Тарих-таным

Менің әкем – жеңіс солдаты

Менің әкем – жеңіс солдаты

Биыл адамзат баласының тарихындағы зардабы мен қасіреті өте ауыр, ең қанқұйлы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. 1418 күнге созылған сол сұрапыл соғыстың от-жалыны мен зардабы тимеген отбасы кем де-кем шығар?! Сондықтан да, бұл жыл неміс фашизміне қарсы жан алысып, жан беріскен Ұлы Отан соғысына қатысып, туған топырағына аман-есен оралған барша соғыс ардагерлері мен олардың отбасы мүшелері үшін ерекше жыл. Әрине, алауын халқы өшірмеген, сол оттың қызуын ұрпағы жүрек тұсында сақтаған бүгінгі ұрпақтары «мәңгілік от» басында тұрып, Отан үшін от кешіп, майдан даласында опат болған боздақтарға мың тағзым етуді өзімізге парыз санаймыз!

Барша әлем осы соғысты жеңіспен аяқтауға өлшеусіз үлес қосқан Қызыл Армияның әрбір жауынгерін «Жеңіс солдаты» деп қадірлеп, қастерлейді, құрметтейді. Бұл тарихи шындық. Ал сол соғыстан аман-есен еліне оралған жауынгерлердің барлығы күнде «Енді соғыс болмасын, ұлтымның тыныштығы бұзылмасын, ұрпағым соғыс көрмесін!» деген ұлық батасымен өмір сүріп, майдан даласында көрген қиын-қыстау сәттерін ұрпағына көрсетпеуді тілеп, Жаратушы Тәңірден қол жая сұрап өткеніне дау жоқ. Осындай Жеңіс солдаттарының бірі – менің әкем соғыс және еңбек ардагері Укаша Әбдірахманов. Ұлы Отан соғысына сол кездегі Сарысу ауданы әскери комиссариатынан ел шетіне жау тиіп, жұрт басына қатерлі күн туған сол бір шақта 19 жастан енді асқан бозбала шағында шақырылғандар арасында әкеміз Укаша Әбдірахманов та туған Отаны үшін қанқұйлы соғыста от кешкені саналы көкірегімізде сайрап тұр. Ал әрбір жеңімпаз-жауынгердің есімі – ел есінде мәңгі сақталары анық. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін бұзылмайтын шынайы шындық! Сондықтан да ел ертеңі жастар үшін Ұлы Жеңістің ұмытылмас құдіреті биік, қасиеті жоғары. Киелі Әулиеата өңірі жастарының 15 жыл бойы туын көтеріп жүрген әрбір сөзі саралы, әрбір ойы ордалы, әрбір мақаласы маңызды «АRAI» газеті арқылы сұрапыл соғысты көзімен көрген соғыс және еңбек ардагері, асқар таудай әкем Укаша Әбдірахманов жайлы ойымды жас достарыма жеткізіп, оларды теңдесі жоқ Ұлы Жеңіс пен сол Жеңісті жақындатқан жауынгерлер мен ұрыс даласынан туған анасының құшағына орала алмаған қыршын боздақтарға мәңгі тағзым етуге шақырғалы отырмын. Бұл бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың қастерлі парызы! Ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен қан кешкен сол Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, барша ержүрек жауынгерлер сияқты қар жамылып, мұз жастанып, бар қиындықты көппен бірге көрген әкеміз У.Әбдірахманов қатардағы жауынгерден Жеңіс күнін жақындатуға ерекше үлес қосқан даңқты «катюшаның» бөлім командирі, әскери капитан шенінде майдан даласынан елге аман-есен «ажалсыз» оралған жандардың бірі еді. Ол 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнін өзінің «екінші туған күнім!» деп өмір бойы айтып, мерекелік дастарқан жайғызып өтті. Сол әке көңілінен мұра болып қалған сол дархан дәстүрді бүгінге дейін жоғалтпай жалғап келеміз. Қолына қару ұстаған әкеміз өзінің соғыс жолында блокададағы Ленинград пен «өлім жолы» (дорога смерти) атанған атақты Ладога көлін жау шабуылдарынан үздіксіз қорғап, Нева жағалауындағы қазығын І Петр патша қаққан тарихи қаланы азат ету жолындағы қанды майданның алғы шебінде болған қаһарман жауынгерлердің бірі. Алғашқы жауынгерлік жарақатында осы Ленинград түбіндегі кескілескен шайқастарда алғанын соғыстан кейінгі бейбіт өмірде күрсіне де құлази отырып еске алып отырушы еді. