Сұмқайттыдағы сұрапыл, Құлжабасыдағы қанды қорған

0 144

Мылқау тарих бәрін көрген. Бәрін де біледі. Көпке сырын айта да бермейді. Алайда ол ұлан-ғайыр ұлы даладағы даналар парасаты мен бабалардың ерлігіне, ел өмірнамасының шындығына жалғыз куәгер. Жебе түскен жерден жусан, қылыш қадалған қырынан қарағай өсіп-өнген марлан дала бүгінгі береке-бірлігіміздің, талпыныс, тірлігіміздің атадан қалған аманат бойтұмары екені айтпасақ та белгілі. Сол аманаттың жолын бабалар рухы күзетіп жүргенін де ұмытпағанымыз абзал. Сонымен, бұл даладан аналардың көз жасын көлдей еткен, бабалардың қаны теңіздей төгілген шайқастар аз болған жоқ. Соның айтуға ауыз бармайтын ең ірілерінің бірі – Аңырақай шайқасы. Атының өзі азаптың қасіретті бейнесін еріксіз елестетеді. Жамыраған ел, қаңыраған үй, аңыраған жау… Міне, сол шайқастың бастауы осы біздің Әулиеата топырағында орын алған болатын. 

Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылының құмды беткейінде, күрежолдың төменгі жағындағы құм жиегіне жақын жерде Топағаш жері бар. Бұл жерді халық «Әулие Топағаш» деп те атайды. Тұтас бір гектар жерді алып жатқан ағаштардың өзіндік тарихы да қалыптасқан. Халық аңызында «Әулие Топағаш» тарихы сонау 1400 жылдардан басталады екен. Аңыздарда Мақтым Ағзам Қожаның немересі Нүриланың, тарихтағы әйгілі Домалақ ененің өрмек тоқыған жері делінеді. Біздің айтпағымыз, сол Топағаш маңындағы Сұмқайтты жеріне байланысты. Мәселен, 1726 жылдары Болат ханның тұсында атақты Бөгенбай батыр үш жүздің басын құрап, Әбілқайыр бас сарбаз атанып, осы Топағаштың тұсында жаудың бетін қайтарған деседі. Сондықтан да бұл жер Сұмқайтты аталып кеткен екен. Бұл жерде де талай батырлар мен баһадүрлер ел мен жер тағдыры үшін құрбандыққа барған. Сұмқайтты жазығы бүгінгі Т.Рысқұлов ауданының Тереңөзек ауылдық округі, мына тұсы Өрнек ауылдық округінің Бірлес, Жарлысу елді мекендері, күнгей жағы Юбилейное ауылына дейін қамтып жатқан үлкен жазық дала. Оңтүстігі халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінен бастап, солтүстігі Мойынқұм ауданының Қызылқұмына дейін барады. Нақ осы жер Әбілқайыр даласы, Сұмқайтты жазығы деп аталады. Әбілқайыр даласындағы Сұмқайтты деп аталатын жазықты алқап Т.Рысқұлов ауданының орталығы – Құлан ауылынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Сұмқайтты даласын 1926 жылы көрнекті Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаев Шу-Талас өзендерінің аралығында зерттеу жүргізу барысында анықтаған деген деректер де сақталған. Сонымен қатар Әлкей Марғұлан, Манаш Қозыбаев сияқты ғалымдар да Сұмқайтты даласын зерттеуге елеулі үлес қосқан. Тіпті кезінде тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеп, археологиялық зерттеулер барысында сол жерден сарбаздардың қару-жарағы және ер-тұрмандар, түрлі саймандары көптеп табылған дейді. Жалпы Сұмқайтты жазығы туралы деректер көп сақталмаған. Жергілікті халық жаугершілік кезінде «Жаудың беті, сұмның беті қайтты» деп Сұмқайтты атап кетіпті» дейді. Ал тарихшылар бұл жерде 1723, 1724, 1725 жылдары қазақ пен жоңғардың арасында аса ірі қақтығыс болғанын айтып жүр. «1720 жылдың соңында Әбілқайыр осы жерде болған жоңғарларға қарсы соғыста қазақ жасақтарын басқарған және өзенге жақын қалың бұталы, шөбі шүйгін жерді таңдап тұрақтаған дейді. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастаған үш жүздің жасақтары жоңғарларға қарсы қиян-кескі соғыс жүргізген. Кішігірім өзеннің көне арнасының маңында болған қантөгіс ұрыста қазақ батырлары жоңғарлардың шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, оларды өз жеріне қарай қайтуына мәжбүр етті. Ұрыс болған жер ел аузында «Сұмқайтты», яғни қатыгез жаудың беті қайтты деп атала бастады», дейді «Руханият және тарихтану орталығы» КММ-ның директоры, тарихшы Сауран Қалиев. Ел өміріндегі осы кезең туралы көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» романында «Үш жүздің әскері жауымен алғашқы рет Балқаш көлінің күнгейіндегі Алакөлдің тұсындағы Хан тауы деген жерде кездесті. Үлкен Орда ханы Болат пен бар қазақ әскерін басқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр үлкен жеңіске жетті. Шұно-Дабо басқарған қалың жоңғар жеңіліп, Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашты. Бұл жеңісті қазақ жұрты жоңғарлар аңыраған «Аңырақай жеңісі» деп атады. Алакөл жағасындағы ұрыс болған жерде қырқа, белес, асуларға «Әбілқайыр», «Сұмқайтты» болып өзгерген ат қойды», деп суреттейді. Қазақ тарихындағы әйгілі Аңырақай шайқасының бастау алған жері осы Сұмқайтты жазығы деген деректер де негізсіз емес. Қалың қазақ қолы жабыла жоңғарларға тойтарыс берген жерінің де Сұмқайтты екені жазылған. Қасап қырғын шиеленісіп, бүгінгі Т.Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылының маңы мен Меркі ауданының шекарасындағы Ойранды жазығында да болған дейді. Ақыры бұл шешуші шайқас Аңырақай шайқасына ұласқан. Бүгінгі Аңырақай даласы Жамбыл облысының Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарының аумағы мен Алматы облысының Іле, Жамбыл, Қарасай аудандарының аумағын қамтиды. Осынау ұлан-ғайыр далада да талай ұлы сырлардың сүйегі жатқаны ақиқат. Жалпы адамдар Сұмқайтты жазығына біздің заманымызға дейінгі
ІІ ғасырдан бастап қоныстанған деген деректер бар. Себебі алып даладан ежелгі қорымдарды, обаларды көптеп кездестіруге болады. Және мұнда тарихшылардың зерттеуінше VI-IX ғасыр аралығында өмір сүрген түркілердің ғибадат орындары мен түрлі балбал тастар да көп. Сонымен қатар мұнда бертінге дейін көптеген елді мекендердің де болғанын кезінде Каллаур, Лерх сияқты зерттеушілер жазып қалдырған. Мәселен, Сұмқайтты жазығында Мыңмола, Мыңшейіт деген атаулар әлі күнге дейін бар. Ел аузындағы Каллаур жазып алған деректерге сүйенсек, жоңғар шапқыншылығы кезінде шейіт болған қазақ әскерлерін Әбілқайыр осы жерде жерлеген. Сауран Қалиев 1899 жылы жазып алынған бұл деректердің Түркістан әуесқойлар үйірмесінің хаттамасында да сақтаулы тұрғанын айтады. «Сұмқайтты даласы әлі күнге дейін терең зерттелген жоқ. Мәселен, мұнда ХІХ ғасырдың аяғында, ХХ ғасырдың басында Мыңмола деген елді мекен болған. Осы жазықтағы Топағаш тарихы өз алдына. Жалпы, Сұмқайтты жазығы мен Ойранды жазығы қатар аталады. Сол Ойранды жазығына Сәмен батыр қол бастап келіп, жоңғарларға қарсы соғысқан деген деректер де бар. Сұмқайтты, Ойранды шайқасы, одан кейінгі бүгінгі Шу ауданының аумағының Шоқпар стансасы төңірегіндегі Құлжабасы даласында сабақтасып келіп, атақты Аңырақай шайқасына ұласады», дейді Сауран Қалиев. Сонымен қатар ол Сұмқайтты жазығы кезінде Ұлы Жібек жолының бойында болғанын, бұл жерде Күлшіп, Жүлшіп деген елді мекендердің де болғанын алға тартады. Тарихтан белгілі, VI-ХІІІ ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойында керуенсарайлары болған. Сауда керуендері Күлшіп, Жүлшіп және Құлан қалашығы арасында қатынаған. Ал Каллаур кезінде Күлшіп елді мекенінің Кеуілшөп болуы да мүмкін екенін жазған екен. Себебі мұнда төрт түлік малдың жұмсақ азығы Кеуілшөп деген шөп өседі. Ал бір кездегі Жүлшіп елді мекенінің орны қазіргі Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылының маңында жатыр.

