Тектілік – адам бойындағы асыл қасиет

70

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, елімізге кеңінен танымал дәрігер-хирург, әрі қаламгер, жуырда ғана облысымыздың «Құрметті азаматы» атанған Сағындық Ордабековтың есімі көзі қарақты оқырман үшін жат емес. Денсаулық сақтау саласындағы сүбелі еңбегінен бөлек, жұрт оның ой толғамдарына, парасат-пайымына қанық. Себебі алтын уақытының басым бөлігі адам жанының арашашысы болса, сол мезетте ол қауырсын қаламның жансерігі бола білді. Ұлттық рух, өмір өткелдері, игілік иірімдері тұрғысында оның жазғандары көпшілік қауымға тағылым таразысы, ал өскелең ұрпаққа өнеге десек асып айтқандық болмас. Осы ретте ұлт жанашыры екенін ілкімді ісімен дәлелдеп келе жатқан қаламгердің жазбасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық жағымды салт-дәстүрлері бұзылмай әрбір қазақтың бойында жаңғырып тұрса қандай керемет. Солардың бірі – генетикалық заңдылық, яғни туыстар арасында некеге жол бермеу. Оның қай заманда енгізілгенін ешкім дөп басып айта алмайды.Базбір деректер бойынша, ағайындастар арасында некеге жол бермеу заңдылығы Жәнібек ханның тұсында қабылданды дейді.
Әз-Жәнібек хан бірде елге аты шыққан емші Өтебойдақ Тілеуқабылұлын шақырып: «Қандай дертке дауа жоқ» деп сұраған көрінеді. Сонда емші: «Тұқым қуалаған ауруға ем жоқ», — деп жауап қатады. «Оның алдын алуға бола ма?» — дегенде, емші: «Жеті атаға дейін қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан», — деген екен (Тілеуқабылұлы Ө.Шипагерлік баян. Алматы: Жалын, 1996.15,43-б.).
Міне, сол Əз-Жəнібек ханның дəуірінен жеті атаға толмай қыз алысқандарды қатаң жазалау туралы заң қабылданған. Адамзат баласында қазақ ұлтынан басқа жұрттарда жеті атаға толмай қыз алыспау ұғымын тіпті кездестірмейміз. Тағы бір түйінді мəселе – қазақ ұғымында адам бойындағы физиологиялық жəне мінез-құлқы ерекшеліктері ата-əке жағынан беріледі деген сенім қалыптасқан. Ал шеше жағынан туған бөлелердің отау құрғанына аса мəн берілмейді екен.
Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. …Күні бүгінге дейін сахараның жазылмаған заңы бойынша жеті атаға дейін бір-бірімен үйленуге рұқсат етпейтін қазақтан басқа жер бетінде бірде-бір ел жоқ. Міне, қазақ халқының даналығы тудырған қуатты генетикалық тамыр қайда жатыр» деп атап өткен болатын.
Дəрігер ретінде қазақтың ертеден сақталып келе жатқан салт-дəстүріне сай халық медицинасы мен генетика іліміне негізделген «жеті атаңа дейін, яғни туысқаныңмен некеге тұруға болмайды» деген тұжырымды ерекше атап өтер едім. Соңғы аталған ұлттық заңдылық қай дəуірде енгізілгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ оның дұрыстығын қазір əлемнің барша ғалымдары мойындап отыр. «Тек», «тектілік» деген сөзде үлкен қасиет бар екенін ата-бабамыз жақсы білген. Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Тектілік – адамның ерекше қымбат қасиеттерінің, парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Сондықтан қыз алысып, қыз беріскенде қазақ әркез текті жермен құда болуға тырысқан. Мұның ғылыми негізіне үңілсек, болашақ ұрпақтың денінің сау болуы, парасатты болып қалыптасуы көбінесе текке байланысты деп ұққанымыз жөн. Қазақтар арасында жиі айтылатын:
«Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды…»,
деген сөздер орынды,пайыммен айтылған. Әлгілі Майқы бидің: «Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады» — деген сөзінде де көп мән жатыр.«Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы». Бұл қазақ танымындағы тектілікке қатысты сөздер. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі, дарынды, зерделі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, текті, өнегелі жерден шыққан ғой», — деп мақтап жатады. Тектілік жайлы халық арасында нешебір аңыздарға тең керемет әңгімелер бар.
Хакім Абай жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесіненде бұрын, оның қанындағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай сынды алып ой иесінің тамыры тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне де кезінде көп көңіл бөлінбегені рас. Әкесі Құнанбайдың: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені – Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым», — деп ширыға тіл қатуында ұлт танымындағы тек туралы түсініктің терең мағынасы жатыр.
