Тарих-таным

Темірден  түйін түйген, алтыннан киім киген түркі бабалар

Темірден  түйін түйген, алтыннан киім киген түркі бабалар

Қастерлі де қасиетті тарихта бабалардың ізі ардақты алтын әріппен қалып, өнеге өлшеміне айналғаны белгілі. Соның ішінде бүгінгі ән де, жыр да, шежіре де, ерлік те ата-бабалардан бастау алған  айбынды аманат екені анық. Шойынды шыжғырып, болатты балқытып, сесті сауыт,  жаулардың үмітін үзген үрейлі алдаспан жасап, Отан-ананы оттан қорғаған даналығы һәм батырлығы бір бөлек. Тіпті сол бабалар даналығының, дара рухының алдында  темірдің өзі тағзым етіп, бас игендей. Былай қарасаң белгілі бір аңды, анықтап қарасаң сол аңның жанарына тағы бір аңды бедерлеген шеберлікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек көзбен көріп, көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманаттау қажет.

«Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қар­қын­ды дамығанын көрсетеді», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тағылымы терең «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында. Расымен де бұл риясыз шындыққа дәлел көп. Соның ішінде Жамбыл өңірінде де сайкез сақ бабалар мекендеп, алғаш рет жұмыр тастан темірді бөліп алып, жебе құйған, жауларын қоғадай жапырып, өшпес ерлік жасағаны белгілі. Осы орайда біз өңірдегі металлургия тарихына көз жүгірткен едік.

– Жамбыл облысындағы металлургия өндірісі қола дәуірінен бастау алады. Әсіресе мынау өңіріміздің Шу өзені алқабында, Хантауының етегі, Шатыркөл аймағы, осы өңірлерде қола дәуірінен бастап металлургия өндірісі дамып, кен орындары алғаш ашылған еді. Оған байланысты 80-жылдарда осы өңірде археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген Марияшев деген азамат болды. Міне, сол кісілер металлургия өндірісінің Жамбыл облысында ерте кезеңнен, яғни қола дәуірінен бастау алатынын нақтылап, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп беріп кетті. Сол Шатыркөл аймағында қазіргі таңның өзінде мыс өндіріліп жатыр. Аталған аймақта ғылыми барлау жұмыстарын жүргізген археологиялық сараптама деген мекеме  болды. Оған жетекшілік еткен академик Карл Молдақметұлы Байпақов осы маңнан көптеген қола дәуіріне жататын ең алғашқы кен орындарын нақтылап кеткен болатын. Сол уақыттан бастау алған кен орындары осы уақытқа дейін өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Әлі тарихтың өзіндегі адамзаттың жаңа­лы­ғын­дағы сабақтастық болып отыр. Одан кейін ерте темір дәуірі дейміз,  шошақ бөрік киген тиграхауда сақтары осы біздің Жамбыл өңірін мекен еткен. Олар сонымен қатар осы өңірдің өзінде үлкен мәдениеттің ерте темір дәуіріне жататын жалпы адамзат өркениетіне үлес қосатындай дүниелер жасады. Оған дәлел ретінде Жетітөбе мен Берікқара обалы қорымдарын мысалға келтіруге болады. 

Міне, бұлардың барлығында сол археоло­гия­лық қазба жұмыстары сонау өткен ғасыр­да­ғы 80-жылдың аяғы мен 90-жылдары жүр­гі­зіл­ді. Сол уақыттың өзінде қазба жұмыстары бары­сын­да неше түрлі алтыннан жасалған әшекей бұйымдар табылған. Әсіресе Берікқара обалы қорымында археологиялық ғылыми зерттеу жұмыс­тарын жүргізген Рамиль Исмаилов деген башқұрт азаматы көптеген жәдігерлерді анық­таған болатын. Олардың басым бөлігі қазір Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаж­да тұр. Осы Берікқарадан табылған ер адамның белбеуіндегі қапсырмалар аң стилінде жасалған. Сонымен қатар Жетітөбе обалы қорымында 2011 жылы облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, сол қаражатқа кешенді түрде археологиялық ғылыми-зерттеу ісі қолға алынып, екі ірі обада қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тоналып кеткен обалардың өзінен 40-қа жуық алтын фрагменттер, әше­кей бұйымдар табылды. Оның басым көпшілігі барыстың басы, бұғының бейнесіндегі әшекей­лер. Кейбір элементтерді арнайы үлкейткіш құрал­дармен, лупамен ғана көруге болады. Былай көзге көріне бермейді. Мысалы, бұғы­ның көзі тұр, сол бұғының көзінің ішіне тағы бір аңның бейнесін салған. Сұмдық шеберлік қой. Ол жай көзге байқалмайды. Мұны сол уақыт­тағы метал­лургияны игерудегі ең бір үлкен жаңа­лық деп айтсақ болады. Қарапайым тұрғыдан осылай үлкен өркениетті жасаған, ұлы далада өмір сүрген біздің арғы аталарымыз деп толық мақтанышпен һәм зор сеніммен  айта аламыз, – дейді белгілі археолог-тарихшы Сауран Қалиев.

Керемет көрегенділікпен, асқан дәлдікпен, қазіргідей арнайы  құрылғылардың елесі де жоқ дәуірлерде бұғының жанарына шағылысып тұрған тағы бір аңды бейнелеген бабалардың шеберлігіне еріксіз  бас иесің. Пікірлесу барысында  археолог-тарихшы күні кеше ғана Қаратау бөктерінен табылған қола қанжар мен жебенің ұштарын көрсетті.

– Шын мәніне келсек, Ұлы даланың жеті қырындағы ежелгі дәуірлер, жалпы адамзат өмір сүруінің тарихындағы металлургияның Жамбыл өңірінің өзінде шығуы үлкен үрдіс болды. Әрине, кен орындары бізде көп кездеседі. Сол ерте темір дәуірінің өзінде мынау Ақыртас сарай кешенінің айналасында да алтын өндіретін кен орындары болған. Яғни осы жерді мекен еткен сақ тайпалары алтынды сырттан әкелген жоқ. Олар осы жергілікті кен орындарын білді, сол жерлерден алып, оның бағалы металл екендігін танып, соны ерекше шеберлікпен дайындады. Табылған жәдігерлер  сол ерте дәуірдегі біздің заманымызға дейінгі VI-III  ғасырлардың аралығында Жамбыл өңіріндегі тайпалық одақта өмір сүрген халықтардың асқан бір металлургия өндірісінің зергер шеберлерінің болғандығын көрсетіп отыр. Сонымен қатар ерте темір дәуірінен өтіп, орта ғасырлар кезеңіне келсек те осы металл өндіру ісі жалғасын тауып отырды. Әсіресе бүгінгі Тараз қаласының қасында, Талас өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Жікіл деген қала болған. Сол қалада қазіргі ғалымдардың топшылауынша, Садырқорған деп аталатын аумақ Киров су қоймасының астында қалып қойған. Міне, сол қалада Тараз шаһарының теңгелерін дайындайтын арнайы орын болған. Мысалы, Жікіл ерте орта ғасырдың өзінде Ұлы Жібек жолының бойындағы күміс өндіретін ең бір стратегиялық  маңызды қалалардың бірі еді. Өйткені осы Тараз қаласындағы Түркештердің, одан кейінгі Қарлұқтардың тұсындағы теңге өндірісі сол Жікіл қаласында жасалған. Түр­кеш­тердің теңгесі дөңгелек, ортасындағы тесігі төрт бұрышты, қола, мыстан, күмістен әзірленген. Тараз қаласындағы зергерлік бұйымдардың басым көпшілігі сол Жікіл қаласында әзірленді. Немесе сол қалада күміс кен орнынан шикізат алынып келіп, Тараздағы ең ірі шеберханаларда жасалды. Оған дәлел ретінде 2015 және 2017 жылдары Көне Тараз қалашығы орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған нақты заттай деректер бар. Мысалы, 2015 жылы қыркүйек айында табылған ерекше жәдігердің бірі – бір құмыра әйел адамның алтын мен күмістен жасалған әшекей бұйымдары. Ішінде белгілі бір керемет дәлдікпен жасалған сырға, сақина, алқасы бар. Сол көмбенің өзі жергілікті зергерлердің қолынан дайындалғаны ғылыми тұрғыда нақты дәлелденді. Одан кейінгі бағыттарда көптеген еңбек құралдары, қару-жарақ түрлері, үш, төрт, алты, сегіз қырлы жебенің ұштары анықталды.  Барлығы да қола мен темірден жасалған. Обалардың өзінде көптеген күмістен жасалған әшекейлер мен қару-жарақ табылды.

Сонымен қатар Талас ауданында ортаға­сыр­лық Тамды деген қала бар. 2009 жылы сол жерде "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында кең көлемде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында қола найзаның ұшы, жебелер, металдан жасалған тұрмыстық бұйымдар шықты. Сол қалашықтың оңтүстік-шығыс бөлігінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде арнайы мысты, қоланы балқытатын ошақтар табылды. Құйма пештер бірнеше қалыңдықтан тұрады. Қоланың ыстары, қалдық, күйелері әлі күнге дейін жатыр сол жерде. Міне,  бабаларымыз сол ошақтарда  оттың қызуын күшейте отырып сол тастардан мысты балқытып алған. Сайып келгенде, осының  барлығы да Жамбыл өңірі, Шу, Талас аумағында  металлургияның тым әріде дамығандығын айшықтап отыр.

Қазірдің өзінде Шу, Талас аумағын жеке тарихи географиялық аймақ ретінде қарас­ты­руы­мыз керек. Сонау тас ғасырында бар­лығы тастан жасалса, қола дәуіріндегі метал­дың өмірге келуі адамзат өміріндегі еңбек өнім­ді­лі­гі­нің белгілі бір дәрежеде артуына және өмір сүру­дің жеңілдеуіне әкеп соқтырды. Тағы да метал­лургияның жаңа қарқында дамуы орта ғасыр­ларға сайып келеді. X, XIV-XV ғасырларға дейінгі аралықта Тараз қаласы  Ұлы Жібек жолы бойындағы сауданың қаласы ғана емес, металл өндірісінің де алға дамыған, өнер мен мә­де­ниет­тің қалыптасқан шаһары болып, бас­қа қалалармен терезесі тең тұрды, – дейді С.Қалиев.

Осылайша құм астынан қазып алынған құндылықтар темірдің алғашқы авторы ата-бабаларымыз екендігін сөзсіз дәлелдеп отыр.  Бұл көңіл марқайтып, жанға жігер сыйлайтын дәлел.  Сақтардың көсемі болған һәм қазақ даласынан табылған алтын адамдар, тіпті жеті қазынасының біріне айналған тұлпарларының өзі алтынмен апталып, күмістен күптелген. Міне, біз осындай текті, бекзада бабалардың ұрпағы, парасаттылықтың жалғасы болған перзентпіз.  Сол үшін де олардың өнегелі жолы бізге аманат.