Тарих-таным

Түбі түркі орыстар...

Түбі түркі орыстар...

Ғасырлар алмасып, заман мен қоғам өзгеріп, ұлттық сана жаңғырған сайын өз мемлекетіңнің, өз ұлтыңның тарихын қайта зерделеу қажет. Осы тұрғыдан келгенде Алтын Орда кезеңіне назар аударған жөн. Ол біздің ортақ тарихымыздың бастау көзі болып табылады. Әрине, егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде өткенге салауат айтып, тарихымызды жаңа дәуірден бастай салу аздық етеді. Өйткені біздің түпкі түркі әлемімен тұтастай ортақ тарихымыз бар. Одан бас тартуға болмайды.

Алтын Орда, одан кейін Қазан, Астрахан, Қырым, Сібір, Ноғайлы, Қазақ хандықтарының  құрылуы тарихи өзгеріс қана емес, ол ұлт мемлекеттерінің құрылуына жеткізген соны құбылыс әрі эволюциялық, экономикалық, өндірістік, рухани және демографиялық жаңғырудың бастауы болды. Кең байтақ Дешт-Қыпшақ даласы көршілес жатқан елдермен байланыссыз, сауда-саттықсыз дамуы мүмкін емес еді. Әрине, көрші Орыс князьдықтары да өзімен-өзі дами алмайды. Сондықтан да әртүрлі деңгейдегі қарым-қатынастар үздіксіз жалғасып жатты. Бұл адамдардың ғана емес, тілдердің де алмасуына мүмкіндік берді. Антропонимдер мен этимологиялық тұрғыдан келгенде тілдер ғасырлар бойы жалғасып, бір-біріне ықпал етті. Ресей-алып империя. Оның тарихында ұлы есімдер шоғыры қалды. Түбі бір түркі халықтарының оғландары осы елдің тарихында ерекше із қалдырды. Сол тарихи есімдер туралы сөз ету біздің ортақ тарихымызды тануға жол ашпақ. Орыс ғалымдары Н.К.Дмитриев, Е.П.Карнович, А.В.Суперанская, В.А.Никонов, И.В. Бестужева-Лада, В.К.Чичячов, Н.И. Тупикова, А.А.Семенов, Н.А.Баскаковтар және тағы да басқа орыс ғалымдары Алтын Ордадан шығып, Ресей тарихында ерекше орын алатын тұлғалар жөнінде зерттеулер жасаған. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Кез келген орыстың ар жағынан татарды көресің», деген сөзі  ақындық метафора емес, шындыққа саяды. «Основная масса русских семей тюркского происхождения имела своими предками – основателями рода – выходцев из Золотой Орды ( XIV-XV в.), однако встречаются и более ранние фамилии тюркского происхождения, ведующие свое от половцев, печенегов, узов, торков и пр.» деген Н.А.Баскаковтың пікірі осы ойды айғақтай түседі. Осы санатқа кіретін тұлғалардың біразына назар аударып көрелік. Бұл мақала Н.А.Баскаковтың «Русские фамилии тюркского происхождения» атты 1979, одан соң 1993 жылы қайта шыққан кітабына сүйеніп жазылғанын айта кеткім келеді. Сонымен... Кутузов фамилиясына назар аударалық. Оның этимологиясы түркі халықтарының «құтыр» деген сөзінде жатыр. Ол «ашуланшақ, өркөкірек» деген мазмұнмен үйлеседі. Ал, Голенищев-Кутузовтар деген олардың түп атасы болып келеді. Гаврил деген немістен тараған деген де пікір бар. Ол Александр Невскийге келіп қосылған адам. Сол немістің шөбересі Федор Александрович Кутуз болған деседі. Тіпті былай болғанның өзінде оның үлкен нағашысы Қазан патшасы Симеон Бекболатович екені жоққа шығарылмайды. Федор Кутузовтың  Аноний Александрович деген тұған ағасы болыпты. Ал, оның ұлы Василийдің - лақап аты Голенище екен. Содан Голенищев—Кутузов әулеті тарайды. ... 1484 жылы Қазан қаласы құлайды. Орыс княздері Мұхаммед-Эминді қайта таққа отырғызады. Тоқсан татар князі мен мырзалары өлімге кесіледі. Осы кезде Хан Али әйелі, ханша анасы Фатимамен, бауырлары Мәлік-Тагир мен Құдай-Құл Ресейге түбегейлі қоныс аударады. Мәлік-Тагир шоқынады. Екі ұлы да. Бірі Василий, екіншісі Федор деген жаңа есім алады. Мәлік-Тагирович 1531 жылы Новгородты басқарған. Құдай-Құл орыс тұтқыныда отырып, 1505 жылы босап шығады. Және ханзада Петр Ибрагимович деп жазылады. Кейін ол ұлы князь Василий III-ің қарындасы Евдокия Ивановнаға үйленеді. 1523 жылы дүниеден өтеді, Мәскеудегі Архангель Соборына қойылады. Одан екі қыз қалған. Екеуінің де аты Анастасия екен. Үлкен Анастасия князь Федор Михайлович Мстиславскийге, кішісі – князь Василий Васильевич Шуйскийге тұрмысқа шығады. Анастасия мен Федор Мстиславскийлердің Иван деген ұлы болады. Ол өз қызына да Анастасия деген есім береді. Ол Касимов ханы Сайын-Болат Бекболат ұлына куйеуге шығады. Иван Грозный 1574 жылы Сайын-Болатты «Бүкіл Ресейдің билеушісі» атап, арнайы  жарлық та шығарады. Ресей тарихында Строгоновтардың әулеті ерекше орын алады. Бұл есім орыстың «стригать – қырқу, қырқым» деген сөзінен шыққан. «Строгать – жону», болмаса «острог – шет аймақ» деген ұғымға сәйкес келеді. Орыс жылнамасында былай деп жазылыпты. «Барон Александр Сергеевич Строганов, Рим империясының графы, түбі татар, христиан дініне өткенше ол Спиридон деп атанған. Адалдығы мен ерлігі үшін Ұлы князь Дмитрий Ионнович Донской оған орыс әскерінің «воеводасы» деген атақ берген. Строгановтар Ресей өнеркәсібін дамытумен бірге Сібірді игеруге ерекше еңбегі сіңіреді. Өнердің үлкен қолдаушысы, қамқаршысы болған. Строганов жақсылығы мен зұлымдығы қатар жүрген адам екен. Ол Сібір хандығын басып алуды жоспарлайды. Иоанн патшадан алдын ала Сібірді игеру жөнінде рұқсат алып, ол «қайдан шыққаны» белгісіз «атақты қанышер», қарақшы Ермек Тимофеевті сатып алады. 840 жасағы бар Ермактың қарақшылары құрама екен. Олардың арасында татарлар, литовтықтар, немістер болды. Строганов діннен безген басұрман Көшім сұлтанды қиратып, Сібірді өзіне қаратқысы келеді. 1581 жылдың 1 қыркүйегінде Ермак солдаттарымен Оралтауларына қарай кемелерінің желкендерін түзейді. Ермак атамандармен бірге 4 күн жүзіп, Жараулы өзеніне жетеді. Дәл осы жерден Көшім сұлтан хандығы басталатын. Сібір сұлтаны Көшім хан бұл кезде көзінің жанары суалып, әлі кете бастаған еді. Бірақ ол өліспей беріспеуге бекінді. Ермакқа немере інісі Мәметқұлды қарсы қояды. Өзі Чуваш тауының сағасындағы хандығының орталығы Іскер қаласын қорғауға қалады. Н.