300 отбасына азық-түлік үлестірілді
300 отбасына азық-түлік үлестірілді
Қым-қуыт тірліктің қарбаласында қайырымдылығымен нұрлы із салып жүретін, көпке шарапаты мол жандар болады. Өмірден өзі өтсе де салған ізгі ізі жарық дүниеде жалғасын таба береді. Сондай мейірімді жанның бірі Бибі-Жамал Әбдімәлікқызы Аблазимова еді. Көптеген қайырымды істерімен халқының құрметіне бөленген кейуана осыдан бір ай бұрын дүниеден озды. Артында қалған ұрпақтары қырық күндік асын адам жинамай, қазіргі карантиндік талапқа сай облыстағы 300 отбасына күнделікті тұтынылатын азық-түлік таратты. Облыстық «Һибатулла Тарази» атындағы орталық мешіттің жамағаттары арасынан шыққан еріктілер көмекке мұқтаж отбасыларының үйіне азық-түліктерді тегін жеткізіп берді. – Негізі бұл қайырымдылық шарасы республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Жамал апамыздың қырық күндік асын балалары қазіргі карантиндік жағдайға байланысты әрі еліміздегі тұрмыстық аз қамтылған отбасыларына қол ұшын созу мақсатында азық-түлік таратумен ұйымдастырып отыр. Яғни, бүгін бір мезетте республиканың барлық облыстарында осы іс-шараны өткізіп жатыр. Біздің облыстық орталық мешітіміз бұл аптаны қайырымдылық аптасы ретінде өткізгендіктен, Жамал апаның балалары ұсынған іске қолдау көрсетіп, мешітіміздің жамағаттары ерікті ретінде таратуға көмектессе, мешіт тарапынан автокөліктерге қажетті жанар жағар майы құйып берілді. Біздің облысымыздың 300 отбасына, әрқайсысына 10 мың теңгеге жуық қаржыға ұн, май, қант, шай, макарон секілді күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктерді 5 келіден таратылды. Айта кету керек, Жамал апамыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан мешітімізде ұйымдастырылатын Құран оқу жарысы, мүшайра, Мәуліт кештері секілді іс-шараларға демеушілік көрсетіп, үнемі атсалысып келді. Өзі ниет қылып, 80-нен астам адамның қажылыққа барып-келуіне демеушілік жасаған. Ол кісінің мұнан да басқа, ауыз толтырып айтуға тұрарлық шарапатты істері жетерлік. Біз мұны дақпырт үшін жариялап отырған жоқпыз. Өзгелерге үлгі болсын, қалталы азаматтар халқымыздың «Бай болсаң, еліңе пайдаң тисін» деген сөзін ұстанса екен деген ниетпен жариялап отырмыз. Жариялы, жариясыз берілген әрбір садақаның сауабы мол болатыны хақ, -дейді облыстық орталық мешіттің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев. Жастай майданға аттанып, оралмаған әкесінен жетім қалған Жамал апа 16 жасында Нұғман Аблазимовпен шаңырақ көтеріп, 10 баланы дүниеге әкелді. Жолдасынан 42 жасында жесір қалып, ұл-қыздарын қатарынан кем қылмай жеткізді. Еңбекпен тапқан табысын жеке иеленбей, қиын жағдайға ұшыраған отандастарына бөліп беріп, көмектесе білді. Арыс қаласындағы жарылыстан, Қызылағаш пен Мақтаралдағы су тасқынынан, Жамбыл облысындағы табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік көмегін алып барып, жандарынан табылды. Үйі зардап шеккендерге баспана салуға қаржылай жәрдемдесті. Елімізден бес мешіт тұрғызып, одан бөлек бірнеше мешіттердің құрылысына қолдау көрсетті. Көпбалалы, жалғызбасты аналар мен әлеуметтік аз қамтылған 67 отбасына баспана алып берді. Шалғайдағы 6 ауылға табиғи газ кіргізуге қаржылай үлес қосып, сол ауылдарда ондаған көше салып, аббаттандыруға атсалысты. Үйленуге жағдай ы келмей жүрген 63 жастың отау құруына көмектесіп, той, құдалық секілді жоралғыларын жасап, қалың малын өтеп, сауапты іс тындырды.
Қамар Рахметуллина