Тұрардың сенімді серіктері

34

1917 жылғы Ақпан төңкерісі шын мәнінде тек қоғамда ғана емес, адамның санасына да  ықпал етті. Буржуазиялық-демократиялық Ақпан төңкерісі Ресейдің боданындағы елдерді бұрын кигізілген темір ноқтадан босатпағанымен, Алаш қозғалысының құрылуына, ұлт қамын ойлаған тұлғалардың қалыптасуына ықпал жасады. Сондықтан да, қазақ интеллигенциясы бұл кезеңді әр түрлі қабылдады. Бірі жаңа  құрылымды қолдаса, екіншісі оған қарсы шықты. Ел игілерінің бастамасымен Омбыда «Оқушы-студент жастардың демократиялық кеңесі», Ақмолада «Жас қазақ», Спаскіде «Жас жүрек», Петропавловскіде «Талап», Семейде «Жанар», Меркіде  қазақ-қырғыз жастарының «Бұқара» революциялық одағы атты қазақ жастарының бірлестіктері құрылды. Солардың бірі әрі бірегейі Тұрар Рысқұлов құрған одақ болды. Оның үстіне биыл осы одақтың құрылғанына 100 жыл толып отыр.

1917 жылы наурыз айының соңғы күндерінде Тұрар Рысқұлов жастар одағын құру үшін Ташкенттен Меркіге келіп, қазақ-қырғыз жастарының «Бұқара» деп аталатын революциялық одағын ұйымдастырды. Одақтың бағдарламасы мен жарғысы қабылданып, міндеттері айқындалды. Барлық ауылдарда жандайшаптарға, атқамінерлерге қарсы күресті күшейтіп, еңбекші халықтың белсенділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Бұл істе қазақ жастарын алдыңғы лекте болуға шақырды.

Өкінішке орай, Меркіде құрылған жастардың «Бұқара» революциялық одағы мүшелерінің басым көпшілігі 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргіннің кезінде атылды, сотталды, жер аударылды. Олардың барлығына «ұлтшыл-фашист Тұрар Рысқұловтың құйыршықтары» деген айып тағылды. Бір қуаныштысы, кейін бәрі ақталып, еңбектеріне қарай құрмет көрсетілді.

Бізді әркез «олар кімдер еді?», «қандай қызметтер атқарды?», «халқына еңбегі сіңді ме?» деген сауалдар толғандырып келгені жасырын емес. Сондықтан да, мұрағат құжаттарын парақтап, интернет желілерін тарақтап, бұқаралық ақпарат құралдарын ақтарып, зерделеудің нәтижесінде одаққа мүше болған бірнеше азаматтың өмірлері мен еңбектері туралы деректерді таптық. Ел басына аса бір ауыртпалық түскен кезеңде Тұрар Рысқұловтың жанында кімдер болды?, «Бұқара» одағына кімдер мүше болды? Енді шама-шарқымыз келгенше, қолда бар мұрағат құжаттарының және басқа да дерек көздеріне сүйене отырып, Тұрардың сенімді серіктері туралы мағлұматтармен бөліскенді жөн көрдік.

Қабылбек Сарымолдаев – одақты құруда аса бір белсенділік танытқан азаматтардың бірі. 1897 жылы Аспара болысында дүниеге келген ол Тұрар Рысқұловпен қоян-қолтық араласа отырып, одақтың негізін қалады. 1916 жылы Ақкөз Қосанов бастаған көтеріліске қатысқан ол 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің нәтижесінде абақтыға жабылудан аман қалып, Тұрардың басшылығымен ұлттар арасындағы наразылықты жоюға, сонымен бірге ашаршылықтың ауыртпалығын жеңілдетуге белсене араласты. 1918 жылдың сәуір айында Тұрар Рысқұловтың Әулиеата уездік комитетіне қызметке келуімен бірге одақтың бірнеше мүшелері Әулиеатаға келіп, қызмет сатысында көтерілді. Қабылбек Сарымолдаев 1919 жылдың басында Әулиеата уездік советі атқару комитетінің төрағасы болды. Сол жылдың 27 қыркүйегінде Әулиеата уездік мұсылман коммунистерінің бірінші съезінде уездік партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1920 жылдан 1930 жылға дейін Қабылбек Семей губерниясы советі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. «Халық жауы» деген жаламен ұсталғанға дейін Қазақ АССР-ның Сауда халық комиссары болды. 1938 жылдың 25 ақпанында. Алматы маңында атылды.

