Алматыда түнгі клубтың аспазы есірткі таратты деген күдікке ілінді
Алматыда демалыс орындарында есірткі қылмысына қарсы арнайы операция жүргізілді
Алматыда полиция қызметкерлері тұрғындардың жаппай демалыс орындарында психотроптық заттардың заңсыз айналымының жолын кесу мақсатында арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел іс-шаралар барысында қаланың ойын-сауық орындарының бірінде ас үй қызметкері есірткі заттарын таратты деген күдікпен жұмыс орнында ұсталды. Санкцияланған жеке тінту кезінде күдіктіден ұнтақ тәрізді заттар мен өзіне тән иісі бар өсімдік тектес масса тәркіленді. Аталған заттар психотроптық және есірткі құралдары болуы мүмкін деген болжаммен сараптамаға жолданды.
Ұсталған күдіктінің тұрғылықты мекенжайында қосымша тінту шаралары жүргізілді.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Полиция есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар арналар мен тұлғаларды анықтау бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда.