Жүгенсіз жасөспірімді жөнге салудың жолы қандай?

57

«Ұрпағыңның тәрбиесін мойныңдағы, ұлтыңның аманаты деп білгейсің» дейді халық даналығында. Өкінішке қарай бүгінгі қоғамда атадан қалған аманатқа қиянат жасап, адалдық таныта алмай жүргеніміз ащы да болса ақиқат. Ұлдарымыз әкенің емес кафенің, қыздарымыз шешенің емес көшенің тәрбиесін көп көргендіктен, ұрпақ тәрбиесінде ақсап жатқан тұсымыз аз емес.

Ел ертеңіне тікелей қатысты өскелең ұрпақ тәрбиесіне байланысты өңіріміздегі ахуал да мақтанатындай деңгейде емес екеніне күні кеше «Жамбыл облысының мектеп, колледж және жоғары оқу орындары білімгерлері арасындағы құқықбұзушылық профилактикасы туралы» форум барысында қанық болдық. Форум жұмысына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары және бейнебайланыс арқылы қала, аудан прокурорлары, білім бөлімдерінің басшылары қатысты.
Басқосуды алғысөзімен ашқан облыс прокуроры Нұрғалым Рашидұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» Жолдауында «Балалалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?» деген бір ауыз сөзінің өзі мемлекетіміз үшін бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін аңғартатынын атап өтті. Сонымен қатар облыс прокуроры форум барысында көтерілген күрделі мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар әзірленіп, нәтижесінде бірқатар құжаттар қабылдау жоспарланып отырғанына тоқталды.
Ал облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышев баяндама жасап, талқыға түскен мәселе бойынша көптеген кемшіліктерді жіпке тізгендей атап өтті.
– Облыста 423 мыңнан аса кәмелетке толмаған бала бар. Бұл облыс халқының 36 пайызын құрайды. Талдау нәтижесі көрсеткендей, соңғы он жылда облыс көлемінде кәмелетке толмаған жастардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны 2,2 есеге төмендеді. Ағымдағы жылдың он айында да кәмелетке толмағандар және оларға қатысты жасалған қылмыстың төмендегені байқалады. Қылмыстардың төмендеуінің негізгі себептері – коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай, оқушылардың қашықтан оқуға көшуі және балалардың ата-ана бақылауында болуы. Алайда биылғы жылдың он айында екі жасөспірімді өлтіру дерегі тіркеліп, ауыр дене жарақаттарын келтіру 3,5 есеге, бұзақылық іс-әрекеттері 3,2 есеге көбейген.
Бүгінгі таңда өңірдегі 442 мектепте 238 мыңнан аса оқушы оқыса, 46 колледжде 23 мың студент білім алуда. Ағымдағы жылдың 10 айында білім беру ұйымдарымен 174 мың оқушыны қамти отырып, 4800-ден аса профилактикалық іс-шаралар атқарылды. Әрине аз жұмыс емес. Алайда нәтиже көңіл көншітпейді. Биыл 93 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Полиция органдарымен 269 кәмелеттік жасқа толмаған бала есепке қойылып, 7400 ата-ана балалары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар салаға жауапты қызметкерлердің сапалық құрамына да талдау жүргізілді. Талдау нәтижесінде 420 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының 222-і немесе 53 пайызы, құқықтық тәрбиесі ісі жөніндегі орынбасарының 198-нің 82-і жоғары оқу орнын сырттай бітіргені анықталды. Яғни бала өмірі мен денсаулығының профилактикалық жұмыстарына тікелей жауапты 1599 маманның 932-сі немесе 58 пайызы оқуды сырттай бітірген. Оқушылардың мектеп психологтарына анонимді түрде және әлеуметтік желілер арқылы жүгінуіне жағдайлар жасалмаған. Тек қана кабинеттерде қабылдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар мектеп әкімшілігіне қылмыскер оқушылардың психологиялық жағдайы туралы ақпарат мектеп психологтарымен сұратылған кезде ғана ұсынылады. Осыған байланысты мәліметтерді апта сайын мектеп әкімшілігіне беру туралы ұсыныс енгізуді жөн деп санаймыз.
Жалпы профилактика саласындағы кемшіліктердің әсерінен облысымызда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 38 қылмыс, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсаудың 6 дерегі тіркеліп отыр.
Облыстық ювеналды полиция жұмысын ұйымдастыруда да кемшіліктер бар. Мәселен 202 қызметкердің 20 пайызынан көбінің іс-тәжірибесі жоқ. Ведомстовалық бұйрыққа сай, мектеп әкімшіліктеріне үш айда бір рет қана ақпарат беріледі. Яғни мектеп әкімшіліктерінің оқушылардың жасалған қылмыс пен құқықбұзушылық бойынша жедел әрекет етуге мүмкіндіктері жоқ болып отыр. Осы ретте ювеналды полиция қызметкерлерінің міндетіне мектеп әкімшіліктеріне әр аптаның қорытындысымен профилактикалық жұмыстар туралы баянат жолдап отыруды ұсынамыз, – деген Еркін Тілешұлы өзге де бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Жалпы жиын барысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Құрымбаев, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің директоры Айдархан Биназаров, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры Альмара Наурызбекова баяндама жасады.
Ал облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бала тәрбиесінде бір сәтке де босаңсуға болмайтынын, бұл мәселеде тұтас қоғам жауапты екенін жеткізді. Форум жұмысы үш күнге жоспарланған.

 

Талғат НҰРХАНОВ