Ішкі істер министрлігі «102» мобильді қосымшасын іске қосты

56

ІІМ «102» мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл туралы ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Министрлік алдында тұрған міндеттердің бірі – заманауи технологиялық, азаматтардың сеніміне ие ішкі істер органдары жүйесін құру. Бүгін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында біз ресми түрде халыққа ыңғайлы жаңа сервис – «102» мобильді қосымшасын іске қосамыз. Ақпараттық технологиялардың қазіргі даму деңгейінде кез келген ақпарат тез таралады. Полицияның азаматтардың хабарламаларына ден қоюы да осындай тез болғанын қалаймыз. Күн сайын бүкіл республика бойынша полицияның жедел басқару орталықтарының операторлары 102-арнаға келіп түскен 10 мыңға жуық хабарламаға жауап береді. Сонымен бірге, оқиға туралы ақпарат полицияға емес, әлеуметтік желілерге жіберілетін жағдайлар да кездеседі. Әдетте, түрлі оқиғалардың куәгерлері фотосуреттерді немесе видеоларды өз парақшаларына салады немесе танымал пабликтерге жібереді. Бұл оқиғаларды біздің мамандар әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықтайды. Бұл ретте полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмысты «ізін суытпай» ашу үшін пайдалануға қажет болатын қымбат уақытты жоғалады», деп жазды министр.

Сонымен бірге, министр мобильді қосымшаны пайдаланудың артықшылықтары туралы айтты. Бұл – оқиғалар туралы қысқа хабарламалар мен фото, видеолар жіберу мүмкіндігі және оқиға орнынан тікелей бейнеқоңырау шалуға болады, бұл ЖБО операторына не болып жатқанын көруге және дереу тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

«Қосымша арқылы сыбайлас жемқорлық, полиция қызметкері тарапынан жасалған бопсалау фактісіне тап болған жағдайда, ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне де жүгінуге болады. Қосымшаның көмегімен және бірлескен күш-жігеріміздің арқасында полицияның жедел әрекет етуі, қылмыстарды ашудағы тиімділік артады және көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады деп күтеміз. Егер өзіңізге немесе өзгелерге қауіп төніп тұр деп ойласаңыз, мас адамның рөлге отырғанын көрсеңіз, зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз, жануарларға қатыгездік жасалып жатқанын көрсеңіз, күдікті адамды байқасаңыз, дереу хабарлаңыз. Тек бірлескен күш-жігерімізбен ғана құқықбұзушылыққа төзбейтін және қауіпсіз қоғам құрамыз», дейді Ішкі істер министрі.

Қосымшаны Android жүйесіндегі смартфондарға арналған Play Market-тен және IOS жүйесіндегі смартфондарға арналған App Store-дан жүктеуге болады.

egemen.kz