Қаржы секторы: Жамбылда өткен жылмен салыстырғанда меншікті кірістердің өсімі 125,2%-ды құрады
Кіріс өсімі 24,3 млрд теңгені құрап отыр.
Жамбылда өткен жылмен салыстырғанда меншікті кірістердің өсімі 125,2%-ды құраған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 458,8 млрд. теңгеге немесе 96,7%-ға игерілді. Бұл – облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар арасында қалыптасқан орташа көрсеткіш болып табылады.
Аудандар мен Тараз қаласы бойынша қаражаттардың игерілуі 90,8%-ды құрады, яғни, облыстық көрсеткіштен төмен болып қалыптасты.
Осы саладағы тағы бір жаңалық, қаржы министрлігі мемлекетке қайтарылған активтер жөнінде Астана және Алматы қалаларында 13 жылжымайтын мүлік нысандары саудаға шығарылғанын мәлімдеді.
Заңнамаға сәйкес, бұл қайтарылған активтерді басқару компаниясы жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатылады және жалға беріледі.
Былтыр қыркүйекте Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания құрылып, (ҚРҮ 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №824 қаулысы) аталған ұйымға берілген активтерді басқару қағидалары бекітілді (ҚР ҚМ 2023 жылғы 5 қазандағы № 1061 бұйрығы).
Сондай-ақ «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңын (бұдан әрі – Заң) іске асыруға қажетті заңнамалық база қабылданып, Арнаулы мемлекеттік қор (арнайы шот) ашылды.
Арнаулы мемлекеттік қор жайлы.
Арнаулы мемлекеттік қор – ҚР Бюджет кодексіне сәйкес Қаржы министрлігінде Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ еліміздің заңнамасында айқындалған тәртіппен активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында ақшаның түсімдері мен шығыстарын есептеу үшін ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.
Аталған қордағы қаражаттың түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты ҚР Қаржы министрлігі жыл сайын жариялауға тиіс.
Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері ретінде, оның ішінде тиісті заңда және еліміздің басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған мүлікті өткізуден, сондай-ақ басқарушы компанияның меншігіне немесе ҚР заңнамасына сәйкес активтерді басқару жөніндегі қызметтің нәтижесінде және өзге де мүлікті сатудан түскен ақша болып саналады.
2024 жылдың 9 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес қордағы қаражат сомасы 176,3 млрд теңгеге жетті. Атап айтқанда, басқарушы компаниядан 5,7 млрд теңге түскен, оның ішінде активтерді сатудан 5,559 млрд теңге жиналса, активтерді басқарудан (жалға беру) 141 млн теңге кіріс келген.
Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын бөлу мәселесі Республикалық бюджет комиссиясында міндетті түрде орталық мемлекеттік органдардың ұсынысымен ҚР Бюджет кодексіне сәйкес қарастырылады.
Қордағы ақша еліміздің әлеуметтік-экономикалық жобаларын қаржыландыруға жұмсалатын болады. Тиісті қаржыландыруды алу тәртібі Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидаларында белгіленген (ҚР Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 20 қыркүйектегі №165 бұйрығымен бекітілген). Соған сәйкес мемлекеттік органдар әзірлеген жобалар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық сараптамасынан өтетін болады. Әрмен қарай жобаларды қордың есебінен қаржыландыру Қаржы министрлігінің Республикалық бюджет комиссиясымен қаралып, шешіледі.
Арнаулымемқор қаражатын пайдалану және мониторингілеу тәртібі Қор қаражатын пайдалану және мониторингілеу қағидаларында айқындалған (ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі №1033 бұйрығымен бекітілген).
Осы ретте Қаржы министрлігі ай сайын қордың есепшотындағы қаражат мөлшеріне мониторинг жүргізетінін айта кетейік. Бұл орталық мемлекеттік органдардың/ЖАО шоттарына түскен қаражаттың уақтылы пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді (6 ай ішінде қаражат пайдаланылмаған жағдайда аталған ақша қордың шотына қайтарылады).
Басқарушы компания туралы.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (бұдан әрі - Басқарушы компания) қолданыстағы заң шеңберінде мемлекетке қайтарылған, өтеусіз негіздегі келісімшарттар шеңберінде берілетін активтерді, олардың ішінде Қазақстан Республикасында әрі одан тыс жерлердегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарын қабылдау бойынша жұмысты жүргізіп келеді.
Тиісті заң бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылдың 5 қазандағы №1061 «Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен (бұдан әрі - Қағидалар) қайтарылған активтерді басқару тәртібі бекітілді.
Бұған сәйкес активтерді сату қорды толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және бұл активтерге иелік етіп отырған басқарушы компанияның негізгі мақсаты болып саналады. Осы орайда активтер сатылғанға дейін мүлікті жалға беру (жалдау), сенімгерлік басқаруға өткізу сынды активтерді басқару тәсілдері қолданылуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ еліміз бен актив орналасқан мемлекеттің заңдарына қайшы келмейтін басқарушы компания белгілеген өзге де тәсілдер қарастырылуы мүмкін.
Бұған қоса мемлекеттің мүддесі бар активтерді мемлекет меншігіне беру мүмкіндіктері де қарастырылған.
2024 жылдың 9 қыркүйегіндегі жағдай бойынша басқарушы компанияның балансына берілген активтер туралы ақпарат келесідей: жалпы сомасы 46,9 млрд теңгеге 219 активке байланысты меншік құқығы тіркеліп, балансқа қойылды.Олардың ішінде 196 зергерлік бұйым болса, 23 басқа активтер (тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік база, тұрғын емес үй-жайлар, заңды тұлғаның жарғылық капиталдарына қатысу үлестері, аяқталмаған құрылыс, жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объектісінің тауарлық-материалдық құндылықтары мен негізгі құралдары). Жалпы құны 38,2 млрд теңге болатын (виллалар, автокөліктер, пәтерлер, қоймалық үй-жайлар, тұрақ орындары, тұрғын үйлер, аяқталмаған құрылыс) активтерді өткізу келісімшарттарына қол қойылды, сондай-ақ 0,39 млрд теңге көлеміндегі заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін алу процесі жүріп жатыр.
Қазақстандағы активтер www.e-qazyna.kz Мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында сатылады.
Бүгінде Астана және Алматы қалаларында 13 жылжымайтын мүлік нысаны саудаға шығарылған. Оның үшеуі аукционда 1,8 млрд теңгеден аса сомаға сатылды (1,2 млрд тенге қаражат қорға аударылды, 1 нысан бойынша төлем мерзімі келген жоқ).