Юрий Никулин жамбылдықтарға не үшін рақмет айтты?
Юрий Никулин жамбылдықтарға не үшін рақмет айтты?
1977 жылы Францияда өткен Жоржа Садуля атындағы сыйлыққа, араға он жыл салып 1987 жылы Роттердамдағы халықаралық кинофестивальде сыншылардың арнайы тағайындалған сыйлығына ие болған «Соғыссыз өткен жиырма күн» («Двадцать дней без войны») кинотуындысының алғашқы эпизодтары 1975 жылы қаңтар-ақпан айларында Жамбыл жерінде түсіріліпті.
Бұған облыстық архив қойнауында сақталған 1975 жылғы 6 ақпанда Шоқан Уәлиханов атындағы кинотеатрында түсірілген фотосурет айғақ. Ол суретте және облыстық газетте жарияланған мақалада фильмнің басты кейіпкерлерін сомдаған Никулин мен Гурченко, «Ленфильм» киностудиясының ұжымы жамбылдықтармен кездесу өткізіп, фильм және оның кейіпкерлері туралы алғаш рет ашық әңгіме жүргізгені сипатталған. Константин Симоновтың өтінішімен фильмнің режиссері Алексей Герман басты кейіпкерді сомдауға майданды көрген СССР Халық әртісі Юрий Никулинді шақырған. Ал оның ғашығын бұл фильмде СССР-дің еңбек сіңірген әртісі Людмила Гурченко ойнады. Белгілі майдангер-жазушы Константин Симоновтың сценарийі бойынша түсірілген фильмде 1942 жылдың соңы мен 1943 жылдың басы сипатталған. Фильмнің басты кейіпкері майдангер-журналист Василий Лопатин Сталинград түбіндегі шайқастан кейін 20 күндік демалыспен Ташкентте тұрып жатқан туыстарымен қауышуға жол тартады. Жол-жөнекей ол қазақ жерімен де танысып, сол жерден тіпті жанына жылу сыйлаған адамды да жолықтырады. Қан майданның бел ортасында жүрген жауынгер, тылдағы бейбіт өмірге алғаш үйренісе алмағанымен, қайтарға уақыт жақындағанда ол өзінің махаббатын тапқанын ұғады. Жамбылдағы кездесу кешінде бас режиссер Алексей Герман «фильмнің «Соғыссыз жиырма күн» деп аталу себебі – фильм соғыс жылдарындағы бейбіт күнді сипаттайды» деп түсіндіріпті. Ал басты рөлді сомдаған Юрий Никулин өзінің шығармашылығы туралы жамбылдықтарға былай әңгімеледі: «Мен көбіне комедиялық фильмдерге түсу арқылы белгілі болғанымды мақтаныш етемін… Бұл жолы мен аса күрделі драмалық рөлді атқарамын. Байқауымша, ол жаман болып шықпайтын секілді. Өйткені солдат өмірі маған бейтаныс емес. Өзім соғыс кезінде небір айқастарға шыққан адаммын. Оның үстіне қауіп-қатерлі майдан даласында жүргенде-ақ қаруластардың көркемөнерпаздар ұжымын ұйымдастырған болатынмын. Сол тұста жұрт мені болмашы нәрседен күлкі тудыратын артист, клоун ретінде тани бастаған еді», – дей келе, сықақтарын оқыды. Әртіс сөзінің соңын былай қорытындылапты: «Бізді жамбылдықтар үлкен қошеметпен қарсы алды. Тіпті, кинофильміміздің өзіне белсене қатыса бастады. Оларды көп кешікпей экрандардан, біздің жанымыздан көретін боласыздар. Біздің ұжым аса меймандостығы үшін қазақ жеріне, Жамбыл жеріне үлкен рақметін айтады». Бұл кездесу кеші әртістерге қошемет көрсетумен және «Кавказ тұтқыны» фильмін тамашалаумен аяқталыпты.
Назым ҚОЖАМАРОВА, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім меңгерушісі