Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы қаза тапты

13

Нұр-Сұлтанда Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлын пышақтап кетті. Жас жігіт алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды астаналық полиция департаменті.

«10 қараша күні сағат 22:56-да «102»-ге Нұр-Сұлтан қаласының Көктал шағын ауданындағы Болашақ көшесінде жаппай төбелес басталғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері жас жігіттердің арасында жанжалдың туындағанын, арты төбелеске ұласқанын анықтады», — дейді полицейлер.

Төбелес кезінде екі адам жарақат алды. Біреуі қоғам белсендісі болған Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы – Жанболат Ағаділ болып шықты. Оны пышақтап кеткен. Жас жігіт жедел жәрдем келгенше алған жарақатынан көз жұмды.

«Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі («екі және одан да көп адамды өлтіру») және 293-бабының 3-бөлігі (қару қолдану арқылы адамдар тобы жасаған бұзақылық) бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі кезде төбелеске қатысқан барлық адамдарды анықтау бойынша тергеу шаралары атқарылып, ұсталғандардан жауап алынып жатыр. Тергеу жалғасуда», — деп атап көрсетті құқық қорғаушылар.

Адам өлтіру бабы бойынша 15-20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал бұзақылық бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

 

Sputnik Қазақстан