Өкінішке қарай, соңғы кезде АҚШ пен Еуропаның көптеген елінде генетика заңдарына кері келетін некелер көрініс беріп, адамдар арасында қан тазалығы жойылып барады. Сөйтіп, ұрпақтың азғындауы орын алып, қызтекелер, «көгілдірлер» («голубые») және де басқа теріс қылықтылар тобы көбейе түсті. Тіпті, қыздар қыздарға, ұлдар ұлдарға некеге тұрып жатқандары ешбір заңдылыққа, адамгершілікке келмейді. Ота жасатып, жынысын ауыстырып әлек болып жүргендері де бар. Кейде олар өздерінің жағдайларын жақсартуды, қуғын-қыспаққа алмауды талап етіп топ болып даурығып, жалаулатып көшеге шыққандарын да көріп жүрміз. Кейбір қалаларда олардың қауымдастығы құрылып, клубтар жұмыс істеуде. Таңғаларлық теріс қылықтарды, сюжеттерді, оқиғаларды, көріністерді теледидардан көріп жағаңды ұстайсың. Адамның тексізденуі, тіпті, азғындауы емес пе бұл? «Жаманнан жақсы туса – теңі болмас, жақсыдан жаман туса — емі болмас» дейді қазақ философиясы. Адам түгілі аң мен малдар арасында жақын қандасына жақындап, қосылып жатқанды көрмейсің. Өмірде жылқы мен есек жақындасса, будандасса одан әрі еш тұқым бермейтін қашар туады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома емес пе? Адам әркез адам болып қалуы керек.
Қазақтың салт-дəстүрі бойынша жетіатаға дейін қыз алысуға үзілді-кесілді рұқсат жоқ екені жайлы мақала басында айтылды. Оны бұзғандар ертеде қатаң жазаланды. Мұны аз десек, Тəуке ханның «Жеті жарғысында» ондайларға өлім жазасы белгіленген. Қан тазалығы, генофонд сақталмаса, адамдар генетикалық мутацияға ұшырайтыны қазір жақсы мəлім. Ол бұқаралық сипат алып, ұзаққа созылған жағдайда тұтас халықтың жер бетінен жойылып кету қаупі де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі кезде жақын ағайындас адамдардың бір-біріне үйленуі салдарынан олардың əулеттерінде кем ақыл, кемтар балалардың тууы жиі кездесетінін байқап жүрміз.
Сондықтан да, біріншіден, әркім өзі білетін атасына дейін тізбектеп, мүмкіндігінше кімнен кімнің тарайтындығын нақтылап шежіре жазуды қолға алса. Арғы аталары білмесе, ең болмағанда өзінің туған атасынан бастасын. Оның неше ағайынды болғандығы, оның балалары, содан соң өзін, әрі қарай өзінің балаларын және немерелерін таратып жазса деген ұсыныс айтпақпыз.
Екіншіден, жеті атаға кіретін ағайындардың ішіндегі елге адал еңбек еткен, білімді, ерекше қасиеттері туралы мағлұматтарды жинақтаған жөн. Кімнің кім екенін көпшілік біліп жүргені дұрыс. «Кімің бар?» дегенде белгілі азаматтарға, тұлғаларға айналған руласыңды мақтан еткеніңнің еш артықшылығы жоқ.
Үшіншіден, әр әке өз ата-тегі жайлы жазбаларын кейінгі ұрпағы – балаларына беріп, табыстап отырса. Олар өз кезегінде оны әрі қарай толықтырып, ұрпақтарына жеткізу міндет. Сонда ғана жетінші ұрпағыңызды, ата-тегімізді, түп-тамырымызды біліп отыруға мүмкіндік болады. Ру, ата-баба шежіресін білген көптік етпейді. Қайта, ол сенің сауаттылығыңды көрсетеді.
Қорыта айтқанда, ру-шежіресін, ата-тегін білудің мән-мазмұнын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе ұғындырып, ағайын-туманы татулыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелеу қажет. Түзу тәрбие мен тәртіп сақталса, ұрпақ текті болатыны, әрі оның азбайтыны анық. Бұрынғылардың «Тәні саудың – жаны сау» деген нақыл сөзі мен жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?» – деген бір ауыз сөзінде осындай терең мағына жатса керек.
