Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық азаматтың басты міндеті

0 54

 

Сыбайлас жемқорлық — ел экономикасының дамуына едәуір кедергі келтіреді. Сыбайлас жемқорлық елге келетін инвестициялар легін қысқартып, табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалануға жол беріп қана қоймай, экономикалық өркендеуді арттыруға бағытталған реформалардың жүргізілуін де  тежейді.

Жамбыл облысында соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тіркелу динамикасы төмендеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа жолдаған істердің саны 118-ден 110-ға, қылмысқа тартылған тұлғалардың саны 90-нан 72-ге азайды. Сыбайлас жемқорлық деректерінің жүйелі түрі бойынша — 7, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарды ұрлау бойынша — 14, бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласу бойынша — 9 дерек анықталды.

Қазіргі уақытта жемқорлықпен күреске көп күш жұмсалуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің қатаң тексерісі біраз былықтың бетін ашты. Бүгінде қызметкеp жемқоpлықпен ұсталса, басшысы жұмыстан кетедi. Мәселен, 2020 жылы қаpамағындағы қызметкеpлеpдiң сыбайлас жемқоpлық әpекеттеpi үшiн 6 саяси қызметшi отставкаға кетті. Жамбыл облысында жемқорлықпен ұсталған жандардың қылмысына тоқталар болсақ, ұрлық  бойынша 47 қылмыс тіркелді. Бір ғана мысал, өткен жылдың желтоқсан айында Шу аудандық сотының үкімімен қылмыс жасағаны үшін аталған аудан әкімінің орынбасары Қожағаппанова 9 жыл және білім бөлімнің бас есепшісі Агибаева 10 жыл бас бостандығынан айыру, қалған 11 есепші әр түрлі мерзімдегі шартты түрдегі жазалармен сотталды. Аталған тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 200 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Ал парақорлық  бойынша 40 қылмыстың беті ашылды. Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану бойынша 9 қылмыс тіркелген. Мәселен, Тараз қалалық №2 сотының үкімімен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Шыршынбаев 3 жыл 6 ай  бас бостандығынан айырылды. Қызметіне кір келтірген лауазымды тұлға Қордай және Мойынқұм аудандарында орналасқан уран өндірістерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары үшін мердігер компанияға заңсыз 50,8 миллион теңге аударған.

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес — ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі  онымен күрес болмақ. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының басты міндеті деп білу керек.

Төлебаев Равиль Қуанышбайұлы, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.