Құмырсқаның қасиеті

26

Қасиетті Құран қиссасында құмырсқа туралы баяндалады. Сүлеймен пайғамбар әскерін жиып, бір жорыққа келе жатады. Адамдардан, жындардан, құстардан құралған қалың қол құмырсқалардың илеуі бар алқапқа жақындайды. Сол кезде бір құмырсқа әскердің келе жатқанын көреді де, қасындағыларға ескерте бастайды. Алланың қалауымен оның даусы Сүлеймен алейһиссаламға жетеді де, әскерін тежейді. Ал, «Нәміл» сүресінің (құмырсқа) 17-19 аяттарында құмырсқа туралы баяндалады. «17. Әрі Сүлейменнің жындардан, адамдардан және құстардан болған әскерлері топтарға бөлінген түрде (тізіліп) оның алдына жиналды. 18. Қашан олар құмырсқалар алқабына келгендерінде, бір аналық құмырсқа: «Ей, құмырсқалар! Илеулеріңе (тұрақтарыңа) кіріңдер. Сүлеймен және оның әскері сендерді байқамай таптап кетпесін!» деді. 19. Сонда ол (Сүлеймен) оның сөзіне жымиып күлді де: «Раббым! Сенің маған және ата-анама берген игілігің үшін шүкір етуімді әрі өзің разы болатын ізгі амалдар істеуімді көкейіме салып, нәсіп ет. Әрі мені Өз мейіріміңмен ізгі құлдарыңның арасына кіргіз» деді».  

Мына бір баянда құмырсқа туралы былайша баяндалады. Сүлеймен алейһиссалам әрі пайғамбар, әрі патша болды. Ол ел басқарып тұрғанында елдің бекзадалары, ақсүйектері патшаға сыйлық апарады. Сонда бір құмырсқа да көштен қалмай, шегірткенің жұлынған бір аяғын тістеп ханның сарайын бетке алып келеді екен. Жолай халық құмырсқадан «Қайда барасың?» деп сұрайды. Сонда құмырсқа оларға «Сүлеймен алейһиссаламға сыйлық апара жатырмын» деп жауап қайтарады. Олар құмырсқаға қарап «Көптеген ақсүйектер мен бекзадалар алуан түрлі сыйлықтар апарып жатыр, сенің шегірткеңнің аяғына кім қарайды?» дейді. Сонда құмырсқа «Олай демеңдер. Сүлеймен алейһиссаламға сыйлық әкелгендердің аттары бір тізімге жазылады, мен де өз атымды сол тізімге жаздырамын. Ол жерде кім келді, кім келмеді деп тізімге қаралады» деген екен.

Осы бір елеусіз жәндік жайлы біз кейде аса көп ойланбаймыз да. Негізінен құмырсқалар жайлы қызықты деректермен қатар аңыз-әңгімелер, көлемді шығармалар көп. Өзінен екі есе дәнді арқалаған бейнеткеш тіршілік иесінің тірлігі шынында таңданарлық. Сезім мүшелері жоғары деңгейде дамыған. Кейінгі кезде ғалымдар құмырсқаның сөйлейтіндігі жайлы айтып жүр. Расында, құмырсқаның өзіне тән тілі мен өзіне тән тіршілігі бар. Мұны жоғарыда келтірілген Құран қиссаларынан және аңыз-әңгімелерден де көруге болады. Бүгінгі күнге дейін жер бетінде құмырсқаның он мыңға жуық түрі анықталған екен. Сонымен қатар, құмырсқаның адам денсаулығына да пайдасы көп. Ғалымдар егер адамның аяғы қақсап, балтыры сыздаған жағдайда оның илеуіне аяғын салып отыруға кеңес береді. Себебі, құмырсқалар адамның бойындағы кеселді өзіне тартып алатындығымен ерекшеленеді. Құмырсқалардың денесінде жетпіс түрлі амин қышқылы мен түрлі дәрумендердің бар екендігі анықталған. Қазіргідей медицинаның дамыған ғасырында Қытай мемлекетінде құмырсқадан аса бағалы азықтық және дәрілік қасиеті бар препараттар дайындалады. Және дәрігер ғалымдар бұл препараттардың буын аурулары мен қант диабетін емдеуге, қан қысымын реттеуге әсерінің зор екендігін айтып келеді. Құмырсқалар ешқашан жұқпалы аурулармен ауырмайтындықтан, пайдалы болатын көрінеді.

Халқымызда топтанып өмір сүретін құмырсқалардың илеуін бұзуға болмайды деген ырым бар. Ғалымдардың дәлелдеуінше, құмырсқалар бір тәуліктің ішінде илеудегі отыз мыңға тарта зиянды жәндіктерді жояды екен. Бұл да әрине адамзат баласына үлкен көмек. Жалпы, құмырсқаның қанағатшылдығы, еңбекқорлығы көп айтылады. Қасиетті жәндік ретінде ұлы діни кітап Құранға да енгізілген. Ал, қазақ халқының ұғымында құмырсқа еңбектің символы болып саналады. Біздің халық тіршілік иелерінің ішіндегі құмырсқаны осы еңбекқорлығы үшін де бағалайды.

Әлем әдебиетінде қызықты тақырыптарға жүздеген шығармалар жазылды. Мысалы, құмырсқалардың тіршілігі мен тағдыры адам баласы үшін қызықты. Өзіміздің бала күнімізден естіп өскен Сүлеймен пайғамбар мен құмырсқалардың сөйлескендігі жайлы аңыздың өзі бір төбе. Әлем әдебиетінде белгілі француз жазушысы Бернард Вербердің «Құмырсқалар», «Құмырсқа күні» және «Құмырсқалар революциясы» кітаптары әлем оқырмандарының үлкен қызығушылығын тудырғаны белгілі. Француз әдебиетінің кейбір сын-ескертпелеріне қарамастан, аталған үш кітап рекордтық көрсеткішпен он миллион таралыммен Еуропа және Солтүстік Америка елдеріне тарады. Құмырсқалар өркениетін баяндаған бұл шығарма әлем оқырмандарын тамсандырды.

Мұзафар Әлімбаевтың «Құмырсқалар» дейтін өлеңі, Мұхтар Мағауиннің «Құмырсқа қырғыны» шығармасы мен Есенғали Раушановтың «Құмырсқамен дипломатия» өлеңі қазақ әдебиетінің үлкен мазмұны болып есептеледі. Құмырсқалар тақырыбы – әлемдегі ең үлкен тақырып. Құмырсқалардың құпиясы мен қасиеті жылдан жылға ашылып, артықшылығы дәлелденіп келеді.

 

Хамит Есаман