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың фашизм қоршауында қалған ленинградтық тұрғындар мен солдаттарға арнап жазған тарихи «Ленинградтық өренім» өлеңін де әкеміз алғаш рет осы қиын-қыстау соғыс жылдарында естіген екен. «Сонда Ленинград қаласының ішінде қазақ ақындық өнерінің дүлдүлі, қарт Жамбылдың жауынгерлерге рух берген жыр жолдары радио арқылы үздіксіз беріліп тұратын», деп айтып жүруші еді. Азат болған Ленинград қаласынан кейін қызыл әскер жауынгері Укаша Әбдірахманов Волхов майданы құрамында Мәскеуді азат етуге, сондай-ақ Псков қаласы мен оның айналасындағы деревняларды жаудың босатуға бағытталған шешуші шайқастардың бел ортасында болды. Ал жалынды жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген әкеміз 1944 жылы Украина майданына кіріп, одан әрі неміс фашизмінің езгісін әбден көрген Польшаны азат етуге қатысқан. Әкеміз бес жылға созылған сұрапыл соғысты І Украина және Белорусь майдандары әскери құрамаларымен бірлесе отырып, Германияда аяқтаған. Төрткүл дүниені зар еңіреткен соғыс «ұясы» Рейхстаг төбесінде желбіреген Қызыл туды көзімен көріп, аса үлкен азаппен, шексіз қиындықпен, 20 миллионнан астам адам шығынымен келген «Жеңіс» деген ұлы сөздің қадірі мен қасиетін таңдайынан тастамай кетті. Құдай маған енді «соғыс» деген сөзді естіртпесін деген арман-тілекпен өмір өткелінен өтті. Әрбір жауынгер сияқты біздің әкеміздің де ерлік жолы соғыс отын жаһанға таратқан Берлин қаласының әр көшесіне «Катюшамен» бір ай шамасында күндіз-түні оқ жаудырып жүріп аяқталған екен. Міне сондықтан да, барша адамзат баласының тарихындағы ең зұлмат соғыс атанған Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін жақындатқан әкеміз, сол соғыстан капитан шенімен қайтқан Укаша Әбдірахмановтың есінде осылайша мәңгі қалған шығар. Ұлы Отан соғысының отты жылдары көрсеткен ерліктері үшін әкеміз екі мәрте жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», «Ерен ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Москваны азат еткені үшін» сияқты көптеген наградаларға ие болған жауынгер еді. Осындай мәртебелі наградалар арасынан өлім мен өмір таразы басына шыққан шақтағы күндерін күрсіне ойлай келе «Ленинградты азат еткені үшін» медалін алақанына алып отырып, «Бұл марапаттың мен үшін орыны мен бағасы тым қымбат» деуші еді. Әкеміз үшін зеңбіректің даусы алыстай түскенімен, сол бір ауыр күндердің елесі ұмыт болмай (кейде түсіне де енген шығар), жүрегінің бір бұрышында жүргені хақ. Соғыстан оралған әкеміз текті әулеттің қызы Нәкида анамызбен отау құрып, тоғыз баланың әкесі атанып, тоғыз елмен құдалы-құдандалы болып, шаңырағымыздың шырайына айналып, немере көріп, шөбере қолынан су ішіп, өз әулетінің биік бәйтерегіне айналды. Осылайша бозторғайдай бозбала кезінде ел басына күн туған шақта өз қатарының алды болып, қолына қару алып майданға аттанған Укаша Әбдірахманов елге адам баласының басына бермейтін соғыстың қатыгез өмір мектебінен өткен, ысылған азамат ретінде оралып, туған өлкесі Сарысу елінде түрлі