«Апта сайын барамын». Таластың әкіміне мектептегі жұмысшылар неге жан айқайын жеткізе алмады
Осы сұраққа әкімнің өзі жауап берді
Бүгін ӨКҚ баспасөз алаңына Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков келіп, есеп берді. Шенеунікке Jambylinfo.kz тілшісі сұрақ қойып, Ақкөл орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген жұмысшылардың неліктен 2 ай бойы жалақы ала алмауының себебін сұрады.
Нұрбол Жүнісбеков ай сайын емес, апта сайын жұмысы кешеуілдеп жатқан мектептің жайын көруге барғанын айтты. Бірақ, жұмысшылар ол кезде жалақыларының жайын сұрамаған. Айлап шешілмеген мәселе бойынша тіс жармапты.
Ал, шу шыққан Ақкөл орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша оқу жылы басталғанға дейін бітуі керек болған. Яғни, мердігер жұмысы кешеуілдеп жатыр. Бұны Нұрбол Жүнісбеков «жұмыстың сапасына мән береміз» деп түсіндірді. Оның сөзінше, ағарту ошағы алдағы 10 күннің көлемінде оқушыларға есігін ашады.