Сарысудағы тоқсан жыл бұрынғы зобалаң
Сарысудағы тоқсан жыл бұрынғы зобалаң
Қазақ жерінде Сталиннің «теориялық негіздеуімен», оның осындағы сенімді өкілі Ф.Голощекиннің тікелей басшылығымен жүргізілген қатыгез саясаты – ұжымдастыру Әулиеата жерін де дүрліктірді.
Сонау сақтардың, көк түріктер дәуірінің жұрнағы – асау да тарпаң қазақ халқының басына тұңғыш рет бұғалық түскеннен бері үш жүзден астам ұлт-азаттық көтерілісі болған екен. Әсіресе ХХ ғасыр ширегіндегі «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ел арасында мақал болып тараған саясаттан, «қайдан тапсаң, онан тап – қаптың түбін қақ» деген асыра сілтеудің ұрда-жық бұйрығынан әбден титықтаған қазақ елі жаппай бас көтерді. Батпаққара мен Маңғыстау түбегіндегі адай жұртының, Қызылқұм мен Қарақұм, Шыңғыстау мен Шұбартау, Жетісу, Созақ пен Сарысу сияқты басқа да өңірлердегі халық көтерілістері соның дәлелі. Тарихи анықтамадағы айғақтарға сүйенсек, бұл көтерілістің басты себебі – аштық пен тәркілеу науқанының әділетсіз жүргізілуінен туындаған халықтың Кеңес өкіметіне деген жаппай наразылығы екеніне көз жеткіземіз. Әрине біз қазақ халқының мойнына тағылған бодандықтың қамытын шешіп тастауға талпынған ұлт-азаттық бұлқыныстарын бір ғана шағын мақалаға сыйдыра алмасымыз анық. Әйтсе де сол кездегі Сырдария округінің Сарысу ауданындағы бодандыққа қарсы халық наразылығының тарихын қалың оқырманның назарына ұсына кетуді жөн көрдік. Дәл осы Созақ, Сарысу көтерілістері туралы белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков: «Бұл халық толқуларына тарих қандай баға берді? Оның сипаты, мақсаты қандай? Қозғаушы күштері кімдер? – деген тәрізді шым-шытырық сұрақтар қазіргі тарихшыларды мазалап отыр. Бұл көтеріліс туралы шындықтан жас ұрпақ әлі күнге дейін хабарсыз. Өйткені оның объективті де шынайы тарихы әлі толық жазылған жоқ» дейді. Расында да бұл тарихи оқиға туралы көптеген жас ұрпақ осы уақытқа дейін хабарсыз болуы мүмкін. Ендеше тарихшы Т.Омарбековтің еңбектеріне сүйенер болсақ, Созақ, Сарысу көтерілістері 1930 жылы басталған. Көтерілістің басты ошағы – тама руының ауылдары орналасқан Сарысу ауданы болды. Ал енді көтерілісті басқарған, «ОГПУ»-дің (Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма) құжаттарында хан деп жүргені тама руының еті тірі, сол кездің өзінде 60-тың үстіне шыққан Сұлтанбек Шонақов деген азамат. Жергілікті халықты көтеріліске итермелеген себептердің бірі – партия комитеттері жанынан құрылған, бай-кулактарды тап ретінде жойып жіберуді мақсат еткен шолақ белсенділердің қатал әрекеттері. Осы тәркілеу науқанында басқалардан тартып алынған әртүрлі дүние-мүліктерді өкімет адамдарының өздерінің емін-еркін иемденіп алуы, шолақ белсенділердің жас қыздарды айуандықпен зорлап кетуі, жұрт жиналатын, әсіресе, мешіттер мен базарларды жаппай жауып тастауы, мешіттерді ұжымшар малын қамайтын мал қораларына айналдырып жіберуі, үй басына жүн өткізу жоспарларын бекітіп қоюы жергілікті жерлердегі өкімет органдарының жүгенсіздігі мен оспадар әрекеттері қалың бұқараның қанын қайнатып, шыдамын тауысты. Кеңестік тоңмойын шолақ белсенділердің осындай қорлығына шыдай алмаған Сарысу өңіріндегі тама руының азаматтары жаппай атқа қонуға мәжбүр болды. Ауыл жігіттерінен құралған көтерілісшілер бастапқыда Сарысу ауданының орталығы Кентаралды бағындырмақ болған. Алайда кеңестік органдар Кентаралды қорғайтын 200 адамдық отряд ұйымдастырып үлгергендіктен, бұл мүмкін болмай қалған. Деректерге сүйенер болсақ бұл оқиға 1930 жылдың 11 ақпанында болғанын байқаймыз. Зерттеуші-жазушы Б.