Тамызда түптелген төл туынды…

0 110

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты,-деп алтын айдарлы арыстарымыздың бірі Міржақып Дулатов ХХ ғасырдың басында қазақ халқы сындарлы кезеңде тұрғанда рухты өлеңімен санасы ұйқыда жатқан қазақ халқын бір сілкінтіп тастап еді. Көңілі сергек, көкірегі ояу балаң жігіт небәрі 25 жасқа аяқ басқан шағында 1909 жылы 22 тамызда Уфа қаласында «Оян қазақ!» атты өлеңдер жинағы басылып шықты. Ғасырдан астам уақы өтсе де өзектілігін жоғалтпаған осы бір өлең жолдары өзінің өміршеңдігін сан мәрте айшықтап келеді.

Бүгін міне тарихи туындының жарыққа шыққанына 111 жыл толып отыр. 111 саны әсте киелі болып саналады. Санның басын бастайтын үш бірліктің қатарлас келуі, Абайдай алып тұлғаның 175 жылдығына орайлас келуі — ырымшыл халқымыз үшін айтулы сәт.

Елбасымыз рухани жаңғыруға бағыттағаны сол еді, артын іле-шала еліміздің рухын көтерер, тарих сахнасынан ойып тұрып орын алар айтулы даталар сары ала қаздай тізбектеліп бірінің ізін бірі басып келеді. Ерекше есте қалар тарихи даталардың алды, өз алдына бір төбе болып тұрғаны — хакім Абайдың 175 жылдығы. Абайға қатысты қазіргі таңда  сөз айтқанда ең алдымен ойымызға М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің бас мақаласы ретінде басылған «Абай» деген мақаласындағы «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз»,-деген аталы сөзі оралады. Шындығында да уақыт көші қанша алыстағанмен де, Ұлы ақын мұрасына, рухына соншалықты жақындайтынымызды Міржақып бабамыз дөп басып айтып кеткендей.

Озық ойлы елдермен иық тіресуге бет алған ойшыл халқымыз «Оян қазақ» өлеңінен от алып, орайы келсе орда ішінде оңашаланып, оқ бойы оза шаппақ. Қазақ халқының қашан да тумысынан тереңге бойлайтыны, сөздің құдіретін ұғынып, қадірін түсінетіндігі қуантады. Рухани жұтаңдыққа емес, жасампаздыққа бастайтын еліміздің өскелең ұрпақтарының санасына сәуле құяр арыстарымыздың өнегелі өсиеті қашанда жанымыздан табылатынына сенімім мол.

Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.