Сүйіктісі үшін Сібірге жаяу барған Сәндібала
Сүйіктісі үшін Сібірге жаяу барған Сәндібала
Қазақ тарихында аты жер жарған батыр әйелдер көп болған. Сонау Тұмар-Томирис патшадан бастап санасақ жетерлік. Екінші дүниежүзілік соғыста үлкен ерлік көрсетіп, батыр атанған сұрмергендеріміз, қос қарлығашымыз – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бір төбе. Демократия заманында ұшқыш Хиуаз Доспанова есімін естіп-білдік. Орта Азия халықтарының және Кавказ ұлттарының ішінде бұл соғыста батыр атанған қыздар жоқ. Осының өзі біздің қазақтардың өте жауынгер болғандығын дәлелдейді. Аты аңызға айналған қаһармандарымыз Бауыржан Момышұлы дивизияда Әлия Молдағұлованы алғаш көргенде, оның нәзік түріне, үлкен размерлі киімдеріне қарап: «Марш асханаға бар!» деп әмір еткенде, Әлия: «Мен асханада жұмыс істеу үшін келгенім жоқ. Соғысуға келдім!» дейді қасқайып.
Баукең оның винтовкасын алып тексергенде, онда «Лучшему стрелку ЦК ВЛКСМ» деген жазуды көріп таңқалады. Былтыр Әлия оқыған Санкт-Петербургтегі №40 мектеп жанынан снайпер-мергенге арнап ескерткіш қойылды. «Ер есімі – ел есінде» деген осы.
Атақты хан Кенесары орыс әскерлерін Ақмола шайқасында Ресейдің ағзам патшасы «Қазақ даласында енді хандық билік жоқ. Аға сұлтан қызметі-лауазымын енгіздім» деп Кенесарыны биліксіз қалдырған. Хан Кене ашуға басып, жан-жақтан әскер жиып, орыстарға қарсы күрес жүргізеді. Қырғыздарға енді бірігейік, Қоқанды да жеңеміз деп сөз салады. Торғай даласынан атты әскерлер келіп қосылады. Олардың ішінде Иман батыр да бар еді, ол кісі Аманкелді Имановтың атасы болатын. Әскерлер отбасын, мал-жайын Шу өңірінде қалдырады. Ол кезде Әулиеата уезі, Аша болысы, Жетінші ауыл деп аталған. Қазіргі Аманкелді-Алға ауылы еді.
Сол отыз үйлі қыпшақтардың қыздарының бірі - бойжеткен Ақбөпе, екіншісі - тұлымы желбіреген сұлу Сәндібала еді. Сәндібала бойжеткен кезде оған ғашық болғандар көбейе бастайды. Соның бірі – Жаныс-Қапал жігіті Солтыбай Тұрғанұлы екен. Оның бәйбішеден екі ұл, бір қызы қалған. Екеуі қосылғанда олардан бір қыз бала өмірге келеді, бірақ көп ұзамай қайтыс болады.
Солтыбай ел ісіне араласқан, жігерлі, көзі ашық, елдегі даулы мәселелерді әділ шешіп отыратын, беделді адам болған. Дұшпандары оған өтірік жала жауып, Сібірге айдатып, соттатып жібереді. Қапалдар сонау Төле бидегі кіндік қаны тамған Жайсанда (Кербұлақта) тұрған. Жаныстар Қазығұртқа жаппай көшкенде отыз шақты қапалдар осында қалып қойған. Себебі, сонау ерте кезде Қапал жетім қалады. Жаныстың ағасы Сиқым оны тәрбиелеп, асырап-баққан. Сондықтан олар өздерін «сиқымбыз» дейтін. Шежіреде Дулаттың ең үлкен ұлы Сиқым аға баласы делінеді. Атақты Сәмбет Бармақ ақын өз өлеңінде:
«Сиқым үлкен Дулатта,
Аға деп оны санайды.
Айтары бізге бар ма деп,
Аузына оның қарайды» деп өсиет айтып кеткен.
Осы Қапалдардың ішінде Солтыбай ерекше көзге түсіп, белсенді болғандығы көпке жақпай, жаламен он жыл отырып келеді. Солтыбайды он жылға соттаған соң, сонау Сібірге айдатып жіберетінін білген Сәндібала күйеуінсіз өмір сүре алмайтынын, енді оны басқа біреулер қатындыққа алатынын біліп, не де болса құдай қосқан күйеуімен бірге болуға бел буады. Бұл - 1903 жыл екен. Солтыбайды аттылар алдына салып, айдап әкетіп барады. Ал Сәндібала болса онымен бірге өлетінін, болмаса өз қолымен арулап жуып, жерлеп, қайта оралатынын айтып, елімен қоштасып, буынып-түйініп, айдауда кетіп бара жатқан ерінің соңынан кетеді. Айдаушы солдаттар оны «қал» деп мылтықтарымен қорқытып (басынан асыра оқ атып) әуре болады. Қайсар әйел айтқанынан қайтпай жүре береді, жүре береді. Ұзақ жүргеннен табаны ойылады, өз әбден азып-тозып, жүдейді. Айдаушылардың енді оның қалмайтынына көзі жеткен соң, олар өздерінің кір-қоңын, іш киімдерін жуғызып, өздеріне тамақ дайындатады.