Қойшыбаев өзінің «Тараз, Жамбыл облысы» энциклопедиясына жазған Сарысу көтерілісіне байланысты мақаласында 1930 жылғы көтеріліс бастауларын және себептерін 1928 жылғы байларды кәмпескелеу саясатынан орынды іздестіреді. Тарихи фактілер Қазақстанда халық көтерілістері болған басқа аудандар тәрізді Сарысу өңірінде де кәмпескелеу саясатының аса қатал болғанын көрсетеді. Мәселен Сарысу өңірінде дәстүрлі шаруашылықты жүргізудің үлгісін көрсеткен ағайынды Кәку және Өксікбай Арғынбаев, Төлебек Жәнібеков, Жүсіп Ықыласов, Ақберген Кеңкөзов, ағайынды Әуелбек және Иманбек Қожатаев, Әліп Құнанов, Сыздық Өтешиев тәрізді ауқаттылардың қожалықтары осы кәмпеске науқанында тәркіленді. Негізінен мал шаруашылығымен ғана күн көріп отырған өлке үшін дәстүрлі шаруашылықты күйрету аса ауыр ахуал қалыптастырды. Жұрт аштыққа ұшырап, өлім көбейе түсті. Мысалы жоғарыдан осында уәкіл болып келген мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов Сарысу ауданындағы ахуал туралы: «Ауылдарды аралаған кезімде, мен ондаған күн бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім. Бұл жағынан, тірі қалған әйелдер мен жас балаларға ешкім көмек көрсетпейді. Таңданарлықтай болса да, әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғалары түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды және жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өнделген аң терілері де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім. Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, терісін алу үшін атылған иттердің қалған өлекселеріне бара жатыр екен. №5 ауылда тамақтанбаудан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді» деп жазды. Міне осындай жағдайдан кейін 1930 жылдың қаңтарында Сарысу және оған көрші Талас аудандарында кеңестік озбыр саясатқа қарсы халықтық іс-әрекеттер бой көрсете бастады. Тіпті жазалаушы отрядтармен бетпе-бет қақтығысқа барып, тұтқындағы біраз азаматтарды босатып алып, Талас кантонының атқару комитетінің төрағасы мен жергілікті белсенділерді қазаға ұшыратты. Осы жағдайдан соң көтерілісті жою шараларына саяси мән беріле бастайды. Әулиеатадан 23 наурызда кадрлық ротаның 27 атқышы, Қазақ ұлттық дивизионы және милиция отряды келіп, жазалау операцияларын жүргізеді. Дер кезінде келіп жеткен жазалаушы отрядтар Сарысу және Таластағы көтерілістердің адымын аштырмады. Көтерісшілер аямай жаншылып, талқандалды. Бас көтерген азаматтар жаппай атылып, атылғаннан аман қалғандары абақтыға жабылды. Бір ғана Сарысудағы түрмеге 100 адам қамалған. Бір өкініштісі кеңестік өкімет органдары Сарысу наразылығын басқа да көтерілістер тәрізді «ұлтшыл бандиттердің» әрекеті ретінде біржақты бағалап, жергілікті жерлерде қуғын-сүргінді өршітіп жіберді. Ал мұның өзі аудандағы онсыз да нашар ахуалды тіптен ауырлата түсті. Мұны біз уәкіл О.Жандосовтың мәліметтеріне сүйеніп, 1933 жылы 9 наурызда И.Сталинге жазған Т.Рысқұловтың хатынан айқын аңғара аламыз. Міне Сарысу мен Талас көтерілісшілері тағдырының қайғылы салдарлары осындай. Осыдан 90 жыл бұрын қасіретті ахуалдың алдын алуға бағытталған Сарысу қазақтарының наразылық әрекеттері осылайша сәтсіздікке ұшыраған екен.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, облыстық тарихи-өлкетану музейі «Бауыржантану» орталығының ғылыми қызметкері