Карамзиннің жазуынша бұл Мексика мен Перудегі жағдайды көзге елестетеді. Садақ, найза, сойыл ұстаған атты әскерге мылтықтары мен зеңбіректері, оқ бұрқақтары бар, бақайшығына дейін қаруланған армия қарсы келді. Осылай, Тобыл бойындағы шайқаста Ермак Мәметқұл әскерін кері тықсырды. Одан соң Ертістен он алты шақырым жердегі  Қаралша князьді тізе бүктірді. Үшінші қанды қырғыс Ертісте өтті. Көшім көзі көрмесе де алдыңғы шепке шықты. Бірақ күш тең емес еді. Ермак 107 казагынан айырылды. Бірақ 26 қазан күні  ол Іскер қаласын басып алды. Көшім інісі Мәметқұлмен бірге Ертістің орманына қарай ығысуға мәжбүр болды. Строгонов пен Ермак жеңістерін тойлап жатты. Көшім хан қарсы шайқасқа дайындалды. Сол жылдың 5 желтоқсанында Абалақ көлінде балық аулап жүрген 20 казакты бауыздап өлтірді. Вогулдық Есберді мен Суклеме князьдары Ермакты мойындап, өз еріктерімен Орыс патшалығына жасақ төлеп тұруға міндеттенді. Ермак та қарап қалған жоқ. Қарақшылықты кәсіп еткендіктен көшпенділердің осал тұсын жақсы білетін. Тұрақты армиясы болмағандықтан олар отбасымен бірге көшіп-қонып жүретін. Ермак Мәметқұлдың көшіне тұтқиылдан шабуыл жасады. Оны колға түсірді. Атаман Ермак басқа да князьдықтарды өзіне қосып алды. Бұл хабар Строгановты ерекше қуантты. Ермак та өз жеңісін пайдаланып қалуға тырысты. Өз атаманы Иван Кольцоны патшаға шұғыл жіберді. Мақсаты Сібірді толықтай өз иелігіне қарату еді. Строганов та Мәскеуге асықты. Ол Сібірді Ресей мемлекетінің кұзырына алуды ұсынды. Әрине, бұл Иоанн Патшаның көңілінен шықты. Ол Семен Строгановқа Үлкен және Кіші Тұзды деп аталатын жерлерді сыйға тартты. Партизандық соғыс тоқтаған жоқ. Келесі жылдың 5 тамызында Көшім хан тұтқиылдан шабуыл жасады. Бұл адам айтқысыз соғыс болды. Қанды кекке жандарын тіккен Көшім хан лашкерлері казактарды қойша бауыздады. Ермак үстіндегі сауыт-мауытымен Ертіске қойып кетті. Қара Ертістің қара толқындары оны жұтып жіберді. Тоғыз күннен кейін Ермектың өлі денесі 12 шақырым жердегі Абалақ ауылына ағып келді. Ызалы халық өлі денеден де өштерін алып жатты. Садақтан оқ жаудырды, 6 ай бойы өлі денесі көмілмей, іріп-шіріп жатты. «Ит өлім» десті жұрт. Н.Карамзин жазыпты «... қарақшы өмірінің соңы осындай... өмірің үзілсе, даңқың да ұмытылады...». Ермактың өлімі Сібір хандығын сақтай алмады. Өйткені Ресей империясы енді Сібірді уысынан шығармайтын еді... Тютчев әулеті де орыс тарихында ерекше орын алады. Түбірі – «тұт, тат», яғни «көгілдір» деген мағынаны береді. Бұл  әулет әу баста  қоламен жұмыс істеген сыңайлы. Және қоланы сатушылар деген мағынаға да келеді. Орыс этимологиясына сәйкес «тыс»,  яғни «бөлек қосылған» деген мағынаны да білдіреді екен. Түбі – түркі, Қырым татарлары. Петров-Соловьевтар туралы айтпай кетуге болмайды. Орыс жылнамасында төмендегідей жазба бар: «Петров-Соловьев әулеттері ұлы князь Федор Ольгович Рязанскийдің тұсында Үлкен Ордадан келген. Тарихтары  Батыр мырзадан басталады. Ол шоқындырылғаннан кейін Мефодий деген ат аталды. Ал оның баласы Глеб Батырұлы ұлы князь Иван Федорович Рязанскийдің боярині болады. Ал оның немересі Михайло Петров-Солововьев 1598 жылы Черниговте полк басқарады». Олардың әулеттік герадикалық гербінде айқұшталған садақ оғы, жарты ай және сегіз бұрышты жұлдыз бар. Матюшкиндер де Орыс империясының белгілі әулеті. Оның қысқаша тарихы