лауазымды қызметтер атқарып, ел ағасы биігіне көтеріліп, сүт кенжесі менің тойымда орнынан тұрып, дүйім жұртқа «Мен бақытты жанмын!» деген ойын Тәңір алдында ашық айтқан еді. Осылайша әкеміз мәңгілік серігі Нәкида анамыз бен бала-шағасы, немерелері, құда-жекжаттары мен ағайын-туыстары алдында өмір есігін жапты. Сонымен қатар қазаны оттан түспеген, төрі замандас-достарынан арылмаған әкеміз Ұлы Отан соғысына қатысқан Нармахан Тоққұлиев, Мәлік Омаров, Елемес Тоқаев, Зикен Бекенов, Тоғайбек Сейтжанов, Тұрсынбек Есенбеков, Махмұт Шоқалақов, Барақбай Ахаев, Бәйімбет Бекмағанбетов, ағайынды Дабыл және Қабыл Ажақаевтар сынды көптеген майдандас достарын аса жоғары құрметтейтінін көзіміз көрді. Тоғыз перзентін адалдық пен имандылыққа, тазалық пен мейірімге, ар-намысты биік ұстауға, білім мен өнерге тәрбиелеп, жас балапандарының қанаттарын қарт бүркіттей өзі қомдап, өз қолымен өмірдің көгілдір көгіне ұшырып кетті. Жаһандық соғыстың зарын көрсе де, ел-жұртына аман келген әкемізге топырақ табан ізі қалған Сарысудан бұйырды. Бүгінде әкеміз бен анамыздың мәңгілік мекеніне айналған атақорымда әкеміздің көптеген қарулас достары жатыр. Ал біз сонда барған сайын әрқайсының аттарын атап, Құран бағыштауды жадымыздан шығарған емеспіз... Қан майданда белін бүкпей, тізесін ірікпей кешкен отты жолы мен тіршілігіндегі биік қадірін ұрпағы мына өмірде де әкесінің кіршіксіз ақ көйлегіне дақ түсірмей, ізетін ұғып, тәрбиесіне жете мән беріп, төрдегі басын төмендетпей келеді деген ойымды ой тасасынан шығарып, бүгін бүкпесіз айтқым келіп отыр. Әрине майдан даласында өткен сол жылдар әкемізге өмір соқпағының сансыз сүрлеуіне түсуге себепкер болғаны ақиқат. Ол кісі «Менің басыма өмір көптеген сынағын берді. Қиналған кездерім де аз болған жоқ. Бірақ мен сол Алла Тағала көтереді деп берген сынақтардан абыроймен аман-есен өттім», деуші еді өткен күндерінің белді белестерін еске ала отырып. Соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі домбыраның қос ішегіндей өрілген өмір жолы, тағдыр жолы әкемізге мәртебелі де абыройлы өмір сыйлағаны оның көзін көрген кісілердің ауызынан түскен емес. Ал ол кісінің аққудың қанатындай ұшталған сұлу қаламынан туған өктем өлеңдер мен асқақ әңгімелердің басым бөлігі осы соғыс пен парасатты тәрбие сынды өзекті тақырыптарға арналуы да тегін емес шығар. Жыл сайын аудандық «Октябрь таңы» (қазіргі «Sarysu») және облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газеттеріне 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай өлеңдері мен әңгімелері суретімен бірге үзбей жарияланып тұрды. Сонымен қатар соғыстан кейінгі жылдары жазған естелік әңгімелері мен өлеңдерін Алматы қаласына арнайы барып Ұлы Отан соғысына қатысушы, ұлық есімі көзінің тірісінде-ақ ұлтымыздың мақтанышына айналған, бар қазақтың ардақ тұтқан ақыны Сырбай Мәуленовке тапсырғанын және бірін-бірі терең түсіне білген осы екі соғыс солдатының араларында үлкен сыйластықтық пен өзара құрметтің болғанын тамсана айтушы еді. Алдына қараңғысы мол түн емес, жарқыраған күн салып жүретін әкеміз Укаша Әбдірахманов анасы Зүлипаның жетегінде жүріп халқымыздың басына түскен зұлмат ашаршылық ауыздық бермей тұрған аса күрделі, оның үстіне жылы орнын тастап арқардай ауып Арқадан үдере көшкен жылдары көрген жан азабы мен жүрегіндегі