– Ес бiлiп, 16-17 жасқа келген менiң есiмде қалғаны төмендегiдей: Ұлы жүздiң қолы осы Қордай разъезiнiң тұсындағы «Құлжабасы» атты шоқыда жиналса керек. «Құлжабасы» шоқысы –
сол тау сiлемдерiнiң iшiнде дараланып тұрған ең биiгi. Ол шоқының солтүстiк-шығысынан ғана биiкке салт атпен шығуға болады, қалған жағы тiке тасты, жартасты болып келедi. Оңтүстiк күнгей жағында ұзындығы 400-600 метрдей, биiктiгi 1 метрге жуық тастан қаланған қорған бар болатын. Әрине, мұндай қорғанды көп адамның қалағаны ақиқат. Құлжабасы шоқысын ел арасында “Құлжабасы қу шоқы” деп те атайды. Құлжабасы шоқысында кезiнде арқар, құлжа көп болса керек. Таңсәріден аңға шыққан мергенге шығып келе жатқан күнмен сұлу сымбатты болып әдейі орнатқан тұғырдай көрінген арқардың құлжасы өте әдемі көрінеді. «Бұл арқардың киелісі-ау» деп құралайды көзге атқан садақшы кезеген жебесін қайтадан қорамсағына салып, кері қайтқан екен деседі. Бұл биiктен асқан жердi жергiлiктi халық Ақмола, Қарой, Сарбастау шығысы Жарбастау, Қарабастау, Ақдолы, Долаңғара деп атайды. Осы үлкен шоқыдан солтүстiк батысқа қарай жер аттары Еспе, Сарабан, Желтөбе, Сорқұдық, Бетқайнар, Алтынқазған, Райсай болып келедi. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының “Түп-тұқияннан өзiме шейiн” атты кiтабындағы жер аттары бала күнiмде қариялардан естiген әңгiмелердегi жер аттарымен дәлме-дәл келетiндiгi. Мәселен, 265-бетте “Құлжабасы мен Далатау-Аңырақайдағы ұрыс осылай тәмамдалды. Бұл бүкiл қазақ елiнiң жеңiсi едi, бiржола бiтетiн соғыстың бетiн-жеңiсiн бiздiң күйiмiзге шешкен ұрыс болатын” делiнген. Ал 262-бетте: “Қалмақтарды Далатаудың шығысына қуып келгенде, төрт мың қолдың Еспе өзенiне таяу жердегі Қарабастаудың батысында орналасып алғанын байқадық. Осы жерде қалмақтардың бiздiң салған ұрысымыздан аздап үлгi алғанын аңғардық. Мен бұларға шабуылға баруға тыйым салдым. Олардың үш мыңдай әскерiн iлгерi жiберiп, iлгерi Сарбастауда да бекiнiс жасалғанынан хабардар болдым” деп жазылған. Аңырақай шайқасы өткен жер ауқымды. Шығысы Алматы облысынан бастап, батысы Шу ауданынан ары асады. Көптеген дерек көздеріне сүйенсек, ұлт-азаттық соғыс қырық төрт күнге созылады. Осы қасиетті «Құлжабасы» шоқысы Аңырақай шайқасының темірқазығы деуге болады, –
депті өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жандарбек Қарабасов.

Сондай-ақ ол осы Қордай ауданының аймағында, яғни Отар стансасы мен Шоқпар стансасының аралығындағы «Қордай» разъезінің оңтүстігінде 15-20 шақырымдай қашықтықта тау сілемдерінің арасынан дараланып менмұндалап тұрған  «Құлжабасы» туралы аңыздарды да ақиқатпен байланыстырады.

