30 мыңнан аса жамбылдық қаржылық сауаттылығын арттырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. «Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті. Осы ретте, «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек. Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды. Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету» – деді Президент.
Осы бағытта өңірде «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.
Жоба тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, қарызды заңды әрі тиімді жолмен басқаруға және азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.
Осы ретте біз Жамбыл облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысымен сұқбаттасып, жобаның мақсаты, ерекшелігі, қатысу тәртібі және халыққа берер нақты көмегі жайлы сұрап білдік.
– «Қарызсыз қоғам» жобасы қашан және қандай мақсатпен басталды?
– «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылдың мамыр айында Қазақстанда «AMANAT» партиясының бастамасымен іске қосылды. Жобаның басты мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтарға қарыздан шығуға көмектесу және қаржы мәселелерін дұрыс шешуге үйрету.
Жоба мемлекет пен қаржы институттарының қолдауымен жүзеге асырылады және қаржылық білім беру, несие басқару, құқықтық көмек көрсету бағыттарын қамтиды.
– Жобаның негізгі миссиясы қандай?
– «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі миссиясы – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және азаматтарды қарыздан шығуға, саналы тұтынуға үйрету.
Жоба арқылы:
• адамдар қаржыны дұрыс жоспарлауды меңгереді;
• қарызға тәуелділіктен сақтанады;
• жинақ жасау және саналы тұтыну мәдениеті қалыптасады;
• болашаққа қаржылық тұрақтылық пен қауіпсіздік қамтамасыз етіледі.
Негізгі мақсат – қарызсыз, қаржылық сауатты қоғам қалыптастыру.
– Бұл жоба кімдерге арналған?
– «Қарызсыз қоғам» жобасы барлық қазақстандықтарға арналған. Дегенмен, ерекше назар мына топтарға аударылады:
1. Жастар мен студенттер – қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыру үшін;
2. Отбасылар – бюджет құру, жинақ жасау және қарыздан сақтану дағдыларын үйрету үшін;
3. Табысы төмен азаматтар – қарызға тәуелділіктен шығуға және қаржылық тұрақтылыққа жету үшін;
4. Қарызда жүрген адамдар – несие басқару, қайта құрылымдау және қарыздан шығу жолдарын көрсету үшін.
Жоба барлық азаматтарға қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған.
– Жобаның басқа қаржылық бағдарламалардан ерекшелігі неде?
– «Қарызсыз қоғам» – әлеуметтік жоба.
Оның басты ерекшеліктері:
1. Қарыздан нақты шығуға бағытталуы;
2. Қаржылық сауаттылықты арттыру миссиясының болуы;
3. Әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінуі;
4. Мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылуы.
Сонымен қатар жоба қаржылық қана емес, әлеуметтік және психологиялық қолдауды да қамтитын кешенді бағдарлама болып табылады.
– Қатысушылар жоба аясында қандай білім алады?
– Қатысушылар:
қаржылық жоспарлау мен бюджет құруды;
жинақ жасау және үнемдеуді;
қарызды басқару тәсілдерін;
саналы тұтынуды;
қаржылық құқықтар мен міндеттерді;
қаржылық тәуекелдерді бағалауды үйренеді.
– Жобаға қалай қатысуға болады?
– Жамбыл облысының тұрғындары жобаға келесі байланыс нөмірлері арқылы жүгіне алады:
8700 855 85 85, 8708 808 01 54 – қоңыраулар үшін;
8700 023 01 44 – WhatsApp (белсенді).
Құқықтық мәселелер туындаған жағдайда жоба заңгерлері қарыздарды қайта құрылымдау, арест шешу, банкроттық және өзге де қаржылық мәселелер бойынша тегін көмек көрсетеді.
- Оқу қанша уақытқа созылады?
– 2025 жылғы 1 маусымнан бастап жоба толықтай онлайн форматқа көшті. Қаржылық сауаттылық бойынша оқыту https://qogamfin.kz платформасында жүргізіледі. Платформада 23-тен астам бейнесабақ орналастырылған.
– Қатысушыларға қандай практикалық көмектер көрсетіледі?
– Жоба аясында қарызды қайта құрылымдау, арест шешу, банкроттық рәсімдер бойынша практикалық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар Instagram және YouTube платформаларында арнайы бейнесабақтар жарияланған.
– Жоба тегін бе, әлде ақылы ма?
– «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында көрсетілетін барлық қызметтер тегін.
-Қазіргі таңда халықтың ең үлкен қаржылық мәселесі қандай?
– Қазіргі таңда ең үлкен мәселе – артық қарыз және несиеге тәуелділік.
- Қатысушылардың қанша пайызы қарыздан толық немесе жартылай шықты?
Жоба бойынша нақты статистикаға сәйкес:
40% тан астам қатысушылар өздерінің қарыздарын басқаруды жақсартып, қарыздық жүктесін азайтқан (яғни несие санын немесе көлемін қысқартқан) мәліметтері бар. Сонымен қатар: 70% қатысушы ай сайынғы несие төлемдерін төмендеткен.
Бұл көрсеткіштер жобаның көптеген қатысушыға нақты әсер еткенін көрсетеді, яғни олардың қаржылық жағдайы жақсарған.
