Сот Қордайдағы төбелеске қатысқан 4 адамның жазасын жұмсартты

27

Сот Қордайдағы төбелеске қатысқан 4 адамның жазасын жұмсартты. Нәтижесінде, бас бостандығынан айырылған жеті сотталушының төртеуінің жазасы «бас бостандығынан айырудан» – «бостандығын шектеуге» ауыстырылды. Олар еркіндікке шықты.

Қазақстанның әскери соты Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан жеті сот­талушының адвокаттарының апелляциялық шағымдарын қарады. Қарау қорытындысында судья бұған дейін түрмеге отырғызылған Ерлан Бұралқиновтың – 3 жыл 20 күн, Алмат Тілеуғалиевтің – 3 жыл, Рүстем Бежибайдың – 4 жыл, ал Ұлан Атанбаевтың  3 жыл бас бостандығын шектеуге шешім қабылдады. Олар Қылмыстық кодекстің «жаппай тәр­тiпсiздiк» деп аталатын 272-бабының 2-бөлімі бойынша айыпты деп танылды.

Сотталушылар пробациялық бақылауға алынады. Оларға сондай-ақ 100 сағат мәжбүрлі жұмыс істеу белгіленді. Бірақ оның барлығы бостандықта жүзеге асырылатындықтан, сот төртеуінің де қолынан кісенді алып тастатып, қамаудан босатты. Ал Б.Ибрагимов, М.Дүйсенбаев және А.Нұ­рахановқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды.

 

aikyn.kz