Толстой «менсінбеген» Нобель (Бүгін – Лев Толстой Нобель сыйлығынан бас тартқан күн)

66

Бір ғасыр бұрын, яғни 1906 жылдың 8 қазанында орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой әйгілі Нобель сыйлығынан бас тартыпты. Һәм «әлдеқандай керосин сатушы Нобель сыйлығын ұсынады, бұл қалай болды?» деп мысқылдапты-мыс. 

1906 жылы Ресей академиясы Толстойды Нобель сыйлығына ұсынып, Стокгольмға хат жібереді. Сонда Лев Николаевич бұл «ыңғайсыздықтың» алдын алу үшін шығармаларын фин тіліне аударатын жақын досы – Арвид Ярнафельдке қолқа салыпты. Одан Шве­циядағы таныстары арқылы сый­лықты өзіне бермеуін сұрауды өтінеді. Сыйлық беріліп қойған жағдайда бас тартудың ыңғайсыз болатынын да айта­ды. Ал Ярнафельд бұл өтінішті орын­дап, 1906 жылғы Нобель сыйлығы ита­лиян ақыны Джозуэ Кад­дучиге бұйы­рады.

«1901 жылы енді ғана беріліп жат­қан, әлі айналасында дау басталып үлгермеген сыйлық жайында «қария­ның» құлағдар болуы да күмәнді жағ­дай. Швеция хатшысы Карл Вирсен Толстойдың өлмейтін шығармалар тудырғанын мойындай отырып, оның сыйлықты иеленуіне мүлдем қарсы болғаны» туралы жазады Хусан Эрма­тов өзінің «Нобель сыйлығының иегер­лері» атты кітабында.

Толстой ақсақал әлемдегі ең «ұлық» сыйлықтан саналы түрде бас тартқан соң әдеби орта қызу талқыға салып, бұл күтпеген шешімнің жыры біразға дейін басылмады. Оқырман хаттары да лек-легімен ағылды. Бәрі де «Ясная поляналық» жазушыны Нобельге лайық көретіндерін жеткізеді. Осындай хаттар ағымынан соң Лев Толстой: «Қадірлі де құрметті, бауырлар! Нобель сыйлығы маған берілмегеніне қуаныштымын. Бұл біріншіден, зұлымдық келтіруі мүмкін болған ақшаларды сарп ететіндей ауыр жұмыстан босатты, екіншіден, мүлде бейтаныс, бірақ өте қадірлі осыншама адамдардан жылы лебізді хаттар алу – мен үшін үлкен мәртебе!» деп хат жазады.

Нобель сыйлығының тарихында классик жазушының бұл қадамын одан кейін, саналы түрде (бәлки, мәжбүр болғандар да бар шығар) тағы сегіз автор қайталаған.

egemen.kz