнек­те­ген сол дүниелер бүгінде му­зей­дің баға жетпес мұрасы. Әке­міз бен шешеміздің тұратын үйінің бір бөлмесі музей қо­рына жинақталған қойма болса, екінші бөлмеде өздері тұр­ған. Сол жылдары әкемнің кө­мекшісі Ленинград живопись, ар­хи­тектура және скульптура инс­титутының түлегі, суретші Все­ловод Ильич Бродский болыпты. Бродский анамыз Перуза екеуі қазына кітабын жасап, соған жинақталған жәдігерлердің тізі­мін жасап отырған екен.

Құқық қорғау органдары­ның өкілдері қуғын-сүргінге ұшы­­рағандардан тәркіленген зат­­тарды музейге әкеліп тапсы­рған. Олардың ішін­де асыл тас­тардан – алтын­нан, гауһардан жасалған не­ше түрлі бұйымдар бо­лыпты. Сон­да әкем анама: «мы­на әкелген заттарға қызы­­ғу­шылық танытушы болма, олар­­дың әрқайсысында өз иесі­нің тағдыры жатыр, әрбір мон­шағында қимастық көз жасы бар. Оған тиісуші болмаңдар» дейді екен» деп, еске алады Ерсұлтан Өтеғұлұлы Бектұрғанов.

Өтеғұл Бектұрғанов 1936 жыл­дан бастап Кегейлі, Шымбай аудандық партия комитеттерінде қызмет етеді. 1950 жылдарда Тақ­такөпір ауданының К.Маркс кол­хозының басқарма төрағасы болды. Қайсы қызметтің басында болса да ол өзінің бүкіл күш-жігерін сол саланың өркендеуіне жұмсады. Тақтакөпір машина трактор стансасында саяси бөлімнің жетекшісі, колхоз, ауыл­дық кеңестің төрағасы қыз­­метінде жүргенде де халық­тың көңілінен шығып, елдің алғы­сына бөленді. 1966 жылы зей­неткерлікке шыққанда, оған Қарақалпақ АССР-і партия ко­митетінің бірінші хатшысы Қ. Камалов «Волга» автокөлігін сый­лап, еңбек демалысына құр­меттеп шығарып салған еді. Ұзақ жылдарғы еңбегінің баға­ла­нғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Еңбектің бағалалануы демек­ші, Социалистік Еңбек Ері, Қа­ра­қалпақстан облыстық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы, бүгінгі күні тоқсаннан асса да сергек ағамыз Қәллібек Камалов Өтеғұл Бектұрғанов туралы ізгі лебізін әсерлі етіп жеткізеді:

«Өтеғұл аға Бектұрғанов­тың адал қызметін туған топы­рағында елінің құрметі мен ал­ғысына лайық деп есептеймін. Өсіп-өнген ұл-қыздары қазір­гі уақытта Өзбекстанда, Қазақ­стан­да қызмет етіп жүрсе де, жү­регінің түкпірінде Қарақал­пақ­­станды қастерлеп, жадында ұстауы біздің ауылдастары­мыз үлгі аларлық жақсы өнеге болмақ. Уақыт өткен сайын ұл-қыздары ата-анасын еске түсіріп, туған жерін мақтаныш етеді. Ал біз болсақ, туған жеріміздегі Өтеғұл ағадай құрметті ақса­қал­дарымыздың есімін мәңгі естен шығармаймыз.

Өтеғұл аға халқымыз айт­қан­дай: «Мәңгі өмір болмайды, мағыналы өмір болады» деген өсиеттің куәгері іспетті. Ма­ғы­налы өмірдің өзінің мәңгі өмірге ұқсайтын тұстары бар. Себебі оны терең білетін замандастары мен ауылдастары құрметтеп, атын мәңгілестіріп жатса, осыдан артық мағыналы өмір бола ма?!»

Бір айта кететіні, Өтеғұл Бек­­тұрғанов Бесқала өңіріне Ре­сейден, басқа республикалар­дан жер аударылған зиялы қауым өкілдерімен жақсы қарым-қа­тынаста болған, кейін бейбіт заман орнаған кезде бір-бірін іздеп кездесіп тұрыпты.

«Өткен ғасырдың отызын­шы жылдары Қарақалпақ жері­не қуғын-сүргінге ұшыраған су­­ретшілер, ғалымдар, ақындар көп­­теп келген. Солардың қай-қай­­сымен де әкеміз жақсы ара­ласқан. Соның бірі суретші Брод­скийді әкем 70-жылдары Ле­нинградқа арнайы іздеп барып тауып алып, әңгіме-дүкен құрып қайтқан екен» деп еске алады Ерсұлтан Өтеғұлұлы.

Бүгінде бауырлас өзбек, қа­рақалпақ халықтарымен мә­де­ни байланыстарымыз қар­қын­ды даму үстінде. 2018 жы­лы «Қа­зақстанда Өзбек­стан жы­лы», 2019 жылы «Өзбек­стан­­да Қазақстан жылы» аясын­­да көптеген игі ша­ралар ұйым­дас­тырылды. Екі ел­дің ара­сын­дағы бауырластық қа­рым-қатынастың негізінде Қа­ра­қалпақстан мемлекеттік өлке­тану музейінде қандасымыз Өте­ғұл Бектұрғанов бұрышы ашыл­ды. Ондағы «Бектұрған әулеті» жинағы, суреттер, құ­жаттар бел­гілі тұлға өмірінен, өт­кен ке­зең­нен сыр шертеді.

Енді міне, тағы бір қуанышты хабардың куәсі болып отырмыз. Қайраткер Өтеғұл Бектұрғанов атындағы көше ердің еңбегін ба­ғалап, ұрпаққа үлгі етудің өне­гесі болмақ.

Мен туған жердің ардағы,

Жарқылдап жүрген

жақсы апам.

 Ризалығым бар-дағы,

Тағатын кінәм жоқ саған деп, жырлаған еді ақиық ақын Тө­леген Айбергенов өзіне қам­қор­шы болған Әзиза апасы, фи­лология ғылымдарының док­то­ры, профессор Әзиза Нұр­ма­ха­нова туралы. Сол сияқты Өте­ғұл Бектұрғанов та алаш пер­зен­тінің қайда жүрсе де шоқ­тығы биік, абыройы асқақ, аза­мат­тығы еңселі екенінің айқын айғағы. Қысқасы, «мен туған жер­дің ардағы» кім-кімге де өне­ге болуға лайықты.

egemen.kz