АЭС салуға байланысты республикалық референдумға жамбылдықтар жауапкершілікпен қарады
Әр азамат ел болашағы үшін таңдау жасады
АЭС салуға байланысты республикалық референдумға жамбылдықтар жауапкершілікпен қарады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекетіміздің келешегіне қатысты маңызды шешім халықтың өз құзырына беріліп, тұрғындар таң атысымен референдум учаскелеріне беттеген болатын.
Ел үшін маңызды істе тараздықтардың жоғары белсенділік танытқанына куә болдық. Әсіресе, №70 референдум учаскесінде күні бойына сайлаушылар толастаған жоқ. Кәмелетке толған өрендер мен қазыналы қарттықты өткеріп жүрген сайлаушыларға дейін тағдыршешті мәселеде тыс қалмай, азаматтық міндеттерін атқарды. Аталған учаскеге бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған 67 жастағы зейнеткер ана Надежда Ильницкая келіп алғаш рет дауыс берді. Сайлаушы мұндай саяси науқанға тұңғыш рет қатысып тұрғанын айтып, қуанышымен бөлісті.
– Мен мұндай саяси оқиғаға бірінші рет келіп тұрмын. Ұлым менің дауысымның маңызы жоғары екенін айтып, учаскеге баруым қажет екенін түсіндірді. Оның үстіне осы жасқа келіп елдегі айтулы оқиғаға қатыспағаным дұрыс болмайтын еді. Мені мұнда ерекше қарсы алды. Алғаш рет дауыс беріп тұрғаным үшін құрметке бөлендім, – дейді төрт баланың анасы.
Мемлекеттің экономикалық және энергетикалық әлеуетіне назарын бұрып, азаматтық борышына бей-жай қарамағандардың қатарында елге белгілі азаматтар, қоғам қайраткерлері мен облыстың құрметті азаматтары да табылды. Атап айтқанда, Париж Олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Елдос Сметов республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Ол Тараз қаласындағы А.С.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназия қабырғасында орналасқан №82 референдум учаскесіне келіп, дауыс берді. Мемлекет үшін маңызды оқиғада азаматтық міндетін орындаған ел мақтанышы өз отандастарының дауысы келешек үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
– Бүгінгі референдум барша қазақстандықтар үшін маңызды оқиға. Атом электр станциясын салу немесе салмау туралы таңдауды халықтың өзі жасап жатқанын жөн деп санаймын. Өз отандастарымды өз таңдауларын жасауға шақырамын. Себебі, елдің болашағы қашанда халықтың қолында. Мен де қарапайым халықтың қатарындағы азаматпын. Менің де дауысым маңызды деп ойлаймын. Бүгін өз таңдауымды жасадым, – деді чемпион.
Референдум барысында түрлі айшықты оқиғалар легі толастамай, кейбір азаматтар үшін бұл күн тарихи, есте қаларлық сәттерге толы болды. Мәселен, Тараздағы №36 мектептегі №68 референдум учаскесіне дәл бүгін 18 жасқа толып, дауыс беру құқығына ие болған сайлаушы келді. Шұғыла Серікбай осындай атаулы күнге тұспа-тұс келген туған күнінде ел үшін маңызды қадам жасап жатқанына риза екенін жеткізді.
– 18 жасымды осылай атап өтемін деп ойламадым. Бұл менің есімде мәңгі қалатын оқиға. Дәл осы күні қазақ елі тұтастай өзінің болашағы үшін маңызды таңдау жасап жатыр. Мен осы елдің азаматы ретінде мұның мән-маңызын ерекше сезінемін. Әрі осы күні дауыс беру құқығына ие болғаным үшін де өзімді бақытты санаймын. Әркімге меншікті мерекесін дәл бұлай атап өту бұйыра бермейді. Алдағы уақытта да елімнің болашағы үшін маңызды таңдау жасап, азамат ретінде өз үнімді қосатын боламын, – деді туған күн иесі Шұғыла Махмұтқызы. Аталған учаскедегі комиссия төрағасы Қалтай Арынұлы туған күн иесіне барша комиссия мүшелерінің атынан арнайы сыйлық тарту етіп, кәмелеттік жасқа толған өренге ақ тілегін айтты.
Мән беретін жайт, Тараздың барлық референдум учаскелерінде саяси науқан қызу жүрді. Азаматтық борышын адал атқаруға асыққандар қатары толастаған жоқ. Маңызды оқиға барысында, әсіресе жастардың үні басым болғанын аңғардық. Өскелең ұрпақтың саяси сауаты ертерек қалыптасып, ел үшін айшықты оқиғаларда шет қалмағанына риза болыстық.
*
Республика аумағында ел болып күткен референдум өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен АЭС құрылысын салу бүкіл халықтың талқысына шығарылған еді. Бұл – ел болып қолдауға лайықты іс.
Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназияда орналасқан №35 референдум учаскесінде 2541 сайлаушы өз таңдауын жасай алады. Онда референдум учаскесі жабылғанға дейін келіп дауыс бергендердің қарасы қалың болды.
Бір байқағанымыз, Референдум учаскелерінде қауіпсіздік шаралары санитарлық нормаларға сай ұйымдастырылған. Тұрғындардың қатысу белсенділігі де жоғары деңгейде. Мұнда 28 адам денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш бергенімен, соның бірі – мүмкіндігі шектеулі Дилафруз Махмадулоева өзі келіп, таңдауын жасады. Осы іс-әрекеті арқылы ол өзгелерге мұндай маңызды шарадан шет қалмай, жастарға өнеге көрсетті.
– Әрбір ел азаматы міндетті түрде саяси науқанға қатысуы керек. Осылайша, осындай жалпыхалықтық шараларда үлес қосу маңызды. Мен үнемі сайлаулардан тыс қалмай, өзім келіп, сайлауға қатысып, дауысымды беремін. Азаматтық борышымды осылай көрсетіп, өз таңдауымды жасаймын. Өз басым, ел ішінде өте маңызды саяси науқан болып жатқанда өз таңдауыңды жасауға асықпау – азаматтық парызды орындамау деп білемін. Мен осы жасыма дейін елдегі елеулі істерден тыс қалған емеспін. Өйткені, мен үшін елдің ертеңі маңызды, – дейді Дилафруз Махмадулоева.
*
6 қазан күні таңғы сағат 07:00-де басталған жалпыхалықтық референдум кешкі сағат 20:00-де ел бойынша жабылды. Біз де Тараз қаласындағы №48 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте орналасқан №78, №79 референдум учаскесінің жабылу рәсімінің куәсі болдық. Аталған учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Бақыт Сапаралиева референдумның өз мәресіне жетіп, №78 референдум учаскесінің жабылғанын жария етті.
Комиссия төрағасының айтуынша, учаскедегі дауыс берушілер тізіміне енген дауыс берушілер саны 2018 адам болса, оның 1412-сі сайлау учаскесіне келіп өз таңдауларын жасаған. Жалпы, сайлаушылардың 69,2 пайызы сайлауға қатысып, белсенділік танытқан.
Бір атап өтерлігі, бұл учаскеде үйде дауыс берушілер болмаған. Белсенділік таңғы 07:00-ден 11:30-ға дейінгі аралықта байқалып, осы уақыт аралығында сайлаушылардың 50 пайызға жуығы келіп бюллетеньдер алып, өз таңдауларын жасапты.
Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Бақыт Сапаралиеваның айтуынша, референдум заң талаптарына сай өткізілген. Референдум барысында ешқандай заң бұзушылықтар орын алмаған.