Заң

Енді көлікті 5 минуттан артық қыздырғандар айыппұл арқалай ма

Бұл сұраққа ІІМ жауап берді

Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынады деген ақпарат тарағалы жүргізушілерден маза кетті. Әлі қызу талқыға түсіп жатыр. Ал, шын мәнісінде заң жол жиегінде сәл бөгелген көлікті айыпты етуге не себеп екенін ішкі істер министрлігінің өкілі түсіндірді, деп жазады Jambylinfo.kz

  Ulysmedia.kz тілшісіне ішкі істер министрлігі тұрғын үй тұрған аймақта қозғалтқышы бар көлік құралының тоқтап тұруы жайлы былай түсіндірген.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңа норма емес. 20 жылдан астам уақыттан бері бар. ІІМ түсіндіруінше, егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда әкімшілік кодекстің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады.

Айта кетейік, бұл талапты бұзғаны үшін алғашқы жағдайда 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынады, ал қайталанса, 39 320 теңге айыппұл төлеуге тура келеді. Айыппұл салу үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі және құқық бұзушылық жасалған уақыт пен күні көрсетілген 5 минуттан астам бейнежазба қажет.

Ұзақ уақыт көлікті жылыту жанармай шығынын арттырып қана қоймай, атмосфераға зиянды заттардың, соның ішінде көміртек тотығының бөлінуіне себеп болады.

Сонымен қатар, көлік жүргізушісі мен жолаушыларға қауіпсіздік белдігін тағу міндеттелген. Бұл талапты орындамаған жағдайда да 19 660 теңге көлемінде айыппұл қаралған.