Тараздық алаяқ дүкендерді 238 мың теңгеге сан соқтырып кеткен

51
Өткен тәулікте Тараз қаласының Полиция басқармасы №2 полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері облыс орталығының аумағында бірнеше рет интернет-алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстады.
Ағымдағы жылы Тараз қаласы Полиция басқармасының №2 полиция бөліміне облыс орталығының 5 тұрғыны шағымданған. Олардың шағымдарынан алаяқтық қылмыстың ұқсас әдістерін көруге болады. Алаяқ дүкенге кіріп, халық тұтынатын азық-түлік сатып алып, «Kaspi.kz» интернет қосымшасы арқылы ақша аударғанын айтқан және аударма тарихынан чекті көрсеткен, бірақ чек дұрыс емес болып шыққан. Осылайша, алаяқ жәбірленушілерді жалпы көлемі 238 000 теңгеге алдаған.
Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алаяқ анықталып, ұсталды. Ол Тараз қаласының 29 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта оған қатысты басқа да ашылмаған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау үшін тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Жоғарыда аталған деректерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалғанға дейін Тараз қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

 

Кәмшат Қадыр