Қожалар қазаққа жата ма?
Қожалар қазаққа жата ма?
Қожалар туралы басты негізгі шежірелік дерек «Насабнаманы» ең алғаш жазып қалдырушы ХІІІ ғасырда өмір сүрген Сафи-ад-дин Орун Қойлақы еді. Парсы тілінен аударғанда «Насаб-нама» — «шығу тегінің жазылуы» деген мағынаны білдіреді. Мұнда VІІІ-ХІІ ғғ. Қазақстан тарихы мен осы кездердегі ислам дінінің Қазақстан жеріне келуі мен таралу тарихы, яғни бұл өңірге ислам дінін таратушы қожалар мен сопылықтың пайда болуы, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан мен Сырдың төменгі ағысына дейінгі аралықтағы Қарахан билігі жөніндегі деректер баяндалған. Мұның қолжазба транскрипциясын 1992 жылы алғаш қазақ тілінде жарыққа шығарғандар Ә.Қ.Моминов пен З.Жандарбек болды. Сондай-ақ басқа да Орта Азия халықтары арасындағы қожалардың шежіресі болып табылатын «Насаб-наманың» тағы бір нұсқасын орыс тілінде жариялаған Н.Лыкошин еді. Бұл екі «Насаб-нама» нұсқасында да орта Азия мен Қазақстан территорясына ислам дінін таратушы Мұхаммед-Ханафия ұрпақтары: Әбдіжалил баб, Әбдірахим баб және Ысқақ бабтар екендігін баяндаған. Осы «баб» сөзінің мағынасын Ә.Марғұлан «ата», «әулие» мағынасында қарастырып, ислам дінін жақтаған, таратқан абыздар деп есептеген. Қ.Халиди Мұхаммед Захириддин Бабырдың, «Бабырнама» еңбегінде қожалар шежіресі жайлы мәліметтер келтірілген. Қазақстан тарихын әлеуметтік, экономикалық, тарихи этнографиялық тұрғыдан алғаш зерттеушілердің бірі Ш.Уәлиханов (1835-1865) Орта Азиялық дін басыларын тұқым қуған Мұхаммед ұрпақтары Сейттер мен қожалар, шейхтер, т.б деп атап, олардың мемлекеттік деңгейіндегі қызметтеріне жоғары баға берген. Қазақ фольклоры, этнографиясы туралы мол дерек қалдырған авторлар Ә.Диваев пен М.Ж.Көпеев «Хазіреті Ысмайыл ата» және қожалар туралы көп құнды деректер келтіреді. Қожалардың таңбасы араб әліпбиінің бірінші әрпі. Мұсылман дінінің уағыздаушысы және оның иесі саналғандықтан да олардың ұраны Алланың аты болды. Сондықтан да Аллаға сенетіндер, исламға сенетіндер, Алла мен Исламды сыйлайтындар қожаларды да сыйлады, құрметтеді, сыйынды, пір тұтты. Ауыл арасында (мысалы кіші жүз, төртқара рулы елі) бір-екі қожа болса, оларды «дін иесі», «дін таратушының ұрпағы» деп «пір» санап құрметтеген. Келе-келе қожалар жергілікті тайпалармен араласып, ру тайпа қожалары пайда бола бастады. Олар ру қожалары аталғанымен өзі шыққан тегін, әдет-ғұрпын сақтай білді Қожалар арғы ата-бабалары арабтың құрайыш тайпасының хашим руынан шыққан Мұхаммед пайғамбардың әулетіне жататын, Қазақстанға, Орта Азияға ислам дінін уағыздап, оны тарату үшін ізгі ниетпен, игі тілекпен келген, сол үшін де ел қадірлеп, әулие санаған, үш жүздің құрамына кірмесе де өздерін де қазақ деп танитын, бүгінде Республиканың бүкіл өңірінде өсіп-өніп жатқан халық. Ақсүйек тобына қазақ қоғамында сұлтандар мен хан тұқымы төрелер де жатады. Ал Орта Азия халықтарында «Ақ сүйек», «Ок суяк», «Ак сияк» атаулары тек қана ислам дінінің иелері атанған қожаларға ғана берілген. Мұхаммед ұрпақтарының генеологиясына жататын қожалар әлеуметтік статусы жағынан жалпы қазақ руларына қарағанда қазақ мемлекетінің тарихында барлық хандардың тұсында бірқатар артықшылықтар мен жеңілдіктерге ие болған. Оларға ел ішінде ерекше құрмет көрсетіледі. Қазақ хандығы кезінде қожалар сұлтандармен бір деңгейдегі әлеуметтік топ ретінде хан қазынасының пайдасына түсетін алым салықтан босатылды. Түркістанды «Қожалар қаласы» деп, Термезді «Қасиеттілер мекені» және «сақабалар қаласы», Сайрамды «Сансыз баб қаласы», ал Отырарды «Он мың әулие мекені» деп атаған. Бес арыс елдің қырық жыл әзіреті болған Сопы Әзиз Мүсірәлі қожаның арғы бабасы Керейт қожа кіші жүздің жетіру әулетінің бір аталығы болып, қазақ халқына сіңіп кеткен еді. Қазақ шежіресі бойынша Тама, Кердері, Керейт, Рамазан, Телеу, Жағалбайлы, Табын — жетіру қауымы деп аталады. Қара жерге қанат жайған кереге, шаңырақсыз, яғни, тәжісіз үй болмайды, ал шаңырақты ұстап тұратын уық ол дін. Демек, қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында діннің орны бөлек, тірісінде пір, өлгенінде ту болған қожалардың орны ерекше. «Таста тамыр жоқ, қожада бауыр жоқ» деген сөз де бар. Ол қожалар қазақ халқының трагедиясы-ұлтшылдық, жүзшілдік, рушылдық, әулетшілдік, жікшілдік, жершілдік, қаншылдық ауруларына азырақ шалдыққан дегенді білдірсе керек. Өйткені, бір ауылда қазақтың бір руының, бір тайпасының ортасында бір – ақ үй қожа болған. Оған барлық қажетті жағдайды халық жасаған, мұқтажы жоқ, құрметтен кенде болмаған. Қожалар аз халық болғандықтан өз тегін, қанын таза сақтау, жойылып кетпеу мақсатында қазақ руларының өкілдеріне қыздарын жаппай, ретсіз, жөнсіз-жосықсыз бере бермеген. Қожалар қазақтың жақсылары мен жайсаңдарына, ел басқарған абыройлы азаматтарына қыздарын берген, олардан қазақтың көптеген рулары өсіп-өнген, көктеп-көгерген. Олар өз жарларының адал, сенімді серігі, ақылшысы, сол әулеттің бірлігі мен тірлігінің темірқазығы бола білген. Қожалар үйлену мәселесін де реттеп отырған, өйткені үшінші ұрпағына дейін мәселен атасы, әкесі, баласы, яғни үш ұрпақ қазақ руының қызымен некелессе, онда оларды «қарамен араласқан қожалар» деп атаған. zhambylnews