Жамбыл жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтары жылы: Жамбылдық ұста 20 жылдан астам уақыттан бері токарь болып жұмыс істейді

Мұхтар Сейтаев жұбайы Фаридамен бірге үш ұл тәрбиелеп отыр

Бүгінде темір ұсталары аз. Өйткені, жұмысы ауыр, көрік басып, ошақ қасында терлеп-тепшіп, ыстық жерде жұмыстеу де оңай шаруа емес. Десе де ауыр жұмыспен адал нәсібін тауып жүрген жандар бар. Соның бірі – Мұхтар Сейтаев. Ол Қосбөлтек ауылындағы шағын шеберханада токарь болып жұмыс істейді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мұхтар Төренұлының негізгі мамандығы ағаш ұстасы. Ол бұл мамандыққа кішкентайынан қызығып, жүрек қалауымен таңдаған. Оның бұл мамандықты таңдауына әкесі себепкер болыпты. Мектеп бітірген соң ол ағаш ұстасы мамандығын алу үшін арнайы  училищеде оқып білім алады. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбеде жиһаз фабрикасында станокта балғашы болып бастайды. Одан кейін «Жаңа Теріс» өндірістік кооперативінде еңбек етті. 

Ұстаның шеберханасында токарь станогы, кесу, қайрау, басқа да бірнеше қажетті құрал-жабдықтар бар. Сондай-ақ кейбір темірлерді отқа салып, қыздырып жұмыс істейтін көрік те осы жерден табылады. Бұдан бөлек, газбен дәнекерлеу ісін де меңгеріп алған ұстаның жұмысын бұл да жеңілдетіп отыр екен.
 Соңғы мамандығын ол Жуалы ауданындағы Ақбастау ауылында орналасқан №16 колледжде оқып, бітіріп алыпты. 

Ол биыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет танытып отыр. Жобаның бесінші бағытына қатысып, кәсібін кеңейтпек ниетте. «Қазір құжаттарымды жинастырып, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамына тапсырып қойдым. Сәті түсіп, жобам мақұлданса, ұстахана ғимаратын жөндеп, жаңа құрал-жабдықтар алсам, жаныма бір көмекші алып, осы кәсіпке баулу ойымда бар. Жалпы, токарь - өміршең мамандық. Сондықтан үйренсем деген жастар болса, үйретуге мен әрдайым дайынмын», - дейді ол.