Сөйтіп, төрт мың шақырымдай жаяу жүріп, Лена өзенінің бойындағы алтын шығаратын кен орнына жетеді. Бұл Иркутск қаласының маңы екен. Түрмеде жұмысқа және көлікке пайдаланатын біраз жылқы бар екен. Соның бірі құлындайды. Сәндібала апамыз биені сауып, қымызды бабына келтіріп, абақты басшыларына жағады. Содан соң түрмеде аспазшы болады. Нан пісіргенде «қазан жаппа» әдісімен дайындайды. Ол олардың «буханка» нанындай емес, дәмді, тәтті болып шығады.
Орыс лексиконында «декабристер» деген сөз бар. Енді соған тоқталайық. Ресейде 1826 жылы декабрь айында ағзам патша Александр І-ді өлтірмекші болған революционерлер: Пестель, Рылеев, Каховский, Сергей Муравьев-Апостель және Бестужев-Рюминді Санкт-Петербургте дарға асты. Тағы да 24 адам Сібірге каторгіге жер аударылады. Оларды халық «декабристер» деп атап кетті. Бұл каторгіде ең көп өмірін өткізгендер, ұлы көсемдер В.И.Ленин мен И.В.Сталин еді. Олар 20 жыл бойы ағзам патшаны құлатпақ болып, халықты үгіттеді, насихаттады.
В.И.Ленин сол айдауда болғанда артынан өзі сүйетін қызы Надежда Крупская анасымен бірге барып, сонда қалып қойған. Надяның шешесі «мынау қызымның жасауы» деп екі үлкен қап кітаптарды сыйға тартқан.
1949 жылы И.В.Сталин 70 жасқа толғанда, оған сол кездегі КСРО-ның Ішкі істер министрі Л.П.Берия Сібірдегі алтын қазушы «сотталғандар тауып алған 9 кг «самородок» сары алтынды сыйға әкеліп берген. Сталин алтынды көріп қызықтамай-ақ «госхранениеге» қоймаға тапсыртқан. Адалдық деп осыны айт!
Кенесары хан туралы жазылған деректер көп. Соның бірін Жамбыл айтқан. Онда «Кенесары мен Наурызбай заманында жаннан асқан ерлер болды, қазақты орысқа бермеймін деп соғысты. Олар таланған елді қорғаймын деп, қасына мың сан батыр қол ертіп жүрді. Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді?! Ол етектен алған иттерден жеңілді ғой» депті. Қырғыздармен шешуші шайқасқа Кенесарының жиырма мыңнан астам әскері дайын еді. Сол түні Сыпатай мен Рүстем төре әскердің 16 мың қолын яғни Ботбай мен Шымырларды соғыстан алып кетті. Қалған төрт мың әскер жаныстар, сиқымдар, сарыүйсіндер тас-талқаны шығып жеңілді. Кенесары мен Наурызбай қолға түсіп, өлтіріледі.
Орыстың патшасы Кенесарының басын әкелген қырғызға 300 мың рубль ақшасын аямады. Сөйтіп, Ұлт-азаттық күрестің басшысы өлтіріліп, жеңіліспен аяқталды. Кейін Найман Досеттің Тәнекей деген батыры Кенесарының өшін алуға 200 мың қолмен келіп, Кенесарыны өлтірген қырғыздарды азаптап өлтіріп, бірнешеуін тұтқындаған. Тәнекей батырдың күмбезі - Қапал-Арасанда тұр (Ә.Хасенов «Қақ тарихының 5000 жылдық тойы»). Қырғыздар жеңілген соң Ағыбай батыр Арқада әскер жиып, Кенесарының өшін алуға келіп, Ботпайларды шапқан («Сыпатай батыр» – Б.Әбілдаұлы).
Сәндібала апамыз Сібірден келген соң, Шуда тілмаш-аудармашы болып қызмет атқарған. Орысшаны жетік білген, ол кісіні «заңқой апа» деп кеткен. Орыс декабристерін Сібірге каторгіге әйелдері іздеп барған. Ақсүйектерде ақшасы, алтын, гауһар тастары бар олар сол дүниенің арқасында бекеттен бекетке жеткізілді. Ал Сәндібала апамыз жаяу жүрудің арқасында зорға, қорлыққа көнді. Солдаттардың шұлғауларын, іш киімдерін жуып, адам көрмеген азапты басынан кешті. Бұл тек қазақ әйеліне тән жанкештілік, батылдық кегі.
Солтыбай мен Сәндібала он жылын өтеп, елге аман-есен келеді. Солтыбай ақсақалдың денсаулығы нашарлап 1918 жылы 63 жасында қайтыс болады. Олардан бір ұл Балмағанбет деген тұяқ қалған, одан Зиба деген қыз болған. Ол кісі ауданның Шоқпар ауылында тұрған, шешесіне тартқан бірбеткей өжет болыпты. Көптеген әйелдерді естіп, біліп жатырмыз. Аз мерзімге сотталған күйеулерін күтпей, басқа байға тиіп жатады. Сәндібала апамыз бүкіл қазақ әйелдеріне үлгі болуы керек. Күйеуін шын сүйген адал бейнесі көз алдымызда елестейді. Батыста бұл туралы том-том кітаптар жазылар еді. Көптеген кинофильмдер түсіріліп, ескерткіш қойылар еді. Сәндібала апамыздың атын әспеттеп көше берер еді...
Сәрсебай ҚАЛИҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.