Мақсұт Жылысбаев – 1894 жылы Меркінің Аспара болысының 1-ауылында дүниеге келген ол Тұрар мен Қабылбектің сенімді серігі еді. Үшеуі Пішпектегі бағбандар даярлайтын техникумда да бірге оқыды. Кейінірек құрылған жастардың революциялық одағының мүшесі ретінде Меркі өңірінде халықтар достығын нығайтуға, аштықтың ауыртпалығын жеңілдетуге белсене араласты. 1918 жылы Меркі маңындағы Беловодск елді мекенінде болған патша әскерінің қалдықтарымен және кулактардың көтерілісін басуға қатысты. 1921-1922 жылдары Сырдария облыстық жер бөлімінің бастығы болды. Екі жылдай ВКП(б) комитетінің жолдамасымен Астрахань облысында жер реформасын жүргізді. Одан кейін ол Түрксіб темір жол құрылысында, Талдықорған өңірінде Ақсу және Меркі аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Осы өңірлерде қант зауыттарының салынуына үлкен ықпал жасады. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болар алдында ол Ішкі істер халық комиссариатында басшы қызметте еді. 1938 жылы «халық жауы» ретінде 26 ақпанда Алматы маңында атылды. Жұбайы Әмина ұзақ жылдар АЛЖИР-де азап шекті.

Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің Әулиеата уезінде совет өкіметін орнатушылар қорындағы 28-істе Мақсұт Жылысбаев туралы көптеген деректер бар. Тарихи құжаттарда 1933-1937 жылдары Мақсұт Жылысбаевтың еңбек жолы туралы мәлімет жоқ делінсе, 1961 жылы 24 наурызда Түркістан әскери округінің әскери трибуналының берген анықтамасында Мақсұт 1933 жылы 23 қазанда тұтқынға алынған делінген. Осы мәліметке қарағанда ол бес жылға жуық абақтыда азапталған.

Тороқұл Жанұзақов – 1893 жылы қырғыздың Талас өңіріндегі ірі бай-манабының отбасында дүниеге келген. Меркідегі орыс-тузем мектебінде Тұрар Рысқұловпен бірге бір сыныпта білім алады. 1909 жылы мектепті үздік бітірген Тороқұлды Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы өзіне көмекші әрі аудармашы қызметіне алады. Тұрар Рысқұловпен бірге қазақ-қырғыз жастарының революциялық «Бұқара» одағын ұйымдастыруға, оның жұмысын жүргізуге белсене араласты. Ол 1921 жылы тамызда Түркістан халықтарының көрнекті азаматарымен бірге «Түркістан халқының бірлігі» одағын ұйымдастыруға белсене араласты. Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Ленинмен кездесіп, халқының тағдыры туралы сөйлескен бірегей қырғыз. Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі, қырғыз халқының марқасқа ұлы, ақын жанды асыл азамат 1928 жылы желтоқсан айында болған бір шайқаста 28 жасында мерт болды.

Сыдық Абыланов – 1895 жылы қазіргі Байзақ ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. 1916 жылы әскерге алынып, 1918 жылы ғана елге оралады. Келе салып жастар одағының Әулиеатадағы негізгі тірегі қызметін атқарды. Оның барлық қызметі ағарту саласына бағытталды. Сауатсыздықты жоюмен белсене күресті. Тек Әулиеата жерінде емес, ол бүкіл Қазақстанда осы жұмысты жандандырды. Қарақалпақстанда, Ақтөбеде, Петропавловскіде мектептердің ашылуына белсене араласып, өзі сол жерлерде еңбек етті. 1931-1933 жылдары Қызылорда қаласында министрліктің оқу бөлімін басқарды. Осы жылдары ол дарынды журналист, әрі әдебиетші ретінде танылды. Оның «Күндеспейтін қатын», «1916 жыл», «Екіталай» пьесалары Қызылордада ашылған алғашқы қазақ драма театрының сахнасында қойылды. 1933-1938 жылдары республикалық радио комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Жазықсыз жазаланып, 1938 жылдың 27 ақпанында қазақтың басқа да марқасқа ұлдарымен бірге Алматы маңында атылды.