Жалпы, жоғарыда айтқаны­мыздай, қазақ жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасын қатаң сақтаған халық. Қазір бұл заңдылық, өкінішке қарай, бірте-бірте бұзылып келеді деп айтуға болады. Міне, бұл бүгінгі күннің үлкен қасіреті екенін мойындауымыз керек. Өйткені бүгінгі таңда ата-тегін сұраспай, сезімнің жетегіне беріліп, жеті атаға толмай-ақ қыз алысып, қыз берісіп жатқандар кездесуде. Олардың ұрпағы, қаны бұзылып, балалары кемтар, əлжуаз, аурушаң болып тууы медициналық-генетикалық тұрғыдан əбден мүмкін. Генетика заңдылықтарына көз жүгіртсек, туысаралық неке міндетті түрде келер ұрпаққа кері əсер етеді: туа біткен генетикалық ауруларға (олигофрения – кемақыл, Даун ауруы жəне т.б.) ұшыратып, генетикалық өзгерістерге, қанның бұзылуына, ұрпақтың майдалануына, əлжуаздыққа, əлсіздікке алып келетіні айқын.
Тұқым қуалаушылықтың заңдылықтары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі өрескел қате. Себебі ондай адамдардың генотиптерінде ұқсастық болады. Ал тұқым қуалайтын аурулар мен түрлі кемістіктерді көбінесе рецессивті гендер анықтайтындығы белгілі. Олар тек рецессивті гомозигота жағдайында ғана білінеді. Туыстық некеде ондай мүмкіншілік мол болады.Сондықтан олардан туатын ұрпақта кемістік көп кездеседі. Керісінше туыс емес ерлі-зайыптыларда ондай жағдай өте сирек кездеседі жəне ұрпақтың тіршілік қабілеті жоғары болады. Себебі олар көбінесе гетерозиготалы жағдайда болатындықтан, Мендель заңына сəйкес ауру мен кемістікті анықтайтын рецессивті генді доминантты ген жеңіп кетеді.
Біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан қалыптасқан дəстүр бойынша жеті атадан кейін ғана некелесуге рұқсат беріледі. Бұл біздің гендік қорымыздың мол əрі мықты болуына əсер етеді. Сондықтан мұндай дəстүрді мүміндігінше сақтауымыз қажет. Осы күндері əлемнің генетик ғалымдарын таңғалдырып отырғаны – қазақтың ұлттық генетикаға байланысты тарихи ұғымы.
Балалары кембағал болып туып, əртүрлі генетикалық ауруларға (ақыл-ойды таяздайтын олигофрения ауруы, сан түрлі неврологиялық-жүйке аурулары, аяқ-қол кемістігі) тап болады. Сондықтан отбасын құратын, əсіресе, тегінде тұқым қуалайтын кемістіктер бар адамдар медициналық-генетикалық кеңес алғаны жөн. Мұндай кеңес беретін орталықтар қазір Қазақстанның көптеген қаласында бар. Ерте кезде Еуропа елдерінде өздерін «ақсүйек» санайтын корольдер, патшалар мен императорлар, князьдар мен графтар арасында өзара құда түсіп, балаларын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа беретін салт-дəстүр болғаны тарихтан белгілі. Уақыт көрсеткендей, бірте-бірте əлгілердің арасында сан түрлі тұқым қуалайтын аурулар көбейіп, қандары бұзылып, ауру-сырқау артқан.
Өмірдің қатпар-қатпар тарихын, тылсым құбылыстарды саралаған қазақ халқының «ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген сөзі орынды айтылған. Ағайындастар арасындағы некенің басым көпшілігі бақытсыздыққа алып барады. Туысқандар арасында алакөздік пайда болып, олардың некелерін қостамайтын ағайындар теріс айналады, тіпті, жас жұп елдің қарғысына ілігеді. Ертеде білмегендіктен ондай оқиға кездесіп қалса, ауылдан аластап, басқа жаққа (бөтен ауылдарға, қалаға) көшіріп жіберетін қатал тәртіп бар болатын.
Исландия мамандары əйелдер арасында жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша туыс болып келетін ағайындар арасында қыз алысудың нəтижесінде нəрестелердің дүниеге аз келетінін анықтаған. Есесіне, өзге жерден қыз алғандар баланы да, немерені де көбірек сүйген. Бұл дерек пен дəйектердің барлығы терең ойға жетелейді. Өйткені соңғы кездері кейбір зерттеушілер ағайын аралық некенің зияны жоқтығын айта бастады. Бұл – қате пікір. АҚШ-тың өзінде ағайындардың бір-бірінен қыз алып, қыз беруіне моральдық тыйым салынған. Ал 31 штатта бұл мəселе заң арқылы шегеленіп қойылған. АҚШ-тың Ұлттық генетиктер қоғамының мамандары дүниеге келетін өзге балалармен салыстырғанда, туыстар арасындағы балаларда сырқат 2-3 есе көп болатындығын жасырмайды.
Одан қала берсе, нашақорлар мен маскүнемдер, бұзақылар да осындай некеден көп тарайды. Осының зардабын тартып жүрген көршілеріміз де бар. Мəселен, Тəжікстан парламентінің төменгі палатасы жақын туыстар арасындағы некеге тыйым салатын жəне жас жұбайларды үйленбей тұрып, медициналық тексеруден өтуге міндеттейтін заңға енгізілген түзетулерді бірауыздан мақұлдағаны белгілі. Ол заң бойынша бөлесімен жəне жиендерімен некеге тұруға болмайды. Тəжікстанның денсаулық сақтау министрлігінің мəліметінше, кемтар балалардың шамамен 30-35 пайызы жақын туыстардың некесінен туғандар.
Дəстүрдің озығы бар, тозығы бар дей келе «Қашанғы жеті атаға жабысып отыра береміз?», «Бүйректен сирақ шығаруды қазақ қайдан алған? Неге біз сол ескі дәстүрге жабысып қалғанбыз?», — деп қасиетті ұлттық дәстүрімізді жоққа шығарғысы келетіндер бар. Тіпті, баспа құралдарында да осы тектес сұрақтар көтеріліп, талқыға түсіп жатады. Әрине, олардың ғылымда түсінігі таяздықтан, яғни генетика заңдылықтарына терең көңіл аудармағандықтан болу керек. Генофондты таза сақтау, гендерлік мутацияның кері әсеріне шаруалары жоқтықтан болар, сірә.
Ия, біздің дала өмірінде нешебір аласапыран дәуір өтсе де туыс адамдар бір-бірімен қарым-қатынаста үлкен əдептілік сақтаған. Жеңіл әзіл-қалжың құрдастар, жеңгелер мен балдыздарға арнап айтылса да әдепсіздікке жол бермеген.Тіпті ойын-сауық кездерінде де туыс адамдар бір-біріне анайы əзіл-оспақтар айтпаған. Жалпы халқымыз, əсіресе рулық сипаттағы қауымдастықтар туыстық қарым-қатынасқа айрықша мəн берген, туысым, бауырым деп ерекше сыйлап, жақын тартқан. Өздерін туыс санап, бір отбасының мүшелеріндей сезінген. Сірə, осындай сана-сезім туыс адамдардың некелесуіне жол бермеген. Уақыт өте келе ол мызғымас салт-дəстүрге, заңдылыққа айналған. Десек те, біздің Ұлы даламызда ғылым құптайтын, ғалымдарды таңдандырып отырған жақын туыс адамдардың некелесуіне жол бермейтін жеті атаға дейін қыз алыспауды талап ететін әдемі дəстүр сақталып отырғаны қуантады. Бұл ежелден келе жатқан дəстүр ұрпақтарымыздың арасында қан тазалығын, біраз тұқым қуалайтын аурулардан сақтап қалды, сақтап та келеді. Сол туысаралық некеге жол бермеу заңдылығы туралы ата-баба дəстүрі басқалардың да игілігіне жарап жатса, ол халқымыздың əлемдік өркениетке қосқан айтулы үлесі емес пе?
2019 жылы ақпан айында Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі ағайынды адамдардың балаларына үйленуге тыйым салуды ұсынды. Бұл ұсыныс қоғам тарапынан қолдау тауып, отбасы кодексінің 16-бабына өзгеріс енгізді, яғни қаны бір жəне немере бауырларға отбасын құруға рұқсат берілмейді.
Қазақтың дəстүрі ретінде қанына сіңген неке туралы жазылмаған заңдылығы қазір АҚШ, Жапония, біраз Еуропа елдерінің генетик-ғалымдарын таңғалдырып отыр.Арнайы зерттеу жұмысын жүргізгендері де баршылық. Сөйтіп, ерте заманнан ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан неке заңдылығы басқа халықтарға да өнеге болып отыр. Ойдан ой қуып, қазақ генетика заңдылығын қашан жəне қалай білген деп таңғаласың. Бұл – ата-бабаларымыздың тектілігінің тағы бір айғағы ғой.
Тектілік – қанмен келетін ерекше қасиет. Генетик-ғалымдарымыз осы бағытта ізденістер жүргізіп, болашақ ұрпағымыздың дендері сау,тектілік пен зерделілік қасиеттері жоғары болуына ерекше көңіл бөлуде. Әрине, бұл тек ғалымдарымыздың қолында тұрған іс емес, ол бізге, яғни көпшілікке байланысты дүние.
Лайым, ұлтымыз аман,ел-жұртымызда тыныштық, келер ұрпағымыз текті де зерделі болғай!