төмендегідей. Арбауш деген татар мырзасы 1260  жылы ұлы князь Александр Невскийге келеді. Ордадағы әулетімен түгел ұлы князьге қызметке тұрады. Александр Невский оған поместье беріп, Володимер қаласының басшысы етіп қояды. Арбауш сөзінің этимологиясы түсінікті. Ол – «арбағыш», «өтірікші» «сыбырлағыш», «кеңесші», «ақылшы» деген ұғымдарға келеді. Племянников деген әулеттің де тарихы қызық. Ол туралы орыс жылнамасында деректер қалған. Сол дерекке жүгінсек, олардың үрім-бұтақтары төмендегідей екен. «Қасиетті ұлы князь Константиннің тұсында Алтын Ордадан Салтанейч Яндоуганд Тригуб деген адам келеді. Шоқындырылған соң Василий атанады. Онымен бірге  Диуланов пен Аспах деген қосындары бірге  келеді. Олар бір мың тоғыз жүз адам екен. Ұлы князь оған көптеген елді мекендерді сыйға тартады. Василийден Андрей Васильевич тарайды. Оған Племянник деген жанама есім беріледі. Бұл тұқым Ресей тағына адал қызмет атқарды». Бұл үрім-бұтақтың тарихы Салтанеич дегеннен тарайтынын айттық. Салтанеич адамның аты емес, ол мырзаның лауазымы. Яғни, хан баласы, ханзада деген ұғымды білдіреді. Яндоуганд қос сөзден тұрады. Ол түркінің оғыз тармағына жататын халықтың сөзі. «Яндо» - жаңа, «Доран» - жаңа тұған, қайта тұған ай, болмаса жиен деген ұғымды білдіреді. Диулан – «ұлан», «қызметкер», «әскери адам» дегенді аңғартады. Аспач – «атты  жауынгер» деген сөздің орысша бұрмаланған ұғымы. Бұл әулеттің  гербінде қанжар, садақ оғы мен жарты ай бар. Міне, атақты А.С. Пушкиннің «Салтан туралы жырының» атауы да осыдан алынуы мүмкін. Ресей империясындағы Баскаковтар әулеті де Алтын Орда тарихымен тығыз байланысты. Алтын Орда билеушілері өздерінің құзырындағы орыс княздіктеріне баскактарды өкіл ретінде жіберген. Баскак – салық жинаушы, хан жарлығы орындалуын қадағалайтын биік қызмет. Баскаковтардың тегі Алтынордалық салық жинаушы Әмірханнан тарайды. Орыс этимологиясында ол, «Амраган, Амрагат, Мирагат» деген аттардың қалыптастырған секілді. Олар XIII ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда хандары Берке мен Меңгі-Темірханның Владимирді билеген Александр Ярославович Невскийдің (1252-1263) ортаншы інісі Ярослав Ярославовичтің (1264-1271),  кенже інісі Василий Ярославовичтің (1272-1277) князьдіктерінде өкілетті өкіл болады. Владимир қаласы да даңқы асқан князьдіктің бірі еді. Сондықтан да олар жәй князь емес, ұлы князьдар деп аталды. Содан болар, баскак та «ұлы басқак»  деген мәртебеге ие болды. Оларға Солтүстік- Шығыс пен Оңтүстік- Батыс Русь түгел  бағынышты болды. Алтын Орданың Баскак ұйымының Шыңғысқан дәуірінен келе жатқан тарихы бар. Моңғолдар басып алған жерлеріне баскактар тағайыдаған. Олардың қолдарында таңба, мөр болған. Шығыстанушы Н.А.Баскаковтың жазуына қарағанда баскактар институты Үгедей хан тұсында қалыптасқан. Таңбашылар, мөршілер хан атынан билік құрған. Баскактар халық санағын жүргізген (салық төлеушілердің санын білу үшін – У.Қ.). Дала халқы есебінен әскер қатарын толықтырған. Пошта байланысын орнатқан, әрі күзеткен.  