Заң

Жетісу облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

Қазіргі таңда барлық күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.

Жетісу облысында мал ұрлығы фактісі анықталды, – деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

14 желтоқсан күні Жетісу облысы Кербұлақ аудандық полиция бөліміне Шұбар ауылының тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, 13 желтоқсанға қараған түні белгісіз адамдар екі бас бұзауын ұрлап, 600 мың теңге көлемінде шығын келтірген.

Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын дереу бастаған.  Жүргізілген жедел-іздестіру және тергеу шаралары нәтижесінде 41 жастағы жергілікті тұрғын күдікті ретінде ұсталды.

Күдіктінің үйіне жүргізілген тінту кезінде Toyota Land Cruiser маркалы көлігінен суық және атыс қаруы, сондай-ақ әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Тергеу барысында екі бұзауды күдіктіден 200 мың теңгеге сатып алғанын айтқан куәгер де анықталды. Ұрланған мал заттай дәлел ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Сонымен қатар қылмыстың алдын ала сөз байласу арқылы жасалғаны белгілі болды. Аталған іске 29 және 25 жастағы тағы екі жергілікті тұрғынның қатысы бар деген күдік бар. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Атап айтқанда, 3 желтоқсанда күдіктілер Шұбар ауылының тағы бір тұрғынынан үш бас ірі қара малды ұрлап, 1 млн 200 мың теңге шығын келтірген, ал 14 қарашада өзге ауыл тұрғынынан құны 1 млн 500 мың теңге болатын үш бас мал қолды болған.

 Полиция олардың аудан аумағында жасалған өзге де қылмыстарға қатысын анықтап жатыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мал ұрлығымен күрес – ішкі істер органдары жұмысының басым бағыттарының бірі.