соғыс жарасын қолынан тастамай өміріне серік еткен қаламымен жазған өлеңдері мен әңгімелері арқылы көпке жеткізе білді деп ойлаймын. Асыл әкеміз ақтық демі таусылғанша анасы Зүлипаның артынан ерген қарасы, туған бауыры Асқарбек екеуіне жасаған аналық қамқорлығы мен мейірімін елжірей айтып өтті. Ол осылайша анасының құрдіретіне арнап үлкен еңбек жазды. Бұл есіл ердің, парасатты ұлдың, бекзат жанның анасының құрметіне арнаған мәңгі өлмейтін рухани жан-дүниесімен беріле қойған өз ескерткіші болар... Жазған әңгімелері мен повестері, өлеңдері мен толғаулары 2010 жылы «Ана құдіреті» деген атпен жеке кітап болып шыққан еді. Ұрпағы үшін орны бөлек осы кітаптың алғы сөзін Сырбай Мәуленовтің тікелей ұсынысымен әкеміздің көзін көрген, дастархандас болып дәм-тұз бөліскен қазақтың айтулы ақыны Жарылқасын Аманов ағамыз тебірене жазған еді. Енді міне, артында қалған ұрпақтары Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мен ардақты әкеміз Укаша Әбдірахмановтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласындағы баспадан «Ұрпағыма аманат» атты 2 томдық жинағын шығарып отыр. Қалың оқырманға арналған зерделі кітапта асқар таудай әкеміздің артында қалған барлық өлеңдері мен әңгімелері енгізілді. Уақыт сәтін салса бұл жинақтарды жастарымыздың оқып-білуі және тағылым-тәрбие алуы үшін облыстық және аудандық кітапханаларға салтанатты жағдайда тапсыру ойда бар. Ал осы жинаққа алғысөзді әкеміздің бел баласындай болып, қолынан дәм жеген, әңгімелерін тыңдап өскен есімі қазақ ақындарының арасында шоқтығы биік тұратын менің етене жақын досым, ғазал оты өшпеген сұлу сөздің сүлейі Маралтай Райымбекұлының жазуы біздің әулет үшін аса мәртебе болды. Осы үш кітап бүгінде біз үшін әкемізден қалған бай мұра, таусылмас қазына, сарқылмас тәрбие мектебі, әулетіміздің бойтұмардай сақталатын қасиетті дүниелері екеніне толықтай көз жеткізіп отырмыз. Өкініштісі бала мінезді, ашық көңілді, кәусар өмірге құштар, тұла бойы тұнып тұрған мейіріммен өрнектелген әкеміз өз қолымен ақ қағаз бетіне түсірген өлеңдері мен сырлы әңгімелерінің жинақ болып шыққанын көре алмай кетті... Көз сусынын қандырып қолына ұстай алмай кетті... Кәусар арманына жете алмай кетті... Сол елі мен жерінің, Отаны мен жұртының бірлігі мен тұтастығын терең ойлай білген, көптің татулығы мен ынтымағын тілеп өткен әкеміз саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап өткен екен. Мен мұндай ойлы пікірге асыл әкемнің ғибратты өміріне көз тастап, оның жүрегінен туған өр өлеңдері мен толғанысты әңгімелерін қайта-қайта оқи отырып көз жеткіздім. Тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлы салмағы қыр асқан әкемнің жан дүниесін тербей шыққан теңіздің толқынындай өресі биік туындыларын зерделей келе, мен сөз арасынан парасат пен пайымды, оралымды ой арасынан тұнық тәрбиені, қатпар сөздерден өсиет пен үлгіні, саналы қадамынан ұрпағына деген шексіз сезімдерді көре түсем. Осыншама терең философиялық ой, зерек зергерлік, ұста сөз оның жұдырықтай жүрегіне қалай сыйды десеңізші... Қарапайымдылық пен мейірімділіктің ерекше эталонындай болған әкеміз Укаша Әбдірахмановтың осындай ордалы қасиеттері мен өнегелі өмірі, жазған жыр-өлеңдері мен әсерлі әңгімелері ел ертеңі, мемлекет келешегі, ұлт болашағы болар бүгінгі жастардың тұла бойына ұлтжандылық