Сонымен бірге жинаған салықтарын Сарайға жеткізіп отырған. А.А.Семенов деген ғалым «баскак» сөзінің (половецтік) қыпшақ тектілігін атап өткен. Және ол қасиетті Пафнутидің өмірінен жазылған текстке сілтеме жасайды. «Құдайдан безген, немесе половецше айтқанда «баскак» деген сөз дейді. Ал, А.А. Зимин деген этимолог-ғалым «баскак» сөзі татар-моңғолдан кірген деген пікір айтады. Бұған Н.А.Баскаков келіспейді. Ол Семеновтың пікірін қуаттайды. Сол кезеңде Алтын Орда негізін қыпшақтар мен далалықтар билегенін тілге тиек етеді. «Шығыс Еуропаны моңғолдар жаулап алған кезде Алтын Орданың негізгі тілі – қыпшақ тілі болған» деп жазды Н.А.Баскаков. Атақты қыпшақ тілінің сөздігі «Кодекс Куманикусте» де «баскак» деген сөз бар. Ол «қала немесе өлке басшысы» деген ұғымды білдіреді дейді К.Гренбек. Ол «мөрші, таңбалаушы» деген ұғым осыдан шыққан деп есептейді. Баскак сөзі Алтын Орда билеген барлық жерде бір ұғымға ие. Ал, парсы тілінде «баскак»: «ханның иелігіндегі княздықтардағы өкіл», ескі украин тілінде «атаман», Ресей ұғымында «билеуші», болғар мен поляк тілдерінде «бастық, билеуші» деген мағынаны білдіреді. Алтын Орда хандарының жарлықтарына қарағанда баскак қызметіне ерекше сыннан өткен, еңбегі сіңген моңғол мен қыпшақ бектері мен бегзадалары тағайындалған. Олардың құзірет дәрежесі князьдар мен әскер  басшылардан жоғары тұрған. Орыс тарихшысы С.М.Соловьев орталық Ресейде Баскач, Баскал, Баскакова, Баскачеево және тағы да басқа оннан асқан елді мекендер осы «баскактың» құрметіне қойылған деп жазған. Ия, жоғарыда айтқан Әмірхан шоқынғаннан кейін Мартын деген есім алады. Оның ұлы Иван Мартынович,  Пафнутий, яғни  діндар болып 1472 жылы әулиелер қатарына ендіріледі. Оның екі ұлы: Никита Иванович (жанама аты – Баскак – У.Қ), екінші ұлы Яков Иванович (жанама аты – Зуб – У.Қ.). Олар тарихқа Баскаков пен Зубов деген есімдермен енді. Баскаковтар мен Зубовтар осы екі улдың тұқымы. Тектері – қыпшақ. Шеремет деген түркі сөзінен орыстың атақты әулеті тарайды. Шеремет чуваш тілінде  «жарлы», парсыша «шерменде», қырғыздарда «бетсіз, қарабет», түрікмендерде «ерке, қызба» деген ұғымға сәйкес келеді. Тереңірек қарасақ, осы сөздердің барлығының семантикалқ ұқсастығы білінеді. Шеремет сөзі қазақша – «керемет, жүйрік ат» деген мағынаны да берсе керек. Князь Шереметьевтердің гербінде жарты ай мен ат суретінің бедерленуі осы ұғымға жақындау келетін сияқты. Н.А.Баскаков «Түрген» сөзінің ар жағында «тез, жылдам, ылдым-жылдым» деген ұғым бар деп есептейді. Орыстың ұлы жазушысы И.С. Тургенев осы әулеттің тұқымы. Орыстың ұлы тарихшысы Карамзинді кім білмейді. Ол «қара –мырза» деген араб, парсы, түркі тілінен кіріккен. Бұл тұқымның да гербінде  жоғары қараған ай, екі алтын қылыш бедерленген. Бұл таза түркілік ұғымдарды білдіреді. Орыс тарихында қалған  Алтынордалық және қыпшақтық түркітекті есімдер жеткілікті. Солардың кейбіреулеріне қысқаша ғана тоқтала кеткен жөн болар деп ойлаймын. Бұлгак – ол «намысқой, салмақты, жеңіл мінезді» деген ұғымды береді. Қазақтың «бұлғақ – сылғақ»   деген сөздерін еске алайық.  