Жолаушылардың «Темірқазығы» болған Ақ кесене

69

Ақ кесене мұнаралы бекіністің пайда болуына байланысты аңыздарға сүйенсек, бірде Қарахан Таласта (Таразда) Бетпақтан өтіп келген керуенбасыны қабылдапты.

Ханға деген сый-сияпатты берген керуен басы: «Дат, тақсыр» депті. Сонда хан тұрып: «Датың болса айт» деген екен.

Ханның аяғына жығылған керуен басы:

«О, құдіреті күшті хан, мен жүрмеген жол, аспаған асу аз болар. Бірақ Таластан терістіктегі құмнан (Мойынқұмнан) қатерлі де қауіпті жер көргенім жоқ. Үш күндік жолдың азабы үш айға бергісіз болды. Сол жолдың торабына, қараңғы түнде жол көрсететін Темірқазық жұлдызы сияқты белгі қойдырсаңыз сізге Алланың нұры жауар еді» депті.

Сөйтіп көреген хан тараздық шеберлерге Ақ кесене және Көк кесене мұнараларын салдырыпты. Әрине, мұндай мұнаралы бекіністің сыртқы жаудан қорғану үшін тұрғызылғаны белгілі.

Мұнараға саты арқылы көтеріліп жоғарыдан бақылаушы жауынгер алыстағы жауды көріп хабарды дер кезінде жеткізуге мүмкіншілік алатын болған. Қалыңдығы үш метрлік қабырғалардан тұрғызылған бекіністі жаудың бұзуы да оңай болмаған.

Ғасырлардан сыр тартқан Ақ кесене көпті көрген қарт кісідей талай тарихи сырды ішіне бүгіп бүгінгі ұрпаққа да жетіп отыр. Бір өкініштісі, кесененің уақыт өте келе жаңбырдан, желден, ыстық-суықтан морылып құлай бастағандығы. Мұндай ортағасырлық ескерткіштердің қазіргі күнге дейін құлап қалмай аман-сау жеткенін кездестіру сирек. Көбісі бұзылып, топырақ үйіндісіне айналып кеткен. Сондықтан өңірде сирек кездесетін Ақ кесене бекінісін қалпына келтіру, болашаққа сақтап қалу мақсатында, бүгінгі күні қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Әрине, Ақ кесенені қалпына келтіру қалай болса солай тұрғыза салатын оңай шаруа емес. Оның қыр-сыры зерттеліп, арнайы топырақтан жақсылап тұрғызылғандығы дұрыс болар еді. Облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру – басты міндет. Өйткені келер ұрпақ бұл жәдігерлерді де көруі тиіс. Тарихындағы өз дәстүр жалғастығын тауып ұстана білген ел үшін оны бүгінге жеткізген көк түріктің ұрпағы, қазақ халқы үшін өткені мен бүгінін жалғастырар, сабақтастырар осындай мұралары еліміздің біртұтастығына қызмет етер ұлтымыздың ең басты байлығы болып қала береді. Адырын қопарса астынан қола шығатын, қабірін ашса, астынан алтын адам шығатын қазақ даласы тарихи ескерткіштерге бай. Тарихи ескерткіштер тамырластықты білдіруші зат ретінде әрі тарихындағы өз дәстүр жалғастығын тауып, ұстана білген ел үшін ең басты байлығы болып қала береді. Өткенге құрмет келешекке үлгі ретінде мәдени-тарихи жәдігерлерді зерттеу, жүйелеу, қорғау және сақтау, оларды ұдайы насихаттап отыру – біздің азаматтық борышымыз. Ескерткіш болсын, қорған болсын, қорым болсын – бәрі де өнер туындысы. Осы өнер туындыларына қарап өскелең ұрпақ ойланады, ой түйеді.