Мұзбалақ ақынмен дидарласқан мезет

0 85

1973 жылғы мамырдың 27-сі. Күн жексенбі. Сағат ондар шамасында «Алматы» қонақүйінен шығып, төмен қарай кетіп барамыз. Серігім – өз ауданымыздың тумасы, ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқитын Қанжаппар Қозыбеков. Бағытымыз – Горький көшесімен қосарласа жатқан Пастер көшесі. Екеуміз «Есік»(орысша – «Иссык») қонақүйі жанынан өте бергенде ҚазМУ-дың сол кездегі бас ғимаратының мүйісіне жетер-жетпес жерде қарсы алдымызда маңдайы кере қарыс Мұқағалидың тау тұлғасы алыстан көзге шалынды. Газет-журналға басылған суреті мен сыртынан талай көріп жүрген кісі, бірден таныдым. Қасында екі жігіт тұр. Бұрылып сәлем бердік.  

Аман-есендіктен кейін Қанжап­пар: «Ауылдан келген ағайым, облыстық газеттің меншікті тілшісі» деп, аты-жөнімді айтты. Ақынның серіктерінің бірі отыздың үстіндегі жұқалтаң келген қалың қасты, шашы «химкадан» жаңа шыққандай бұйра, жұқалтаң пысық жігіт.

Мұқаң:

– Бұл – Қытайдан кел­ген бауы­ры­мыз Төлеубек Жақыпбай­ұлы. Бұрын өлең жазатын, қазір прозаға көшті, – деп таныстырды. Аты таныс. Анда-санда мерзімді баспасөз беттерінен әңгімелерін оқитынбыз. Ол – біздің облыстық «Еңбек туы» газетінде біраз уақыт тілші болған екен.

Ақынның екінші серігі – қазаққа атағы мәшһүр актер, режиссер Шәкен Аймановтың ұлы –
Мұрат болып шықты. Ірілеу денелі сары жігіт, жасы мен құралпы. Көп сөзге жоқ, әңгімеге араласпай, өзін оқшау ұстайды. Қатар болған соң қазбалап мамандығы жайлы сұрағанда: «Кинооператор», – деп қысқа қайырды.

Мұқаң менің жай-жапсарыммен түгел қаныққаннан кейін құдды бір баяғы қиыншылық заманда  көз жазып қалған туған ағасының баласын көргендей құшағын айқара ашып: «Бауырым!»деп кеудемді апайтөсіне басты…

Біз «Есік» қонақүйі мен сол кездегі ҚазМУ-дың бас ғимараты ортасындағы аядай ғана киіз үй тақілеттес, айналасы әйнекпен қоршалған шап-шағын павильонның қасында тұрмыз. Мұнда ыстық тамақ әзірленеді. Университет асханасында кезек көп болған жағдайда осында бас сұғатынбыз.

Одан арғы әңгіме сол жерде жал­ғас­ты. Есіктен кіре бергенде оң жақта бос тұрған үстелге жайғастық. Арамыздағы ең жасымыз, әрі атқа жеңіл Қанжаппар қолды-аяққа тұрмай тамаққа тапсырыс беріп, қасық-шанышқы әкеліп, зыр жүгіріп жүр.

Мұқаң екеуміз қатар отырдық. Кере қарыс жазық  маңдайының үстіндегі ұзын кесілген сәл толқынданған қоңыр қара шашы желкесіне жетіп жығылады. Самай тұсындағы шашы төмен қарай шашырамай құлақтың үстімен бөктерлей артқа құлаған. Сонда да ақын анда-санда саусағымен салалап тарап қояды. Әжімсіз, теп-тегіс ақсарылау жүзінде сәл-пәл қызыл шырай бар. Қыр мұрынның орта тұсындағы сыртқа тепкен қыран тұмсық сынын бұзбастан ерекше айбар беріп тұр. Аясы кіші көздері де кісіге қаршығадай шүйліге қарайтындай. Аяққаптай кең кеуде өкпе тұсын керіп тұр. Аяқ-қолы да сүйекті, бұлшық еттері сыртқа тебеді. Бой-басы аса сымбатты, қараған кісінің көзі тоярлық.

Дастарқан басындағы әңгіме поэзия төңірегінде өрбіді. Сөз арасында Мұқаң маған:

– Мені қарапайым қазақ біле ме? Ақын деп тани ма?! – деп сұрақ қойды. Ақкөңіл, бала мінездес  жанның сауалы. Бірақ шын пейілі. Бетіме тесіле қарап, жауап күтіп тұр. Мен біраз ойланып қалдым.

