Сенаторлар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында депутаттар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заңдардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.
Сенат Төрағасы осы заңдар аясында өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер де қарастырылғанын атап өтті. Заң нормалары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқындалады. Отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленеді.