Баспана мәселесі: 2024 жылы Жамбыл облысында қанша тұрғын үй салынбақ
Облыс аумағында биылғы жылдың соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік тұжырымдамасы негізінде 2909 пәтерлік 56 тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы Jambylinfo.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
2024 жылы аймақ тұрғындарына арнап тұрғызылатын баспана құрылысына 6,5 млрд теңге жұмсалмақ. Оның 1 млрд теңгесі облыстық бюджеттен, ал қалған 5,5 млрд теңгесі облигациялық несие есебінен бөлінеді. Көлемі 2531 пәтерді қамтитын 50 көпқабатты тұрғын үй Тараз қаласында салынады. Олардың 45-і – 2231 пәтерлік әлеуметтік несиелік, ал қалған 5-уі – 300 пәтерлік жалдамалы баспана.
Қордай ауданында 120 пәтерлік 2 жалдамалы үй, ал Шу ауданында – 80 пәтерлік 1 ғимарат құрылысы басталады. Сондай-ақ, Талас ауданында 88 пәтерлі екі жалдамалы тұрғын үйді қайта жаңарту жұмыстары жоспарлануда. Мұндай шаралар Сарысу ауданындағы 90 пәтерлік тұрғын үйде де жүргізілмек.
Осы жылдың соңына дейін, Жамбыл облысында 2109 пәтерлік 39 үйдің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Атап айтсақ:
– Тараз қаласында 1811 пәтерлік 34 әлеуметтік тұрғын үй;
-Қордай ауданында 120 пәтерлік 2 жалдамалы тұрғын үй.
Сонымен қатар, биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына республикалық бюджет есебінен 354 пәтер сатып алу жоспарлануда. Мұны жүзеге асыру үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан 4,7 млрд. қаражат қарастырылған.
– Байзақ ауданында – 60 пәтер үшін 795,7 млн.теңге;
– Жамбыл ауданында -20 пәтер үшін 265,2 млн.теңге;
– Қордай ауданында –20 пәтер үшін 265,2 млн.теңге;
– Мойынқұм ауданында – 12 пәтер үшін 159,1 млн.теңге;
– Сарысу ауданында – 30 пәтер үшін397,8 млн.теңге;
– Шу ауданында – 50 пәтер үшін 663,1 млн.теңге;
– Тараз қаласында – 162 пәтер үшін 2 148,3 млн.теңге.
– Бүгінгі таңда, жалпы бюджет және жеке қаражат көздері есебінен 729,6 мың шаршы метрлік тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға артық. Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы ҚР мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы облыс аумағында бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй құрылысын жүргізетін мердігер ұйымдарды анықтайды, – деп хабарлайды Жамбыл облысы құрылыс басқармасы.
Сондай-ақ, ведомство өкілі аймақта «Асар» жобасы аясында тұрғын үй құрылысының қарқынды жүріп жатқанын және соның нәтижесінде бүгінде көптеген көп балалы және жағдайы төмен отбасылардың баспаналы болғанын атап өтті.
-Мұндай құрылыс жұмыстарын ауылдық округ әкімдіктері мен ауыл ақсақалдары бірлесіп талқылай келе, қабылданған шешімдерге сәйкес баспанаға мұқтаж отбасылар санын анықтайды. «Асар» жобасы басталғалы бері Жамбыл облысындағы 420 отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Дәл қазір осы жылы салынатын тұрғын үйлерге мұқтаж отбасылар тізімдері жасалып жатыр,- дейді құрылыс басқармасы өкілі.
Арман Секенов