– «Құлжабасы» шоқысы «Аңырақай шайқасы» кезінде сардарлар мен сарбаздарға тірек болса керек, бұл стратегиялық маңызды биік шоқыны иемдену үшін екі арада кескілескен ұрыс болады. «Құлжабасы» биіктен ұрыс даласын бақылауға өте ыңғайлы шоқы. Құлжабасының биігіне жауды бақылауға Төле би мен Қазыбек би кеңесе келе, ақылды жас сарбаздардың бірін қояды, ал қарама-қарсы бағытта Сарбастаудағы «Доржы» биігінде қалмақтың адамы отырады. Екеуі екі күн аңдысады. Үшінші күн таңертең қазақтың сарбазы сардарына жүгініп:

«Осы шоқының басынан өгіздің терісін ағашқа керіп, қанат жасап төмен қарай ұшайын, алыстан көрген жоңғарлар мені көріп зәре-құты кетіп, алды-арттарына қарамай қашсын», деп өтініш айтады. Сардар: «Құласаң мерт боласың, райыңнан қайт», дейді. Қолбасшының тілін алмаған ол алып қарақұстың қанатындай өгіздің терісінен қанат жасап, қолына бір қарын айранды қоса алып, Қарашоқының биігінен төмен қарай ұшады, ұша бере қарынды жарып, ішіндегі айранды төгіп жібереді. Көп ұзамай құзға соқтығысқан қазақ сарбазы мерт болады. Қарама-қарсы «Доржы» биігінде жан-жағына қарап шолу жасап отырған қалмақ сарбазы қайта-қайта көзін уқалап: «Екі күн бойы адам деп отырғаным алып қара құс болды-ау, саңғыт жасап кетті ғой, әттеген-ай, қазақтардың әруағы басым болды, жеткен жеріміз осы болды», деп өкінген екен. Сөйтіп, соғыста қазақ қолы жеңіске жетеді, – депті өлкетанушы.

Жалпы ұлы шайқас осылай басталған еді. Ал Аңырақай жеңісі тәуелсіздікті аңсаған қазақ елінің тұтастығын сақтап қала алатындығын сол кезде де айқын дәлелдеді. Орыс зерттеушілерінің деректеріне сүйенсек, 1723-25 жылдары үш жүзден 40  мыңдай әскер шайқасқа шығады. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр жүзеге асырады. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, бұл қолдың құрамындағы Дулат тайпасының әр руының қолын Сиқым Қарабатыр, Жаныс Өтеген, Ботбай Сәмен, Шымыр Қойгелді, Ошақты Саңырық, Ысты Төлек, Шапырашты Қазыбек бек, Албан Хангелді батырлар бастаған. Орта жүз қолын Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек, Қыпшақ Тілеулі, Қаракерей Қабанбай, Абақ Керей Жауғашар (Шақантай), ал Кіші жүз қолын Тама Есет, Шекті Тайлақ батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсеткен. Қазақ садақшыларының жеке жасағын Ошақты Саурық батыр басқарғаны да тарихтан белгілі. Кейбір деректерде болашақ ұлы хан шамамен 17-20 жасар Әбілмансұрдың (Абылайдың) жауға «Абылайлап» шапқаны осы шайқас деп көрсетіледі, Сіргелі Елшібек батырдың өз тобымен жау зеңбіректерін жарып жібергендігі айтылады. Бұл соғыста Шымыр Ақша, Күнту Барлыбай, Сиқым Қарабатыр секілді көптеген атақты батырлар қаза болды. Итішпестің Алакөлі маңындағы соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашады. Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Бұл жеңіс Орта Азиядағы саяси ахуалды күрт өзгертіп, етектен тартқандар енді қазақ елімен санаса бастады. Әрине, қасиетті ұлы даланың қай қиыры да тарихтан сыр шертеді. Ал Әбілқайыр даласы, Сұмқайтты жазығы және Ойранды жазығы 2017 жылдан бастап «Қасиетті Қазақстан» өңірлік қасиетті жерлерінің географиялық картасының тізіміне енген болатын. Мұндағы мақсат – еліміздегі тарихи жерлерді жас ұрпақтың санасына сіңіру және насихаттау. Себебі соңғы әрі шешуші үлкен шайқастың басы болған Сұмқайтты мен Құлжабасы сіз бен біз һәм өскелең ұрпақ үшін өлмейтін тарих, өшпейтін ақиқат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.