– 2025 жылы қанша адам оқытылды және 2026 жылға арналған оқыту жоспары қандай?
2025 жылы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Жамбыл облысы бойынша 38 689 адам құқықтық көмекке жүгінді. Оның ішінде 33 525 адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтіп, сертификат алды, бұл бекітілген жоспардың 133,03 %-ын құрады. Ал 5 164 адам оқудан өтпей, тек құқықтық көмек алды.
2026 жылға арналған оқыту жоспары әлі бекітілген жоқ. Дегенмен, халық жоба туралы хабардар, және қазіргі уақытта азаматтар оқуға өз еркімен жазылып, белсенді түрде жүгінуде.
– Сіздің ойыңызша, ауыл мен қала тұрғындарының қаржылық мәселелерінде айырмашылық бар ма?
- Иә, ауыл мен қала тұрғындарының қаржылық мәселесінде айтарлықтай айырмашылықтар бар:
Табыс деңгейі:
Қала тұрғындарының табысы әдетте жоғары, бірақ шығындары да көп.
Ауыл тұрғындарының табысы төмен, сондықтан олар қысқа мерзімді қарызға жиі жүгінеді.
Қаржылық қолжетімділік:
Қалада банктер, микронесиелік ұйымдар мен кредиттік қызметтер көп, несие алу жеңіл.
Ауылда қаржы қызметтері шектеулі, кейде ресми қарызға қол жеткізу қиын, сондықтан туыс-таныстардан қарыз алу жиі кездеседі.
Қаржылық сауаттылық:
Қала тұрғындары қаржылық білімге, тренингтер мен ақпаратқа қол жеткізуі оңай.
Ауыл тұрғындары ақпарат аз болғандықтан қаржыны басқару дағдылары төмен.
Қарыз түрлері:
Қалада көбінесе банктік несие, кредиттік карталар, бөліп төлеу қолданылады.
Ауылда микронесиелер мен туыс-таныстан қарыз алу жиі кездеседі.
Қала тұрғындары көбіне артық шығын мен несиенің салдарымен, ал ауыл тұрғындары төмен табыс пен қолжетімді қаржы құралдарының шектеуімен бетпе-бет келеді.
Ал жастарды қарызсыз өмірге қалай үйретуге болады?
– Жастарды қарызсыз өмірге үйретудің негізгі жолдары:
– Қаржылық сауаттылықты ерте енгізу – мектепте, колледжде, университетте ақша басқару, бюджет құру, жинақ жасау сабақтарын өткізу.
Практикалық дағдылар беру – өз кірісін бақылау, шығындарын жазып отыру, жоспарлау әдетін қалыптастыру.
Қажет пен қалауды ажырата білуге үйрету – сатып алуды эмоцияға емес, нақты қажеттілікке негіздеу.
Жинақ мәдениетін қалыптастыру – кірістің бір бөлігін тұрақты түрде үнемдеуді әдетке айналдыру.
Несие мен қарыздың салдарын көрсету – қарыздың психологиялық, әлеуметтік және экономикалық әсерін нақты мысалдармен түсіндіру.
Қысқаша айтсақ: жастарға ақша мен несиеге саналы көзқарасты, жоспарлау мен жинақтау әдеттерін үйрету маңызды.
– Қазіргі қоғамда қарыздың көбеюіне не себеп болып отыр деп ойлайсыз?
Қазіргі қоғамда қарыздың көбеюіне бірнеше негізгі себеп бар:
1. Тұтынушылық мәдениеттің күшеюі – адамдар табысынан бұрын өмір сүруге, несиеге тауар алуға дағдыланып барады. Адамдар барлық затты бірден алғысы келеді, күткісі келмейді, көлік, үй, техника және т.б. бірден керек.
2. Несие мен қарыздың қолжетімділігі – банктер мен микроқаржы ұйымдары несиені оңай әрі тез береді.
3. Табыстың жеткіліксіздігі – жалақы мен әлеуметтік төлемдер күнделікті шығындарды толық жаба бермейді.
4. Бағаның өсуі (инфляция) – азық-түлік, тұрғын үй, қызмет көрсету бағасының қымбаттауы.
5. Қаржылық сауаттылықтың төмендігі – адамдар қарыздың салдарын толық түсінбей, жоспарсыз несие алады.
6. Төтенше жағдайлар – ауру, жұмыссыздық, күтпеген шығындар қарыз алуға мәжбүр етеді.
Осының бәрі қоғамда қарыз деңгейінің артуына әсер етіп отыр.
– Сұхбат соңында оқырманға айтар ойыңыз?
– Ақша – тек құрал, ал оны қалай басқару – сіздің қолыңызда. Қарызға батудан сақтанып, табысыңызды жоспарлап, үнемдеуді әдетке айналдырыңыз. Саналы қаржылық шешімдер сіздің өміріңізді жеңілдетіп, болашағыңызды тұрақты етеді.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында да халықты алаңдатқан негізгі мәселелердің бірі – қарыз бен несиеге тәуелділік. Осы бағытта өңірде «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, қарызды заңды әрі тиімді жолмен басқаруға және азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.