пен мейірімділікті, отансүйгіштік пен имандылықты сіңіруге барынша ықпал етері сөзсіз деген ойдамын. Енді міне, бақытты гүл ғұмыр кешкен әке мен шешенің арқасында өткен балалық бал-дәурен мен жасыл көрпе жастық шағымыз артта қалып, бүгінде ұрпағына сөз арнаған жүрегі нәзік, берен болмысты, көңіл сарайы мен жаны таза, пейілі мөлдір бұлақтың бастауындай, аңғалдығы мен аңқаулығы мол, кісі жолын кеспеген, алты бақан алауыздықтан бойын аулақ салған, басы артық дүниеге басын ауыртып қызықпаған, жүрегі жұмсақ, жаны жайдары, жанары ашық, иманы берік, талғампаз, жабыққан жанға шын пейілді жанашыр болып, қиянатсыз өмір кешкен жомарт жүрек Асыл Жанды іздеуіме, сағынуыма, аңсауыма, еріксіз тебірене ойлауыма қарағанда мен де өз ескегін ұстаған ердей есіліп келіп, есейіп қалғанмын-ау сірә... Бірақ, табиғатынан кетпен тұяқ тұлпардай кесек тұлға болып жаратылған ардақты әкеміз өзінің «Құс жолындай» өз тағдырындағы ішкі әлемін, жан дүниесін, жүрек түбінде қалған сырын еш баласына да ашпай кетті. Ал қуанышты шақтарын, көңілді кездерін, сауыққой мінезін ашық көрсете білсе де, қиналған сәттерін сездірмей, мұңлы көздерін көрсетпей өтті. Өйткені ол өзінің табан ізді тарлан тағдырына өзі иелік етті. Сондықтан да бүгінде әкеммен бірге өткізген сол шуақты күндердің елесі алыстаған сайын сағымдай болып құнан жүрек, құйын көңіл менің де көз алдымынан кетер емес... Жаратқан ием перзентіне туа бітті талант пен қабілет берсе, пейіл мен дария көңіл берсе қыспай, аямай, молынан бере салады-ау өзі?! Кейде әкем еске түскенде оның сегіз қырлы, бір сырлы болғаны, оның ішінде әншілігі мен аздап та болса күйшілігі, алғыр ақындығы мен қаламы қарымды жазушылығы, қызметке деген жауапкершілігі, зілсіз де әдемі әзіл-қалжыңдары, ұстамды мінезі, кісі сыртынан ғайбат айтпай, төрде отырып әділ төрелік айтар асыл қасиеттері еріксіз ойға қалдырады. Өйткені әке балаға – мәңгі таусылмас, тереңі ортаймас, биігі алдырмас, жағасы шалдырмас, шыңы мұқалмас Ұстаз ғой! Бүгінде бақ қонып, қыдыр дарыған әулетімізден тараған, әрқайсысы бір-бір отанға айналған тоғыз перзентінен отбасыларының базары мен ажарына айналған немерелері мен шөберелері көк құрақтай жайқалып өсіп келеді. Ал өткенге салауат айтып, барға қуат сұрау әрбір мұсылман баласының міндеті емес пе?! Өйткені, әкеміз Укаша мен анамыз Накиданың артында өшпес іздері, шау тартқан шақтарында айтқан ақылдары мен берген тағылымы мол тәрбиесі, есімдерін ұмытпай айта жүрер ұрпағы қалды. Олардың қайталанбас әкелік және аналық парызын толықтай өтегенін жете сезіне отырып, кіндігінен тараған ұл-қыздары бүгінде өздерінің перзентік қарыздарын өтеуге барын салып келеді. Өйткені олар біз үшін бағасы биік қамқор, мейірімі мол, шексіз тілеуқор жандар еді. Бұл өмір шындығы. Ұрпағының адал бағасы. Сондықтан да, олардың «ұрпағын жеткізем» деп еткен еңбектері мен маңдай-терлері ұмытылмайды және көзден кетсе де, көңіл терезесінен кетпейтін бейнелері біздің жадымызда мәңгі сақталары сөзсіз. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғыс және еңбек ардагері, Сарысу елінің абыз қариясына айналған, үлкені мен кішісінің қадір-құрметіне ие болған әкеміз Укаша Әбірахмановтың ғасыр тойын өткізіп, әруағына арнап ас беруді ұл-қыздары жоспарлаған еді. Бірақ оған ойсызда ортаға «сұранбай» келген, кездейсоқ жолыққан коронавирус індеті қол байлау болып қалды. Дегенмен барша халқымыз, оның ішінде біздің әулетке етене жақын ағайын-туыстар мен жекжаттар, бауырларымыз бен жора-жолдастарымыз төрткүл дүниені дүрбелеңге салған пандемиядан аман-есен болсын деп тілейміз. Бұл да халқымыздың басына түскен сынақ шығар. Бастың амандығы, туғанның есендігі, жақынның саулығы таразы басында тұрған күрделі кезеңде, ас пен той қайда кетер дейсің?! Әкем де елдің амандығы, туыстың бірлігін, бауырдың татулығын ұдайы тілеп отырушы еді. Бізде сол әке тілегі мен аманатынан аспадық. Өйткені әкей жарықтық өз ғұмырында тәрбиені төрге шығарған, кісі сыртынан ғайбат айтуды білмейтін, өтірікке жаны қас, әділдіктен аттамаған, ыза жерді баспаған, отбасында қату мінез көрсетпеген, пәк баладай сенгіш, періштедей таза әулие адам еді. Үйдің кішісі болсам да, қолында тұрған мені «сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» деп басқа перзенттерінен бөле-жара қараған емес. Бұл таудан сарқыраған суық судай емес, жылғаны қуалай аққан жылы судай асыл жанның, көлеңкесін алысқа шашқан бекзат тұлғаның бар баласын бірдей көріп, бірдей сүйген әкенің шынайы мөлдір махаббаты болар... Баланың ең кішісі, қара шаңырақтың иесі болып қалғандықтан, мен ғазиз жүректі әке-шешемнің қасында басқа перзенттерінен гөрі көптеу болдым. Еркін өскен еркелік маған сол жайсаң жандармен ағыл-тегіл ақыл-кеңес құруға, қол боста олардың көңілін көтеріп, домбыра тартып, ән айтып беруге, кейде тіпті әзілдеп, қалжыңдап отыруды да пешенеме бұйыртыпты. Бір жылы 9 мамыр Жеңіс күні мерекесі қарсаңында әкей екеуміз аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік концертке қатысып, ән айттық. Әкем соғыс жылдары көп шырқалған әскери «Белый платок»-ты, мен жас бала болсам да домбырамды қағып-қағып жіберіп Майлықожаның артында қалған атақты «Өсиет терме»-сін орындадым. Сонда әкеймен әзілдесетін бір топ кісі сыртта күтіп тұрып, «Укаша махаббат туралы, ал, баласы Қуантай өсиет туралы» ән орындады деп өте бір әсем әзіл айтқан екен. Бұл да менің тағдырыма жазылған сол жүректері жылы, жандары сұлу, пейілдері ақ моншақтай таза отбасы алыптарымен бірге өткізген ұмытылмас өркенді күндердің, шежірелі жылдардың қайталанбас белді белесі екен. Кейде жарық өмір сыйлаған олармен ішімнен сөйлесіп «Арттарыңда қалған бүгінгі үкінің баласындай ұрпақтарың Сендер салған сүрлеу жолдан шықпай, аманат-тілеулеріңмен, өсиет-өнегелеріңмен өсіп-өркендеп келеді» дегім де келеді. Сағыныштан туған көркем құбылыстың мәңгілік солай болары да хақ шығар... Атақорымда жатқан асылдарым мәңгілік ұйқыларың тыныш болсын! Алла алдарыңнан жарылқасын! Жаратушы ием сендер жасамаған жасты, көрмеген қызықтарыңды, шықпаған биіктеріңді, алмаған асуларыңды ұрпақтарың көріп, бағындырсын. Бұл қолыма тұңғыш рет қалам алған менің Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт өмір еңбеккері, өнеге мен ақылдың сұлтанындай болған жан әкем, ең бастысы гвардия капитаны, Жеңіс солдаты Укаша Әбдірахманов жайлы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі мен әкемнің ғасыр жасына толуына орай арнап жазған толғанысты және ақ қанат қарлығаштай парызды жолдарым еді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, соғыссыз заман болсын!

Қуандық ӘБДІРАХМАНОВ,ішкі істер органының ардагері