Үсіпәлі Нұршанов туралы архив құжаттарында біршама дерек бар. Нұршанов туралы Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хатынан білеміз. Тау тұлғалы азаматтың Сталинге 1923 жылы 10 ақпанда жолдаған өмірбаяндық хатында «Бұқара» ұйымының мақсаты мен міндеті туралы айта келіп, оны жүзеге асыруда Сарымолдаев пен Нұршанов өзімен бірге болғанын алға тартады.

1923 жылы 9 шілдеде, 1923 жылы 26 қазанда толтырған анкетада ол 1896 жылы Әулиеата уезінің Шөңгір болыстығының Жалғызтал деген жерінде туғанын жазады. 1905 жылы Меркі орыс-тузем мектебіне 9 жасында оқуға барады. Онда екі жыл оқиды. Одан кейін Әулиеата жоғары бастауыш училищесінде 1912 жылға дейін білім алған.

Өзі толтырған өмірбаяндық құжатта сөйлейтін тілі қырғыз (қазақ) екенін айтып, орыс, өзбек тілін еркін меңгергенін жазған. Әулиеата қалалық училищесін бітірген. 1919 жылдың тамыз айында компартияның мүшелігіне өткен. Сол жылы Р.К.П.-ның Әулиеата мұсылмандар бюросын басқарады. Әулиеата уездік комитетінің хатшысы болды. 1920 жылы Ташкентте болған тамыз төңкерісіне қатысы бар деген айыппен ревком басшысы Гумаровпен бірге қамаққа алынады. Одан ақталып шығады. Алдымен Меркі аудандық атқару комитетінің төрағасы, одан кейін қалалық Қосшы одағының төрағасы болып тағайындалады. Осылайша мемлекеттік қызметке белсене араласқан Үсіпәлі Шығыс Қазақстан облысында еңбек етіп жүргенде 1938 жылы 11 наурызда «халық жауы» деген жалған жаламен Алматы маңында атылды.

Әшімжан Нұршанов туралы Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 10 П-қорының (Әулиеата уездік партия комитеті) 405-ісінде біршама дерек бар. Бір қызығы, осы іске оның бауыры Үсіпәлі (Юсуп-Али) Ермұхамбетұлы Нұршановтың да жеке ісі тіркелген. Осы тарихи құжатта 1923 және 1925 жылдары толтырылған анкета және өмірбаян негіздерінде Әшімжанның өмірі мен еңбегі туралы мағлұматтар жинақтауға болады. Әшімжан 1897 жылы Әулиеата уезінің Шөңгір болысының Жалғызтал ауылында дүниеге келген. Жазған өмірбаянында жасы онға келгенде әкесі Меркідегі орыс-тузем мектебіне берген. Ол осы мектепте бес жыл оқиды. Одан кейін Әулиеата жоғары бастауыш училищесінде үш жыл білім алады.

1917 жылдан бастап еңбекке араласады. Алғаш Шөңгір болыстығында, одан кейін Меркі аудандық революциялық комитетінің жер қатынастары бөлімінде еңбек етеді. 1920 жылдан бастап партиялық жұмыста қызмет етеді. 1919 жылдың 11 қазанында большевиктер партиясы қатарына өткен ол Меркі аудандық партия комитетінде еңбек жолын жалғастырады. Сол кездің дәстүріне сай оның жұмыс қызметі жылына бірнеше рет өзгерген. Мәселен, 1922 жылдың күзінде Меркі ауданы милициясының бастығы болады. Біздің қолымыздағы құжаттарда 1927 жылдың 25 шілдесінде Әшімжан Нұршанов Сырдария округінің Ташқазақ аудандық партия ұйымына қызметке жіберіледі. 1939 жылы Семейде облыстық тұтынушылар одағының директоры қызметін атқарып жүргенде тұтқынға алынады. Алайда, бір айдан кейін қылмыс жасамағаны анықталып, босатылған.