Атақты Булгаковтардың тегі түркілік екені мойындалған. Годун, Годуновтар – «ақылсыз, әпербақан» деген мағынаны береді. Сувор, - шведше «ауыр, күшті», орысша – «ауыр, сұсты», қазақ, қырғыз, қарақалпақтарда – «сұр» деген мағынаны білдіреді. Н.А.Баскаков Суворовтардың тегі түркілік деп жазған. Ушак- Ушаковтар, түрікше, қазақша, қырғызша, қарақалпақша – «ұсақ, кішкентай» деген мағынаны білдіреді. Адмирал Ушаковты еске түсіруге болады. Князь Юсуповтар туралы екі ауыз сөз айта кетелік. Ол- ноғай князьдарының бірі. Ата тегі Абабек –Керей. Олардың түп аталары Египетті билеген. Оның Мұса деген ұлы болған. Одан – Юсуф тарайды. Н.А.Баскаков Абабекті – халиф Әубәкірдің есімімен байланыстырады. Бірақ Керейді түрік руына жатқызады. Абабек Әубәкір емес, ол қыпшақ шежіресіндегі Абақ болар деп ойлаймын. Гербтерінде алты бұрышты жұлдыз, ай, татар киіміндегі ер кісінің бейнесі бедерленген. Сондай-ақ аспанға атылған қос оқ салынған. Козаков фамилиясы туралы да аз-кем тоқтала кетелік. Бұл фамилия 1631 жылдан орыс жылнамасына енген.  Татар, қыпшақ тілінен енген есім. 1395 жылы «Козак»  сөзі «жұмысшы, жалшы» деген ұғымды білдірген. Кейінірек ол әскерленген құрылымдарға сай мағынасын өзгерткен. Ресей шекарасын күзеткендер «козаки-казаки» деп атала бастаған. Орыс тілі  түсіндірме сөздігінің авторы В.Даль «казак-козак» сөздері «қашпақ», яғни «құғындар» немесе «қашып жүрген» ұғымды  білдіреді деп есептейді. Поляктардың «гайдук, гайдамак» деген сөзінің түбірі осыдан шыққан. «Козак» сөзі түрік, қырым татарлары, құмық, қазақ, татар, шағатай тілдерінде жоғарыда айтқан мағынада ұғынылады. Яғни, «еркін, тәуелсіз»  деген ұғымды білдіреді. Н.А.Баскаков «осы мағынамен түркі ұлтының өкілдері казактар, яғни еркін, тәуелсіз, көшпенділер» деген ұғымнан тарайды деп жазған. Орыстартағы Козаков, Казаков деген фамилиялардың түп төркіні осында жатыр. Тимирязевтер әулетінің де тарихы тереңде жатыр. Ибрагим Тимирязев 1408 жылы Алтын Орданы тастап, Мәскеу князьдігіне келеді. Шоқынып, Александр деген есім алады. Ол «темірдей мықты, мұсылман-лашкер, жеңімпаз» деген араб сөзінен келген. Бұлардың гербінде де алтыбұрышты үш жұлдыз бар. Мамаевтар тегі айтпаса да белгілі. Ал, Чаадаевтар туралы айтпай кетсек тарихқа киянат болар еді. Бұл әулет 1621 жылдан орыс жылнамасында бар. Чаадаевтар – Шыңғысханның ұлы Шағатаймен тікелей байланысты. Гербтерінде жарты ай, алты бұрышты екі жұлдыз және қос оғы бар садақ тұр. Мансуров, Талызин, Корсаков, Татищев, Измайлов, Давыдов, Дауров, Муханов, Аргамаков, Каблуков, Шишкин, Аксаков, Рахманинов, Бухарин, Ахматов тағы да басқа жүздеген есімдер негізінде түркі тегі жатыр. Тарихты тану – өзіңді тану. Алтын Орда тарихы, Ноғайлы дәуірі, Қазан хандығы мен Қасымхан кезеңі, одан кейінгі Қазақ хандығы ортақ тарихымыздың алтын көмбесі. Түбі бір түркі елінің жоғалмайтын жолы бар. Ізі бар. Жаңа ұрпақ, жас ұрпақ біле жүрсін! Уәлихан Қалижанов, Филолгия ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі