Тараз қалалық сотты жармақшы болған азамат ұсталды

40

Бейсенбінің таңы тараздықтар үшін дүрбелеңмен басталды. Қалалық соттың алды қоршауға алынып, арнайы жасақтың сарбаздары көлік қозғалысын тоқтатты. Мұндай көріністі көрген көпшілік 2011 жылғы терактыны еске алды.

Жұмысқа бара жатқан жұртшылықты шошытқан жағдайдың мән-жайын білмек мақсатта Жамбыл облыстық Полиция департаментіне хабарластық.

«2020 жылдың 5 қарашасы күні сағат 09.10-да облыстық Полиция департаментінің кезекші бөліміне №2 Тараз қалалық сотының кіре берісінде белгісіз азамат гранаты жарылғыш затын жармақшы болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары 49 жастағы қала тұрғынын құрықтады. Тексеріс барысында одан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Одан бөлек ұсталған күдікті ақыл-есі кем ретінде психикалық диспансерде тіркеуде тұрғаны белгілі болды.

Облыстық Полиция департаменті қала тұрғындарын жалған ақпарат таратпауға шақырады», – дейді департаменттің баспасөз қызметі.

Осылайша тұрғындардың үрейін алған оқиға абырой болғанда тыныш аяқталып отыр.

 

Саян Тілеужан