Кененбай Бармақов – 1900 жылы Шу өңірінде, қазіргі Алға ауылында дүниеге келген. Меркідегі орыс-тузем мектебін бітіргеннен кейін Тұрар Рысқұловтың жанынан табылып, жастардың революциялық одағының белсенді мүшесі болды. Ұзақ жылдар милицияда қызметі атқарды. Алғаш Әулиеата уездік милициясын, 1921 жылдан Пішпек уездік милициясын басқарды. 1923 жылы қара қырғыз автономиялық облысы құрылғаннан кейін Әулиеатаға қайта оралды. Біраз жылдар Орал губерниясында, Алматыда еңбек етті. Орал облысының Жымпиты аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Төрт жылдай республикада сауда мекемесін басқарды. Павлодар қаласында қызмет етіп жүрген жерінен 1937 жылғы 20 желтоқсанында «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 1938 жылдың 5 наурызында  Алматы маңында атылды.

Ысқақ Әсімов – 1900 жылы Меркі ауданының Ақтоған ауылында дүниеге келген. Жастардың революциялық одағын құруға белсене араласқан қайраткерлердің бірі. Әрқашанда Тұрар, Қабылбек, Мақсұт бастаған азаматтардың жанынан табылған. Одақ мүшелерімен бірге аштарды тамақтандыру орындарының қорын толықтыруға белсене қатысты. Орыс, өзбек байларымен сөйлесіп, олардың да аштарға көмектесуіне ықпал жасады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Меркі өңірінің революциялық комитетінің төрағасы, милиция бастығы, одан кейін Әулиеата уездік атқару комитетінің саяси комиссары болды. 1922 жылдан 1932 жылға дейінгі аралықта Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам және Сарыағаш аудандық партия комитеттерінің хатшысы қызметтерін атқарды. Мәскеуде марксизм-ленинизм жоғарғы партия мектебін бітірген соң, Қостанай облысында МТС-тың саяси бөлімінің бастығы болды. Қайда, қашан қызмет етсе де, ол білімділігімен, іскерлігімен көзге түсті. 1937 жылы 14 тамызда «халық жауы» ретінде ұсталған сәтте Ысқақ Сәбетұлы Жуалы аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген болатын. 1938 жылдың 20 ақпанда ату жазасына кесілді. Жаза сол күні Шымкент қаласының маңында орындалды.

Тұрдалы Тоқбаев – 1896 жылы Әулиеата уезінің Талқан болыстығының №3 ауылында, Талдыбұлақ жайлауында туған. Қырғыз халқының асыл азаматы бүкіл саналы өмірін қазақ достарымен бірге өткізді. 1914 жылы Меркідегі орыс-тузем мектебін бітіргеннен соң Әулиеата қалалық жоғары бастауыш училищесін тәмамдайды. Ол Әулиеата тергеу комиссиясын, уездік төтенше комиссиясын басқарды. Біраз уақыт Әулиеата уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары да болды. 1936 жылы жаламен, «Ұлтшыл-фашист Рысқұловтың құйыршығы» ретінде ұсталған кезде ол Қырғыз АССР-ның Базар-Қорған машина-трактор станциясының директоры қызметін атқарып жүрген. Бірақ, қай жылы атылғаны жөнінде нақты дерек жоқ.

Рахманқұл Орынтаев – 1896 жылы Меркі ауданында туған. Меркі орыс-тузем мектебін бітіргеннен соң, революциялық жұмысқа белсене араласты. Тұрар Рысқұловтың жанынан табылып, жастар одағының белсенді мүшесі болды. Меркіде, Әулиеатада әр түрлі жұмыстарды атқарып, Алматы қалалық кеңесі атқару комитетінде еңбек етті. 1937 жылы 10 қыркүйекте «халық жауы» ретінде тұтқынға алынғанда ол Алматы қаласының көлік басқармасының бастығы болатын. 1938 жылдың 7 наурызында сотталып, сол күні Алматы маңында қазақтың марқасқа ұл-қыздарымен бірге атылды. Бір өкініштісі – ол туралы толыққанды мәліметтер архивте сақталмаған.

Жүзбай Мыңбаев – 1896 жылы Әулиеатадағы Қарабақыр болыстығында туған. Жастардың «Бұқара» революциялық одағының мүшесі ретінде тұрғылықты халықтың арасында түсіндіру жұмысын жүргізді. Мемлекеттік органдарда әр түрлі жұмыстар атқарды. Әсіресе, ашаршылықтың зардаптарын жеңілдету бағытында шаршамай, шалдықпай еңбек етті. Аштарды тамақтандыру орталықтарының жұмысын жиі-жиі тексеріп, нәтижесін Тұрарға жеткізіп отырғаны да анық. 1937 жылы 8 қыркүйекте «халық жауы» деп танылып, қамаққа алынғанда қазіргі Жамбыл облысының Байзақ ауданында еңбек етіп жүрген. 1937 жылдың 20 қазанында атылған.

Жақаш Мамыров – 1894 жылы Әулиеата ауданында туған. Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде сақталған құжатта Жақаш Мамыровтың 1927 жылдан большевиктер партиясының мүшесі болғаны, 1930 жылы Созақ-Сарысу көтерілісі кезінде аудан орталығындағы жұмыс орнын тастап кеткені үшін партиядан шығарылып, 1932 жылы партияға қайтадан қабылданғаны жазылған.

Жастар одағының мүшесі ретінде елді мекендерде ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласты. Ол 1928-1929 жылдары Мойынқұм аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Одан кейін Сарысу ауданында, Алматыда, Шымкентте әр түрлі қызметтер атқарды. 1936 жылы Алматы қаласындағы Жоғарғы коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін бітірген.

1937 жылдың 16 қыркүйегінде Мирзоян аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде Новоивановка машина-трактор станциясының директоры қызметін атқарып жүрген кезде оған ауыл шаруашылығына қаскөйлік жасап, станцияның жұмысын әдейі әлсіретті деген жала жабылды. Соның салдарынан «халық жауы» және «ұлтшыл-фашист Рысқұловтың құйыршығы» ретінде партиядан шығарылған. 1938 жылы 19 ақпанда СССР Жоғарғы сотының әскери алқасы оған ең ауыр жаза – ату туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім 1938 жылдың 19 ақпанында Шымкент қаласында орындалғаны жөнінде де мәліметтер бар.

Юсуп Сатыбалдинов – 1893 жылы Меркі ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 1937 жылы 22 желтоқсанда ол Луговой станциясында жұмыс істеп жүрген жерінен үштіктің қаулысымен «халық жауы» ретінде тұтқынға алынады. Сол жылы ол 10 жылға бас бостандығынан айырылып, концлагерьде тұтқында болды.

Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің Әулиеата уездік атқару комитеті құжаттарында Юсуп Сатыбалдиновты қызметтерге ауыстыру, тағайындау туралы деректер кездеседі. Әулиеата уездік-қалалық атқару комитетінің 11-сессиясы мүшелерінің тізімінде Сатыбалдиновтың да есімі жазылған. Ал, осы қордың 1919 жылғы 12 тамызындағы Әулиеата уездік революциялық комитетінің №4 хаттамасында Шу учаскесінен Қошманбетовты шақыртып, оның орнына Сатыбалдиновты жіберу туралы дерек бар.

Әулиеатада совет өкіметін орнатушылар деген қорда Юсуптың өз қолымен жазған төрт парақтық өмірбаяны сақталған. Осы құжатта ол Меркідегі орыс-тузем мектебінде Қабылбек Сарымолдаев, Қалыш Қожабергенов, Мақсұт Жылысбаев, Тұрар Рысқұлов, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев, Садуақас Жамансартов және басқалармен бірге оқығанын жазған. Кейін жастардың революциалық одағын құруға белсене араласқан.

Қалыш Қожабергенов – 1893 жылы Шу өңірінде дүниеге келген. Меркідегі орыс-тузем мектебін бітіргеннен кейін Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған жастардың революциялық одағының белсенді мүшесі ретінде 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін елді мекендерде жиі болып, халықтар достығын нығайтуға ерекше күш жұмсады. Жастар одағының жарғысына сәйкес Уақытша биліктің қазақ ауылдарына алым-салымды көбейтпеуіне бағытталған жұмысты жүргізе білді. 1918 жылдың тамыз айында құрылған Әулиеата уездік партия ұйымының жұмысына белсене араласып, 1919 жылдың 27 қыркүйегінде өткен Әулиеата партия ұйымының бірінші съезінде комитеттің мүшесі болып сайланды. 1919-1921 жылдары Түркістан республикалық төтенше комиссиясының құрамында Ташкент қаласында оперативтік жұмыстар атқарды. 1922-1926 жылдары Әулиеата қаласында әртүрлі басшы қызметтерде болды. 1928 жылы Новотройцк селосында сауда ұйымдарында еңбек етті. 1932 жылы колхоз ұйымдастыруға белсене араласқан ол осы жылы жалған жаламен сотталып, 1936 жылдың маусым айына дейін КарЛАГ-тың Долинка колониясында абақтыда болды. Ақыры өзіне жағылған кінә жалған болып, лагерьден босатылып, Шуға келіп еңбекке араласты. 1940 жылдың 1 ақпанында туған жерінде қайтыс болды.

Қарымбай Қошмамбетов – 1897 жылы Әулиеата уезінің Қарабастау болысында дүниеге келген. 1914 жылы орыс-тузем мектебін бітіргеннен кейін революциялық іске белсене араласады. Меркіде құрылған революциялық жастар одағының Әулиеата қаласындағы тірегіне басшылық жасады. Әулиеата жоғары бастауыш училищесін бітіргеннен соң 1918-1919 жылдары уездік атқару комитетінің социалистік ротасын басқарды. 1920 жылы Әулиеата уездік төтенше комиссиясын, одан кейін Әулиеата уездік милициясын басқарды. 1923 жылы Қазалы қалалық комитетінің жауапты хатшысы, 1924 жылы Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы, 1926 жылы Орал губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1929 жылы республикалық сауда комиссариатын басқарды. Ең соңғы жұмыс орны – Алматы округінің Іле аудандық партия комитетінің хатшысы қызметі. 1930 жылы 9 қарашада дүниеден озды. Нақты деректер бойынша ол жалынды революционер болумен бірге арқалы ақын да болған.

Жүнісбек Дүрімбетов – 1898 жылы Әулиеата уезінің Үшарал ауылында дүниеге келген. 1915 жылы Меркіде 2 жылдық орыс-тузем мектебін бітірген. 1916 жылы орыс әскерінің қара жұмысына алынады. Алайда, әскер қатарынан Ташкентке қашып келіп, жаңа биліктің жұмысына араласады. Біздің қолымызда «Жүнісбек Дүрімбетов «Бұқара» жастар одағының мүшесі болды» деген нақты дерек жоқ. Алайда, Тұрар Рысқұловпен бірге оқып, кейін Ташкентте, Әулиеатада аралас-құралас, қызметтес болған азаматтың жастар одағына мүше болмауы екіталай. Ол Әулиеата өңірінде Тұрар Рысқұловтың тікелей басшылығымен аштыққа қарсы күреске маңдай терін төкті. 1919 жылдан 1923 жылға дейін Әулиеата уезі милициясының бастығы болған. Одан соң Әулиеата аудандық атқару комитетін басқарған. Орынбор облысының бірнеше аудандық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Әулиеата жерінде байларды тәркілеуге тікелей қатысып, оның қасіретін жеңілдетуге астыртын ықпал жасағаны анық. 1936 жылы Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Өте білімді, алғыр азамат болғаны оның қызмет сатысындағы жолдары айғақтайды. Ол 1937 жылы 23 қазанда «халық жауы» ретінде қамаққа алынып, 1938 жылдың 15 ақпанында атылған.

Әлімқұл Жұмағұлов – 1894 жылы Әулиеата уезінің Қарабура болыстығында дүниеге келген. Жерлестері Тұрдалы Тоқбаев бастаған қырғыз ағайындары сияқты Әлімқұл да Әулиеата өңірінде совет билігін орнатуда жастардың революциялық одағының мүшесі ретінде белсене еңбек етті. Тұрар Рысқұловтың жанына топтасқан жастармен бірге ашаршылықтың ауыртпалығын жеңілдетуге, Уақытша өкіметтің шешімдерін орындамауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. Мұрағат құжаттарында оның Әулиеата уезінде ауыл шаруашылығы және азық-түлік проблемаларымен айналысқаны анық көрінеді. Тағы бір кезеңде 1922 жылы Сырдария облыстық-қалалық атқару комитеті төралқасының мәжілісінде оның басқармалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғандығы жазылған. Тағы бір құжаттардағы деректер бойынша ол салық жинау мәселесімен де айналысқан. 1924 жылдың қараша айынан бастап ол атамекені Қырғыз облысының жер бөлімінің бірінші меңгерушісі болып тағайындалуына байланысты Әулиеата уезінен қоныс аударыпты. Әлімқұл Жұмағұловтың одан кейінгі өмір жолдары туралы мұрағатта деректер сақталмаған.

Қожомұрат Сарықұлақов – 1892 жылы Пішпек уезінің Ұзынқыр айылында дүниеге келген 1911 жылы Верный гимназиясын күміс медальмен бітіргеннен соң гимназия директорының кепілдемесімен алғаш Киев университетінің медицина факультетінде, одан кейін Қазан университетінің заң факультетінде білім алады. Кедей отбасынан шыққаны ескеріліп оған өкімет стипендия төлеген. Алайда, ауруының күшеюіне байланысты университетті бітіре алмай елге оралады. Келісімен ол Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған жастардың «Бұқара» революциялық одағының қырғыз қанатын ұйымдастырушылардың бірі болды. Алғашқы күннен бұл жұмысқа белсене араласып, одаққа қырғыз жастарының көбірек мүше болуына ықпал жасады. Алайда, меңдеген аурудың салдарынан 1918 жылы ол дүниеден өтті.

Олар рухы мықты елдің азып-тозбайтындығын білді, Осы бағытта талмай, қажымай еңбек етті. 1917-1918 жылдары жастар одағының мүшелері Әулиеата өңірінің халық көп жиналған жерлерінде қалыптасқан жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, саяси жаңалықтардан хабардар етумен бірге елдің ерік-жігерін қайрай білді.

Меркіде ұйымдастырылған «Бұқара» одағының өзегі мықты болғанын оның мүшелерінің көп іс-әрекетінен байқауға болады. Солардың бірін ғана айтайық. Одақ мүшелері өсе келе ауданды, қаланы, облысты, халық шаруашылығының жекелеген салаларын басқарды. Бүгінгі министрдің деңгейіндегі билік – Халық қомиссары болды. Бұл аз десеңіз, мемлекетті басқарды. Одақты ұйымдастырған Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасын басқарса, оның кластасы Тороқұл Жанұзақов оның орынбасары болды. Тороқұл жасындай жарқырап, биік шыңдарға көтеріліп келе жатқанда мерт болмағанда оның шығар биігі әлі алда еді. Ал, Тұрар Рысқұлов бүкіл совет елі Үкіметі басшысының орынбасары болды. Екеуі де халқының болашағы үшін сіңірген еңбегіне орай екі елдің біртуар азаматына, асыл ұлдарына, ұлы тұлғаларына айналды. Егер саяси қуғын-сүргін болмағанда олар халқына қызмет көрсетудің биігіне шығары анық еді.

Олардың барлығы да халқының жарқын болашағы үшін өмір сүрді, азапты күндер мен түндерді өткізді, тағдырдың ауыр тауқыметін көрді, тіпті, жандарын да берді. Арыстардың басына түскен ауыртпалықты отбасы мен ағайын-туыстары да көтерді, азап көрді, жазықсыз жазаланды. Қайран заман-ай…

Бүгінгі ұрпақ олар кешегі аумалы-төкпелі заманда «совет билігінің сойылын соқты» деп кінәламай, халықтың рухын, саяси, өмірлік белсенділігін көтергенін ұмытпай, құрметтеуі керек. Осыны жадымыздан шығармайықшы…

Мақұлбек Рысдәулет