– Мұқа, әдебиетқұмар, поэзия сүйер ортаның бәрі сізді қатты қастерлейді. Біздің ел қаймағы бұзылмаған, іргесі сөгілмеген қазақы аудан, ауыл емес, сонау түздегі өрісте жүрген малшылардың қонышынан  басқа газет-журналды былай қойғанда, қос бүктелген «Жұлдыз» журналы шығады. Менің жерлестерім өлең-жыр түгілі  роман-повестердің  майлы кемігін мүжігеннен бөлек, жіліншігін башпайына  дейін шағып, майын жұтады – дедім.

Арқалы ақын қанаттанып қалды. Мұқаңның осынау толқымалы сәтін тап басқан Қанжаппар:

– Мұқа, соңғы жазған жырыңызды оқып берсеңіз қайтеді. Қамбар ағай жұртына жеткізсін, – деп бір желпінтіп тастады. Әдетте, үнемі бабында жүрген тұлпар үстіндегі шабандоз қанша тізгін тартқанмен  шабыс тілеп тұрады. Томағасы алынбаған қыран иесі атқа қонып қансонарға шыққанда тұғырынан ұшып шығуға талпынып, ауық-ауық қанатын қағады. Мұқағали да тап сондай күйде еді. Көп  қамшы салдырмай даусын сәл қыраттап алды да,   көмекейдің арғы тұсынан шығатын сирек кезігетін саңқылдаған ашық  үнімен  өлеңді бастап кетті:

Сен мына – жанарымның ішіндесің,

Жанардың білесің ғой, кішірмесін.

Ішіне жанарыңның сақта мені,

Біреулер көлең­ке­сін түсірмесін, –
деп шамыр­қанған Мұқаң мүдіру­ді білмес төрт аяғынан тең бас­қан жорғадай тайпалаңдап берді. Алғаш­қыда кейіпкерін «жанары­ның ішіне» сыйғызса, келесі жолы «тылсым кеудесінен» ойып орын береді.Үшінші шумақта – «тілінің»ұшына, әуезді «үніне» тірейді. Ақырында ақын музасын бірде «алып басына» апаруды сұраса, енді бір сәт қатпар-қатпар «миыңа» жасыр деп қолқа салады.

Міне, бес шумақ өлең оқылып та бітті. Демімізді ішімізге тартып, тым-тырыс толқыныс үстінде отырып қалдық. Сәлден соң есімізді жинағанда авторға қол соқтық. Тіл жеткенше мақтап жатырмыз. Шынында да мақтауға татырлық туынды. Қарапайым ғана тақырыптың  шекесінен шертіп, қабырғасын қақыратып, ішіндегі майы мен мәйегін оқырманға ұсынатын ақынның белгісіз бір қырын көргендейміз. Ақын әдеттегі авторлардай лирикалық кейіпкеріне «күйдім-жандым», «айым-күнім» деген жаттанды теңеулерді үйіп-төгуден аулақ. Оның сұлулығына теңеу таппай: «Ах,ұрып!» тамсанбайды. Бүгін айтылып, ертең ұмытылып кетер бір сәттік жеңіл-желпі сезім мен құмарлық жетегіне ермей, әйел мен ер-азамат арасында сирек кезігетін баянды бақытқа бастар тұрлаулы сезім жайлы жүрек қылын шертеді. Өзінің талант тұлпарына мінгенімен мынау қу тіршілікке бейімсіз, жалғандықпен жалғыз өзі күресе-күресе шаршаған  тағдыр-талайын паш ете келе, басқаға айтылмайтын жан сырын имандай сенетін, періштедей тап-таза, нәп-нәзік жанға аманаттағысы келеді. Ақын өмірде жүрегінің жалғыз жалауын тапты ма, жаңылып жаза басты ма?! Бізге беймәлім, ол жағы бір Алла мен Мұқағалидың өзіне ғана аян.

Бұл туындыда Мұқағали махаббат тақырыбына өзгеше сипат, жаңа бір қырмен келген. Ойлары салмақты, тұжырымдары терең. Оның әр шумағының әр тармағы толғамға толы. Әр жол тиянақты сауалға жауап беріп тұр. Әне, лып-лып еткен қантамырлары арқылы шымырлап бойға тарап барады. Келесі шумақта әлгі ой синхронды  үйлесім, жарасым тапқан. Қазақтың қара өлеңіне шекпен кигізіп, халқына қайтаруды мақсат еткен ақын бұл тұста халықтың шешендік өнерінде кезігетін байырғы  риторикалық сұрау тәсілін ұтымды пайдаланған. Қойылған сұрау әр шумақтың үш жолында  қайта-қайта шегеленеді. Әр сөз қайталанған сайын басқа мағынаға ие. Алғашқы жол кейіпкерге қаратылып бірінші жақта айтылса, одан кейінгі тармақта ақын ойламаған жерден екінші жаққа ауысып, оған экспрессивтік реңк береді. Үшінші тармақта ол сыр кейіпкерге өтініш-тілек, қолқа ретінде айтылады. Ал төртіншісі алдыңғы жолдағы ойды шегемен қаққандай пысықтап, пісенделей түседі.

Әп дегеннен ақын өзінің лирикалық кейіпкеріне анау-мынау емес «Сен мына – жанарымның ішіндесің» дейді. Сүйіктісінің бейнесін жанардың ішіне сыйғызу бұрын-соңды ақындардың бірде-бірі айтпаған тың теңеу, керемет тапқырлық! Расында да қарсы алдыңдағы адамның суреті төңкеріліп жанардың қарашығында тұратынын бұрын көріп жүрген пенденің бірі де бағамдай алмаған құбылыс. Оны алғаш аңғарып, жырға қосқан  – Мұқағали.

Іле-шала, келесі жолда ақын ойла­маған жерден «жанардың білесің ғой кішірмесін» деп таңдай қақтырады. Көздің ашылып-жұмылатыны әмбеге аян. Алайда жанардың ешқашан үлкейіп-кішіреймейтінін аңғарып, пайымдаған жан сирек. Біз оны Мұқағалидың аузынан алғаш естіп, таң қалдық. Шынында да адамның жанары бір қалыптан аумайтыны аксиома екені миымызға жаңа жетті. Ақынның сұмдық аңғарымпаздығы нәтижесінде көзге айшықты сурет келеді. Жанардың кішіреймейтінін жай сөз реті келгенде айта салмай, оған «білесің ғой» деп  айқындауышты қосқанда, экспрессивтік лептегі сөйлемге алмас тасқа қыр салғаннан кейінгі көздің жауын алар жауһардай айшық берген. Қарапайым ғана сөз ақынның суреткерлігі арқасында мың құбылған гауһардай лезде жарқыл қақты. Ілкідегі ойды кейінгісі әрлендіріп, айшықтап, ажарын ашты. Кейіпкермен бірге оқырманды да иландыра, имандай ұйыта түседі.

Шамада бір сағаттан аса отырып, әдемі әңгіме-дүкен құрдық. Бағана кезіккелі бергі ойым Мұқаңмен бірге өмірлік ескерткіш болатындай суретке түсу еді. Ол кезде Алматыға қадам  басқан қазақтың бәрі дерлік ең әуелі орталықтағы «Үкімет үйі» аталатын ғимараттың алдында фотокамера объективіне ілігуді қалайтын. Онда еліміздің барша халқы құрметтейтін республикамыздың бар қаймағы Қазақстан Компартиясы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі және Министрлер Кеңесі орналасқан еді. Аумағы ажарлы гүлзар. Оның бергі жағында шағын ғана «Аққу» кафесі бар. Ол жердегі қауызда екі-үш аққу жүзіп жүреді. Келген мейманның біразы сол аққулардың жанында суретке түсуге әуес. Осы маңдағы тағы бір таңсық орын – жаңа соғылған  сол кездегі қаладағы оншақты қабатты ең биік ғимарат «Алматы» қонақ үйінің алды.

Біз орнымыздан көтеріліп, сыртқа шыға бергенде, әлгінде ғана шайдай ашық Алматының аспанын қоңырқай көшпелі бұлт торлап, табан астында нөсер құйып берді. Қолда шатыр жоқ, таса-таса іздеп, қасымыздағы «Есік» қонақүйінің маңдайша қалқасына барып паналадық.  Күн шелектеп құйып тұрғандықтан енді суретке түсу өз-өзінен бір шетке ысырылып қалды. Менің де шаруам тығыз, кететін уақытым жеткен.

Жаңбыр сәл бәсеңсіген сәтте қасымдағы жолсерігім екеуміз Мұқағали ағалармен қоштасып, тротуар бойындағы тал-дарақтың астымен төменге қарай жылдамдата жүріп кеттік.

Мына кереметті қараңыз: мен Мұқаңмен айырылысқанда болашақта мұзбалақ ақынның  атындағы көшеге бара жатқанымды сезбеппін. Тәуелсіздіктің таңы атқанда  бұрынғы Пастер көшесі М.Мақатаевтың атымен аталады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Енді ойлап тұрсам, ауа райы да арқалы ақынның аумалы-төкпелі мінезіндей құбылса керек. Мұқаңның артында нұр жауатынын, халқына жырдан түгесілмес шашу шашатынын паш еткен нышан екен.

…Сынаптай сырғыған уақыт жарық жылдамдығымен жарысып өтіп жатыр. Содан бері де 45 жылдан асып кетіпті. Қарап отырсам, ақынның ерте үзілген қысқа ғұмырындай мерзім өткен екен. Екі онжылдықтан кейін аты жаңарып, Мұқағали Мақатаев есімін алған осы көшеге жолым түсіп, табаным тисе мұзбалақ ақынмен дидарласқан сәт еріксіз еске оралады.

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,

журналист,

Тараз қаласы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.