«33 миллион теңге алаяқтыққа қатысы бар». Таразда полицейлер күдікті әйелді ұстады

Ол облыс орталығынан кеңсе ашып, әлеуметтiк желiлердегi жарнамалар арқылы құрбандарды тапқан
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық прокуратураның үйлестіруімен 35 жастағы Тараз тұрғынын бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Деректерге сүйенсек, ол облыс көлемінде азаматтарға «қайтарымсыз несие» беремін деп уәде берген. Әйел микроқаржы ұйымдарында заңгер болып жұмыс істегенін және өзін осы саланың білікті маманы екенін айтқан. Осылайша, ол 71 азаматтың сеніміне кіріп, алдау арқылы жалпы сомасы 33 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Жәбірленушілер арасында тек тараздық емес, Жамбыл облысының аудандарында тұратын тұрғындар да бар.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.